• Спорт жұлдыздары
  • 10 Мамыр, 2021

Жаңабаевтың сәтсіздігіне кім кінәлі?

2020 жыл қазақ кәсіпқой боксшылары үшін сәтсіз болды. Болашағынан үлкен үміт күткен спортшылардың біразы жеңіліске ұшырады. Солардың бірі – «қазақстандық Мэнни Пакьяо» атанып кеткен Нұрсұлтан Жаңабаев. Үш бірдей чемпиондық белбеуінен айырылған Нұрсұлтанның жеңілісі мен спорттық мансабы туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

ШАРШЫ АЛАҢДАҒЫ АЛҒАШҚЫ СӘТСІЗДІК СПОРТТАН КЕТУ ТУРАЛЫ ОЙҒА ӘКЕЛДІ

Жеңілістің кермек дәмін татпаған отандасымыз 2020 жылы Минскідегі бокс кешінде француз боксшысына есе жіберді. Нұрсұлтанның шаршы алаңдағы жұдырықтасу мәнері мен қимыл-қозғалысын көріп, таңғалғанымыз рас. Алғашқы минуттардан-ақ жойқын соққыларын жаудырып, қарсыласын өз ырқына көндіретін Нұрсұлтанды көрмедік. Қарсыласы да мықты спортшылардың қатарынан емес еді. Бұл жеңілістің негізгі себептерінің бірі Нұрсұлтанды білікті бапкер Сағатбек Мұсахановтан айырып, басқа бапкердің қол астында жаттығуға мәжбүрлеген промоутерлердің қателігінде. Нұрсұлтанға психологиялық тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да дұрыс бағыт-бағдар беретін бапкері жетіспегені байқалды. Салмақ қуғанда да қиындыққа тап болып, медицина қызметкерлері жекпе-жекке шықпауын сұраған. Шегінерге жол жоқ екенін түсінген боксшы белді бекем буып, шаршы алаңға шығады. Жекпе-жек кезінде тактиканың дұрыс қойылмағанын өзі де іштей сезген. Одан бөлек қабағы жарылған Нұрсұлтан төрешілердің де түсініксіз шешіміне тап болды. Қарсыласын енді соққының астына ала бастағанда, олар қабағының жарылғанын алға тартып, қайта-қайта тоқтатты. Тіпті ауыр жарақат болмаса да, жекпе-жекті соңына дейін жеткізбей, жеңісті Сэнди Мессундке берді. Бәлкім, жекпе-жек соңына дейін жалғасқанда әбден шаршаған француз Нұрсұлтанның қарқынына төтеп бере алар ма еді, кім біледі? Үш бірдей чемпиондық белбеуінен айырылған Нұрсұлтан үшін бұл өте ауыр соққы болды. Одан бөлек, промоутерлері де теріс айналып, спортшыны жарты жолдан тастап кетті. Салы суға кеткен спортшы қолғабын шегеге іліп, басқа салаға кетуді де ойлаған. Дегенмен ол жігерін жанып, өзін-өзі қолға алып, спортқа қайта оралды.

БАЛУАН НҰРСҰЛТАННАН БОКСШЫ НҰРСҰЛТАНҒА ДЕЙІН

Нұрсұлтан – Жамбыл облысының тумасы. Үйдің үлкені, өзінен кейін екі қарындасы, үш інісі бар. Әкесі Арыстанғали жүргізуші болса, анасы Сәуле балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Нұрсұлтан бала күнінен спортқа жақын болса да, боксқа кеш келді. Ол әу баста күресті серік етіп, Ақжүрек Таңатаровтың бапкері болған Әділет Сарбаевтың қол астында жаттығады. Нұрсұлтанмен көрші тұрған бапкер оны ылғи жаттығуға өзімен бірге алып жүрген. Күрестен жылына бір-екі жарысқа ғана шығатын Нұрсұлтан сыныптастарының боксқа қатысып жүргенін көріп, ай сайын жарысқа баратындарына қызығады. Сөйтіп, көңілі боксқа ауып, 15 жасынан бастап бокспен шұғылдана бастайды. Рашид Кабировтан бокстың әліппесін меңгерген ол алғашқы жарысында-ақ жеңімпаз атанған. Шаршы алаңда күрестің пайдасын көп көрген Нұрсұлтан шаршауды білмей, физикалық тұрғыдан қарсыластарынан мықты болды. Екі раунд бойы таяқ жесе де, үшінші раундта қарсыласын бір соққымен құлатқан кездері де көп болған. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскеннен кейін де боксты тастамай, Айдамир Ералиевпен жұмыс істейді. Осы бапкермен халықаралық турнирлерде топ жарып, спорт шебері атағына ие болды. Ақыры, ағайымен ақылдаса келе, кәсіпқой боксқа ауысады.

ҚОМАҚТЫ АҚШАҒА ҚАЙЫРЫЛҒАН ЖОҚ

2012 жылы Шымкентте Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде топ жарған Нұрсұлтан Қытай құрамасын жаттықтыратын Дамир Буданбековтің көзіне түседі. Жаңабаевтың жұдырықтасу мәнерін, жойқын соққыларын көрген Буданбеков кәсіпқой боксқа ауысуға кеңес беріп, мүмкіндік болса қол ұшын беретінін айтады. 2016 жылы Қанат Исламның спарринг серіктесі болып жүргенде, Дамир Буданбеков хабарласып, Қытайда жекпежек өткізуге шақырады. Бірден келісім берген Нұрсұлтан бапкері Сағатбек Мұсахановпен бірге жолға шығып кетеді. Алғашқы жекпе-жегінде-ақ WBA China чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасып, қытай спортшысын атағынан айырды. Нұрсұлтанды мазақтап, «қай раундта құлайсың?» деп сұраған жанкүйерлердің бәрі аң-таң болды. Өкініштісі, елге келгеннен кейін боксшыны елеген ешкім болмады. Араға екі ай салып, екінші кездесуін де Қытайда өткізді. Отандасымыз филиппиндік тәжірибелі боксшы Джоил Дела Крусқа (22-20-1, 8 КО) қарсы жұдырықтасты. Нұрсұлтанның жеңісіне сенген ұйымдастырушылар «бесінші раундтан ерте құлатпа» деп өтінеді. Екінші раундта қарсыласын бұрышқа тақап, жойқын соққыларын жаудырып жатқанда, жанжақтан «тоқта, тоқта» деп айғайлайды. Сөйтіп, қарсыласын 5-раундта бір-ақ құлатады. Кездесу аяқталғаннан кейін қытайлықтар Нұрсұлтанды құттықтап, асты-үстіне түсіп бәйек болды. «Осында қалсаң барлық жағдайды жасаймыз. Үлде мен бүлдеге ораймыз, әлем чемпионы атанасың, тек қытай азаматтығын алсаң болды» деп ұсыныс жасайды. Дегенмен ақшадан ар-намысты биік қойған қазақ баласы бірден бас тартады. Содан кейін елордамызда Қанат Исламның жекпе-жек кешінің андеркардында жұдырықтасып, бразилиялық Алекс Сандор Дуартэні 1- раундта құлатты. Нұрсұлтан үшін ең қиын қарсыластың бірі атақты Мэнни Пакьяоның спарринг серіктесі болған филиппиндік Арнел Тинампай еді. 10 раунд жұдырықтасқан отандасымыз төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетіп, WBC Asia титулын иеленді. Нағыз кәсіпқой бокстың қандай болатынын көрсеткен филиппиндік боксшыдан үлкен тәжірибе алып, кемшілігін де байқайды.

КӘСІПҚОЙ БОКСТАН ҚАНША ҚАРЖЫ ТАПТЫ?

Жаңабаев Қытайдағы алғашқы жекпе-жегінде 5000 юаньға, яғни 250 мың теңгеге келіскен. Бірақ жеңіске жеткені үшін 30 мың юань алған. Нұрсұлтанның кәсіпқой боксқа ауысудағы басты мақсаттарының бірі әлем чемпионы атану болса, екінші жағынан, бауырларының да жағдайын жасап, қол ұшын беру. Әр кездесуде әрқалай сыйақылар болды. Мысалы, алғашқы кездесулерде 3 мың доллар болса, кейінгілерде 5-7 мың болды. Алматыдағы жекпе-жектен бастап 10 мың доллар сыйақы алды.

АРМАНЫНДАҒЫ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕР НЕМЕСЕ «КАНЕЛОНЫ» ЖЕҢЕТІН ҚАЗАҚ

Нұрсұлтан қазір жаттығуға қайта кірісті. Алдына үлкен мақсаттар қойып, мықты боксшылармен жұдырықтасуды көздейді. Өзі үлгі тұтатын атақты Мэнни Пакьяомен шаршы алаңды бөлісуді армандайды. Екеуі де әр жекпе-жекте көп соққы бағыттайды. Одан бөлек әлем чемпиондары Теренс Кроуфорд пен Эррол Спенс сынды былғары қолғап шеберлерімен де күш сынасуды мақсат тұтты. Сондай-ақ екі салмақта әлем чемпионы атанып, еліміздің мерейін үстем еткісі келеді. Аты аңызға айналған «Канеломен» де жекпе-жекке шығу – арманы. Бірақ дәл қазір оны ұтатын боксшының жоқ екенін де жасырмады. Десек те Жәнібек Әлімханұлы, Садриддин Ахмедов сынды мықтылардың мексикалықпен жұдырықтасуға толық әлеуеті жететініне және ұта алатынына да сенімді. Нұрсұлтанның кәсіпқой бокстағы бапкері Сағатбек Мұсахановтан шәкіртінің жеңілу себебін сұрадық.

– Сол жекпе-жектің алдында промоутерлер Нұрсұлтанды менен бөліп, басқа жаттықтырушының қол астында жаттықтырды. Кездесу барысында шәкіртімнің дайындығының тым нашар болғанын бірден байқадым. Салмақ қуу процесі де жақсы болмаған. Жеңілістің басты себебі ретінде осы факторды айтуға болады. Дегенмен Нұрсұлтанның болашағы зор, үлкен додаларда әлі талай өзін көрсетеді. Қазір виза мәселесін реттестіріп жатырмыз. Бәрі дұрыс болса, күзде АҚШ-қа аттанып, сол жақта өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2021

741 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы