• Спорт жұлдыздары
  • 01 Ақпан, 2021

Тұңғыш олимпиада жүлдегері атанған қазақтың күміс қызы

Кейіпкеріміз Жазира Жаппарқұл ел тарихындағы қазақ қыздарынан Олимпиада ойындарында медаль алған тұңғыш спортшы. Одан бөлек, ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ қызы. Талай дүбірлі додада атой салып, ел намысын абыроймен қорғаған ол спорт сахнасынан көптен бері көрінбей кетті. Осы орайда, «Күміс қыз» атанған зілтемірші қызды арнайы әңгімеге тарттық.

Спортпен айналысуды ерте жастан бастаған Жазираның ауыр атлетикаға ынтасы ерекше болса керек. Сегіз жасында ауыр атлетика залына келген спортшы бапкерлердің де көзіне бірден түседі. Бірақ анасы «ауыр атлетика қыз баласына тән емес» деп қарсылық білдерген.

– Жалпы спортқа деген қызығушылығымды оятып, әрі ауыр атлетикаға жетектеп әкелген бапкерім – Дүйсенбек Құрманов. Дене шынықтыру пәнінен сабақ берген ағайымыз зілтемірді көтерудің де қыр-сырын үйретті. Шыны керек, бала болғаннан кейін жай ғана қызығушылық үшін барып жүрдім. Дәл сол жылдары Бекзат, Ермахан ағаларымыз Олимпиадада атой салып, еліміздің даңқын асқақтатқан кез еді. Мен де сол кісілер сияқты Қазақстанның атын шығарып, Олимпиада чемпионы болуды армандай бастадым. Бірақ анам ауыр атлетикамен айналысуға қарсы болды. Дегенмен ауыр атлетика өмірімнің бір бөлігі екенін түсінген соң, еш қарсылық танытпады.   

Алғашқы жарысында-ақ алтыннан алқа таққан Жазираға бапкерлер ерекше назар аударады. Тіпті оны дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына шақырған.

– Ең алғашқы жарысымда облыстық чемпионатта сынға түсіп, жеңімпаз атандым. Жаттығатын мектебіміздің директоры болған  Юрий Мельников жаттығуымды жіті қадағалап, техникама қарап Шымкентке жібергісі келді. Бірақ ата-анам рұқсат бермеді. Шымкентке тек оқу-жаттығу жиынына барып жүрдім. 

Халықаралық аренадағы алғашқы медалін 2009 жылы ұтқан Жазира араға бір жыл салып спорттық мансабындағы ең үлкен жетістіктің біріне қол жеткізді. Ол 2010 жылы Сингапурде жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағып, үмітті ақтады. Ішкі біріншілікте мықтылығын сан рет дәлелдесе де, Олимпиада ойындарында өнер көрсетуі екіталай еді. Бапкерлердің сенбеуі, жақсы нәтиже көрсететініне күмәнмен қарауы спортшыны екі есе жігерлендірсе керек. 

– Әлемдік аренадағы алғашқы медальді (күміс жүлде) 2009 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында алдым. Одан кейін 2010 жылы Сингапурдегі жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойындарында өнер көрсеттім. Шыны керек, бұл додаға апарғысы келмей, аяғымнан тартқандар көп болды. Олимпиадаға жолдаманы сарапқа салатын үш турнирде жеңіске жетсем де, бапкерлер ойын өзгертуге тырыспады. Дегенмен Ержас ағайымыз бастаған бапкерлердің біразы қолдау көрсетіп, Олимпиадаға қатысуыма мүмкіндік берді. Бір қызығы, жеңіске жететініме сенімді болдым. «Кем дегенде қола медаль алшы» деген бапкеріме: «Жоқ, ағай, чемпион боламын», – деп басып айттым. Басты қарсыласым Еуропа чемпионы, ресейлік ауыр атлет Диана Ахметова еді. Бапкерлерімнің құрған тактикасының арқасында жұлқа көтеруде 92 келіні еңсеріп, серпе көтеруде 115 келіні бағындырдым. Қоссайыс нәтижесі бойынша қарсыласымнан үш келі артық көтеріп, 63 келі салмақта жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атандым. Осылайша жеңетініме сенбей, жақсы нәтиже көрсете алатыныма күмәнмен қарағандардың аузына құм құйылды.

Жасөспірімдер арасында да, жастар қатарында да мықтылығын әлемге дәлелдеген Жазира қазақ қыздары арасында ауыр атлетикадан Әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы. Ол Гватемаладағы 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен додада қарсыластарына дес бермеді. 

– 2012 жылы Гватемаланың Антигуа қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында үздік шықтым. 69 келіде сынға түсіп, жұлқа көтеруде 106, ал серпе көтеруде 133 келіні бағындырдым. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 239 келімен әлемнің ең үздік ауыр атлеті атандым. Сондай-ақ 2013 жылы Мьянмадағы жастар арасындағы Азия чемпионатында қоссайыс нәтижесі бойынша 232 келіні көтеріп, күмісті қанағат тұттым. Дәл осы жылы ересектер арасындағы алғашқы жарысыма қатыстым. Польша елінде өткен әлем чемпионатында В тобында сынға түстім. Яғни А тобында медаль үшін күресетін спортшылар болса, В тобында сынға түсетін спортшылардың медаль алуға мүмкіндігі жоқ. А тобында топ жарған спортшылардың өнерін жіті бақылап, келесі әлем чемпионатында соларды ұтуға іштей серт бердім. Жаттығуда да берген сертімді жиі еске алып, екі есе артық тер төктім. Айтпақшы, 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында бапкерлерім 75 келі салмақта жарысқа қатыстырды. 69 келіге жаңадан ауысқан мен үшін 75 келіде сынға түсу мүлде қиын болды. Десек те қола жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, төртінші орын алып қалдым. 

Алматыда өткен дүрмекте Жазираның жарқын жеңісі жанкүйерлердің жадында шығар. Әлем чемпионатының алтынына басты үміткерлердің бірі болған Жазираның жарысқа бір күн қалғанда ауыр жарақат алғанын біреу білсе, біреу білмейді. 

– 2014 жылғы Алматыдағы әлем чемпионатына дайындығымыз да, бабымыз да жақсы болды. Қалың қазақтың көзінше көк туы-мызды желбіретіп, әлем чемпионы атануды көздедім. Өкінішке қарай, жарысқа бір күн қалғанда жаттығу барысында бел омыртқамдағы жарықты ауыртып, еңкейе алмай қалдым. Бапкерімнің салы суға кетіп «құрыдық, бітті бәрі» деп қатты уайымдады. Жарақатымнан ауылдағы Омар есімді сынықшы ағам емдеді. Бұның алдында да белімді ауыртқан кезде сол кісінің көмегіне жүгінгенбіз. Омар ағамыз жарыс болатын күні таңғы бесте ұшып келіп, бірден ем-домға кірісті. Аллаға шүкір, бәрі жақсы болып, жарысқа шықтым. Дегенмен бойымда бір үрей, қорқыныш болды. Жұлқа көтеруде 118 келіні еңсеріп, серпе көтеруде 144 келіні бағындырдым. Сөйтіп қоссайыс нәтижесі бойынша 262 (118+144) келімен күміс жүлдегер атандым. 2015 жылғы әлем чемпионатының алдында да жарақаттарым көбейіп кетті. Қолымның буындары, шынтақ, иық, тізем ауырып, маза бермеді. Қанша жарақат болса да шегінерге жол жоқ болды. Өйткені Хьюстондағы әлем чемпионаты Олимпиадаға жолдаманы сарапқа салатын басты дода еді. Басты мақсатымыз Риоға жолдама алып, Олимпиада чемпионы атану болғандықтан нар тәуекелге бардық. Одан бөлек, АҚШ-тағы қандастарымыз да арнайы қолдау көрсетуге келіп, рух беріп, жігерлендірді. Америкада да бір жыл бұрынғы жетістікті қайталап, күміс жүлдемен оралдық. 

Жазира Риодағы додаға жарақатынан толық айығып бармады. Тіпті әр жаттығу сайын жарақаты жанына батып, жағдайы қиындай түскен. Жарысқа дайындығын тоқтатып, оқу-жаттығу жиынының дәл ортасында емделуге кетіп қалған екен. Бұл ісін қолдамаған бапкерлер федерация басшыларына шағым айтып: «Жазира қашып кетті», – деп арызданған.

– Хьюстондағы әлем чемпионатынан кейін бір апта демалып, жаттығуға қайта кірістік. Бірақ жаттығу барысында жарақаттарым қайта сыр беріп, толыққанды дайындалуға мүмкіндік бермеді. Сенесіз бе, Олимпиаданың алдында бір жарым ай отырып ұйықтадым. Олимпиадаға бір ай қалғанда белім тағы да асқынып, жүре алмай қалдым. Дайындықты тоқтатып, оқу-жаттығу жиынынан емделуге кетіп қалдым. Мән-жайдың бәрін түсіндіргенмін. Бірақ федерация басшыларына мені қашып кетті деп айтқан екен. Содан бас бапкер хабарласып, не болғанын сұрады. Жағдайымды түсінгеннен кейін, Елбасымен болатын кездесуге шақырды. Елбасымыздың батасынан кейін бар күш-жігерімді жинап, жаттығуға қайта кірістім. Шыны керек, қандай жарақатпен кеткенімді көргендер зілтемірді бұрынғыдай көтеретініме сенбеді. Әр жұма сайын спортшылар максималды салмақты көтеріп, өздерін сынайды. Мен серпе көтеруде 150 келіні көтеріп, әлі де бір қағарым бар екенін көрсеттім. 

Рио Олимпиадасында айды аспанға шығарып, жеңістің биік тұғырынан көрінген Жазира Олимпиадада жүлде алған тұңғыш қазақ ретінде тарихқа кірді. Төрт жылдықтың басты додасы саналатын бұл дүрмектің әр сәті спортшының есінде. 

– Рио Олимпиадасында басты мәселе салмақ болды. Салмағым өсіп кетіп,  біраз қиындықтарға тап болдық. Негізі жарысқа бір келі салмақ қуамын. Бұл мен үшін ешқандай қиындық туғызбайтын. Бірақ Риода екі келі салмақты әрең түсірдік. Соңғы 700 грамм түспей, әдбен әбігерге салды. 11 рет моншаға кіріп, салмақ өлшеу рәсімінің аяқталуына бес минут қалғанда әрең түсірдік. Спорттық мансабымда алғаш рет осындай жағдайға тап болдым. Ресми салмақ өлшеу рәсімі біткеннен соң екі сағаттан кейін жарыс басталды. Жарысқа дайындалып, денемізді қыздырып жатқанда сәл-сәл белім ауырды. Қанша ауырса да соңына дейін шыдауға бекіндім. Сөйтіп жұлқа көтеруде 115 келіні, серпе көтеруде 144 келіні бағындырып, жанкүйерлерді жерге қаратпадық.

Олимпиададан кейін Жазира қайта жаттығуға кірісіп, алдына үлкен мақсаттар қояды. Риода күмісті алтынға айырбастау үшін тер төгуді жалғастырады. Бірақ сол баяғы жарақаты қайта шығып, ауруханаға түскен. Басшылар «емделуге Германияға жібереміз» дегенімен, сөзінде тұрмаған. 

– Олимпиададан кейін Елбасының қолынан «Парасат» орденін алып, үлкен сый-құрметке ие болдым. Бұл жайт Токиода топ жаруға үлкен күш-қуат беріп, жаңа серпінмен жаттығуға қайта кірісуге жол ашты. Алдыма үлкен мақсаттар қойып, дайындыққа ерекше ынтамен кірістім. Бірақ Мәскеудегі оқу-жаттығу жиынында есімнен танып, ауруханадан бірақ шықтым. Денсаулығымды қалыпқа келтіруге біраз уақыт кетті. Елімізде қажетті ем-домды алып, жаттығуға қайта кірістім. Әжептәуір салмақтарды да еңсеріп, бабыма келе бастадым. Бірақ Румынияда болатын жарыс күні тағы да белім ауырып, елге оралдым. Сөйтіп шет елге барып ем алып, бұл жарақаттан толыққанды айығуға болатынын естідім. Басқа спорт түрлерінің федерациялары Корей еліне жіберетінін де білдім. Шыны керек, басшыларға «емдетіңіздерші, емдетіңіздерші» деп жалындым. Ақыры емделуге Германияға жіберетін болып, барлық құжаттарымды дайындауды тапсырды. Алматыда үш ай күттіріп, соңында апармай тастап кетті. Не керек, өз қаражатыма емделіп шықтым. Денсаулығым жақсарып, қайта қалпыма келгеннен кейін жаттығуға қайта кірістім. Бірақ ата-анам жаттығуды доғаруымды өтінді. Анам: «Денсаулығың енді қалпына келтіргенде қайта құртпақшысың ба? Жарақат алып қалғаныңда қарамаса, ертеңгі күні мүлде қарамайды. Сен енді ешкімге керек емессің», – деп жаттығуыма қарсы болды. 

Айтпақшы, Жазира әлі спорттық мансабын аяқтаған жоқ. Өз мектебін ашып, жастарға білгенін үйретіп жүр. Өзі де жаттығып жүр екен. Оның ендігі мақсаты Олимпиада және әлем чемпиондарын дайындап шығару.

P.S. Қыздар арасында қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы болуды армандайтын Жазираға арманына жетуіне тілектеспіз. 

Дәурен Досболұлы

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

1085 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы