• Спорт жұлдыздары
  • 09 Тамыз, 2021

Мың өкініш, бір үміт

Талай жылдан бері төрткүл дүние жұртшылығын теңдессіз өнерімен тамсандырып жүрген спортшылардың барлығы да Токио төрінде бас қосып, олимпиада үздіктерін анықтады. Журналымыздың осы саны өндіріске кеткенше, яғни Токио олимпиадасының екі аптасында қазақстандық спортшылар алтынға қол соза алған жоқ. Өкінішке қарай, Қазақстан үшін бұл ең сәтсіз Олимпиаданың бірі болды. 

Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы үш күн бойы медаль түсті. Қола медаль еншілеген Елдос Сметов алғашқы жарыс күнінде-ақ жүлде алған 20 елдің қатарына кіргізді. Жарысты екінші айналымнан бастаған Сметов түркиялық Михраш Аққұсты таза жеңсе, ширек финалда байырғы қарсыласы Ким Уон Жиннің сілікпесін шығарды. Бірақ ақтық белдесу үшін айқаста талай додада есесі кеткен Наохиса Такатоның осал тұсын таба алмады. 14 минут белдескен қос мықты бірін-бірі ала алмай, ақыры отандасымыздың қателігін қарсыласы «алтын ұпайда» ұтымды пайдаланып кетті. «Риодағы күмісті Токионың алтынына алмастырсам» деген Елдостың арманы орындалмады. Дегенмен қола жүлде үшін белдесуде ол нидерландылық Торнике Тсакодеаның мысын басып, екі олимпиадада жүлдеге қол жеткізген тұңғыш дзюдошы ретінде тарихқа енді. «Токиоға алтын үшін келгенмін, бірақ бұйырғаны қола болды. 2024 жылғы олимпиадаға бара аламын ба, бара алмаймын ба, көреміз» деп сұқбат та берді. Парижде өтетін дүбірлі дода кезінде 31 жаста болатын Елдостың әлі де бір қағары бар екені анық. Не болса да, әліптің артын бағайық, бәлкім, Париж төрінде топ жаратын шығар. Өкінішке қарай, қалған дзюдошыларымыз ширек финалдан аса алмай, олимпиаданы сәтсіз аяқтады.

Бақыт Ахметов бастаған ауыр атлеттеріміз артқан үмітті ақтады. Жарыстың екінші күнінде сынға түскен Игорь Сон күтпеген жерден қолаға қол жеткізді. 61 келіге жаңа ауысқан саңлақ  жұлқа көтеруде 131 келіні еңсеріп, серпе көтеруде 163 келіні бағындырды. Игорьдың бірнеше мүмкіндігін есепке алмаған төрешілер жанкүйерлердің жүрегіне күмән ұялатты. Қарсыластарының сәтсіздігі қазақстандық атлеттің үздік үштікке ілінуіне мүмкіндік берді. Қоссайыс нәтижесі бойынша 294 келіні бағындырған отандасымыз қола жүлде алып қана қоймай, жеке рекордын да жаңартты. Сон 2024 жылғы олимпиадаға тыңғылықты дайындалып, физикалық мүмкіндігін арттырса, топ жаруы да ғажап емес. Екінші ауыр атлет Зүлфия Чиншанло да үздік үштіктен көрініп, құрама қоржынына үшінші жүлде салды. 2014 жылдан бері ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмай жүрген Зүлфия үшін қола жүлденің өзі үлкен жетістік болды. 55 келіде өнер көрсеткен отандасымыз жұлқа көтеруде – 90 келіні, серпе көтеруде 213 келіні бағындырды. Қоссайыс нәтижесі бойынша алдына филиппиндік Хидилин Диас пен қытайлық Ляо Цюнді жіберді.

ЕЛЕНАНЫҢ ЕРЛІГІ

2018 жылы Ресейден Қазақстанға қоныс аударған теннисші Елена Рыбакина Токио төрінде талайды тамсандырды. Әлемнің 20-ракеткасы алғашқы кезеңде Австралия өкілі Саманта Стосурды екі сетте  6:4, 6:2 есебімен жеңсе, екінші айналымда швециялық Ребекка Петерсонды да екі сетте ұтты. Үшінші кездесуінде әлемнің экс-бірінші ракеткасы хорват Донна Векичтан 7:6, 6:4 есебімен басым түсіп,  ширек финалда әлемнің 9 ракеткасы испан қызы Гарбине Мугурусадан 7:5, 6:1 есебімен басым түсті. Осылайша, Елена Қазақстан тарихында теннистен олимпиаданың жартылай финалына шыққан алғашқы спортшы атанды. Қазақстандық теннисшілер осы уақытқа дейін медаль емес, олимпиада ойындарының жартылай финалына да жетпеген болатын. 2 сағат, 48 минутқа созылған жартылай финалдағы тартысқа толы өткен кездесуде Рыбакина әлемнің 12-ракеткасы швейцариялық Белинда Бенчичтің осал тұсын таба алмады. Ал кіші финалда әлемнің 6-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаға қарсы ойнап, 6:1, 6:7, 4:6 есебімен есе жіберді. Жеңіліп жатып, жарысты жалғастырудан бас тартқан Зарина Дияс, Юлия Путинцеваға қарағанда, Елена жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Жарыстан кейін үлкен тәжірибе жинағанын, Париждегі олимпиадаға қатысқысы келетінін айтты.

Жалпы, Еленаның нәтижесі жылдан жылға жақсарып келеді. 2020 жылы әлемдік WTA рейтингінде 17-орынға көтеріліп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізсе, 2021 жылы атағы жер жаратын Серена Уильямсты ұтқан алғашқы қазақстандық теннисші атанды.  Дәл осы қарқынынан қайтпаса, Парижде де атой салуы мүмкін.

БОКСШЫЛАРДА АЛТЫН ДА, КҮМІС ТЕ ЖОҚ

Шыны керек, Токио төрінен кемі екі алтынмен қайтамыз деп топшылаған едік. Сенім артып, атой салады деген спортшыларымыз үмітті ақтай алмады. АҚШ-тағы Gracenote халықаралық сараптама компаниясы Қазақстан Токио олимпиадасында жалпы 14 медаль, бірақ бір алтын ғана алады деп бағамдаған болатын. Дәл осы сараптама компаниясы боксшы Бекзат Нұрдаулетовты топ жарады деп болжаған. Бірақ Бекзат Екатеринбургтағы әлем чемпионатында жеңген Имам Хатаевтан алғашқы айналымда ұтылды. Боксшыларымыздың барлығы ширек финалдан аса алмады. «Қазақ салмағында» өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов екінші рет олимпиялық ойындардың алғашқы айналымында сүрінсе, Токиода топ жарады деп топшылаған Левит нокаутпен жеңілді. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбекке кәсіпқой бокстағы тәжірибесі де көмектеспеді. Отандасымыз жартылай финалда америкалық былғары қолғап шебері Ричард Торрездің осал тұсын таба алмай, қоланы қанағат тұтты. Әр жекпе-жек сайын қарқынын күшейткен Сәкеннің сойқан соққыларына ешкім шыдас бере алған жоқ. Ақтық айқас үшін сында арыстанша айқасқан отандасымыз төрешілердің құрбаны болды деуге де болады. Тек бірінші раундта нокдаунға жіберген Галал Яфай (Ұлыбритания) екі раунд бойы отандасымыздың тегеурініне төтеп бере алмады. Бірақ бұйырғаны қола жүлде болды. Осылайша, тәуелсіз Қазақстан тарихында боксшыларымыз алғаш рет Олимпиададан алтын жүлдесіз қайтты.

БАЛУАНДАРҒА БІРІНШІ АЙНАЛЫМ ДА МҰҢ

Қазақтың қанына сіңген төл спорт түрі саналатын күрес түрлерінен жеткен жетістіктеріміз көңілді көншітпейді. Атап айтсақ, міне, Жақсылық Үшкемпіров Олимп шыңын бағындырғанына қырық жылдан астам уақытқа таяды. Сол Мәскеу олимпиадасынан кейін қазақ балуандары алтын тұғырға әлі көтерілген жоқ. Атланта олимпиадасындағы Юрий Мельниченконың алтыны мен Бейжіңдегі Нұрбақыт Теңізбаевтың күмісінен басқа жүлде жоқ. Токио төрінде белдескен грек-рим балуандары алғашқы айналымнан аса алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Мейрамбек Айнағұлов 60 келіде қырғыз балуаны Жоламан Шершенбековтен айқын басымдықпен ұтылса, 77 келідегі Демеу Жадыраев жеңіп тұрған жерінен жапон балуанына жол берді. Еркін күрес шеберлерінен Нұрислам Санаев жартылай финалға дейін жетіп, 9:2 есебімен ұтып тұрып, таза жеңіліп қалды. Дегенмен қола жүлде үшін белдесуде болгар балуаны Георгий Вангеловтан басым түсті. Каратеден Дарқан Асаділов айды аспанға шығарып, сенсация жасай ма деп күттік. Дегенмен Дарқанға да Токио шыңын бағындыру бұйырмады. Жартылай финалға дейін қарсыластарын қоғадай жапырған отандасымыз француз Стивен да Костадан 2:5 есебімен ұтылып, қола жүлдені місе тұтты. 

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2021

672 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы