• Спорт жұлдыздары
  • 26 Наурыз, 2021

Арман Момынов, ринг-анонсер: Білігімді тегін үйретуге дайынмын

Журналистикада жаңа дамып келе жатқан мамандықтардың бірі – ринг-анонсер. Ринг-анонсер десе, әлемдегі ең танымал конферансье Майкл Баффер ойымызға оралады. Ол ерекше дауысымен, қайталанбас стилімен талайды тамсандырды. «Қазақтың Баффері» атанып кеткен Арман Момынов – еліміздегі үздік ринг-анонсерлердің бірі. Алматыға бокс кешін жүргізуге келген Арманды арнайы әңгімеге тарттық.

– Сіз «Астана арландарының» кездесулерін жүргізгеннен бастап таныла бастадыңыз. Қалай шақырту алдыңыз? Бұл салаға қызығушылық қалай басталды?

– Шыны керек, ринг-анонсер боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. КВН сахнасында ойнап, той-томалақта асаба болғандықтан, кез келген шараны жүргізуге икеміміз болды. 2009 жылы каратэден әлем чемпионатын жүргізіп, режиссерлердің көзіне түстім. Режиссерлер жүргізушілік қабілетімді байқап, «Астана арландары» командасының ұйымдастырушы алқасымен таныстырды. Олар «Осы уақытқа дейін қайда жүрсің?» деп бірден келісімшарт ұсынды. Әрине, бірден спортқа ден қою оңай болған жоқ.

– Қай ринг-анонсердің стилі ұнайды? Қайсысын көбірек зерттейсіз?

– Нақты бір ринг-анонсерді зерттедім деп айта алмаймын. Алғаш шығатын сәтте әлемге әйгілі Майкл Баффер, ресейлік Александр Загорский сынды азаматтардың жүргізу мәнерін қарадым. «Let’s get ready to rumble!» («Төбелеске дайындалыңыздар!») деген танымал тіркесі мен ерекше дауысы арқылы бокссүйер қауымға етене танылған Майкл Баффердің стилін классикалық деп айтуға болады. Ал әлемге әйгілі UFC-дің ринг-анонсері Брюс Баффердің стилі бөлек. Ағайынды ринг-анонсерлердің стилінің қосындысынан өзімше стиль қалыптастырдым деп ойлаймын. 

– Бір тілден екінші тілге ауысу қиындық тудырмай ма? Аудиторияның ығына жығылудың қаншалықты қажеттігі бар? Қазақ тіліне басымдық беру жағын қаншалықты қолдайсыз?

– Елімізде өтетін кез келген спорттық шараны қазақ тілінде бастаймын. М-1 GLOBAL сынды әлемдік тұжырымдардың негізгі аудиториясы орыстілді болса да, елімізде өткізген турнирлерде кешті қазақша бастайтынымды айтып, сосын ғана өзге тілде жалғастыратынымды жеткіздім. Қазір еліміздегі кәсіпқой спорт кештерін ESPN сынды әлемдік арналар көрсетіп жатыр. Арнаның негізгі аудиториясы ағылшынтілділер болғандықтан, ағылшынша жүргіземіз. Бір тілден екінші тілге ауысу ешқандай қиындық тудырмайды. Соңғы кездері орыс тілін мүлде қолданбайтын болдым. 

– Елімізде білікті ринг-анонсерлер саусақпен санарлық. Неліктен жоғары білікті мамандар аз деп ойлайсыз?

– Меніңше, кез келген тележүргізуші ринг-анонсер бола алады. Бірақ олардың ешқайсысы бокс не ММА кештеріне барып, «мен жүргізейінші» деп өзін ұсынғысы келмейді. Керісінше, спорт шараларын ұйымдастырушылар өздері ұсыныс жасағанын қалайды. Мысалы, ринг-анонсерге кастинг жариялаған NFC тұжырымына «жұлдыздардың» біреуі барды деп ойламаймын. Алматыда дауыс ырғағы жақсы жүргізуші жігіттер көп. Бірақ олар өздерін ұсынып баруы екіталай. Ал мамандар тапшылығы арнайы ринг-анонсерлерді дайындайтын оқу орны болмағандықтан шығар.

 – Кез келген ринг-анонсердің ерекшелігі болуы керек. Сіздің өзгелерден басты артықшылығыңыз, ерекшелігіңіз неде деп ойлайсыз?

– Өзімді ерекшемін, өзгелерден артықпын деп айта алмаймын. Халық өзі бағасын берер. Жоғарыда айтқанымдай, атақты ағайынды Бафферлердің стильдерін қосып, өзімше бір стиль қалыптастырдым деп ойлаймын. Одан бөлек, үш тілде емін-еркін сөйлеп, ойымды анық жеткізе алуым да ерекшелік болар. Бұл – ринг-анонсерлерден талап ететін басты критерийдің бірі. 

– Уақытында той басқарып, асаба да болдыңыз. Ринг-анонсерліктен көп ақша таптыңыз ба, әлде тойдан ба?

– Ринг-анонсерлік арқылы той иелеріне жақсы танылып, тойдан көбірек ақша таптым (күліп). Спорт десе ішкен асын жерге қоятын жандар көп қой. Бәрі теледидардан, әлеуметтік желілерден көріп, танып жатады. Тойға шақырғанда да «мына жігіт жекпе-жек жүргізушісі ғой» деп беделімді көтеріп, сый-құрметін көрсетеді. Бұрын КВН арқылы танып, тойға шақырғандардың қарым-қатынасы басқаша болатын. «Жайдарманшы жігіттер ғой» деп жеңіл-желпі сөйлесетін. Той басқармағаныма үш-төрт жылдай болды. Қазір ринг-анонсерлікке толыққанды бет бұрдым. Одан бөлек, кішігірім шаруашылығымыз да бар.   

– Әріптесіңіз Ержан Мұқашев 2014 жылғы сұқбатында «қаламақым мың доллар» деген еді, сіздің қаламақыңыз қанша, құпия болмаса?

– 2010 жылдардың ортасындағы қаламақым 1500-2000 доллар көлемінде болды. Қазіргі қаламақымның қанша екенін келісімшарт бойынша айтуға хақым жоқ. Ақшаның қомақты болуы емес, маған деген адамгершілік қарым-қатынастың жақсы болуы маңызды. Өзім үшін қызықты шаруа болғандықтан, жан-тәніммен беріліп істеймін. Дегенмен ринг-анонсер болу арқылы жақсы қаражат тауып, отбасын асырауға болады.

– Спортшылардың өзі сіздің жүргізгеніңізді қалай қабылдайды? Қандай спорт түрін жүргізу оңайырақ?

– Спортшыларды шаршы алаңға шақырғанда, таныстырғанда бар өнерімді салып, рухын көтеріп, көзіндегі отты жағуға тырысамын. Спортшылар: «Ареке, мықты хабарладыңыз», – деп ризашылығын білдіреді. Боксты да, ММА-ді де жүргізу аса қиын емес. Екеуін де қиналмай үш тілде жүргізе беремін. 

– «Головкиннің кешін жүргізгім келеді» деген екенсіз. Бұл арманыңызға тағы арман қосылды ма? Тағы қандай жұлдыздардың кешін жүргізгіңіз келеді?
– Иә, қайбір жылы Геннадий Головкиннің бокс кешін жүргізу кішігірім арманымыздың, мақсатымыздың бірі болған. Уақыт өте, арманымыз өзгерді. Қазіргі мақсатымыз – қазақ спортшылары сынға түсетін үлкен кештерді жігіттеріміздің жігерін жанып, барынша  рухын көтеретіндей етіп жүргізу. Нақты бір адамның кешінде емес, әлемдік ареналардағы сайыста ринг-анонсер болуды көздейміз. Әлемдегі мықты менеджерлік компаниялардың бірі саналатын МТК GLOBAL-мен жұмыс істеп жатқанымызға біраз болды. Болашақта шет елдердегі бокс кештерін жүргізуіміз де ғажап емес. Сондай-ақ Madison Square Garden, T-Mobile Arenа сынды әйгілі ареналарда өнерімді көрсеткім келеді. 

– Ринг-анонсерлерді дайындайтын мектеп ашу жоспарыңызда бар ма?  Жас ринг-анонсерлерге айтар ақылыңыз қандай?

– Шыны керек, ринг-анонсерлерді дайындайтын мектеп ашу немесе курс өткізу туралы ойламаппын. Бірақ «ринг-анонсер боламын» деген жастарға қолымнан келгенше көмек беруге дайынмын. Талантты жастарға бар білгенімді бөлісіп, тегін үйретуге де болады. Өкінішке қарай, дәл қазір мұндай бастамаға уақыт болмай тұр. Болашақта арнайы курс өткізуіміз де мүмкін. Жастарға «тіл үйреніңдер, тіл тазалығын сақтаңдар» дегім келеді.

Ринг-анонсерліктің қыр-сырын  жетік меңгерген, спорттық шаралардың жүргізушісі Данияр Кәрімжан мен алғашқы ринг-анонсерлердің бірі Ержан Мұқашев бұл салаға қатысты пікірін білдірді. 

Данияр Кәрімжан, журналист:

Ринг-анонсер болып жақсы қаражат табуға болады

– Жалпы кәсіби ринг-анонсер ретінде үлкен спорт кешін жүргізген емеспін. Арман Оспанов пен Расул Мирзаевтың ашық жаттығуын жүргізіп, алғаш рет өзімді ринг-анонсер ретінде сынап көрдім. Шыны керек, конферансье болған ұнады. Болашақта өзімді осы саладан көргім келеді. Қазір еліміздегі үздік ринг-анонсерлер деп Арман Момынов пен Ержан Мұқашевты ғана айта аламыз. Өйткені еліміздегі кәсіпқой спорт индустриясы АҚШ-тағыдай дамымаған. Сол себепті білікті, кәсіби ринг-анонсерлер аз. АҚШ-тағы Golden Boy, Top Rank сынды компаниялар апта сайын, айына кемінде екі-үш кеш өткізсе де, әрқайсысының өз ринг-анонсері болады. Егер де бізде де апта сайын немесе айына екі-үш мәрте бокс, ММА спортынан кештер өтсе, жаңа есімдер шығар еді. Одан бөлек, тұрақты түрде жұмыс істеп, жақсы қаржы да табуға болар еді. Мысалы, қазіргі ринг-анонсерлердің қаламақысы кемінде мың доллардан асады. Ал кәсіпқой спорт кештері айына, жылына бір рет өтсе, онда бұл мамандықпен отбасын асырау қиын.

Ержан Мұқашев, диктор, ринг-анонсер:

Қазақстанда №1 ринг-анонсер – менмін!

–  Алғаш рет ринг-анонсер ретінде шаршы алаңға 1996 жылы шықтым. Фархад Аман-құловтың шақыртуымен ушу-саньда спортынан «Наурыз кубогы» турнирін жүргіздім. Содан кейін ұзақ жыл үзілістен кейін, 2005 жылы қайта оралдым. Ерік Жайлауов ұйымдастырған кәсіпқой бокс кешін жүргіздім. 2010 жылдары «Астана арландарының» алғашқы кездесулерін жүргізе бастадым. Одан бөлек, бокстан, күрестен өткен әлем чемпионаттарында жүргізуші болдық. ММА-ден  «Алаш прайд» турнирлерін де тұрақты жүргіздім. Әрине, көптеген спорт шараларының тізгінін ұстағаннан кейін мақтау да, даттау да, сын да айтылды. Сынды көтеремін, дұрыс жағынан қабылдай аламын. «Секундасында, минутасында» деген сөздерге келер болсақ, мұны қате деп есептемеймін. Бұны филологтардан да сұрадым. Секундында деп айтқан да, секундасында деген де қате емес деп ойлаймын. Елімізде талантты жастар көп, тек соларға мүмкіндік беру керек. Үздік ринг-анонсерлердің бірі деп Арман Момыновты айтуға болады. Бірақ Қазақстандағы №1 ринг-анонсер деп өзімді санаймын. Жақында елімізде ММА-дан өткен турнирді жүргізген блогер жігіт халықтың шамына тиді. Айтпағым, кез келген кәсіпқой спорт кешін жүргізуді кәсіби мамандардың қолына тапсыру керек. 

Дайындаған 
Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

867 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы