• Бүгінгі проза
  • 10 Мамыр, 2021

Ретбек Мағаз. «Патриот» (әңгіме)

Биылғы оқу жылы басталғалы онлайн режимде оқып жатқан болса да, олар ертең бір күнге мектепке баратын болған еді. Өйткені мектепте Абайдың 175 жылдығына орай шағын шара өтпек. Апайы Абайдың «Күз», «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңдерін жаттап кел дегеніне бір аптадан астам уақыт болған.  Алғыр Әлихан әлдеқашан жаттап та үлгерген. Сонысын ертең ұмытып қалмайын деп, ұйықтар алдында төсегінде шалқадан жатып іштей қайталады. Қайталап жатып қалғып кетті. Әлден уақытта, өң мен түстің арасындағы бей-жай санасына Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...» деген тіркесі орала берді. Бұл өлең жаттауға берілмеген еді. Бағана түсте Абай өлеңдерін ақтарып отырғанында көзі шалып қалып, бір-екі рет оқығаны бар болатын. Оны да ішінен әлденеше қайталағандай болды. Сөйтіп жатып, жүзі албырап, тәтті ұйқының құшағына сүңгіп кетті. 

Ертесі күндегіден ерте тұрған ол мектепке бармақ болып, барын киініп шарбақтан шыққаны сол еді, қарсы алдынан сыныптасы Данияр жолықты. Кеше «бірге барамыз» деген уәде бойынша  келген беті осы екен.

– Қалайсың, Патриот? – деп жұдырығы түюлі оң қолын ұсынды ол қоразданып.

– Жақсы, – деп бұл да жұдырығын түйіп, оң қолын созды.

Өздерінше карантин талабын сақтаған түрлері. Бұлар бесінші сыныпта оқиды. Сыныптастары Әлиханды «Патриот» деп атап кеткен. Өйткені ол сыныптағы «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ тілін» ерекше сүйіп оқитын жалғыз оқушы еді. Ел мен жер, Отан турасында жазылған өлеңдерін жатқа білетіндіктен, үнемі мектепте өтетін шараларда асқақтап өлең оқитын. Әңгімелессең, кәдімгі үлкен адамдарша тарихта өткен тұлғалардың өнегелі өмірінен өз әлінше желпіне сөз қозғайтын. Сонысына қарай сыныптастары оны «Патриот» дейді.  Бұған ол еш шамданбайды. Қайта масаттанып, марқайып қалады.

Жол бойы олар басқа да бірен-саран жоғары сынып оқушыларының мектепке бара жатқанын көрді. Мектеп ауыл ішінде, тым алыс емес болатын. Көкағаш деп аталатын бұл шағын ауыл Алматының маңында орналасқан. Десе де, дамыған заман тынысы әлі де жете қоймаған жұпыны ауыл еді.
Қазан айының қара суығы жол бойындағы онсыз да сирек өскен тал-теректердің басындағы бар байлығын сидитып әлдеқашан тонап кеткен. Шығыстан ескен суық жел солардың жерге түсіп, мал аяғымен тозып жоғалуға айналған жапырақ қалдықтарын көше бойымен қуалап, алысқа әкетіп жатыр.

Мектепке баратын ой-шұқыр қара жолда екеуі әлденені айтысып күліп, жол жиегінде бейберекет жатқан пластик құтылардың бірін доп қып теуіп жарысып мәз болып келеді. – Өткен жазда Алматыға бардым, – деді Данияр ентігіп. – Әкем самокат алып берді… Қалада жүргенде бір апта теуіп үйренген едім, ауылға келген соң ештеңеге жарамай қалды, сарайда жатыр, – деп оң аяғының тұсына келіп қалған әлгі құтыны бар күшімен алысқа теуіп жіберді.

– Жарамайтын несі бар, қыс келісімен алып шық, Қоғалының мұзы қатады ғой. Сол жерге барып сырғанаймыз, – деп Әлихан ақыл айтып еді:

– Жоқ, мұзға баруға болмайды, әкем ұрысады, – деп Данияр бұған келісе қоймады.

Содан кейін Әлихан оған қалада тұратын ағасының смартфон беріп жібергенін айтып мақтанды. 

– Ішінде «Minecraft» ойыны бар. Өте күшті. Бірақ біздің үйде сигнал дұрыс емес. Интернет жоқ. Ол үшін анау қырман жақтағы жотаға шығу керек. Әкем ол жаққа жібермейді, – деді мұңайып, ренжулі кейіппен…

Мектептегі шарада Әлихан тағы үздік шықты. Өлең оқу мәнері директорға ұнағаны сонша, шарадан соң басынан сипап:

– Келер айда өтетін аудандық Абай оқуларына осы Әлихан қатыссын, – деп көпшілікке жар салды. Сосын Абайдың «Ғылым таппай мақтанбасының» басқы үш тармағын жатқа айтып барып, 175 жылдығының маңыздылығы турасында сөз сөйледі. Директор сөзіне залда отырған азғантай оқушылар мен мұғалімдер қошеметін аяған жоқ. Сыныпқа келгең соң Әлихан:

 – Апай, Абай атаның өлеңдерінің бәрін жаттаймын ба? Көп екен, қалай жаттап болам? Оның үстіне өте қиын, көп сөздерінің мағынасын түсінбеймін, – деп еді, апайы:

– Директор айтты-бітті, жаттайсың, қатысасың! Саған үміт артып отырсақ, бұл қайткенің? – деп ұрсып тастады.

Мектептен тағы да сол Данияр екеуі бірге қайтты. Үйіне жетіп, шарбақтан кіргенінде атасы мал қора жақта бүкшеңдеп Ақтанауды суғарып жатыр екен. Аулаға енді кіріп, сәлем бермек болған оны үлгертпей, қолындағы таяғымен сарай жақты нұсқап:

– Әй, Әли, бар, сарайда тұрған жүгенді ала келші, әкең түстен кейін көкпарға барам дейді. Шайын ішкенше мына Ақтанауын ерттеп қояйын, – деді дауысы қарлыға шығып.

Үйіндегілер осылай оны Әли деп еркелетіп атайтын. Әкесі бұрын ауылдың ең белді көкпаршысы болған. Осы күнде ауыл жастарынан команда құрып алған. Қияқ мұртты, қызыл шырайлы адам. Уақытының көбі көкпармен ат үстінде өтеді. Әлихан кейде өскенде әкесі сияқты көкпаршы болғысы келеді. Әсіресе мереке күндері командасын бастап, көк байрақты көтеріп, Ақтанаумен топ бастап жүргенінде ерекше айбынды көрініп кететін. Сол сәтте Әлиханның тұла бойын белгісіз бір рух билеп, тіпті көзіне ыстық жас та келіп үлгеретін. 

Бірақ Әлихан көбіне атасының қасында жүргенді ұнатады. Атасы оған ұрыспайды. Жайы келсе аздап тиын-тебен де беріп қояды. Ең ұнайтыны, ата-бабалары турасында көп әңгіме айтып береді. Атасының айтуынша, жеті атасының біразы батыр болыпты. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлік көрсеткен сегізінші атасы осы елдің ұранына айналыпты. Ал кешегі өткен ұлы атасы Отан соғысының ардагері екен. Атасының айтуынша ол кісі де еңгезердей ірі денелі адам болған. Омырауы орденге толы әскери киімі әлі күнге үйде ілулі тұр. Немістермен жан алып, жан беріскен талай шайқаста ерлік көрсетіп, Берлинге дейін барып ту тігіп қайтыпты. Сол Берлинді алар соңғы шайқаста аяғына оқ тиіп, мүгедек болып қалса да ауылға аман оралыпты. Оған да шүкір. Әңгіменің осы тұсына келгенде Әлиханның көзіне тағы ыстық жас іркілетін. Кішкентай жүрегін әлдене сыздатып, Ақтанауға міне салып, әкесі сияқты көк байрақты қолға алып, кең даланың төсінде шапқылағысы келетін. Әкесі көкпарға кеткенде, Әлихан артынан біраз қарап тұрды да үйге кірді. Шешесі дайындаған түскі асты ішіп алып, Абай өлеңдерін жаттауға кірісіп кетті.
«…Аулаққа шықпай,
Сыбырлап бұқпай,
Мейірленбес еш сөзге.
Пайдасыз тақыл,
Байлаусыз ақыл,
Атадан бала ойы өзге…»
Түстен кейін көкпардан келген әкесі Ақтанаудың ерін алып жатып:

– О, құдірет, біздің ауылға жол жасаушылар келіпті. Жаңа келе жатып көрдім, ауылдың арғы басындағы Тәуелсіздік көшесінен бастап жасап жатыр екен, – деді таңданысын жасыра алмай.

Атасы бұл сөзді естіп елең етті де: 

– Өткен айда ауыл ақсақалдары жиналып барып әкімге айтпадық па, содан болар, – деп әлдеқашан езуіне қыстырып алған  темекісін тұтатты.

– Жоғарыдан бір күшті бұйрық келіп түскен ғой, әйтпесе бұл күнде ақсақалды тыңдар әкім бар деймісің, – деді әкесі Ақтанауды қабаттаулы шылбыр ұшымен сауырынан тартып жіберіп.

Тез барып көріп келе қойғысы келіп шарбаққа қарай беттеген Әлиханды:

– Тоқта, Әли! Кешкіріп кетті. Бұйырса ертең осы үйдің іргесінен де өтеді. Сонда бір-ақ көресің, – деп әкесі тойтарып тастады.

Ертесі жол жөндеушілер шынында да Әлихандардың үйінің іргесінен өтті. Талай жылдан бері жөндеу көрмей, қырық шоқпыт болып жатқан ескі жолдың үстіне жаңадан асфальт құйып, ауыр техникаларымен тегістеп, таптап өте шықты. Мектептің тұсына келгенде, дарбаза алдындағы едәуір ашық алаңқайға да асфальт төсеп тастады. Әлихан мен Даниярға бәрінен керегі осы болды. Таңертең орындарынан тұра бастары біріккен екеуі Даниярдың самокатын сарайдан алып шығып, асфальт алаңға жетіп, сырғанауға кірісті…

Жұмысшылар айналасы бір аптаның ішінде шағын ауылдың жолын жөндеуден өткізіп үлгерді. Енді жаздың күндері ауыл жастары жинала қалатын, орталықтағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішті жаңартуға кірісті. Елдің бәрі таң-тамаша. Ауыл ішін әртүрлі алыпқашпа сөз гулеп кеткен. 

– Әкімнің тапсырмасы, – дейді бірі.

– Жоқ, мұны жасатып жатқан ауылдан шыққан бәленбай деген бай екен, – дейді енді бірі.

– Жыл басындағы Президент жолдауы бойынша жасалып жатыр, – десті тағы бірі…

Сөйтіп не керек, жұмысшылардан сұрап, анығын ұғыса келгенде, бұлар Шығысқа кететін үлкен жолды жөндеуге керекті құм, шағыл, топырақ сияқты материалдарды өңдеу үшін ауыл іргесінен енді ашылып жатқан «Kaz-N» атты неміс компаниясы болып шықты. Осы ауылдың меншігіндегі байлықты пайдаланатыны үшін, ауылдың жолын жасап беруді өздерінің адамдық борышы ретінде сезінсе керек.

Компания орталықтағы майдангерлерге арналған ескерткішті де бірер аптада құлаған жерлерін қайта жинап, бояп жасап шықты. Данияр мен Әлихан самокатпен арнайы барып көріп қайтты. Бұрынғы ескерткішке қосымша екі жағынан екі мәрмәр тақта орнатылыпты да, оған осы ауылдан шыққан майдангерлердің есімі жазылыпты. Ең басында Әлиханның атасының аты тұр екен…

Әлихан қараша айында өткен Абай оқуларынан тым үздік нәтиже көрсете алмады. Өйткені көп өлеңдерінің мағынасын түсіндіріп отыратын біреу болмаған соң,  күрделі тармақтарын санасына сіңіре алған жоқ. Десе де ол өзін Абай өлеңдерін енді аздап түсіне бастағандай сезінді.

…16 желтоқсан күні ауыл адамдары ескерткіш басына жиналып, Тәуелсіздік күнін қарсы алды. Әлихан да әкесіне ере келіп, ескерткіш басына гүл шоқтарын қойды. Жиын соңында әкім елді өзіне қаратып алды да, қалтасынан бүктеулі бір парақ алып шығып, онда жазылған мәтінді оқи бастады. Әуелі елге ең керегі тыныштық, бірлік екенін атап өтті. Әлиханның анық есінде қалғаны:

«Құдай қаласа, көктемге қарай Көкағаш ауылы толық интернетпен қамтылады. Біз қазір «Қазтелекоммен» келісімге келіп жатырмыз», – деген сөзі болды. Бұл сөзге қатты қуанып қалды. Одан кейін бірінші сыныптан бері есінде жатталып қалған Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып жатты. Тағы да сөз арасынан ұққаны «Ұлы Абайға 175 жыл», «Дамыған отыз ел…», «Ұлы дала…», «Мен жастарға сенемін», – деген сияқты тіркестер болды. Әкім сөзін тапжылмай тыңдаған жұрт ескерткіш басынан дабырласып, қолдарын сілтеп тарасып жатты…Әлиханның сәби санасына тағы да «Қалың елім, қазағым…» деген тіркес орала берді.

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2021

404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы