• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 25 Маусым, 2021

Рүстем (журналдық пьеса)

Қатысушылар:

Майра ҚАЛАМҚЫЗЫ, Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрының актрисасы, Қазақстанның мәдениет қайраткері;
Жанарбек ӘШІМЖАН, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
Зухра ИСЛАМБАЕВА, өнертану кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті.

1-сахна. 
Алғашқы баспалдақтар

Майра Қаламқызы: Керемет таланты бола тұра, соның бәрін жиып қойып, өзінің туған жерінде театрды көркейтсем деген арманы болды. Бізге 2003 жылы келді. Алғашында танымайтынмын. Театрға келе жатсам, костюмін иығына асып алған, көзі жарқ-жұрқ еткен, әдемі бір жігіт маған қарсы келе жатыр екен. Жақын келіп: «Сәлеметсіз бе?!» – деді. «Сәлеметсіз!» дедім. Сосын бірден: «О-о, дикцияңыз қандай!» – деді. Таныстығымыз, міне, осылай басталды.

Театрымыз әне-міне құриды-ау деп тұрғанда Рүстем Есдәулет келіп, қайта ашылғандай болдық. Өзіміз 2000 жылы ашылған болатынбыз. 2-3 жылдың ішінде тұралап қалдық. Себебі, режиссер дұрыс болмады. Театр құрамы кәсіби білім алған азаматтар емес. Мен вокалды оқығанмын. Басқалар да солай, бірі – колледж бітірген, бірі – ауыл өнерпаздарынан шыққан дегендей, жан-жақтан жиналғанбыз. Режиссеріміз Төлеген Бадығанов болатын. Бірақ ол кісінің де кәсіби білімі болмаған соң шығар, көп дүние бере алмады. Сөйтіп жүргенде Рүстем келді. Ол келгенде көзіміз ашылды. Рүстемнің іші қайнап тұрған өнер болды. Ішіндегісін бізге қалай жеткізерін, қалай үйретерін білмей аласұратын. Таңғы сағат 4-ке дейін дайындалған күніміз болды. Сахнаға жүгіріп шықсаң: «Майра апай, не мақсатпен жүгіріп шықтың?» – деп әр детальға мән беретін. Сөйтіп жүріп, ол бізге директор болды. Директор әрі бас режиссер жұмысын қатар атқарды. 

Жанарбек Әшімжан: Қайран, Рүстем... Сонау 2009 жылдың қанымызды қоюландырып, жанымызды сыздатқан қарашасында қалың елді қамықтырып, жанарды жасқа толтырып жарық жалғаннан көшкеніне де 12 жылдың жүзі болыпты. Көзі танадай, көңілі даладай, тілегі баладай осы бір дарқан мінезді жайсаң бауырмен студенттік жылдардың соңында, 2000 жылдардың басында танысқан едік. Көшеде, күтпеген кезде. Ежелден таныс жандай жайдары жүзімен, қашанғыдай жанарын отқа толтырып, «Жанарбек!» деп жолдың қарсы бетінен айқай салып, дереу шауып өтіп, бас салып құшақтап басталған керемет шақ әлі күнге қарашығымда сурет, жүрегімде дәурен болып сақталып қалды. Сол танысқан шақтан бастап сақи болмысты саңлақпен боздақ сәтке дейін дос-бауырлығымыз жарасып жүре беріп еді. Екі жастың біріне келмей Рүстеке достың айналып болмас аядай ғана жасында өнер мен мәдениет саясатында үлкен істер атқарғаны ел ағаларының көз алдында. Алғашқы айдың қиығындай ғана «Бөрінама» кітабынан басталған шығармашылық жол кейін Шығыстағы, өзі туып өскен өлкедегі ірі жобаларға ұласты. Бүгінде сол жақтағы қара орман қауымға басқалқа болып тұрған қазақ драма театрының шаңырағын қызыл аяқ қыр кешіп, жалаңаяқ жар кешіп жүріп тіктеуінің өзі – ұлттық мақсаттар жолындағы ірі шаруа.

Зухра Исламбаева: Алғашқы кездері қаржылық мәселелер мен театрдың ішкі құрылымдық саясатына байланысты, сонымен қатар стильдік, композициялық тұрғыдан сапалы, тақырыптық жағынан күрделі, рухани-эстетикалық мәні өзгеше драмаларды сахналауға Өскемен театры дайындығының аз болғандығы рас. Осы уақытта театр мағыналы, салмақты репертуар түзудегі қиындықтарды бастан кешті. «Бес тиын», «Марионетка», «Өңім бе, ойбай, түсім бе?», «Ойбай, күйеу керек, күйеу керек», «Вампир күйеу» секілді жеңіл шығармалар сол бастапқы қалыптасу кезеңдегі театрдың адымын аштырмаған, сынға іліккен қойылымдар болса, «Ғашықсыз ғасыр», «Атымды адам қойған соң», «Шағала» спектакльдері өзінің кәсіби бағытын анықтауға ден қойған жас ұжымның салмақты да сындарлы туындыларды сахналаудағы қабілет-қарымын аңғартты. Бұдан Рүстем Есдәулеттің режиссура өнеріне, репертуар саясатына көзқарасының соңғы уақыттары біршама алға жылжығанын байқау қиын емес.

2-сахна. 
«Қасқырдың көзіне тура қара!»

Майра Қаламқызы: Жиналыста әлденені айтып алады да: «Мен бұл жерде бес жыл ғана болатын шығармын. Кейін Рүстем осылай айтты деп айтып жүретін боласыздар», – дейтін. «Сен әлі жассың ғой, неге олай айтасың?» десек, үндемей, жымиып қоя салатын. Өмірінің қысқа болатынын сезгендей, бір жылда 7 спектакль дайындады. 

Алғаш рет фестивальға «Махамбет» қойылымымен Орал қаласына бардық. Бірақ онда көп сын естідік. Негізгі сын киімге қатысты болды. Қызылды-жасылды киімдер тіккенбіз ғой. Жәңгір ханды Бейбіт Құсанбаев ойнаған болатын. Соның артқа сальто жасап, артынша құрт секілді ирелеңдеп шығып кететін сахнасы бар. Сол да сынға ілікті. Оның бәрі Рүстемнің шешімі болатын. Қазылар тарапынан «Ешқандай спектакль көрген жоқпыз» деген әңгіме айтылды. Бірақ Рүстем бұған сынған жоқ. «Сын болмаса, біз өспейміз» деді. Оның бәрін қабылдадық. Одан кейін Ақтауға барып, онда да сын естідік. Сонда Рүстем: «Я еще покажу и докажу», – деді орысшалап. 

2009 жылы Қарағанды қаласына фестивальге бардық. Онда Рүстем Санкт-Петербург қаласында, Лев Додиннің шеберханасында білім алып келген кезі болатын. «Атымды Абай қойған соң...» эксперименттік спектаклін қойдық. Сахнада кәдімгідей, шынайы батпаққа баттық. Сонда Рүстем залға кіре берістен бастап сахнаға дейін арша төсеп тастады. Кірген адамның бәрі: «Мынау не деген иіс!» – деп таңғалды. Аршаның иісі керемет емес пе?! Арша арқылы қойылымның аурасын берді. Соңында көрермен жарты сағаттай қол шапалақтап тұрды. Сыншылар жақсы пікір айтып, үлкен баға берді. Рүстемнің өскендігін айтты. 

Рүстемнен алғаным көп. Ол бізге өте көп нәрсе үйретті. «Сахнада өмір сүріңдер» дейтін. Ең алғаш маған Томиристі берді. Соны айтқанда, мен «ой, қалайша?» деп жалт қарадым. Сонда Рүстем: «Міне, сіздің көзіңізден жарқ еткен жалынды көрдім», – деді. «Мен саған ондай көзбен қараған жоқпын. Шошып қалдым. Томиристі қалай ойнаймын? Жасым 40-тан асып кетті ғой» деп едім: «Жоқ, шығарасыз», – деді. Амал жоқ, көнуге тура келді. Рөлді қалай алып шығамын, қалай дайындаламын деп қорықтым. Бір күні Рүстем: «Майра апай, зоопаркке барыңыз, – деді. – Қасқырдың көзіне тура қараңыз». Бірақ сен қасқырға қарағанмен, ол саған қарай ма? Баруын бардым. Бір қасқыр бар екен. Қарамайды. Рөлді шығара алмай көп қиналдым. Рүстем тағы бірде: «Томирис күлмейді. Томирис жыламайды. Себебі, ол – патшайым. Ол қолын қалай болса солай сермемейді», – деді. Томиристі бірнеше рет қойғаннан кейін ғана Рүстем маған: «Сахнада енді ғана еркін жүре бастадыңыз. Патшайым екеніңізді сезініп келесіз», – деді. Шығара алмай жүрсіз деген сияқты әңгіме айтқан емес. Адамның көңіліне қарап сөйлейтін. Әр әртісті әр түрлі тәрбиелейтін. 

Жанарбек Әшімжан: ...Жүрекке жазылып қалған бір жылы естелік. Бір күні түнделетіп Рүстемнің үйіне бардық. Әдеттегідей Алматының назы жоқ, сазы көп әдемі бір жаңбыры себездеп тұрған. Рүстем Түркебаев көшесінде анасы Роза Сейітжанқызы Салықбаева шешеміздің қолында болатын. Анасы – ұлт әдебиетінде олжа салған қазақтың даңқты қаламгерлерінің ұстазы, тіл-әдебиет пәнінің маманы. Әйгілі балалар әдебиетінің классигі Марат Қабанбаев, көрнекті қаламгер Кәдірбек Сегізбаев, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаров, Асқар Алтай сынды көркем ой шеберлерінің біріне жанама, енді біріне мектеп қабырғасында тәлімін берген ірі ұстаз. Өзінің төл перзенттері, бүгінгі қазақ жырының көш басындағы Ұлықбек Есдәулет пен ерте кеткен Рүстем бауырымыз туралы өз алдына. Ал ғажайып ақын Гүлнар Салықбаеваны тегінің өзі-ақ айтып тұр. 

«Бүгін қалайда үйге баруымыз керек, Жәке, анама өзің, өзге де достар туралы жырдай етіп айтып бердім. Қатты тебіренді. Бүгін шешеме өзің  барып сәлем бер, қалған достар шетінен келе жатар» деді. Бардық. Көрдік. Жүзінен нұр, аузынан сыр төгілген кемеңгер жанға сәлем бердім. Маңдайымыздан сүйіп, батасын берді. Ас үстінде едәуір әңгіме қозғады. «Қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев «Барлық ақын баласы бір ананың» деген еді. Сол тәмсілге салсам, жарықтық Шығыстан, қазақы бояуы қалың Зайсан-Қатон мен Күршім-Ұланнан өрген ақын-жазушылар – менің перзенттерім. Олардың бәрі де бүгін аяққа тұрған, алды ел-халыққа даңқы шыға бастаған үлкен ақындар. Бүгінде Алматыға келдік. Алатаудың бауырына еркелемеген ақын аз ба? Тағдыры тас қалада шайқалған шайыр аз ба? Мына кенжетай тұяқ та бармақтай кезінен қолына қалам алып, мектеп қабырғасында-ақ аты шығып еді, бұл да сол үлкен қалада өз үйіріне келіп қосылды. Осыны көп ойлаймын... Қалам ұстаған жан кісі баласына жамандық ойламайды. Бұл бір болмысы бөлек, өмірі ерек, тағдыры кенеттен құбылатын ерке жандар ғой. Жанында жақсы жандар жүрсе, ортасы оспадарлықтан ада болса кез келген Азамат басын тауға, тасқа ұрса да, түбі өз жолын табады. Ал мына Рүстемімнің достары кім екен деген ой жиі мазалайды. Бұл бір маңдайына таудың салқын желі ғана тиген, алақан жылуында булығып өскен жарығым ғой. Бұл бір өзі көпшіл, аңқылдаған ақжүрек. Бір келісіп, бір керісіп, өздерінің жолын тауып кеткен аға буынға алаңым жоқ, бірақ Рүстемімнің ендігі Алматыдағы барша достары енді менің балам болады. Естідім, шығармашылық жолын жаңа бастаған біраз жас дарынның әкесі өмірден ерте кеткен екен. Ұлыма «әкелері ерте көшкен достарыңды үйге күнде алып келші, осында ойнап-күліп, дәм-тұздарың жарасып жүріңдерші» дегем», – деп барып тоқтады. Осы кезде көңіл кардиограммасы ерсілі-қарсылы бір толқыды дейсіз... Көзді тырнап ашып, жаулығы желбіреген Анамның етегінен ұстап көшке ілескен сәттер дүниенің жүгін басып алып солқылдап бара жатқан составтар секілді көз алдымнан өтіп жатты. Іле-шала үйге келген бетте осы әңгімені өзімнің Анама көркем туынды оқығандай әңгімелеп берген едім. Шешем ол туралы сол бір жылы ағыстарды осы күнге дейін есіне алып, айтып отырады.

Біз, бәлкім, ол үйге жиі, бәлкім, сирек барып тұрдық. Бірақ сол бір ауыз сөз Рүстеммен арада ғана емес, сол тұстағы жетім өкпесі желпілдеп, желке шашы желкілдеп, желбір-жекен болып жүрген қатар-тұстастарды бір-біріне жіпсіз байлаған еді. Еш есеп-қисапсыз...

...Кейін өрісі мен қонысы бөлек Өскеменге көш түзеді. Орыс-орманы аралас қос труппадан тұратын Жамбыл атындағы өңірлік театрдың екі тізгін, бір шылбырын қолға алды. Байрағын биіктетті. Шырайлы досты аңсап шығысқа да сан сапар шектік. Ол жақта да қандай ыстық жүздесулер болып еді...
Зухра Исламбаева: Облыстық өңірлерде, әсіресе шығармашылық жолын енді бастаған жас ұжымдарда аударма дүниелерге деген батыл көзқарастың бірден қалыптаса қоймайтыны белгілі. Бұл труппа құрамының аздығына немесе тәжірибесіздігіне, сонымен бірге қаржылық мәселелерге де тікелей байланысты. Өзінің алғашқы онжылдық шығармашылық даму жолында Өскемен театрында нақты бір көркемдік бағыттың болмауы осындай себептерден деп айта аламыз. Ал Рүстем Есдәулет директор әрі бас режиссер болып келген алғашқы күндерден-ақ театрдың шығармашылық тенденциясын еуразиялық бағытта дамытуды қолға алған болатын. Осы қадамын қырғыз драматургы Ж.Өзубекованың – «Толғақ», жапон драматургы К.Кикутидің – «Оралған әке», тәжік драматургы Ж.Құддыстың «Антұрған» пьесаларын сахналаудан бастаған режиссерге бұл бағыт түрлі ұлт менталитетін зерттеп білудің ізденіс көзіне айналды. Рүстем Есдәулет бір сұқбатында: «...бір Мәскеудің өзінде 130 театр бар екен. Ол театрлардың әрқайсысының бағыты әр түрлі. Бірінің репертуарын бірі ешқашан қайталамайды. Бірі – поэзиялық бағытта, тағы бірі комедиялық бағытта дегендей. Ал біздегі, яғни Қазақстандағы 49 театрдың бағыты да, репертуары да бірдей деуге болады. Осы орайда мен қазақ труппасын еуразиялық бағытта дамытсам, көршілес елдердің театрларымен шығармашылық байланыс орнатсам, бұдан ұтылмаймыз», – деген болатын.

3-сахна. 
«Рүстемдей бекзатымды табам ба?..»

Майра Қаламқызы: Ол бізге әртүрлі спектакль қойғысы келетін. Мысалы, қырғыздың «Толғақ» деген спектаклін қырғыз тілінде қойдық. Сол үшін Қырғызстанға фестивальге бардық. Онда 3 номинация бойынша жүлде алдық. Сол кезде Рүстем керемет қуанды. Ал Қырғызстанға бару үшін елде өзі той басқарып, соның ақшасымен бардық. Барарда бүкіл реквизиттерімізді автобустан автобусқа өзіміз көшіріп жүрдік. Тағы бір қызық оқиға – ол жақта базар аралап жүргенде бір актрисамызды жоғалтып алдық. Базар ішінде адасып кетті. Сөйтсек, ол қырғыздың бір актрисасымен ілесіп кетіпті. Сонда Рүстем ол актрисаға: «Апай, сіз дұрыс істеген жоқсыз», – деді. Басқа ләм деп ұрысқан жоқ. 

Бір қойылымда қаншама қимыл болады. Соның әрқайсысын қырық рет қайталататын. «Әр сөзді 40-50, тіпті 100 рет құбылтып айтуға болады. Бірақ не айтсаң да ол шынайы болу керек. Залдың соңғы қатарында отырған адамға сыбырлап айтсаң да, жүрегіне жеткізе айтуың керек» дейтін. Осындай сөзінің бәрі әлі күнге дейін біздің тұмарымыз іспетті. 

Сахнада неше түрлі нәрсе істеді. Бізді жалаңаш қылып көрсетпесе де, түрлі техника, әдіс арқылы силуэт көрсететін. Көрермендер ұялып, бетін басып қалатын. «Атымды Абай қойған соң...» спектаклінде жаңбыр да жауғызды. Осының бәрі іште қайнап жататын да, оны көрсетуге асығатын. Асығып жүріп кетіп қалды ғой...

Қазір «Толғақ», «Вампир күйеу» спектаклі мен «Ұр, тоқпақ» ертегісі қойылып жатыр. Рүстем өмірден өткен соң да «Атымды Абай қойған соң...» спектаклімен Түркияға, Башқұртстанға, Татарстанға бардық. Осының бәрінде біз жоғары баға алдық. Себебі, бұл спектакль ешқандай синхронды аударманы қажет етпейді, бәріне түсінікті. Тіпті Түркияда екінші рет қоюға сұраныс болды. Мұны жастарға бермей, әлі күнге дейін өзіміз – ересектер ойнап жүрміз. Рүстемнің аруағы разы болсын дейміз. 

Жанарбек Әшімжан: Мына аза жыр Рүстекең қапыда баршамызды қайран қалдырып ғапыл дүниеден көшкенде жазылған еді...

Аққан жұлдыз
Рүстем Есдәулетке

Белі бекем бес атпенен қусам да,
Алып ұшқан арманға сол жетем бе?
Бұлдыр жалған «бұлт» етіп
бір бусанған –
Алматыдан Алтайға сен кетерде.

Бота күйде жүрген шақта болдырып,
Сан тағдырды қолтығынан демедің.
Шартарапты жанарыңа қондырып,
Ортамызға от сыйлаған сен едің.

Сөлі – солғын, ойы – шалғын күндерде,
Қазанаттың көрдік қанша жарауын.
Алматыдан ай қабақты ұл көрсем,
Оразбайдың оғыланы деп қаламын.

Өмір деген – шаңқай түс пен кеш екен,
Өзге дәурен басталатын ертесі,
Көңілсіздеу жабылатыны несі екен.
«Тағдыр» атты театрдың пердесі?

Жанарымнан жас парлатып қоярдай...
Болмас па еді, 
Жаратқан-ау, жебесең.
Биігіңді қайтем сенің, ей, Алтай?!.
Иінімді түсіресің неге сен?

Жұлдыздайын ағып түсіп алыстан,
Бір жалт етіп зарын айтқан заманға.
Өр Алтайды алты айналсам,
Ғарыштан,
Рүстемдей бекзатымды табам ба?..

Рүстем Есдәулет
ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ

Жылқы жылы келгенде самғай жарып,
Хас тұлпардың жігері қанда айналып.
Мен келіппін кісінеп бұл өмірге,
Тостаған көз құлыннан аумай қалып.

Құлын болдым тұлымын жел тараған,
Сырлас еді маған да боз қараған.
«Сұңқардайын қанат қақ, көкте жүз», – деп,
Әлдиледі төсінде бөрте далам.

Қырдың қызыл жусанын тұмар еттім,
Қиялыма қыранды сыңар еттім.
Сауырына да қондырмай көбелекті,
Беу, балалық, құлында бұлаң еттің.

Ал бүгінде жараудай ширығамын,
Туған жердің еске алып ши-құрағын,
Жылқы мінез дарыған пейілімнің
Арнасынан төгілтіп күй бұлағын.

Жылқы ма деп қаламын көлеңкемді,
Шабыт-күлкі тарпыса өлең-кенді.
Жұлдыз жалды айтұяқ арғымақтар
Жүрегімді шаттықта бөлентеді.

Дүниені жылқыша көретұғын
Қазақпыз ғой киеге сенетұғын,
Тіпті аруақ бабамның аяны да
Ақ боз ат боп түсіме енетұғын.

Додадағы дүбірі-ай күліктердің,
Жүрегі болып қағады жігіттердің.
Пырақтардың шырақтай жанарынан
Құлын кезін аңсаған үміт көрдім. 

Зухра Исламбаева: Оның бойынан, ұшқындаған көз жанарынан болашаққа деген сенім анық көрініп тұратын. Сол үміті мен сенімі оны адастырған жоқ, керісінше, өзгеше күш, қайрат, қуат берді. Рүстем өзінің сүрінгенін де, жығылғанын да тәжірибе жинаудың алғашқы баспалдақтары деп білді. Сол үйрену, қалыптасу мектебі Рүстемді биікке жетеледі.

Шымылдық

Журналдық пьесаны дайындаған 
Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2021

415 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы