• Спорт жұлдыздары
  • 14 Сәуір, 2021

Әлемдік рекорд жасаған Анастасия

Фристайл-могулдан тұңғыш рет елімізде өткен әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінген 15 жасар Анастасия Городко  сенсация жасады.  Параллель могул бағдарламасының ширек финалында олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышеваны жеңген Анастасияны жеңісімен құттықтап, аз-кем әңгімеге тарттық.

Әлем чемпионатында алғаш рет сынға түскен Городко Галышевамен сайыста жеңіске жеңетініне сенбегенін жасырмады. 

– Шынымды айтсам, Юлияны жеңетініме сенген жоқпын. Онымен бірге жарыс алаңында тұрғанда еш мүмкіндік жоқ деп ойладым. Өйткені Юлия – өте тәжірибелі, тіс қаққан спортшы. Мен үшін ең ауыры – жарыс алдындағы қобалжу. Бірақ жеңіс тұғырына көтерілген сәтте ерекше сезім билеп, бұған дейінгі қиындықтарды ұмытып кетесің.  Әлем чемпионатына дайындығымыз жақсы өтті. Жаттығу кезінде жетілдірген элементтерді жарыс кезінде көрсеттік. Өкінішке қарай, жартылай финалда аздаған қателіктерге бой алдырып, алтын жүлдеден қағылдым.

Анастасия бала күнінен спортқа жақын болса да, кәсіпқой спортшы болам деп ойламаса керек. Шаңғы спортын анасының қалауымен таңдаған.   

– Спортпен 5 жасымнан бастап айналыса бастадым. Анам шаңғы үйірмесіне өзі апарды. Әу баста жай ғана шаңғы тебуді үйрену үшін қатысқанмын. Кәсіби спортқа кездейсоқ келдім. Бірақ бірте-бірте қызығушылығым артып, шаңғы спортымен кәсіби тұрғыда айналыса бастадым. Содан кейін «ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ спортшысы атандым. 

Анастасияға шаңғы тебудің қыр-сырын алғашқы бапкері Виктор Рейхерд үйретсе, үлкен ареналарда жетістікке жетуіне жеке бапкері Елена Круглыхина себепші болған.

– Алғашқы жарыстар есімде қалмапты. 14 жасыма дейін тынбай еңбек етіп, ұлттық құрама сапына қабылдандым. Өте білікті, тәжірибелі бапкер Елена Круглыхинаның қол астында жаттыққаныма үш жылдай болды. Әлемдік аренадағы жарыстарға былтырдан бері шыға бастадым. Алғашқыда өте қатты толқу, қорқыныш болды. Дегенмен бір-екі жарыстан кейін бой үйретіп, өнер көрсету оңайырақ болды. 

Расында, Городко былтырғы додаларда көш басынан түспеді. Ол қарт құрлықтағы  әрбір турнирден алтынмен оралып, үздіктердің көшін бастады. Швейцарияда өткен жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогында Городко үш алтын және бір күміс жеңіп алса, Францияның Фон-Роме аймағында өткен турнирде тағы екі медаль еншіледі.

– Былтырғы жыл мен үшін сәтті болды. Еуропа кубогында 15 рет жеңіс тұғырына көтеріліп, оның 11-де алтын жүлде тағындым. Меніңше, көрсеткіш жаман емес. Бұл жеңістерім маған жігер мен сенім сыйлады. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге ұмтыламын. Биылғы додаларда да үздіктер қатарынан көріну үшін барымды саламын. Алға қойған мақсатымыз көп. Бастысы, жаттығуымызды тоқтатпай, тәжірибемізді арттырып, нәтижемізді жақсартуымыз керек.

Айтпақшы, Анастасия Городко фристайл-могулдан әлем чемпионатында медаль иеленген ең жас спортшы ретінде рекорд жасады. Ол Алматыда өткен әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген кезде  15 жас, 9 ай 23 күнге толған еді. Бұрынғы рекорд канадалық спортшы Стефани Сен-Пьерге тиесілі. Ол 2003 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында қола жүлде иеленген сәтте өмірге келгеніне 17 жас, 5 ай, 29 күн болған еді. Алдағы онжылдықта Городконың рекордын жаңартатындардың шығуы екіталай. 

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2021

511 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы