• Спорт жұлдыздары
  • 03 Қараша, 2020

Жасұлан Қыдырбаев, чемпион: Үлкен спортқа қайта оралармын...

Алматыда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында төрткүл дүниені тамсандырып, талайды таңдай қақтырған Жасұлан Қыдырбаев қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Жасұланның жарқ еткен сәттері мен әлемді аузына қаратқан ерлігі жанкүйерлердің жадында мәңгі қалды. Десек те, допинг дауына іліккен кейіпкеріміз бүгінде елеусіз күн кешіп, көрерменнің көңілінен кете бастағаны жасырын емес. Осы орайда қазақ спорт тарихына есімін алтын әріптермен жазып қалдырған Жасұланды арнайы әңгімеге тарттық.  

Жасұлан 1992 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында дүниеге келген. Спорттың барлық түріне қатысып шыққан Жасұлан ауыр атлетиканы ерекше жақсы көріп қалса керек.

– Бала күнімнен спортқа жақын болып өстім. Еркін күрес, грек-рим күресі, жүзу, велоспорт сынды үйірмелердің бәріне бардым. Спорт мектебіне түсуді армандап, мақсат қойдым. Алматыға «күреспен кәсіби тұрғыда шұғылданып, балуан болам» деп бекініп келгем. Бірақ спорт мектебіндегі күрес бөлімінде орын болмады. Сөйтіп Бекен ағамның нұсқауымен Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің ауыр атлетика бөліміне түстім. Басында бәрі «бойың, салмағың өспей қалады» деп қорқытқан. Керісінше, салмағым да, бойым да өсіп, бұлшықетім қатая бастады. Зілтемірмен достасып, ауыр атлетика жаныма жақын болып кетті.

Жасұлан жасөспірімдер, жастар арасында да әжептеуір нәтиже көрсетіп, көзге түсе бастайды. Небәрі бір жарым жылдың ішінде спорт шеберлігіне үміткер атанған.

– Бапкерім Дәулет Әділғазин зілтемір көтерудің барлық қыр-сырын үйретті. Бір жарым жылдың ішінде жаттығу барысында спорт шебері орындайтын нормативті орындадым. Бұл қызығушылығымды одан ары арттырып, үлкен жарыстарға қатысуға жол ашты. Ең алғашқы жарысымда үздік үштіктен көріндім. Бапкерімнің біліктілігі ғой, ешқашан салмақ қудыртпайтын. Жастар арасындағы спорт шебері атағын 77 келіде орындадым. Жұлқа көтеруде 130 келіні бағындырып, серпе көтеруде 157 келіні еңсердім. Ауыр атлетикаға шынайы берілгенімді жыл сайын Қырғызстанда өтетін Каныбек Осмоналиевтің турнирінен кейін түсіндім. Қырғыздан шыққан Олимпиада чемпионының құрметіне ұйымдастырылған додада жұлқа көтеруде 160 келіні, серпе көтеруде 195 келіні көтеріп, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иелендім. Осы додадан кейін алдыма үлкен мақсат қойып, бұдан да жоғары жетістікке жетуге талпындым. Сөйтіп 2011 жылы Таиландта өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында топ жардым.

Жасұлан 2012 жылы Гватемаладағы жастар арасындағы әлем чемпионатында үздік үштіктен көрініп, сол жылы Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты. Бірақ допинг дауына іліккен спортшы алтын медалін қайтарып беруге мәжбүр болды.

– Иә, 2012 жылғы әлем чемпионатынан кейін допинг мәселесімен шу шығып, екі жылдай үзіліс болды. Дәл осы жылы Илья Ильин Лондон олимпиадасының жеңімпазы атанып, өзі жеке команда құрған болатын. Илья командасына шақырып, бірге жаттығуды ұсынды. Команданың бапкерлері Ержас Болтаев пен Тойшан Бектеміров те мықты мамандар. Сол кісілердің жанында жүріп бойыма жеңіс рухын сіңіре бердім. Ильяның көшбасшылық қасиеті бізді де алға сүйреді. Ұлттық құрама сапынан шығып кеткендіктен, айлықтан да қағылдық. Бірақ Илья ылғи қолдау көрсетіп, бар тәжірибесін үйретті. Шет елдерге оқу-жаттығу жиынына шығып, деңгейіміз де өсе бастады. Ержас, Тойшан және жеке бапкерім Дәулет те менімен көп жұмыс істеп, 2014 жылғы әлем чемпионатына дайындады. Біз Алматыдағы дүрмекке үш жылдай дайындалдық. Бірақ қай салмақта өнер көрсететінім жарысқа бір апта қалғанда белгілі болды. Аллаға шүкір, елімізде өткен байрақты бәсекеде көк туымызды желбіретіп, биік тұғырдан көріндік. Шыны керек, жеңетініме көбі сенбей, тек Владимир Седовтың дублеры ретінде қарады. Бірақ менің мақсатым тек чемпион атану болды.

Расында, Жасұланның әлем чемпионы атанарына көп ешкім сене қойған жоқ. Өйткені жұлқа көтеруден 188 келіні көтеріп, әлем рекордын орнатқан тағы бір отандасымыз Владимир Седов басты фаворит болды. Ал кейіпкеріміз жұлқа көтеруде тек 179 келіні ғана бағындырды. Жасұланға әлем чемпионы атану үшін серпе көтеру әдісінде 10 келі артық көтеру керек болған. Серпе көтеруде Седов 219 келіні игерсе, Жасұлан 229 келіні бағындырды. Қоссайыс нәтижесі бойынша 408 келіні көтерген Жасұлан жиналған жанкүйерлердің көзіне жас алдырған еді. 2015 жылғы әлем чемпионатында басты фавориттердің бірі болған Қыдырбаев мықтылығын тағы дәлелдеп, үздік үштіктен көрінді. Бірақ АҚШ-тағы әлем чемпионатынан кейін кейіпкерімізге тағы да «допинг пайдаланды» деген айып тағылып, 8 жылға спорттан шеттетілді.

– АҚШ-тағы әлем чемпионатындағы басты мақсатымыз алтын алу емес, Олимпиадаға керекті ұпай жинау болды. Аса қатты көзге түскіміз келген жоқ. Басты мақсатымыз Рио Олимпиадасына жолдама алу еді. Бірақ сол әлем чемпионатынан кейін тағы да допинг дауына ілігіп, басымыз бәлеге қалды. Бұл жайтқа өзімді кінәлімін деп санамаймын, әрі ешкімді де кінәламаймын.

Спортшы жеңіске жеткен кезде бәрі қолдау көрсетіп, жеңілсе табалайтындар жетіп артылады. Допинг дауынан кейін Жасұланнан теріс айналып, 2014 жылғы әлем чемпионатындағы жеңісіне күмәнмен қарағандар болған жоқ. Бірақ ұзақ мерзімге спорттан шеттетілу психологиялық тұрғыдан қиынға соқса керек.

– Әлем чемпионы атанбай тұрып адамдармен қалай сыйлассам, атақ-даңққа ие болғаннан кейін де сондай қарым-қатынаста болдым. Ешқашан менмендікке салынып, көкірек қаққан емеспін. Қиын-қыстау кезеңде әркез қолдау көрсетіп, жігерімді жаныған туған-туыстарыма, дос-бауырларға және жанкүйерлерге алғыс айтамын. Әрине, ұзақ мерзімге спорттан қол үзу ауыр соқты. Психологиялық тұрғыдан да қиын болып, кәдімгідей күйзеліске ұшырадық. Олимпиадаға қатыссам деген арманның күл-талқаны шықты. Қандай атақ-абыройымнан айырса да, бастысы иманымыздан айырмады.

Жасұлан қазір талай таланттың томағасын сыпырған Кәркен Ахметов атындағы спорт шаңырағында бапкер. Өзі түлеп ұшқан қарашаңырақта жастарға ауыр атлетиканың қыр-сырын үйретіп жүр. Үлкен спортқа қайта оралу өзінің де ойында бар екен.

– Үлкен спорттан әлі де қол үзген жоқпыз. Өзіміз де жаттығып, зілтемірді көтеріп жүрміз. Спорттық бабымызға бір жылдың ішінде толық келе аламыз. Аллаға шүкір, әлі де әлемдік аренада атой салуға әлеуетіміз жетеді. Бәлкім шеттелу мерзімі біткеннен кейін үлкен спортқа қайта оралатын да шығармын. Қайтпастық қанымызда бар қасиет қой, алға қойған мақсатқа жетпейінше ешнәрседен қайтпау керек. Қарсыластарыма «босаңсымаңдар» дер едім.

Спорттан шеттелу мерзімі аяқталғанда кейіпкеріміз нағыз орда бұзар жасқа келеді екен. Ауыр атлетикадан Олимпиада тарихында қазақ спортшысы ешқашан алтын медаль алмағанын білеміз. Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаевтың болашақта Олимпиада алтынымен апталғанын көруді жазсын дейік!

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020

486 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы