• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Қараша, 2020

«Оскар» сыйлығының жаңа шарттары қандай?

«Өнер атаулының ішіндегі біз үшін ең маңыздысы – кино», – дейді В.Ленин. Бірақ бұл сөз оның бірде-бір еңбегінде кездеспейді. А.Луначарскийдің айтуы бойынша 1922 жылы В.Ленин осы «цитатасын» ауыз екі әңгіме үстінде айтқан көрінеді. Жә, ол маңызды емес. Маңыздысы – сөз. Кімнің аузынан шықса да өте дұрыс айтылған сөз екенінде дау жоқ. Өйткені кино бүгінгі өнер атаулының ішіндегі ең қолжетімдісі әрі халыққа қызықтысы болып отыр. Сонысымен де бұл өнер саласы идеологияның басты құралдарының бірі саналады. Бұл құрал алғашқылардың бірі болып Кеңес өкіметінде қолданылды. Бұл өкімет тұсында түсірілген фильмдердің басым бөлігінің бір қанаты қызыл идеология, бір қанаты орыс ұлтының шовинистік көзқарастарына матырылған еді. Суреткер алдына нақты талаптар қойылып, сол талаптардың айналасында жұмыс істеуіне тура келді. Бір есептен бұл талаптар режиссерлерді жаңа жолдар іздестіруге итермелесе, бір жағынан қолбайлау болған. Осылай кеңестік кино ХХ ғасырдың үшінші ширегінде дағдарысқа ұшырап, еркіндікке ұмтылды. Өнерге қойылған шектеулердің соңы осылай аяқталары белгілі еді. Себебі 20-жылдары басталған әдебиеттегі кеңестік реализм бағыты да арнайы тақырыптар мен талаптардан тұратын. Ол да 60-жылдары тығырыққа тіреліп, жылымық талап еткен. Әдебиет өз жылымығы мен еркіндігін біршама алған осы шақта кеңестік, оның ішіндегі қазақ әдебиеті қарқынды дамыды. Тұтас кеңестік өнерге атақты «алпысыншы жылғылар» келді.

Киноиндустрияның тұтастай идеологияға айналдыру дәуірі Кеңес өкіметімен бірге құлады ма деген шақта, 2020 жылдың қыркүйегі адамзат есігін қаққан еді. Жәй қаққан жоқ, әлем көз тіккен «Оскар» сыйлығының жаңа талаптарымен қақты. Бұл қандай талаптар еді? Бірден айта кетейік, бұл талаптар «Үздік фильм» номинациясына ғана қатысты. Ал басқа номинациялар талаптары бұрынғыша.

А стандарты.
ЭКРАНДЫҚ КӨРІНІС, ТАҚЫРЫПТАР ЖӘНЕ СИПАТТАМА

А1. Негізгі немесе маңызды кейіпкерлердің бірі төменде көрсетілген ұлттардан болуы шарт: азиялық, латынамерикалық/испантілді, қара нәсілді/афроамерикандық, американың түпкі халқы.

А2. Фильмдегі актерлардың 30%-ы әйелдер, ЛГБТК+ өкілдері немесе мүмкіндігі шектеулі жандар болуы шарт.

А3. Фильмнің сюжетті мен тақырыбы әйелдер теңдігіне, ЛГБТК+ өкілдерінің немесе мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары мен проблемаларын көрсетуге бағытталуы тиіс.

Б стандарты. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖЕТЕКШІЛЕР ЖӘНЕ ЖОБА КОМАНДАСЫ

Б1. Кемінде екі шығармашылық жетекші (режиссер, оператор, кастинг-директор, т.б) әйелдер, ЛГБТК+ өкілдері немесе мүмкіндігі шектеулі жандар болуы шарт. Немесе жоғарыда атап өткен ұлт өкілдері болуы керек.

Б2. Техникалық қызметкерлердің алтауы жоғарыда аталған ұлт өкілдері болуы шарт.

Б3. Түсірілім тобының кемі 30%-ы әйелдер, ЛГБТК+ өкілдері немесе мүмкіндігі шектеулі жандар болуы шарт.

С стандарты. МҮМКІНДІКТЕР МЕН ӨНЕРКӘСІПКЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ

С1. Кинокомпания әйелдер, ЛГБТК+ өкілдері немесе мүмкіндігі шектеулі жандардың ақылы оқуы мен қажетті білім алуын қамтамасыз етуі тиіс.

С2. Кинокомпания әйелдер, ЛГБТК+ өкілдері немесе мүмкіндігі шектеулі жандардың тиісінше оқуы мен біліктілігін жетілдіру ақысын төлеуі шарт.

Д стандарты. АУДИТОРИЯНЫ КЕҢЕЙТУ

Д1. Кинокомпания немесе киноны таратушы студияның жарнама және маркетинг бөлімдерінің жетекші қызметкерлері әйелдерден немесе жоғарыда аталған ұлт өкілдерінен немесе ЛГБТК+ өкілдері мен мүмкіндігі шектеулі жандардан сайлануы тиіс.

«Оскар» киноакадемия-сының биылғы жылы жариялаған жаңа 4 стандарты осылай. Консервативті өмір сүретін елдерге бұл жаңалықтың қалай әсер еткенін сөз соңында айтармыз. Ал американың өз халқы бұл жаңалықты қалай қабылдады? Осы мәселе турасында «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Мичиган штаты университетінде білім алып жатқан Жолдас Өрісбаймен әңгімелескен едік.

– Жолдас мырза, «Оскар» киноакадемиясының мұндай қадамға баруына не түрткі болды? Мұхиттың арғы жағындағы елдің біз білмейтін нендей тарихы бар еді?

– «Оскар» сыйлығының жаңа талаптарының негізгі себебі осыдан бес жыл бұрын басталған. Яғни 2015 жылдың қаңтар айында әлеуметтік желілерде «Оскар» сыйлығының лауреаттарын анықтауда нәсілдік және гендерлік мәселелер бар екенін алға тартып, әділдік талап ететін қоғамдық компания пайда болды. Ол компания #oscarssowhite (Оскар сондай аппақ) хештегімен бекітілді. Америка осы хештегтің арқасында бүгінгі нәтижеге келіп отыр. Мысалы соңғы деректерге сенер болсақ, жақын жылдары шыққан ең үздік фильмдердің 92%-ын ер азаматтар түсірген және ол фильмдердегі басты рольдердің 86%-ын ақ нәсілді актерлер ойнаған.

Бұдан бөлек тағы бір мәселе бар. Америкада Мinority дейтін топ бар. Біз мұны «аз ұлт» деп аударып жүрміз. Бірақ негізгі мағынасы олай емес. Minority-ге қара нәсілділер, ЛГБТ қауымдастықтары тіпті әйелдер қауымы да кіреді. Бұлар аз репрезентацияланған топтар болып саналады.

Сонымен қара нәсілділердің, әйелдердің, ЛГБТ өкілдерінің – жалпы Мinority топтарының мәселелерінің алға тартылмауы, көрілімді фильмдердің режиссерлері мен актерлерінің басым бөлігінің ақ нәсілділер және олардың көбінің ер азаматтар болуы #oscarssowhite хештегінің және осы аттас қоғамдық компанияның дүниеге келуіне себеп болған. Ол өз кезегінде бүгінгі киноакадемияның жаңа стандарттарына алып келіп отыр.

– Жаңа стандарттардан бөлек, біз «Оскар» сыйлығының бұл бағытқа бет бұрғанын сезіп те, көріп те жүрдік...

– Иә. #oscarssowhite хештегінің нәтижесі соңғы үш жылда анық байқалды. Мысалы Голливудтық қара нәсілді Махершала Али атты актерді білеміз. Ол 2017 жылы «Ай жарығы» атты фильмде ЛГБТ мүшесінің рөлін сомдаған. Осы рөлі үшін ол «Оскар» сыйлығын алды. Аталған актер 2019 жылы да «Жасыл кітап» киносындағы рөлі үшін екінші рет «Оскар» сыйлығын алды. Яғни соңғы үш жылда «Оскар» сыйлығын қара нәсілді актер екі рет жеңіп отыр. Бірінші аз ұлт өкілі болғаны үшін, екінші ЛГБТ тақырыбын қозғағаны үшін.

– Неге өнерге мұндай талаптар қойылып отыр?

– Өйткені өнер математикалық есептермен дәл анықталатын сайыс емес. Әркімнің пікірі әртүрлі. Яки өнерді бағалауда субъекті көзқарас басым. Расына келгенде, мен де бұл жаңа талаптарды қолдаймын. Өйткені бұл жүйелі нәсілдік және гендерлік проблеманы шешудің классикалық жолы саналады. Мұндай бастаманы қазір Америкада кез келген саладан байқауға болады. Әр сектор осы проблемамен күресуде өзінше әрекет етіп жатыр. Мысалы оқуға қабылдау барысында да осы Minority өкілдеріне көп мүмкіндік беріледі. Жұмысқа қабылдау кезінде де, топтық жобалар жұмысында да Minority өкілдері мен бұл топқа кірмейтіндердің үлес салмағын теңестіру жүріп жатыр. 2024 жылы айтып отырған «Оскардың» жаңа ережелері күшіне еніп жатса, біз киноакадемия лауреаттары арасынан әйелдер мен аз ұлт өкілдерін көп көретін боламыз.

– Қарапайым америкалықтардың бұл ережелерге қатысты пікірлері қандай?

– Әрине, әртүрлі. Бұл олардың идеологиялық көзқарасына байланысты. Мысалы америкалықтардың шамамен жартысы, тіпті жартысынан көбі консерваторлық көзқараста. Олар дәстүрлі өмір сүру принциптерін мақұлдайтын, дінге жақын, отбасы құндылықтарын ұнатады. Міне, осы халық бұл өзгерісті ұнатқан жоқ. Олардың ойынша Minority өкілдері барынша әрекет етіп, еңбектенуі керек және тең бәсекеде жеңуі керек деп санайды. Либерал көзқараспен қарайтын болсақ, Minority өкілдерін көтермелеу оң нәтижесін береді. Яғни Minority өкілдерінің «Оскар» сыйлығын алуына көбірек жағдай жасалып, осы уақытқа дейін ақ нәсілділер көп алған сыйлықты аз ұлттарға, қара нәсілділерге көбірек беру арқылы ортадағы теңсіздікті теңестіруге тырысады. Киноакадемия осы үшін жаңа ережелер енгізіп отыр деп ойлаймын. Екінші жағынан академия халықтың бойкот жариялауынан да қорқады. Себебі олардың түсіріп жатқан кинолары қоғам пікіріне тәуелді. Егер «Оскар» киноакадемиясы өздеріне айтылған сындарды ескерусіз қалдыратын болса, нәтижесі ауыр тиюі ықтимал. Штаттардағы биылғы қозғалыстарды білеміз. Міне, осындай келеңсіздіктерден АҚШ-тың кез келген ұйымы қашуға тырысады.

Америкалықтардың орынына өзімізді қоя отырып, ондағы жағдайды түсінуге болады. Жолдас мырзаның да айтып отырған сөздерінің жаны бар. Бірақ шетелдік көрермен ретінде бізді нәсілдік мәселелер емес, ЛГБТ өкілдерінің мәселелері қинайды. Егер «Оскар» сыйлығының «Үздік фильміне» ЛГБТ өкілдерінің оқиғалары, проблемалары арқау болып жатса, ол біздің көрерменге жетпей қоймайды. Оны біздің көрермендер де көрмей қоймайды. Яғни біздің дәстүрлі қоғамымызда да бұл топтарға көзқарастың өзгеруі ықтимал. Ол тіпті өзгере келіп, ғасыр ортасы елімізде де осындай кино туындылар түсіріліп, осы топ өкілдері көшеге шықса ше? «Біз аңсаған болашақ, біз аңсаған демократия осы ма еді?» деген сұрақты өзімізге қоя аламыз ба?

Бұл сұрақты қоя алсақ та, жауабы қорқынышты болмақ. Қалай болғанда да, «Оскар» киноакадемиясы АҚШ халқының проблемасын шешу арқылы, өзге, дәстүрлі қоғамды мемлекеттерге проблема тауып беріп отырғандай.

Жоғарыда айтып өттік. Бұл талаптар тек «Үздік фильм» номинациясына қатысты. Бірақ басты номинация осы болғандықтан өзге номинациялардың да бұл өлшемдерге ыңғайланбасына кім кепіл?

Қазақтың тарихын көрсетуге кедергі болды, қазақты қойшы, малшы ретінде ғана көрсеткісі келді деп кеңестік фильмдерді айыптайтын едік...

Бұл ойларды көпшілік кертарпалық санайтын шығар. Тіпті мұндай топтардың елімізде қазіргі күннің өзінде барлығын алға тартар. Мәселе онда емес. Мәселе бұл азшылық топ пропагандасының енді ашық экрандар арқылы жүргізілетіндігінде болып отыр...

Досхан Жылқыбай

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2020
 

676 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы