• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 13 Мамыр, 2021

Дамира ҚУАНБАЕВА: Өлең әлемінің көкжиегі өте кең

Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Дамира Қуанбаева – «Қазақстанның рекордтар кітабына» енген жас дарын. Ол Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Мұқағали өлеңдерін жатқа оқиды. Жақында Дамирамен телетүсірілімге бірге қатыстық. Сол кезде оның «өлең жаттау адамның жадын шыңдайды» деген пікірін ұнатып, сұқбатқа шақырдық.

– Дамира, көркемсөз оқитын, 500 өлеңді жатқа білетін балаларды көрсек, көп таңғала қоймаймыз. Дегенмен «осы өлеңдерді жаттауымның арқасында, қай пәннен болсын, формулаларды, ережелерді тез жаттап аламын, ұмытпаймын» дегенің ұнады. Осының бәрі қайдан басталды? Кім бағыт сілтеді?

– Бәрі сатылай кешенді талдаудан басталды. Осы әдістің авторы Нұрша Оразақынова бізді бастауыш сыныптан осы әдіске машықтандырды. Математикадан да натурал сандарды осы талдауға салатынбыз. Бірінші сыныптың өзінде Нұрша апай бізді Тараздағы республикалық жарысқа апарды. Үшінші сыныпта Астанаға бардық. Сөйтіп, ұстазымыз бізді бірден үлкен сахналарға үйретті. Көркемсөз оқуға дағдыландырды. Ол кезде Мұқағали өлеңдерін ғана жаттадым. Өйткені Мұқағали өлеңдерін бала да түсініп оқи алады. Төртінші сыныпқа дейін біз қалада тұрдық. Менің денсаулығыма байланысты таулы аймаққа көшуге тура келді де, біз Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылына көшіп бардық. Бағыма қарай, осы мектепке Н.Оразақынованың шәкірті Гүлдана апай жаңадан келген екен. Гүлдана апай да мені жарыстардан қалдырған жоқ. Аймақтық, аудандық, облыстық жарыстарға барып жүрдім. Жыл сайын Жамбыл, Мұқағали оқуларына қатысатынмын. Сол жылдары арнау өлеңдер шығаратынмын. Жамбыл атамызға арналған «Майысып көлге біткен құрақтарым» деген жинаққа да бір өлеңім енді. Кейін бұл әуестігім басылды. Алтыншы сыныпта бірінші рет Абай оқуларына қатыстым. Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңін жаттап бардым.

Ұзынағашта өткен аудандық сайыстың талабы басқаша болып шықты. Кім қанша өлең біледі, соның тізімін беру керек екен. Мен дағдарып қалдым. Бірақ Гүлдана апайым жол тапты. Апай кітапты ашады да: «Ғылым таппай мақтанбаны» білесің бе?» – дейді. «Білемін». «Интернатта оқып жүрді» білесің бе?» – «Білемін». «Жасымда ғылым бар деп ескермедім». – «Иә». Сөйтіп, оқу бағдарламасындағы Абай өлеңдерін еске түсіріп, сегіз өлеңнің тізімін бердік. Бірақ, әрине, ол жарыстан орын алмадым. Бір қыз Абайдың қырық өлеңін жаттап келіпті. Қатты таңғалдық. Одан кейін біз Үшқоңыр ауылына көшіп бардық. Ондағы гимназияда қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жұлдыз Мамырбаева өте қатаң талап қоятын. Түстен кейін оқимыз, сонда Жұлдыз апайдың тапсырмасын үйде емес, сыныпта отырып аяқтауға тырысып, кейде үйге қараңғыда қайтатынбыз. Бір жыл ішінде ұстазымның арқасында мен Абайдан – сексен өлең, екі поэма, Шәкәрімнен жиырма өлең жатқа оқитын болдым. Жұлдыз апай мені қатты дайындады. Абай оқуларында ауданнан өтіп, облыста бірінші орын алдым. Республикалық сынға облыстың бас жүлдесін алған оқушы баратын еді. Сол кезде қатты жылағаным есімде. Жетінші сыныптан кейін Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектепке түстім. Абай мектебімен бірге, О.Жәутіков атындағы физикаматематика мектебіне де емтихан тапсырған едім. Екеуіне де қабылданғаным туралы хабар келді. Ойлана келе, Абай мектебіне барған дұрыс деп шештім. Алғашқы кездері қиналдым. Бұл жердегі орта басқаша еді. Қазір қатты қуанам. Көп мүмкіндік ашылды. Мұнда ауылдағыдай емес, бірден үлкен сынға шығуға мүмкіндік бар. Мектепішілік іріктеуден өтсек болды, республикалық сындарға тікелей қатыса береміз. Мектебімде 2019 жылдың үздік мұғалімі Жанар Әбитованың жетекшілігімен дайындалып жүрмін. Жанар апай – өте білікті маман. Әуелі менен бір сынып жоғары оқитын Аружан есімді қызды бір жыл дайындапты. Аружан жетпіс өлең біледі екен. Ал мен бір жыл ішінде тағы қосқанмын, жаттаған өлеңдерімнің санын 132-ге жеткізгенмін. Сынып жетекшім Жайна Жалмаханова мені Жанар апайға ұсынды. Мектепішілік іріктеуде Абайдың 25 қарасөзін айтып, өлеңдерін оқып, республикалық жарысқа 2018 жылы қатыстым. Бұл сын Жидебайда өтті.

– Алғаш өзіңді жұртшылыққа таныстырған «Еуразия» арнасы ғой?

– Иә. Мұғалімдер күні болатын. Бұл күні оқушылар ұстаздарына демалыс беріп, өзін-өзі басқару күнін өткізеді. Жайна апай аяқ асты: «Сағат бірде «Еуразия» арнасына баратын болдың», – деді. Шынымды айтсам, сасып қалдым. Бағдарлама жүргізушісі Аман Тасыған Абайдың өлеңдер жинағынан кез келген бетті ашып сұрайды. Кейбір жаттамаған өлеңдерімді де сұрады. «Ағай, біз жүйелі түрде, тізіммен оқимыз», – деп қоямын.

– Жалпы, осы өнер өзіңе не берді? Таным көкжиегіңді кеңейтті ме?

– Бастапқы кездері, жетінші сыныпта өлең жаттағанда қатты қиналатынмын. Көбін түсінбеймін. Сол жылы «Абай жолы» романын тағы бір рет оқып шықтым. Оған дейін төртінші сыныпта анам осы төрттомдықты әперді. Бір рет оқып шықтым. Екінші рет бесінші сыныпта оқыдым, бірақ түсінбедім. Жалпы оқиғалар желісін білемін, бірақ мағынасына дендей қойғаным жоқ. Жетінші сыныпта қайта оқығанда, маған жаңа әлем ашылғандай болды. Романда Абай өлеңдерінің тарихы да айтылады ғой. Кейін өлең жаттағанда соның бәрін көз алдыма елестетіп отыратын болдым. Абайдың 2 томдық жинағының соңғы беттерінде Зәки Ахметовтің өлеңдерге берген түсініктемелері бар. Соны оқып, өлеңді қатты жақсы көре бастадым. Тезтез жаттап алсам ғой дейтін болдым. Кейде «ертең жаттап келесіңдер» деген өлеңді сол кезде жаттап алып, айтып беретінмін. Қазір 11-сыныпта ҰБТ-ға дайындаламыз. Тарихи даталарды бірден жаттап аламын. Есепті де тез шығара беремін.

– Қазір Абай өлеңдерін толық жаттадың ба?

– Он бестей өлеңі қалды. Жамбылдың отыздан астам, Шәкәрімнің секеннен астам өлеңін білемін. Мұқағалидың жиырмадан астам өлеңін, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жатқа оқимын.

– Өлеңдер өмірдің кей жағдайларында көмек бере ме?

– Әрине. Қазір біздің тұстастарымыздың басым бөлігі блог түсіріп, еліктеп, кімнің атағы шықса, соған ұқсауға тырысады ғой. Шәкәрімнің бір өлеңі бар: «Кісі бағын деме бағым, Өз денеңді нұрлы қыл. Ай сықылды болма жарық, Қарыз алып күн нұрын», – деп келеді. Сондайда осы өлең есіме түседі. Ай жұлдыз емес. Күн сәулесі түскен кезде ғана жарқырайды. Шәкәрім осыны дәл байқаған. «Айналаңа өз жарығыңды түсір, ешкімнен ұрлама. Ерекшелігіңді тап» дейді. Кейде бізге жаңалық болып көрінген нәрсенің бәрі өлеңде баяғыда айтылып қойған болып шығады.

– Осы білігің өмірде пайдаға жарап жатыр ма?

– Осының арқасында үлкен жарыстарға қатыстым, көп жүлде алдым. Білімді, дарынды оқушылармен таныстым. Өлеңді көп білуімнің өзі басқалардан бірден ерекшелеп тұрады. «Дәулеттен» қорының «Білімнің жұлдызы» жобасына да осы өнерімнің арқасында қатысып, стипендиат атандым. Олар мені Уотсап тобына қосты. Ол жерде 500 кітап оқыған бала, өз қолымен мүгедектерге аппарат жасай алатын бала сияқты өте дарынды балалар көп екен. Солармен танысқанда, көп пайдалы нәрсе аласың.

– Қандай мамандық таңдап отырсың?

– Ғалым болғым келеді. Филология мамандығына құжат тапсырғалы жүрмін. Мені сөздің шығу төркіні, қолдану аясы, түрлі жағдайларға орай өзгерісі қатты қызықтырады.

– Озған заманның ұрпағысыңдар. Құрбы-құрдастарыңды қалай бағалайсың?

– Біздің тұстастарымызға әлеуметтік желі көп зиянын тигізіп жатыр. Танымал адамдардың өміріне еніп кетесің. Өз өміріңді шетке ысырып қойған сияқты боласың. Өзім бір жарым жылдан бері әлеуметтік желіден бас тарттым. Бос уақытым да пайда болды, сабаққа дайындалуға да, кітап оқуға да құлшына кірістім. Абай мектебіне 8-сыныпта түскен кезімізде, «Г» сыныбына қабылдандық. Әдетте жыл сайын төрт сынып қабылдайды, біз бесінші болдық. «Сендер артықсыңдар» деп күлетін басқа құрдастарымыз. Бірақ біз мықты екенімізді дәлелдей алдық. Біздің сыныпта бәрі де тек тілді таңдайды деуге болмайды. 18 сыныптасым физика-математика саласына бет бұрып отыр. Олжас Мәлік деген сыныптасымның логикасы өте мықты. Кітапты өте көп оқиды. Алғаш сыныпқа Дэниел Киздің «Элджернонға арналған гүл» романын алып келді. Осы кітапқа бәріміз қызықтық. Оқу үшін кезекке тұрдық. Қазір тіпті асханаға барсақ та кітабымызды ала жүреміз. Мерекелерде де бір-бірімізге кітап сыйлаймыз. Өзім А.Дюманың, Б.Акуниннің кітаптарын, денсаулыққа байланысты кітаптарды, шытырман оқиғалы шығармаларды сүйіп оқимын.

– Отбасыңда өзің сияқты өлеңге құштар жандар бар ма?

– Анам Әлия Қалиева орыс мектебінде оқыған. Бірнеше мамандық игерген, аудармашы, қолөнер шебері. Бізді бала күнімізден кітапты сүюге үйретті. Анам үнемі «Гүләндә» кітап дүкеніне ертіп баратын. Мына оқиға есімде: төртінші сыныпта оқып жүргенде сол дүкенге бардық. Қар борап тұр. Анам екеуміз кітап толы пакетімізді әзер көтеріп, аялдамаға жеткенбіз. «Негеш?» «Сен білесің бе?», т.б. энциклопедияларды үнемі алып беретін. Бізге анашым «ешқашан мақтанба, өзіңді басқалардан жоғары санама» деп үйретеді. Әпкем Дана суретті жақсы салады. Дизайнер мамандығын оқып жатыр. Үндемей отырып, бәрін тиянақтап бітіреді. Отбасымызбен қолөнермен айналысамыз. Сіңлім Кәусар төртінші сыныпта оқиды. Маған ұқсағысы келеді. Абай өлеңдерін жаттап жүр.

– Әңгімеңе рақмет!

Сұқбаттасқан Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2021

2176 рет

көрсетілді

54

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы