• Спорт жұлдыздары
  • 18 Қараша, 2020

Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақ жайлы не білеміз?

«Спорт падишасы» атанған жеңіл атлетикадан үлкен жетістікке жеткен қаракөздеріміз жоқтың қасы. Әлемдік ареналарда ел намысын өзге ұлт өкілдері қорғап жүргені де жасырын емес. Дегенмен, Олимпиадада жүлде алған тұңғыш қазақ дәл осы жеңіл атлетика спортынан шыққан. «Қазақ жүгіруге емес, күресуге бейім халық» деген ұғымды түбегейлі теріске шығарған Ғұсман Қосановтың алтынға бергісіз күмісі қазақ баласына бұйырған тұңғыш Олимпиада медалі еді. Жас оқырман үшін жеңіл атлетиканың биік шыңын бағындырған желаяқтың тағдыры мен спорттағы жетістігі жайлы жазуды жөн көрдік.

Ғұсман Қосанов 1935 жылы 25 мамырда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданының Изатолла ауылында дүниеге келген. Ауылында Абай атындағы жетіжылдық мектепті тәмамдап, Семей қаласындағы №13 темiр жол училищесiне оқуға түседі. Өте елгезек болған Ғұсман Қосанов бала күнінен спортқа бейім болып, оқушылар спартакиадасында жүгіруден ылғи бірінші орын алған. Ғұсманның желден озған желаяқ болуына әкесі Ситтық себеп болған екен. Атпен желіп отыратын әкесі Ғұсманға арқанды ұстатып, артынан ілестіріп жүгірткен екен.

Әйгілі желаяқ жүгіруден бөлек шаңғымен сырғанау, футбол, баскетбол сынды спортты да жақсы меңгерсе керек. Ол 1951 жылы шаңғымен сырғанаудан 10 шақырым қашықтықта Семей қаласының чемпионы атанса, 100 метрге жүгіруден де үздіктер қатарынан көрінген. Одан бөлек «Локомотив» клубының сапында қала біріншілігінде топ жарып, чемпион атанды. Әскерге аттанғаннан кейін курсанттар арасында 100 метр қашықтықты 10,8 секундта бағындырып, болашағынан үлкен үміт күтуге болатынын көрсетеді. Азаматтық борышын Қырымның Севастополь қаласында өтеген Ғұсман полктағы жеңiл атлеттердiң жаттықтырушысы Вячеслав Ружинскийдің қоластында жаттығып, біліктілігін арттырды. Білікті бапкер Ғұсманның тумысынан желаяқ екенiн бiрден байқап, жүгiрудiң техникасын үйретеді. Сөйтіп 1955 жылы Киевте өткен Украина чемпионатында Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері, танымал желаяқ Леонид Бартеневтен 0,1 секундқа қалып, 10,7 секунд көрсеткішпен күміс медальді иеленді. Дегенмен қайтпас қайсарлығының арқасында араға екі жыл салып, 1957 жылы Украина чемпионатында топ жарды. Талайды таңдай қақтырған Қосановқа одақтас республикалардың біразы құда түсіп, өздеріне алғысы келді. Бірақ ол КСРО-ның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы А.Масловскийдің ұсынысымен Кишиневтегi (Молдова) дене тәрбиесi техникумына оқуға түседі. 4 дүркін Молдова чемионы болған Қосанов КСРО спорт шеберi атанған да тұңғыш қазақ спортшысы. Одан кейін КСРО чемпионатында топ жарып, Кеңес одағының олимпиадалық құрамына басты үміткер атанады. 1959 жылы Ғұсман көрсеткішін 10,4 секундқа дейін жақсартып, Молдованың жеке рекордын жаңартты. Кейіпкеріміздің спорттық мансабында 1960 жылы Мәскеуде өткен КСРО чемпионатының маңызы зор болды. Ол 100 және 200 метрлік қашықтықта ақтық мәреге шығып, Одақ құрамында өнер көрсетуге әлеуеті жететінін дәлелдейді. Одан бөлек Қосановтың эстафетада төрттіктің қатарына кіруінің басты себебі ұшқырлығында. Стартта өте жылдам жүгіретін Қосановқа 100 метрдің алғашқы 90 метрінде тең келетін ешкім болмаған. Осылайша алғашқы жылдамдығы өте жоғары Қосанов эстафеталық жарыс-та КСРО құрамасының негізгі үмітіне айналды. Дегенмен кейіпкеріміз толыққанды Олимпиадаға бару құқығын КСРО мен Ұлыбритания арасындағы жолдастық кездесуден кейін иеленеді. Ол командаластарымен бiрге 4х100 метрлiк эстафетада озып шығады. Айтпақшы, Ғұсман Ситтықұлы 100 метрге жеке жүгіру сайысында да Олимпиадаға жолдама алды. Ол Олимпиадаға дайындық кезіндегі бақылау жарысында 100 метрді 10,3 секундта жүгіріп, жеке рекордын орнатқан. Атақты Мұхамед Әлимен бір Олимпиадада өнер көрсеткен Ғұсман жекелей сында жартылай финалға шығып, 10,7 секунд нәтижесімен 6-орынға тұрақтады. Дегенмен бұл олқылықтың орнын КСРО-ның желаяқтары эстафеталық сында толықтырады. Финалға дейін небір мықты командаларды жолда қалдырған КСРО құрамасы алтын жүлдеге АҚШ, Италия, Германияның бiрiккен командасы, Ұлыбритания, Венесуэла сынды мықтылармен таласады. Ғұсман жарыс жолына алғашқы болып шығып, таяқты әрiптесi Бартеневке бiрiншi болып жеткiзiп бердi. Бiрақ Бартенев осы олимпиаданың жеке сындағы жеңімпазы Армин Хариден (Германия) сәл ғана қалып қойды. Юрий Коновалов та эстафетаны соңғы кезеңде жүгiретiн Эдвин Озолинге екiншi болып табыстайды. Шешушi кезеңде Озолин Мартин Лауэрге жете алмады. Негізі 30,4 секундымен әлем рекордын тіркеген АҚШ құрамасы жеңімпаз атануы керек еді. Бірақ олардың жарыс ережесін бұзуына байланысты Германия біріккен командасы Олимпиада чемпионы атанды. 40,1 секунд көрсеткішімен КСРО төрттігі күміс тұғырға көтерілді. Молдованың өкілі ретінде қатысқанымен қазақтың кім екенін спорт әлеміне танытқан Қосанов Олимпиада медалін алған тұңғыш қазақ атлеті ретінде тарихта қалды. Дәл осы олимпиадалық жылдың күзінде Ғұсман Қосанов тұңғыш рет ел чемпионы атанды. Қарулы күштер құрамасында жүгірген Қосанов Кеңес біріншілігінің эстафеталық жарысында Озолин, Бартенев сынды мықтылардан оқ бойы оза шықты.

Қосанов 1962 жылдан бастап еліміздің атынан шыға бастайды. Сол жылы ол Алматыда Спартак СҚ біріншілігінде 100 метрді 10,2 секундта жүгіріп, жеке рекордын жаңартты. Сондай-ақ Қосанов 1964 жылы Жапония астанасы Токиода өткен Олимпиада ойындарында сынға түсті. 100 метрге жеке жарыста жартылай финалға дейін жеттi. Ал эстафеталық сында қолаға сынық сүйем қалғанда тоқтап, Э.Озолин, Б.Зубов, Б.Савчукпен бiрге бесiншi орын алды. Борис Савчуктің таяқшаны түсіріп ала жаздап, уақыт жоғалтқаны КСРО құрамасының жолын кесті.

Кейіпкеріміз мұнан кейінгі жылдары да жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. 1965 жылы Киев қаласында КСРО – АҚШ арасындағы дәстүрлі жеңіл атлетика жарысы өтті. Бұл жарысқа қазақтың желмен жарысқан желаяғы Әмин Тұяқов та қатысты. Озолин, Тұяқов, Қосанов және Политико сынды желаяқтар жарыс жеңімпазы атанып, Олимпиададағы сәтсіздіктің есесін қайтарды.

Ғұсман Ситтықұлы КСРО чемпионатындағы соңғы медалін 1966 жылы алды. Ол 100 метрлік жекелей сынның финалында Эдвин Озолинге есе жіберіп, күмісті қанағат тұтты. 1967 жылдан жаттықтырушылық қызметпен айналысып, 1968 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері» атағына ие болды. Өкінішке қарай, Қосанов 1990 жылы қайғылы жағдайда көз жұмды.

Қазақты жаһанға танытқан желаяқ Ғұсман Қосановты ұмытуға хақымыз жоқ. Олимпиадада олжа салған тұңғыш қазақтың жетістігін жас өрендеріміз де білуі тиіс.

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2020
 

857 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы