• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 17 Маусым, 2021

«Мандилидей» болсақ, қанеки?

Кезінде елді-мекендерді аралап, пандуримен ән салып жүретін Грузияның «Мандили» триосы бүгінде ең танымал топқа айналды. Оларды танымал еткен нәрсе – ерекше стиль еді. Ол қандай стиль? Үш қыз жанды дауыста, пандури (домбыра сияқты) аспабының сүйемелдеуімен ешқандай декорацияны қажет етпей-ақ, арнайы костьюмдер кимей-ақ ән айтады. Көшеде келе жатып, есек жетектеп жүріп, нан илеп отырып, тауықтарға жем шашып жатып, жүзім теріп жүріп ән сала береді. Айтқан әнін телефон камерасына түсіреді. Бірде олар Грузияның халықтық балладасы «Апареканы» орындап, YouTube арнасына жүктеген күннен бастап танымалдығы арта түсті. Оның үстіне «Апарека» ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енген ән екен. Миллиондаған көрілім жинады. Сол аралықта продюсер пайда болып, «Мандили» жан-жақтағы мемлекеттерге гастрольдерге шықты. Содан бастап олар әншілікпен кәсіби түрде айналыса бастады. 2015 жылы «Сүйіспеншілікпен» атты алғашқы альбомын шығарды. Трио қазір әлем бойынша гастрольдерге шығады, халық музыкасы фестивальдеріне қатысады және жеке концерт береді. Осылайша Грузияның үш қызы үш дауыста айтатын әндері мен шынайылығы арқылы әлемді өзіне баурап алды десек те болады.  

Ал қазақтар оларды белгілі дәстүрлі әншіміз Бейбіт Мұсаевпен бірге «Гүлдерайымды» орындаған кезден кеңінен тани бастады десек, қателесе қоймаспыз. «Мандилидің» негізгі стилі де сол, қай халықтың болсын дәстүрлі әндерін орындау. «2016 жылы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күні болды. Соған әр елден өнерпаздар келіп, өнер көрсетті. Қырғызстан, Ресей, Молдовадан, Грузиядан осы «Мандили» триосы келді. Осы мерекеде мен Жамбыл атамыздың арнау әнін айттым. «Мандили» грузин әнінен бөлек қазақтың әнін айтуға тиіс болды. Сонда осы «Гүлдерайымды» дайындап, оларға үйреттім. Сол кештен кейін «Мандили» осы әнді орындап, әлеуметтік желіге салайықшы деп ұсыныс тастады. Олардың сол кезде танымал топ екенін білгем жоқ. Төрт жылдан кейін, яғни 2020 жылы бір-бірімізбен хабарласып, осы «Гүлдерайымды» онлайн режимде орындап көрдік» дейді Бейбіт Мұсаев. 

Бір қызығы, «Мандили» тобындағы әнші қыздардың ешқайсысының вокалдық білімі жоқ. Соған қарамастан, кәсібилік жағынан әншіліктің оқуын тауысқан өнерпаздардан бір мысқал да кем емес. Байқауымызша, «Мандилидегі» қыздар өте патриот. Көбіне өз тілінде, анда-санда шетелдік жанкүйерлері үшін ағылшынша сөйлейді. Олар өздерін ұлттық өнерге қызмет етуші, фолк жанрының өкілі санайды. «Фолк – біздің өткен тарихымыз. Осы жанрда ән айтуды үйрендік, бірақ бүгін бұл мәселеге кәсіби тұрғыдан қараймыз» деді трионың солисі Мгеладзе. Айтпақшы, «Мандилидегі» қыздар өте жас, Анна Чинчараули, Татия Мгеладзе және Шорена Цискараули есімді жиырмадан енді асқан арулар.  

Топтың аты неге «Мандили» деп аталады? Мандили – грузин тілінде әйел адамның бас киімінің атауы. Дәстүр бойынша жанжалдасқан еркектерді татуластыру үшін мандилиді жерге тастап, бейбітшілікке шақырады. Бейбітшілік демекші, «Мандилиге» сын айтушылар да жоқ емес. Гастрольдік сапармен Мәскеуге барып, «Калинканы» орындаған кезде оккупант елдің әнін орындады деп айыптағандар көп болды. Бұл – Абхазия мен Оңтүстік Осетияның жарасы жазыла қоймағанның салдары. «Қай елді қаласақ, сол елде ән саламыз» деді «мандилиліктер». Әрине, өнерде шекара жоқ. 

«Мандили» секілді топ қазақтан неге шықпады? Шықса, сондай танымал бола алатын ба еді? Әрине, нарықтың заңы бойынша ұсыныс болса, сұраныс та бар. Әйтпесе қой бағып жүріп, таланты тау мен тастың арасында қалған қаншама әншіміз бар. Бәріне Әміре Қашаубаевтай Парижде ән салу бұйырмаса да, «Мандилидің» қыздары секілді талап пен YouTub-ке жүктеп отыратын интернеті болса жетіп жатыр. 

Дайындаған 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ 
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2021

231 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы