• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 13 Шілде, 2021

Қазақ феномені

Қатысушылар:
Әлеуметтанушы
Өнертанушы
Журналист (подкастер)

Журналист: Қазақ өнерпаздары әлемдік сахналардан көрініп жатыр. Әсіресе, отандастарымыз көршілес Ресей, Украина, Қытай секілді елдерде аса танымал. Олардың қатарында: әншілер – Димаш Құдайбергенов, Ирина Қайратқызы, Скриптонит, 91 тобы, Jah Khalib, Truwer, The Limba, Imanbek, т.б;
әзілкештер – Нұрлан Сабыров, Евгений Чебатков, Медет Қалибеков, Біржан Қабылбаев; медиа саласында – Айсұлтан Сейітов, Қуаныш Бейсеков, Медет Шаяхметов. Бүгінде орыс медиасында «Қазақтар неге мықты?» сауалы көп қойылады. Осы сұрақты менің де қайталағым келеді...

Әлеуметтанушы: Кесіп жауап беру қиын, әрине. Бірақ бірнеше себеп-салдарды атауға болады. Біріншіден, еліміздің тәуелсіздігі. Қызыл өкімет тұсында қазақ өнерпаздары үлкен сахналарға жол таба алмады. Қазақ жазушылары қазақ тілінде жазғаны үшін шет тілдерге көп аударылмады. Сондықтан әлем бізді Кеңес өкіметінде елеусіз ұлт деп қана қарайтын. Ал бүгін сол бір шекпеннен шыққан халықтардың өзімен біз иық тірестіріп отырмыз. Оларға Қазақстаннан жақсы өнерпаз шығуы – экзотика. Екіншіден, біздің отандастарымыздың мәдениеті һәм этикасы. Қазақ жалпы табиғатынан кең халық қой. Өзін сыйлағанға, әсіресе өзін сыйлаған өзге ұлт өкіліне құрметпен қарайды. Яғни отандастарымыз бала кезінен-ақ адамды ұлты мен ұлысына қарамай сыйлауды үйренген. Ал үлкен сахнада мұның маңызы ерекше.

Өнертанушы: ХХ ғасырдың екінші жартысынан жаңа мыңжылдық бастауына дейін әлемдік культ, моданы Америка жасады. Бір ғана рок-н-ролл жанрының Америкада дүниеге келуі, киноны ойын-сауық құралына айналдырған «Жұлдызды соғыстар» фильмінің Голливудта түсірілуі  Американың өнері мен мәдениетін асқақтатып жіберді. Оның себебі, Америка сол уақытқа дейін қырық құрам халықтардың мәдениетін бір қазанда қайнатқан мемлекет еді. Бұл жаңалықтың барлығы дерлік сол ұлт мәдениеттерінің синтезінен шықты. Қазақстанда да қаншама ұлт бір ғасырға жуық бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Бүгінгі өнерпаздардың көп шығып, алыс-жақын шетелдерге олардың танымал болуы – еліміздегі мәдениеттердің синтезінен болса керек.

Журналист: Сөздеріңізге қосымша ретінде, сол синтезге қазақтың төл мәдениетінің катализатор болғанын айтып өткеніміз абзал. Бір ұлт мәдениетіне ұйысу арқылы біздегі мәдениет синтезі бір ғасырға жуық жасалса, АҚШ-та бұл процесс екі ғасырдан астам уақытқа созылған. Біздің халық мәдениеті барлығынан биік деген сөз емес, этникалық халық ретіндегі гегемониядан бұл. Ал Америкада кәрі құрлықтың алпауыт мәдениеттері ұзақ арпалысты. АҚШ-та қалыптасқан жаңа мәдениет пен Қазақстанда қалыптасқан бүгінгі мәдениеттің бір айырмасы осы болса, екінші өркен жаю мәселесі болып отыр. Мұхиттың арғы бетіндегі жаңа мәдениет сонда туып, сонда өркен жайды. Ал біздің мәдениет өз топырағымызда туып, өзге топырақта өркен жайып жатқанының себебі неде?

Әлеуметтанушы: Ұлт, халық – біртұтас ағза секілді. Сол ағзадағы жойылып кету инстинкті бізде қатты дамыса керек. Өйткені қанша ғасыр соғыс пен бодандықтың езгісінде болдық. Журналист мырзаның айтқанындай, қазақ мәдениеті синтездің катализаторы бола отырып, ұлт бойындағы жойылып кету қаупін жеңе алмады. Сол үшін де біздің халық өз топырағынан өскен жаңа мәдениетке қорқынышпен қарайды. Өзінен шыққанды өзі қабылдауға қорқады. Бірақ қазір аталған сең бұзылғандай. 

Өнертанушы: Қалай десек те, біздің медиа саласының даму деңгейі біршама төмен. Қытайдан, Украинадан, қала берді, Ресейден де төмен. Біздің әзілкештердің көбі StendUp өнерімен танымал. Ал Қазақстанда мұндай платформа жоқ. Болса да, деңгейі төмен. Сонымен бірге, халқымыздың аздығы аудиторияның тарлығына алып келеді. 

Журналист: Халықтың консервативтік көзқарасы мен лайық платформаның жоқтығы екі бастан өнерпаздарымыздың шетелдерде өркен жаюына жол беріп отыр. Тағы бір мәселе бар деп ойлаймын. Ол да біздің «екінші сортты» ұлт болғанымыздан қалыптасқан – жалтақтық. Біз өзге мойындамай тұрып, өзіміз мойындай алмайтын халықпыз. Бұл мәселені өнер тұрғысынан қарасақ, кәсіби деңгейдің төмендігінен дер едім. Бірақ бұл жалтақтықтың емі сол – шетелге көбірек танылу болмақ. Ұлттың өз-өзіне деген бағасының артуымен санамыздағы жаралар жазылары сөзсіз. 

Әлеуметтанушы: Дұрыс айтасыз. Ресейде «Қазақтар феномені» жайында көп айтылып жүр. Негізсіз емес және бұл жалғаса береді деп сенемін. 

Өнертанушы: Иә, біздің халықтың қолында синтезделген жаңа мәдениет бар. Ал жаңа мәдениет әрбір адамға қызық. 

Журналист: ХІХ ғасыр соңы қазақ топырағында бір шоғыр тұлғалар дүниеге келген еді. Қазақ шежіресіне сенсек, 7 ұрпақта цикл қайталанады. Ал ХІХ ғасыр соңынан санағанда 7 ұрпақ ХХІ ғасырдың екінші жартысында кемел шағына келеді. Әмірхан Балқыбек айтқандай, сол ХХІ ғасырдың екінші жартысы қазақтың ғасыры болар...

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2021

199 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы