• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 24 Шілде, 2021

Қазақпыз ғой...

«Әлхамдулилла, мұсылманбыз». ХХ ғасыр басында Әлихан айтқан сөз бұл. «Қазақпыз ғой». Бұл – ХХІ ғасырда кез келген қазақ айтатын сөз. Екі түрлі жағдайда қолданылады. Ойға алған жұмысты олпы-солпы жасағанда және жан қысылып, өзге қазаққа күнің түскенде. Екі жағдайда да ақталу секілді көрінеді. Бірақ...

Бірінші жағдай. Шақырылған жерге кешігіп барғанда «қазақпыз ғой» дейміз. Бір құрылысты бастап, соңына дейін бітірмей немесе қалай болса солай жасай салып, төрт-бес қадам артқа шегініп қарап тұрамыз да: «Қазақпыз ғой, бізге болады», – деп шырт түкіріп, қолымызды бір сілтейміз. Құдалық, той-томалақтарда өзіміз мәнін ұмытқан, тіпті ойдан шығарылған ырымтыйымдардың бәрін жасап, сол түсініксіздіктен өзіміз шаршап: «Осылардың бәрінің не керегі бар?» – деп әңгіме бастаймыз. Сол әңгіме сыннан басталып, «қазақпыз ғой» енді деген сөзбен, көндігумен аяқталады.

Осы жағдайларға орай қарағанда, «қазақпыз ғой» деген сөз көндігудің синонимі іспетті. Ескірген жөн-жоралғыларға ғана емес, нашар, көріксіз һәм сүреңсіз өмірге көндігудей көрінеді. Екінші жағдай. Базарда, жол патрульдік қызметкерінің алдында немесе тағы да сол сияқты қазақтың қазаққа ісі түскен сәтте тірлік оң біту үшін «қазақпыз ғой» дейміз. Одан мейірім, шапағат күтіп, туыстығымызды алға тартамыз.

Екі түрлі жағдайда айтылатын осы бір екі ауыз сөздің астарында бар қазақтың қасіреті жатқандай көрінеді. Бірінші жағдайда өзімізді өзіміз көріксіздік пен сүреңсіздікке қиюымыз – қазақтың қанша жыл езгіде болғанынан. Екінші сортты ұлт болғанынан. Өз жерінде некесіз туған баладай қымсынуынан туындаған сыңайлы. «Бәйбіше баласынан» артылғанына күн көріп, өзімізді сол орында лайық санадық. Бұл – ұлттың басындағы психологиялық жара. «Сендерге осы да болады» деген сыртқы өктем үн мен қазақы қанағаттың қосындысынан туған көнбістік «қазақпыз ғой» деген сөзді бірінші жағдайда айтуға бастайды.

Екінші жағдайда туыстық, жақындығымызды алға тартамыз. Бұл – 70 жылдың ғана емес, тұтас бодандыққа бас сұққан кезеңнің арқасы. Сол замандардан-ақ қазаққа «сексеуілді сексеуілге ұрып сындыру» әдісі қолданылды. Бір-біріне жау қылды. Сол жаулық алауыздыққа ұласып, репрессияда қаншама ұлт қаймақтарынан айрылдық. Яки сыртымыздан біреу бақылап тұрған замандарда қазақ қазаққа мейірім танытпады. Бүгінде сол тарихи шөл, мейірім шөлі бізді мазалайтындай. Бала жасында балмұздаққа қанбаған адамның өмір бойғы «мұз сүтке» деген махаббатындай бұл сезім. Яки екінші жағдайда айтылатын «қазақпыз ғой» деген сөз халқымыздың өз қандасының мейіріміне шөлдегенінен айтылады. Қорыта келгенде, қазақ – өз бағасын өзі ұмытуға шақ қалып, бір-бірінің мейіріміне шөлдеген, өзіне өзге ұлттың жаны ашымайтынына әбден көзі жеткен халық.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2021

318 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы