• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 18 Шілде, 2021

Жетінші олимпиадаға дейінгі жол

Төртжылдықтың басты додасы саналатын Токио олимпиадасы тәуелсіз Қазақстан үшін жетінші олимпиялық ойындар болмақ. Осы уақытқа дейін отандастарымыз жазғы олимпиадаларға 693 жолдама иеленіп, 60-қа жуық жүлдемен оралған. Мұны допинг дауынан кейін жаңартылған тізімге сәйкес жасадық. Енді соның бәріне рет-ретімен тоқталып өтейік...

Ең көп жолдама мен медаль иеленген спорт түрі

Спорттың 31 түрінен медальдар жиынтығы сарапқа салынған Атланта олимпиадасында қазақстандықтар 15 спорт түрі бойынша өнер көрсетті.   Бірақ 6 спорт түрінен ғана жүлделі орындардан көрінді. Атап айтсақ, бокстан – 4, еркін мен грек-рим күресінен бір-бір жүлдеден болса, қазіргі бессайыстан – 1, нысана көздеуден – 3, ауыр атлетикадан 1 медаль иеленді. Өкінішке қарай, Атлантада әйелдер қауымы жүлдеге іліне алмады. 

Жалпы, Қазақстан сапында олимпиадаға ең көп жолдаманы жеңіл атлеттер иеленген. Олар Атлантадан Риоға дейін (1996-2016 жылдар аралығы) 130 жолдаманы құрама қоржынына салған. Мысалы, Атлантадағы 17 жолдаманың 11-ін – әйел, 6 жолдаманы ер жеңіл атлеттер иеленді. Одан бөлек, байдарка және каноэде есу спорты, дзюдо, бокстан – 8 жолдама, ауыр атлетика, велоспорт және жүзуден 7 жолдамадан болды. 

Сондай-ақ Қазақстан қатысқан 6 олимпиадада 56 лицензия алған боксшылар ең көп жолдамаға иелік еткендердің көшін бастаса, дзюдошылар еншісінде 49 жолдама бар. Еркін күрес шеберлері 47 жолдама алса, жүзуден спортшыларымыз 45 жолдамаға ие болған. Сонымен қатар ауыр атлетикадан 40 жолдамаға қол жеткізсе, грек-рим күресі мен велоспорттан 30 жолдамадан болды. Өкініштісі, 130 жолдамаға иелік еткен жеңіл атлеттер тек 4-ақ рет жүлделі орыннан көрінген. Олимпиада ойындарында ең көп медальді боксшылар алды. 56 жолдамаға ие болған былғары қолғап шеберлері құрама қоржынына 22 жүлде салған.  Алтын мен күміс медаль жетеуден болса, қола жүлденің саны – 8. Дзюдодан Асхат Жіткеев пен Елдос Сметовтің күмісі, Галбадрах Отгонцэцэгтің қоласы ғана бар. Еркін күрес шеберлеріне 11 жүлде тиесілі. Оның алтауы ерлерде болса, бесеуін әйелдер алған. Ауыр атлеттер алған 15 жүлденің алтауы – алтын, бесеуі – күміс, қалғаны – қола жүлде. Ерлер құрамасы 3 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль еншіледі. 45 жолдама алған жүзушілерден жалғыз әрі алтын жүлдені Дмитрий Баландин жеңіп алды. Велоспорттан Александр Винокуровтың алтын мен күмісі ғана болса, грек-рим күресінен алты-ақ жүлде бар.

Әр алтынның тарихы

Қазақстандық спортшылар осы уақытқа дейін олимпиялық ойындардың 19 алтын жүлдесін жеңіп алды. Бірақ Илья Ильин бастаған төрт ауыр атлетіміз допинг дауына ілініп, медальдарын қайтарып берді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында олимпиаданың алғашқы алтынын алған спортшы – Юрий Мельниченко. Ол 1996 жылғы Атланта олимпиадасында 57 келіде қарсыластарын қоғадай жапырып, әлемнің ең үздік балуаны екенін дәлелдеді. Алғашқы айналымда екі дүркін әлем және Еуропа чемпионы Александар Игнатенконы 2 жарым минуттың ішінде 10:0 есебімен ұтса, екінші белдесуінде румын балуаны Мариан Сандуды 4:0 есебімен  тұқыртты. Үшінші белдесуінде украиналық Еуропа чемпионы Руслан Хакимовты 8:1 есебімен ұтып, жартылай финалда Барселона олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы, тегі түрік Германия азаматы Рыфат Йылдызбен белдесіп, 3:0 есебімен жеңді. Финалда байырғы қарсыласы, Прагадағы әлем чемпионатында есесін жіберген америкалық Деннис Холлдан 4:1 есебімен басым түсті.

Александр Парыгиннің Атланта олимпиадасының чемпионы болатынына ешкім сенбеген. Ол бессайыстың алғашқы сыны дүрбілі тапаншамен атуда 11-орын алса, қылыштасудан бірінші орынға ие болды. Жүзуден 21-орынға тұрақтағанымен, атқа салт мініп жүруден екінші келді. Соңғы жүгіру сайысында ресейлік Эдуард Зеновканы мәреге бір жарым метр қалғанда басып озып, сенсация жасады. Василий Жиров – Қазақстан қоржынына үшінші алтын салған спортшы. Атлантада қарсылас шақ келтірмеген «Балқаш жолбарысы» алғашқы кездесуінде мексикалық Хулио Сесар Гонсалес Ибарраны екі раундтың ішінде тас-талқан етті. Екінші жекпе-жекте итальяндық Пьетро Ауриноны 18:3 есебімен ұтса, ширек финалда канадалық Трой Россты 18:4 есебімен айқын жеңді. Ал жартылай финалда байырғы қарсыласы, Берлиндегі әлем чемпионатында есесі кеткен америкалық Антонио Деон Тарверді 15:9 ұпайымен ұтты. Ақтық айқаста Оңтүстік Корея спортшысы, Барселона олимпиадасының қола жүлдегері Ли Сын Бені 17:4 есебімен қапы қалдырды.

Сидней олимпиадасында Бекзат Саттарханов жасындай жарқырады. Ол небары 20 жасында әлемнің ең үздік боксшыларын тізе бүктірді. Алғашқы кездесуінде румын Овидиу Бобирнатты 14:5 есебімен ұтса, екінші айналымда африкалық Джеффри Матебуланы 16:5 ұпайымен жеңді. Ширек финалда Түркия атынан сынға түскен Рамазан Палианимен қолғап түйістірді. Тартысқа толы жекпе-жекте Бекзат Барселона олимпиадасының қола жүлдегерін 12:11 есебімен жеңді. Жартылай финалда марокколық Тахар Тамсаманиды 22:10 есебімен қапыда қалдырса, алтын алқа үшін айқаста 1999 жылғы әлем чемпионы, АҚШ бокшысы Рикардо «Рокки» Хуаресты 22:14 ұпайымен тізе бүктірді. Атлантада алтынға сынық сүйем қалғанда сүрінген Ермахан Ыбырайымов Сиднейде қарсылас шақ келтірмеді. Алғашқы кездесулерінде сириялық Юсиф Массас пен венесуэлалық Хели Янесті уақытынан бұрын айқын басымдықпен ұтты. Ширек финалда олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, төрт дүркін әлем чемпионы Хуан Эрнандес Сьерраны 16:9 есебімен жеңсе, жартылай финалда америкалық Джермейн Тейлордан бір бас жоғары екенін көрсетіп, уақытынан бұрын айқын басымдықпен жеңді. Алтын жүлде үшін жекпе-жекте 1999 жылғы әлем чемпионы, румын Марьян Симионды 25:23 есебімен ұтты.

Ольга Шишигина – олимпиадада топ жарған алғашқы қазақстандық әйел спортшы. 39 спортшы қатысқан 100 метрге кедергілер арқылы жүгірудің алғашқы айналымында ол 12 минут 81 секунд көрсеткішпен бірінші келді. Ширек финалда да 12,66 уақытымен мәреге бірінші келсе, жартылай финалда нигериялық Глори Алози (12,68) мен ямайкалық Бриджит Фостерді (12,70) алға жіберіп, 12,71 көрсеткішімен үшінші нәтиже көрсетті. Дегенмен финалдық сайыста отандасымыз Глори Алозидан 3 секунд озып, 12,65 көрсеткішімен олимпиада чемпионы атанды.

 

Афинадан алтын алған Бақтияр Артаев қана. Жарыс жолын 69 келіде екінші айналымнан бастаған отандасымыз бірінші кездесуінде Әлиаскер Башировты (Түркменстан) 33:23 ұпайымен ұтса, ширек финалда украиналық Виктор Поляковты айқын басымдықпен жеңді. Ал жартылай финалда екі дүркін олимпиада және әлем чемпионы Олег Саитовты 20:18 есебімен ұтып, финалда да екі дүркін әлем чемпионы, кубалық Лоренсо Арагон Арментеростан 36:26 ұпайымен басым түсті. Осылайша, Артаев Афинада алтын алған жалғыз спортшы, әрі Вел Баркер кубогын алған алғашқы қазақ боксшысы ретінде тарихқа енді.

Бейжіңде алтыннан алқа тағып қана қоймай, әлем рекордын жасаған Илья Ильин кейін допинг дауына ілініп, алтын жүлдесін қайтарып беруге мәжбүр болды. Одан бөлек боксшы Бақыт Сәрсекбаев алтыннан алқа таққан болатын. Бақыт Сәрсекбаев та қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келіде сынға түсіп, алғашқы кездесуінде канадалық Адам Трупишты 20:1 есебімен ұтты. Екінші жекпе-жекте Молдова елінің спортшысы Виталий Грушакты 18:1 етіп ұтса, ширек финалда өзбек Ділшад Махмұдовтан 12:7 есебімен басым түсті. Жартылай финалда 2007 жылғы әлем чемпионы Деметриус Андрадені жарыс жолынан шығарған оңтүстіккорейлік Ким Чон Чжуды 10:6 ұпайымен ұтып, финалда кубалық Карлос Банто Суаресты 18:9 есебімен жеңді. 

Бейжің алтыны араға оншақты жыл салып, Алла Важенинаға да бұйырды. Ол 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, күміс жүлде иеленген-ді. Алайда алтын жүлде иесі қытайлық Сао Лей тапсырған сынамадан бірнеше жылдан кейін допинг анықталып, айыпқа жығылды. «Бейжің олимпиадасының чемпионы» атағы А.Важенинаға ресми түрде берілді.

Александр Винокуров араға 12 жыл салып, Сидней Олимпиадасының күмісін Лондон Олимпиадасының алтынына ауыстырды. Тас жолдағы топтық жарыста сынға түскен Винокуров мәреге аз қалғанда колумбиялық велошабандоз Ригоберто Уранды басып озып, 38 жасында олимпиада чемпионы атанды. Ол 250 шақырымдық қашықтықты 5 сағат 45 минут 57 секундта еңсерді. Үш секіруден Ольга Рыпакова Лондонда қарсыластарынан оқ бойы оза шапты. Іріктеу сайысында оның алғашқы нәтижесі есепке алынбай, екінші рет секіргенде 13,99 метр көрсетті. Соңғы мүмкіндігінде 14,79 метрді еңсеріп, Б тобының көшін бастады. Финалда алты мәрте секірген отандасымыздың екі көрсеткіші саналмай қалды. Біріншісінде 14,54 метрге секірсе,  үшіншісінде 14,98 метрді бағындырды. Одан кейін 14,89 және 14,40 метрді игерді.

Күміс жүлде алған колумбиялық Катерин Ибарген 14,80 метр, үшінші орын иеленген украиналық Ольга Саладуха 14,79 метр көрсеткішті көрсетті. Серік Сәпиев дәстүр бойынша 69 келідегі алтынды ешкімге бермеді. Сәпиев алғашқы жекпе-жегінде жапон Ясухиро Сузукиді 25:11 есебімен ұтса, екінші кездесуінде венесуэлалық Маэстре Перезті 20:9 есебімен жеңді. Жартылай финалда ресейлік Андрей Замковойды артта қалдырып (18:12), финалда Еуропа чемпионы Фредди Эванстан (Ұлыбритания) 17:9 есебімен айласын асырды.

Риодағы алғашқы алтынды ауыр атлет Нижат Рахымов алды. Ол жұлқа көтеруден алғашқы мүмкіндігінде 160 келіні еңсеріп, екіншісінде 165 келіні бағындырды. Серпе көтеруде 214 келі зілтемірді басынан асыра көтеріп, Олимп шыңын бағындырды. Бір қызығы, қытайлық Люй Сяоцзюнь мен отандасымыз қоссайыс нәтижесі бойынша бірдей 379 ұпай жинады. Нижат қытайлық спортшыға қарағанда 0,64 келі жеңіл боп, жарыс жеңімпазы атанды. Дмитрий Баландин – жүзу спортынан олимпиадада медаль алған алғашқы, әзірге жалғыз спортшы. 200 метрге брасс әдісімен жүзуден сынға түскен отандасымыз іріктеу кезеңінде алдына ұлыбританиялық Эндрю Уиллис (2:08:92) пен неміс Марко Кохты (2:08:98) жіберіп, 2:09 көрсеткішімен үшінші болды. Ақтық сынға жолдама алатын сайыста 2:08:20 уақытымен төртінші келсе, финалда америкалық Джош Прено (2:07:53) мен ресейлік Антон Чупковты (2:07:70) артқа тастап, 2:07:46 көрсеткішімен жеңімпаз атанды. Риода 69 келіде өнер көрсеткен Данияр Елеусінов те алдыңғы ағаларының жолын жалғап, алтыннан алқа тақты. Ол алғашқы кездесуінде Джош Келлиді айқын басымдықпен ұтса, екінші жекпе-жегінде венесуэлалық Габриэль Маэстрені сан соқтырды. Елеусінов жартылай финалда Сүлеймен Сиссокодан айласын асырса, ақтық сында Шахрам Гиясовтан (Өзбекстан) шебер екенін көрсетті.

Бірнеше олимпиадаға қатысқан спортшылар

Қазақстан сапында бір емес, бірнеше олимпиадаға қатысқан спортшылар жетерлік. Олардың кейбірі үздіктер қатарынан көрінсе, кейбірі жүлдеге мүлде жақындай алмаған. Солардың бірі – төрт бірдей олимпиадада бақ сынаған ескекші Қайсар Нұрмағамбетов. Ол байдарка және каноэде есуден Атлантадан Бейжің олимпиадасына дейін өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көріне алмады. Бірнеше олимпиадаға қатысқандар арасында даңқты балуан Дәулет Тұрлықанов та бар. Ол Атлантада үшінші олимпиадасына қатысып, қола жүлде үшін белдесуде белорус балуаны Валерий Циленттен 0:4 есебімен ұтылып қалды. Олимпиада ойындарының чемпионы, әрі күміс жүлдегері Александр Винокуров та төрт бірдей олимпиадаға қатысқан. Ол Атлантада 4:56:46 уақытымен 53-орында келсе, Афинада 5:41:56 көрсеткішімен мәре сызығын 34-болып өткен. Боксшылардан үш бірдей олимпиадаға Біржан Жақыпов қана қатысты. Өкінішке қарай, үшеуінде де жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Бейжің мен Лондонда қытайлық Зу Шиминге 4:9, 10:13 есебімен есе жіберсе, Риода ширек финалда өзбек Хасанбай Дусматовтан жеңілді. Үш секіруші Ольга Рыпакова – үш бірдей олимпиадада үздіктер қатарынан көрінген жалғыз спортшы. Рыпакова Бейжің олимпиадасын төртінші орынмен аяқтаған болатын. Арада 10 жыл өткеннен кейін жарыста қола мен күміс жүлде алған спортшылардың сынамасынан допинг табылып, отандасымызға олимпиаданың күмісі табыс етілді. Айтпақшы, Ольга Токио төрінде де өнер көрсетеді. Жеңіл атлетикадан Дмитрий Карпов, Сергей Корепанов және Валерий Борисовтер үш олимпиадаға қатысса, үш секіруден Роман Валиев, жетісайыстан Ирина Науменко және нысана көздеуден Ольга Довгун төрт бірдей олимпиадада өнер көрсеткен. Онсайысшы Дмитрий Карпов 8725 ұпаймен Афина Олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алған. Дегенмен Бейжіңде 30-орын, Лондонда 19-орынды қанағат тұтты. Жүлдеге қол созым жерде қапы қалған спортшылардың бірі – Ольга Довгун. Нысана көздеуден сынға түскен ол төрт олимпиадада жүлдеге жақын болды. Мысалы, Афина олимпиадасында 50 метрге үш позиция бойынша нысана көздеуден 684,9 ұпаймен 4-орынды місе тұтса, Бейжіңде 686,3 ұпаймен 6-орынға жайғасты. Сиднейде – 7, Лондонда 24-орын алған Ольга қазір нысана көздеуден Қазақстан құрамасының бас бапкері.

Ту ұстаған спортшылар тағдыры

Әр олимпиаданың алдында Қазақстан туын салтанатты түрде ту ұстаушы спортшыға Президент өзі тапсырады. Олимпиаданың ашылу салтанатында ту ұстап шығу үлкен абырой және ту ұстаған спортшы ауыр жүкті арқалайды. Өйткені ол туды жай көтеріп қана қоймай, жеңісімен қайта желбіретіп қайту үшін бар күш-жігерін салуға тиіс. Көк туды абыроймен қайта желбіретіп алып келген Ермахан Ыбырайымов қана. Ол – тәуелсіз Қазақстан тарихында ту көтеріп барып, чемпион атанып келген алғашқы және әзірге жалғыз спортшы. Одан бөлек, Ермахан – Қазақстанның туын екі олимпиадаға   ұстап барып, екеуінде де медаль алған спортшы. 2004 жылы Афина Олимпиадасында туды ұстау бақыты дзюдошы Асхат Жіткеевке бұйырды. Жіткеев алғашқы белдесуінде-ақ 2003 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жарыс жеңімпазы болған белорус балуаны Игорь Макаровтан иппонмен ұтылып қалды. Дегенмен қарсыласының финалға шығуына байланысты жұбаныш белдесуге шығып, алғашқы кездесуінде финляндиялық Тимо Пелтоланы иппонмен ұтты. Одан кейін грузин балуаны Ивери Джикураулиді 30 секундта иппонмен жеңсе де, үшінші жұбаныш белдесуінде әзірбайжандық Мовлуд Миралиевтен юко әдісімен ұтылып қалды. Дегенмен Жіткеев араға төрт жыл салып, Бейжіңде күміс жүлде жеңіп алды. Бейжіңде көк байрағымызды көтеріп шыққан зілтемірші Бақыт Ахметов те сәтсіздікке ұшырады. 105 келіге дейін салмақта сынға түскен Бақыт жұлқа көтеруде 185 және 190 келіні оңай еңсеріп, үшінші мүмкіндігінде 195 келіні бағындыра алмады. Серпе көтеруде де алғашқы екі мүмкіндігін жақсы пайдаланып, 221 мен 225 келіні көтерді. Дегенмен шешуші сайыста 230 келіні еңсере алмай, жарысты 4-орынмен аяқтады. Лондон мен Риода ту ұстатып, үміт артқан алып Нұрмахан мен жас Русланның да бағы жанбады. Балуан Нұрмахан алғашқы белдесуінде-ақ швед балуаны Йохан Еуренге есе жіберсе, таеквондошы Руслан Жапаров тап бірінші жекпе-жегінде олимпиада чемпионы болған әзірбайжандық Радик Исаевтан 2:11 есебімен ұтылды. Ту ұстаған спортшылардың тағдыры осылай. Токиода көк байрағымызды Лондон Олимпиадасының чемпионы, Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев алып шығады. Токиоға көк байрағымызды көтеріп шығатын спортшыға 20 жыл бұрынғы ту ұстаушының жетістігіне жетуін тілейміз.

Олимпиададағы өкініштер

Олимпиадада ел мерейін үстем еткен әр спортшының жетістігіне балаша қуанған кездеріміз де, «әттеген-ай» деп бармақ тістеген кездеріміз де болды. Өкініштен өзегіміз өртенген сәттер де аз болған жоқ. Екі олимпиадада қатарынан финалда сүрінген боксшы Болат Жұмаділовтің тағдырын Әділбек Ниязымбетов қайталады. Дегенмен Болат пен Әділбектің қос-қостан алған күмісі біз үшін алтынмен пара-пар. Атланта олимпиадасының финалында Б.Жұмаділов (51 келі) кубалық Майкро Эусебио Ромеро Эскирольға бір ұпай айырмашылығымен ғана есе жіберсе, Сидней финалында тайландтық Вижан Понлидтен ұтылып қалды. Әділбек те Лондон олимпиадасының финалында – ресейлік Егор Мехонцевтан, Риодағы доданың ақтық сынына кубалық Хулио Сезар Ла Крустан жеңіліс тапты. Балуан Ақжүрек Таңатаровты төрешілердің қарсыласына жығып бергенін көзі қарақты жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Ақтық сынға жолдаманы сарапқа салатын белдесуде отандасымыздың құлағынан тістеген үнді балуанының әрекетіне бей-жай қараған төрешілердің қазылығы әділ болмады. Балуанның өзі де сол сәтті әлі күнге дейін өкінішпен еске алады. Алты дүркін әлем чемпионының жауырынын жер иіскетіп, жүлдеге қол созым жерде жеңіліс тапқан Алмат Кебісбаевқа олимпиада жүлдесі бұйырмағаны өкінішті. 

Токио сапары енді басталады

Санаулы күндерден кейін Токио төрінде төртжылдықтың басты додасы басталады. Әлемнің 205 елінен 12500 қатысушы спорттың 33 түрінен 3339 медальді сарапқа салады. Токио олимпиадасы Қазақстан үшін ең аз жолдама алған олимпиаданың бірі болмақ. Бірақ осы уақытқа дейін спорттың 27 түрінен жолдама алған емеспіз. Атлантада спорттың 15 түрінен 97 жолдама болса, Сиднейде 18 спорт түрінен 104 жолдама болды. Афинадағы додада 18 спорт түрінен 95 жолдама иеленген болсақ, Бейжіңде спорттың 20 түрінен 106 жолдама қоржынымызда болған еді. Лондон мен Риода 20 спорт түрінен 107 және 98 жолдамадан болды. Ал Токиоға Қазақстан құрамасы спорттың 29 түрінен 96 жолдама иеленді. Әдеттегідей ең көп жолдаманы жеңіл атлеттер алған. Олардың еншісінде 12 жолдама бар. Сондай-ақ бокстан – 9, күрес түрлерінен – 11, теннистен – 7, байдарка мен каноэде есуден – 6, дзюдодан 6 жолдама бар. Айтпақшы, олимпиада бағдарламасына жаңадан енген каратэ  спортынан бірден 5 спортшымыз өнер көрсетеді. Одан бөлек, Олимпиада бағдарламасына жаңадан қосылған спорттық құзға өрмелеуден де бір жолдама бар. Сондай-ақ тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша Қазақстан тұңғыш рет олимпиада ойындарына қатысады. Спорттың бұл түрінен еншімізде үш жолдама бар. Араға 20 жыл салып, садақ ату спортынан үш садақшымыз командалық жарыста сынға түседі. Үстел теннисі, таеквондо мен слаломды есу спортынан екі жолдамаға иелік еттік. Өкініштісі, Токио олимпиадасында отандастарымыз бірде-бір эстафеталық сайысқа қатыспайды. Төрткүл дүние көз тігетін Токио олимпиадасында сынға түсетін спортшыларымызға топ жаруын тілейміз. 

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2021

592 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы