• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 25 Қараша, 2020

Бекзат Бексұлтан, химия пәнінің мұғалімі: «Химия қиын, ашиды миың...» деген сөз өтірік

Кішкентай кезімізден «Химия қиын, ашиды миың...» деген сөзді естіп өстік. Алайда оның қиындығы неде екеніне бас қатыра бермейтінбіз. Жас химик Бекзат Бексұлтан да оқушы кезінде химия пәнінен қатты қиналған екен. Бірақ ол қазір химия пәнінің мұғалімі болып жүр. Қалайша? Оны осы сұқбат барысында білуге болады. Сондай-ақ Бекзат химия пәнінен ҰБТ-ға қалай дайындалу керек екенін де айтты.

– Айтыңызшы, химияны неге қиын деп ойлаймыз? Сондай-ақ ол неліктен 7-сыныптан бастап оқытылады?

– Иә, дұрыс айтасыз. Мектепте бәрімізге химия ең қиын пәндердің бірі болып көрінетін. Себебі бұл пән логика мен визуалды қажет етеді. Ал мектепте зертханалық жұмыстар өте аз жүргізіледі. Өзіңнің не істеп, яғни қандай заттарды бір-бірімен қосып, араластырып жатқаныңды көзіңмен көре алмаған соң визуал қайдан болсын?! Сол себепті оқушыларда көбіне қиын болып көрініп, химия қиын деген стереотип қалыптасып қалған сияқты. Бірақ химия нақты ғылым. Ондағы заттардың құрылысы, қасиеті, электрондар саны, зарядтары, бәрі-бәрі нақты зерттелген. Оны тек жаттап есте сақтасаңыз болғаны. Химия неге 7-сыныптан бастап оқытылады дегенге келсек, химия математика, жаратылыстану, биологиямен тығыз байланысты. Ол пәндерден түсінік қалыптаспаса, бұл пәнді түсіну қиынға соғады. 7-сынып химияның әліппесі сияқты. Элементтердің атын, периодтарын, валенттілік және табиғатта таралуын үйренеді.

– Еліміздегі химия ғылымының даму деңгейін қалай бағалайсыз? Қандай істер атқарылмай жатыр?

– Бұл сұрағыңызға жас маман ретінде жауап берейін. Жалпы біздің елімізде қандай өзгеріс болсын, құрал-жабдықтар болсын, бәрі бірінші мектептерге келеді. Меніңше, құрал-жабдықтар бірінші университеттерде болуы керек. Университетте ондай нәрселерді көрмеген жас маман мектепке келгенде кішкене ақсап жатады.

Ал химия ғылым ретінде елімізде жақсы дамып жатыр. Қазір химия ғылымы толықтай компьютерленді десем де болады. Виртуалды зертханалық жұмыстар жүргізіледі. Сонымен Chem office, hyper chem секілді компьютерлік бағдарламалар енді-енді қолданысқа еніп жатыр. Бұл программамен жұмыс істеген оқушы химияны қиын деген ойдан арылады деп сенемін.

– Сіздіңше, еліміздегі қай жоғары оқу орны химияны практикамен байланыстырып оқытады?

– Бұл жағынан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бірінші орында. Ол жақта химия арнайы үлкен кафедраға бөлінеді және химия жеке-жеке сала бойынша тереңдетіліп оқытылады. 2-курстан кейін өзіңнің таңдауың бойынша, аналитикалық химия, органикалық химия, бейорганикалық химия, криминалистік химия, физикалық химия, яғни өзің таңдаған бағыт бойынша тереңдетіп оқуға мүмкіндік көп.

– Адамдар неге ғылымға қызығуы керек? Ғылымдағы әйелдердің рөлі қандай?

– Орыстарда «Век живи, век учись» деген жақсы сөз бар. Сол секілді, ғылым адамзаттың игілі үшін жасалатын нәрсе. Ғылым – қаншама зерттеулерден кейін нақты қабылданған жауап. Ал ғылыммен айналысу айналадағы болып жатқан дүниелердің құпиясын шешкенмен тең. Сондықтан бізде ғылым «модаға» айналуы керек. Сонда ғана бәлкім ғылымға деген қате көзқарас өзгерер ме еді, бәлкім?! Ғылымның міндеті – әлем туралы білімді дамыту, жүйелеу десек, адамзаттың дамуына байланысты бұл білімдер де арта береді.

Кез келген салада әйел немесе еркек деп бөлуге қарсымын. Ғылым жынысқа бөлінбейді. Бірақ өкінішке қарай, кей жерлерде әйелдердің ғылымдағы орны төмендетіліп жатады. Соңғы жылдары Қазақстанда ғылыми дәреже қорғап жатқан әйел профессорлардың саны артып келеді. Әлемдік деңгейде де әйел адамдар химия саласынан Нобель сыйлығының иегері атанып жатыр. Бұрын Ирен Жолио-Кюриді танитын болсақ, қазір химия саласында үш әйел Нобель сыйлығының иегері атанды.

– Біздің оқырмандары-мыздың ішінде де химияны таңдайтындар бар деп ойлаймыз. Химиядан ҰБТ-ға қалай дайындалу керек? Сіз қалай дайындалдыңыз?

– Химияны түсініп оқысаңыз ғана нәтиже болады. Жалпы химияда 30 шақты ғана тақырып бар. Соны басынан бастап кезеңімен түсініп оқып шықсаңыз, химиядан проблема болмайды. Оңайдан бастау керек, бірақ үздіксіз жүруі тиіс. Ал бізде қалай? Тақырыпты түсінбей жатып бірден тест жауаптарын шешуге ұмтыламыз. Оның оңайлықпен жауабы шықпайды. Сөйтіп уақыт жоғалтамыз. Бірінші тақырыпты меңгеріп, сол тақырып бойынша есептерді шығарып, одан кейін тестті шешкен дұрыс.

2014 жылы мектеп бітірдім. Біздің кезімізде 25 сұрақ болатын. Қателігім сол – химияны қиындатып жібергенім. Тақырыпты меңгермей, тек тест шештім. Жаттадым. Күніне 4-5 сағат химияның тестін жаттайтынмын. Алайда тақырыптарды мүлде түсінбедім. Есептердің мағынасын да білмеймін. Еңбектенгеніме қарай 22 балл жинадым. Бірақ университетте көп қиналдым...

Медицинаны таңдаған оқушылар химиядан қорқып, арманынан бас тартып жатады. Дегенмен химияны да оңай үйренудің әдіс-тәсілі бар. Тек сол методиканы түсініп алсаң болды. Менің тәжірибемде химияны 2-3 айда толық меңгеруге болатынына кепілдік беремін. Сол екі ай аралығында химияны нөлден 35 баллға дейін жеткізуге болады. Осыдан кейін «химия қиын, ашиды миың» деген сөздің өтірік екеніне көзіңіз жетеді.

Одан кейін тестке дайындалу кезінде үнемі жүйелі тәртіпті сақта. Қиындатпай, оңайдан баста. Ол жердегі анықтамалар, зерттеулер, теориялар, барлығы нақты дәлелденген. Сол себепті жаттау керек. Жаттағанда да логиканы қоса отырып жаттаған дұрыс. Қазір химия мамандығына сұраныс жоғары. ЖОО-ға химияға бұрынғыдан әлдеқайда көп мемлекеттік грант бөлініп жатыр. Мүмкіндік көп. Уақытты текке өткізбей дайындықты қазірден күшейту қажет. Өзің дайындалуға қиналсаң, арнайы оқу орталықтарына барып дайындалуға болады. Сондықтан жас түлектерге айтарым «химия қиын» деген ойды санадан өшіріп, армандарыңа қарай қадам жасаңдар!

– Рақмет!

Жазып алған
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2020
 

1851 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы