• Спорт жұлдыздары
  • 10 Ақпан, 2021

Садриддин Ахмедов, кәсіпқой боксшы: Екінің бірі әлем чемпионы атанбайды

2021 жыл спортшыларымыз үшін сәтсіз басталды. Әуелі Елдос Сметов бастаған дзюдошыларымыз World Judo Masters турнирінен жүлдесіз қайтса, артынан әлемге әйгілі UFC тұжырымында сынға түскен қос спортшымыз жеңіліс тапты. Тек кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедовтің жеңісі көңілге медеу болды. Қазақ боксының жарқын болашағы саналатын Садриддин Мексикадағы бокс кешінде нидерландылық боксшы Стивен Даньоны  айқын басымдықпен жеңді. Тәжірибелі қарсыласын тізе бүктірген «Қазақ сарбазы» үш белбеуін сәтті қорғап, кәсіпқой бокстағы он екінші жеңісіне қол жеткізді. WBA Continental, NABF және WBC Francophone белбеулерінің иесі саналатын спортшыны жеңісімен құттықтап, аз-кем әңгімеге тарттық.

– Бір жылдай жекпе-жекке шықпаған Садриддин дайындығын Канадада өткізіп, сонда өнер көрсету керек еді. Әу баста желтоқсанға жоспарланған кездесу өтпей қалып, артынан Мексикаға ауыстырылды.

– Негізі, желтоқсан айында Канадада өтетін бокс кешінде өнер көрсетуіміз керек еді. Бірақ онда спорттық шараларды өткізуге рұқсат бермегендіктен, аздап үзіліс алдық. Мексикада жұдырықтасатынымыз белгілі болғанда қайта салмақ қуып, төзімділікті арттыратын жаттығуларға көп көңіл бөлдік. Өйткені Мексика таулы аймақта, әрі күн өте ыстық жерде орналасқандықтан, тез шаршатады. Одан бөлек, екі күн ішінде жерсіну, бейімделу аздап қиындық тудырды. Дегенмен бапкерімізбен құрған тактиканың арқасында жеңіске жеттік. 

– Жекпе-жектерінің барлығын уақытынан бұрын аяқтайтын Ахмедовтен бұл жолы да нокаут күткеніміз рас. Дегенмен бірнеше мәрте чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасқан қарсылас та осал емес. Он раунд бокстасқан Садриддин үшін бұл үлкен тәжірибе болғаны анық. Үш бірдей чемпиондық белбеуді иеленгеннен кейін әлемдік рейтингте де жағдайы жақсара түсті ме? 

– Расында, шаршы алаңда 17 жекпе-жек өткізген қарсыласымның тәжірибесі мол екен. Соққыны жақсы көтеретін, төзімді боксшылардың қатарынан. Нокаутқа жақын болған бес-алты сәтте құтылып кетті. Айтпақшы, чемпиондық белбеуге жұдырықтасатынымыз соңғы сәттерде белгілі болды. Әрине, бұл белбеулерді иеленгеннен кейін әлемдік рейтингте жоғарылайтынымыз анық. Бірақ мен үшін рейтинг аса маңызды емес. Үздік бестікте жүріп, чемпиондық атаққа таласа алмай, рейтингте төмен тұрған боксшылармен жекпе-жек өткізіп жүргендер көп.  Бастысы, мықты спортшыларды ұтып, чемпиондармен жұдырықтасуға толыққанды дайын болу керек. 

– Канадада спорттық шараларға рұқсат етілсе жылына үш-төрт жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырсыз. Промоутер Камил Эстефан кем дегенде бір жекпе-жекті АҚШ-та өткізуге уәде берді. Тіпті, Головкин, Канело сынды мықтылардың андеркардында жұдырықтасуы да мүмкін ғой?

– Қазір Канадада спорттық шаралар өткізуге мүлдем рұқсат жоқ. Алдағы уақытта жағдай жақсарып, бәрі ойдағыдай болса, кемі үш жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмыз. Егер карантин жағдайы шешілмесе, Америкада өнер көрсетуді көздейміз. Промоутерімізбен АҚШ-та жылына бір кездесу өткізуге келіскенбіз. Үлкен жекпе-жектерде мықты қарсыластармен жұдырықтасуға дайын болсам, Камил Эстефан мырза сол сәтте-ақ ұйымдастырып береді. Бәрі өзіме байланысты. Головкин, Канело сынды мықтылардың андеркардында өнер көрсетуіміз де ғажап емес. 

– Сіз қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келіде сынға түсесіз. 69 келіде әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да кіл мықтылар жиналған. Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет, жасөспірімдер арасында Олимпиаданың күміс жүлдегері Талғат Шайкен, Мадияр Әшкеев сынды мықтылар бар. Чемпиондық атаққа кімнің бірінші қол жеткізуі мүмкін?

– Елімізде 69 келіде бәсекелестіктің өте жоғары екенін барлығы біледі. Мықтылардың барлығы осы салмақта жиналған деп ойлаймын. Төрт бірдей олимпиадада 69 келіде алтын жүлдені алған қазақ боксшыларының мықты екенін күллі әлем мойындады. Кәсіпқой бокста да сол атақ-дәрежені түсірмей, чемпиондық белбеулерді иеленуіміз керек. Әрине, қазақ боксшыларының қай-қайсы әлем чемпионы атанса да қуанамын. Бәріміздің мақсатымыз бір. Шаршы алаңға қазақтың мықтылығын көрсету үшін шыққан әрбір боксшының тілеуін тілейміз. Дегенмен әлем чемпионы атану екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екенін білеміз. 

 – 2020 жылы үміт артқан боксшыларымыздың біразы жеңіліс тауып, чемпиондық белбеулерін жоғалтты. Нұрсұлтан Жаңабаев үш бірдей чемпиондық белбеуінен айырылса, Виктор Коточигов те жеңіліс тапты. Геннадий Головкиннің командасының қатарына қосылған Али Ахмедов те IBO титулы үшін кездесуде нокаутқа түсті. Одан басқа бірнеше боксшымыз да сүрінді. Бұған не себеп болуы мүмкін?

– Иә, 2020 жыл кәсіпқой боксшыларымыз үшін аса сәтті болмады. Кейбіреулері шаршы алаңға мүлдем шықпаса, кейбіреулері толыққанды дайын болмай шықты. Спортта жеңіліс пен жеңіс қатар жүреді. Сондықтан сәтсіздікке тап болған спортшылардың салы суға кетпейді деп ойлаймын. Жеңілістен сабақ алып, бұрынғыдан мықты болады деген сенімдемін. Әли Ахмедовті болашағы зор, мықты боксшылардың қатарынан көреміз. Атақты Головкинмен дайындалып, тәжірибе алмасып жүр. Соңғы жекпе-жегіндегі жеңілісі жанымызды жабырқатты. Кәсіпқой бокста бір ғана соққы бүкіл жекпе-жектің тағдырын шешіп кететініне тағы да көзіміз жетті. Он екі раунд бойы басым болған отандасымыз тәжірибелі қарсыласының айласына түсіп қалды. Меніңше, біз кәсіпқой бокс алаңындағы тәжірибемізді арттырып, шыңдалуымыз керек. 

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

1462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы