• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 17 Шілде, 2021

Жүргізушісі жоқ жақсы әңгіме

Жаңа заман мәдениеті орталық-сыздандырылған жүйеге қарай жылжығаны анық байқалады. Өйткені әрбір өнер, мәдениет саласында алуандық байқалады. Осы трендке айналған әралуандық философиядан басталып, өнерге соғып, бүгін медиа саласына да ауысты. Оның әрбір саласында жаңа форматтар пайда болды. Сондай форматтардың бірі – подкаст. Әлемде, қазақ медиасында қарқынды дамып, көрермен-тыңдарманы күн санап артып келе жатқан медиа-жанр.

...бұл не?

Подкаст – радио немесе телесұқбаттың интернет желісінде жарияланатын заманауи түрі. Ол бір тақырыпта бірнеше сериядан тұруы немесе бір ғана бөлімнен тұруы мүмкін. Қатысушылары санына да шектеу жоқ. Бейне түрінде де, аудио форматта да бола береді. Яғни өте еркін формат. Apple компаниясы шығарған iPod (портативті медиа ойнатқыш) және broadcasting (хабар тарату) деген сөздердің қосындысынан пайда болған. Термин 2004 жылы қолданысқа енді. Жүргізуші подкастер деп аталады. Бүгінде бірнеше адамның үстел басында отырып бір-бірімен әңгіме айтып отырған бейнероликтерін көріп жүрген боларсыздар. Сол – подкаст. Олар көрерменді елемейді. Тіпті камера алдында отырғанын ұмытып кетеді. Әркім өз пікірін айта отырып, ортақ әңгіме өрбітеді. Қазақ медиасына подкаст ұғымы осы форматта танымал болды. Бірақ жалғыз адам да подкаст жасай алады.

Формат және тақырыптық түрлері

Подкаст форматы жағынан үлкен екі түрге бөлінеді. Бейне және аудио. Ішінара айырмашылығы аз. Дегенмен екі форматтағы подкасттың бізге аса таныс емес түрлері бар. Мысалы, бейнеподкасттар онлайн Zoom, Microsoft Teams cынды бағдарламаларда жасалуы ықтимал. Ал аудиоподкасттардың қарапайым WhatsApp желісіндегі бірнеше адамнан тұратын топта жасалатын түрлері бар. 

Сонымен қатар бүгінде бейнеподкаст көрермені көп болса, оны тыңдап үйренгеннен кейін аудиоподкаст тыңдарманы көбейе түседі. Өйткені біріне арнайы уақыт арнап, көру керек болса, екіншісі аудиокітап секілді кез келген уақытта құлаққабыңызда жүріп жатады. Осы артықшылығымен аудиоподкасттың тыңдарманы алдағы уақытта көбейе түседі. Тақырыптық тұрғыда бизнес, өзін өзі дамыту және саяси подкасттар сұранысқа ие.

Подкаст және телесұқбат

Телесұқбат модератор-жүргізушінің бағыттауымен өрбиді. Сонымен қатар жүргізушінің талқыланып жатқан тақырып төңірегіндегі көзқарасы мен ұстанымы ашылып қалмауы тиіс. Яки модератор пікір айтуға құқы жоқ. Ал подкаст жүргізушінің (подкастер) өзін қажетсінбейтіндей. Ондағы жүргізуші әңгімені ұйымдастырушы адам деңгейінде. Өз пікірін, ойларын айтуға толық құқы бар. Абай телеарнасында жүріп жатқан «Сана», «Үркер» бағдарламаларында подкасттың элементтері бар. Бейнеподкасттар негізінен YouTube және видеоформатты қолдаушы әлеуметтік желілерге жүктеледі.

Подкаст және радиосұқбат

Аудиоподкастты көбіне радиомен ұқсатып жатады. Дегенмен мұнда да дәстүрлі жүргізуші мен подкаст ұйымдстырушының арасында жоғарыда айтып өткендей айырмашылықтар бар. Сонымен қатар радиодағыдай емес, аудиоподкасттарды кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген тақырыпта тыңдай аласыз. Бүгінде App Store және Play Market қосымшаларынан арнайы подкаст бағдарламаларын смартфонға жүктеп алуға болады.

Танымалдығының себебі неде?

1. Танымал тұлғалардың подкаст жүргізуі (Цукерберг, Джо Роган). Бұл тұлғалар өз аудиториясын подкаст саласына ертіп келді десек те болады. 
2. Ірі бұқаралық ақпарат құралдары да подкаст форматына ауысып жатыр. Осы үдеріспен подкасттың кәсібилігі арта түсті. 
3. Қоғамдық көзқарастарға өзгеріс енгізген подкасттар әсерінен. Мысалы, америкалық «Serial» зерттеу подкастының негізінде жазықсыз сотталған адам он жылдан соң бостандыққа шықты. 
4. Формат ыңғайлылығы және кез келген тақырыпта ақпарат алу мүмкіндігі. 
5. Ірі медиакомпаниялардың подкаст алаңдарының пайда болуы. 
6. Форматтың интимділігі.

Жоғарыда айтқанымыздай, подкаст көбіне аудионұсқада құлаққаппен тыңдалады. Тыңдаушы подкаст жүргізушісін танып, оған күнделікті тыңдау нәтижесінде бауыр басады. Яки ол оның досына һәм жақын танысына айналып кетеді. Осыдан болса керек, кейбір тыңдармандар сүйікті подкастерлеріне «досым», «бауырым» деп жатады.

Подкаст табыс көзі ретінде

Подкаст индустриясының жылдық табысы – орта есеппен 1,5 млрд доллар. Көп көрінгенімен, салыстырмалы түрде өте аз. Мысалы, тек қана АҚШ-тағы радиоиндустрияның табысы 42 млрд доллар. 

Жалпы подкаст арқылы табыс табудың бірнеше жолы бар. 

1. Тікелей жарнама. Подкастердің
аудиториясы өскен сайын оған жарнама ұсынушылар көбейе бастайды. Бұл жарнама көбіне өзге қонақтардың әңгіме блогынан тыс жасалады. 
2. Краудфандиң. Қарапайым қолдаушылардың подкаст арнаға немесе тікелей подкастерге қолдау ретінде ақша аударуы. Заманауи тілде бұл донат деп аталады. 
3. Өз тауары мен қызметтерін сатуы. Қарапайым тауар айналымы һәм интернет сауда. 
4. Серіктестік сипатындағы бағдарлама. Бұл жағдайда подкастер бағдарламаны белгілі бір брендке немесе қызмет түріне бағыттап, сол саланың өкілдерімен әңгіме өрбітеді. Сәйкесінше, жарнама үшін сала өкілдері тиісті соманы төлейді. 

Подкаст жазу үшін не қажет?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, айтарлықтай ештеңе қажет емес. Камера, микрофон. Ал аудио подкаст үшін микрофонның өзі де жеткілікті. Сонымен қатар аудио және бейнередактор бағдарламаларынан хабарыңыз болса жеткілікті. Егер ондай өнеріңіз болмаса, аудио және бейне монтаждай алатын адамның көмегіне жүгінуіңіз керек. Бұл – подкасттың техникалық жағы. Одан кейін мазмұн, яки контент деген ең маңызды дүние бар. Подкастер көтеретін мәселесін және оған шақырылатын қонақты жақсы білуі керек. Сонда ғана сапалы подкаст жасауға болады.

Подкаст аудиторияны қалай кеңейтуге болады?

Instagram, Tik tok сынды әлеуметтік желілерде аудитория кеңейту мен жазылушылар санын арттырудың жолдары көп. Бірақ подкаст индустриясына бұл нәрселер әлі келе қоймады. Подкастерлердің басым көпшілігі табиғи жолмен тегін аудитория жинайды. Табиғи жолмен дамудың да бірнеше жолы бар. 

1. Танымал адамдарды шақыру. Танымал адаммен болған подкасттың көрілім-тыңдалымы жоғары болады. Өйткені оның өз аудиториясы бар. 
2. Коллаборация. Бұл трендтегі сөздің астарында «ынтымақтастық, серіктестік» деген мағына жатыр. Яғни бірнеше подкастер бірігіп, бір-бірімен аудитория алмасады. 
3. Үздіктер қатарына қосылу арқылы (Топ чарт). Подкаст қосымшаларына, арнайы подкаст алаңдарына өз туындыңды ұсына отырып, өтініш формасын толтырасыз. Осылай сіздің туындыңыз «ұсыныстар» тізбегіне шығады. Бірақ бұл өте ұзақ процесс.

Подкаст: күнгейі мен теріскейі

Подкаст интеллектуалды тұрғыда бағыт-бағдар бере алады. Бірақ интеллект қалыптастыра алмайды. Өйткені ол – басқа бір адамның белгілі бір оқиғадан немесе кітаптан тапқан түйіні һәм оның қорытындысы. Ол кез келген адамға жұға бермейді. Бірақ оның жаңа идеялар беретініне шек келтіруге болмайды. Және ең бастысы – мотивация. Бизнес тренерлердің сізге сырттан таңған айқай сөзі емес бірақ. Подкаст – адам ішінен табиғи мотивация өндіре алатын дүние. 

Google, Facebook, Apple сынды компаниялар қарапайым жиналыстарын подкастқа айналдырып отырады кейде. Сол подкасттардың тыңдармандары бір сәтке өздерін аталған компаниялардың қызметкерлері ретінде сезінгенін  жасырмайды. Яғни мұндай подкасттар адам ішіндегі мотивация қозғалтқышына түрткі бола алады. 

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2021

364 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы