• Спорт жұлдыздары
  • 20 Ақпан, 2021

Ұшақтағы тілек, ашушаң қарсылас және Арманның арманы

Таэквондо спорты туралы сөз қозғасақ, алдымен әлемге әйгілі Мұстафа Өзтүрік ағамыз еске түсетіні жасырын емес. Таэквондодан қара белбеу 6-дан иегері атанған даңқты спортшының жетістігін қайталаған қаракөздеріміз кемде-кем. Дегенмен талай дүбірлі додада көк байрағымызды желбіретіп, ел мерейін үстем еткен Арман Шылманов таэквондодан Олимпиада жүлдегері атанған тұңғыш қазақ екенін біреу білсе, біреу білмес. Әлемнің ең үздік таэквондошыларының бірі болған кейіпкерімізді арнайы әңгімеге тарттық. 

Арман Константинұлы 1984 жылы Қарағанды облысы, Теміртау қаласында дүниеге келген. Бала күнінен спортқа жақын болған Арманға таэквондоны мектептегі ұстазы үйретсе керек. Таэквондодан бөлек, спорттың барлық түріне қатысып көріп 16 жасында таэквондоға қайта оралған. 

– Спортпен алты жасымнан бастап айналыса бастадым. Тараз қаласында тұрған кезімізде мектебіміздің ұстазы Байділдә ағайымыз таэквондо үйірмесін ашып, балаларды баули бастады. Байділдә ағайымыздың қол астында бір жылдай жаттығып, таэквондоның қыр-сырын меңгере бастадым. Басқа спорт түрлерінен де бағымды сынап, күрес, футбол каратэ, кикбоксинг және боксқа да қатыстым. Бокстан жасөспірімдер арасында Тараз қаласының чемпионы болдым. Атырауға қоныс аударғаннан кейін, таэквондоға қайта оралдым. Атырауда таэквондодан бапкер болған Нұрхат Дүйсенбаев ағамызбен жолығып, жаттығуға қайта кірістік. Ол кісі Мустахим Қабдрашевке табыстап, болашағымнан үлкен үміт күтетінін айтты. 

Талантымен таңғалдырған Шылманов алғашқы жарысында көпшіліктің назарын аударады. Ауыр салмақта жұдырықтасқандықтан өзінен үлкен балалармен жекпе-жекке шыққан. Бұл спортшыға аздап қиындық тудырса керек.

– Алғашқы жарысым Алматы қаласының ашық чемпионаты болды. Шыны керек, денелері мығым, маған қарағанда ірілеу қарсыластарды көргенде аздап қобалжу болды. Дегенмен Қазақстан чемпионатында қарсыластарымнан басым түсіп, әлемдік аренада өнер көрсетуге мүмкіндік алдым. Халықаралық аренадағы алғашқы жарысымды 2000 жылы өткіздім. Ирландия елінде жастар арасында өткен әлем чемпионатында сынға түсіп, корейлік спортшыға ұпай санымен есе жібергем. Дегенмен 2002 жылғы Азия чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, қола жүлдеге қол жеткіздік. Дәл осы жылы Азия ойындарында да үшінші орыннан көріндім.  

Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанған Арман ағамыз сол доданы әлі ұмыта қоймаған. Тіпті, есіне түсірсе «әттеген-ай» деген өкініш өзегін өртейтінін де жасырмады.

– 2007 жылы Бейжіңде өткен әлем чемпионатына «жеңімпаз атанам» деген оймен ғана бардым. Дайындығымыз да, бабымыз да жақсы болды. Бірақ жартылай финалда әзірбайжан спортшысымен ұпайымызбен тең түсіп, қосымша раундта қателікке бой алдырдым. Сол қателікке іштей күйініп, «әттеген-ай» деп күрсінетін кездер де болады. Данияда өткен әлем чемпионатында да жартылай финалда сүріндім. Ақтық айқасқа жолдаманы сарапқа салатын сында Мали елінің спортшысынан айламды асыра алмадым. Қарсыласымның салмағы 120 келі болғанмен денесінде бір май жоқ, мығым спортшы екен. Шыны керек, әлеуетім жетпей, 5:7 есебімен жеңіліс таптым.

Ауыр салмақта өнер көрсеткен спортшы Азияның ең мықты таэквондошыларының бірі болды. Азия елдері арасындағы бәсекелестіктің жоғары болғанына қарамастан кейіпкеріміз Азия чемпионы, Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері атанған. Айтпақшы, Арман ағамыз Азия чемпионы атанған алғашқы қазақ.

– Азия елдерінде таэквондо жақсы дамығандықтан бәсекелестік те жоғары. Салмағымда сынға түсетіндерден Иран, Қытай, Корей елдерінің спортшылары мықты. 2006 жылы Бангкокта өткен Азия чемпионатының алғашқы айналымында-ақ ирандық әлем чемпионымен жолықтым. Қарсыласым Юсеф Карами Афина Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем және Азия чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген мықты спортшы болатын. Шыны керек, жеңіске жететініме ешкім сенбеді. Ирандық спортшыдан мықты екенімді көрсетіп, жеңіске жеткенімде біразы таңғалды. Азия чемпионатында екі рет қола, екі рет күміс жүлдеге қол жеткіздім. Өкініштісі, елордамызда өткен Азия чемпионатында алтынға сынық сүйем қалғанда сүрініп, жанкүйерлерді қуанта алмадым. Одан бөлек, Азия ойындарында да үш рет үздік үштіктен көріндім. 

Расында, Азияның мықты спортшыларының бірі болса да Арман Шылмановтан Олимпиадада медаль күткендер көп емес еді. Тіпті оның қола жүлдесін сенсацияға балағандар да болды. Бірақ кейіпкеріміз іштей жеңіске жететініне сеніп, жүлдесіз қайтпауға бел байлаған. 

–  Төртжылдықтың басты додасы саналатын Олимпиада ойындарына жолдама алудың өзі оңай емес. Ал Олимпиаданың биік шыңынан көріну тіптен қиын. Шыны керек, үміт артып, жеңіске жететініме сенгендер көп болған жоқ. Бірақ ата-анам, туған-туыстарым, бапкерлерім үлкен үміт күтетінін айтып, жеңіске жететініме сенім білдірді. Әрине, бұның бәрі жігерімді жанып, рух берді. Олимпиадаға ұшып бара жатқанда: «Иә, Құдай, ең болмаса қола жүлдеге қол жеткізсем», – деп  дұға тіледім. Аллаға шүкір, дұғамыз қабыл болып, биік тұғырдан көріндік. Қола жүлде үшін белдесу көпшіліктің жадында шығар. Сидней Олимпиадасының чемпионы кубалық спортшы Анхел Матиаспен болған жекпе-жекте төрешілер жеңісті тартып әпергендей көрінді. Бірінші раундта есеп 1:1 болса, екінші раундта қарсыласым бір ұпаймен алға шықты. Үшінші раундта 2:3 есебімен жеңіліп жатып, қарсыласым соққы жасау барысында қорғанысыма тиіп, жарақат алды. Ереже бойынша, спортшыға бір минут уақыт беріледі. Берілген уақыт ішінде спортшы кілемге қайта шықпаса, техникалық жеңіліске ұшырайды. Бірақ төреші қанша уақыт қалғанын ескертіп тұрды. Қарсыласым кілемге шықпағандықтан төреші қолымды көтерді. Анхел соған ашуланып, төрешіні бір тепті. Шыны керек, жекпе-жектің уақыты бітпегендіктен қалай аяқталатынын болжау қиын. Бірақ дәл осы кубалық спортшымен 2007 жылғы әлем чемпионатында кездесіп, қола жүлде үшін айқаста ұтқан болатынмын. Сондықтан жеңісімді кездейсоқтық деп есептемеймін. Бәлкім ұшақта Құдайдан алтын медаль сұрағанымда, алтыннан алқа тағар ма едім деп ойлаймын кейде. 

Өкінішке қарай, Арман ағамыздан кейін Олимпиадада жеңіс тұғырынан көрінген спортшымыз болмады. Дегенмен кейіпкеріміз болашақта Олимпиада чемпиондары шығатынына кәміл сенеді. 

– Қазір таэквондоны серік еткен жастардың санында шек жоқ. Таэквондодан ұлттық құрамада да мықты спортшылар көп. Барлығы үлкен ареналарда атой салып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Мемлекет тарапынан да спортшыларға барлық жағдай жасалған. Әлемнің түкпір-түкпірінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп, шеберлігін шыңдап жүр. Әрине, болашақта Олимпиада, әлем чемпиондары шығатынына кәміл сенемін. Барлығы спортшының өзіне байланысты. Ең бастысы ерінбей еңбек етіп, алға қойған мақсатқа жетпейінше тынбау керек.

Арман Шылманов спорттан әлі алыстаған жоқ. Ол таэквондо федерациясының вице-президенті және мемлекеттік жаттықтырушы болып қызмет істейді. Таэквондодан Олимпиада чемпионын шығаруды армандайтын ағамызға сәттілік тіледік. 

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

 

825 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы