• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 13 Тамыз, 2021

Жас отбасы қалай баспаналы бола алады?

Үйлену оңай, үй болу қиын» делік. Осыған тағы бір сөзді жалғауға болар. «Үйлі болу одан да қиын» десек ше? Айналаңызға көз жіберсеңіз, көпшіліктің айтатыны – баспана жыры. Мемлекеттік бағдарламаның түр-түрі бар. Одан қалса, банктердің жеке бағдарламалары да жоқ емес. Ендеше, баспаналы болу үшін неге ондаған жыл керек? Қай жол тиімді? Еліміздің әр өңірінде жуырда ғана баспаналы болған жас отбасылардың пікірін білдік. Олардың әрқайсысының әңгімесі замандастарына бағыт-бағдар береді деген ойдамыз. Қайсысы тиімді екенін оқырман өзі бағамдай жатар...

1-жол: Банк бағдарламасы

Елімізде қанша банк болса, соның әрбірінің баспанаға арналған бағдарламасы бар. Олардың бір-бірінен айырмашылығы – пайыздық мөлшердің әртүрлілігі. Отбасын құра салып, баспаналы болуға қамданған Жанасыл СЕРІКБОЛ солардың біріне жүгініпті.

– «Баспана хит» бағдарламасы арқылы Павлодар қаласынан үйлі болдым. Бағдарламаны екінші деңгейлі банктер іске асыратындықтан, өзге бағдарламаларға қарағанда талаптары жеңілірек деп айтуға болатын сияқты. Әрине, пайыздық көрсеткіші «Отбасы банкінің» бағдарламаларына қарағанда жоғары – жылына 10,8%. Десе де екінші нарықтағы үйлермен келісіп, үй бағасының алғашқы 20%-ын төлеп, екі аптаның ішінде қоныс тойын жасауыңызға болады. Ең бастысы, ай сайынғы төлемге айлығыңыз сай келсе болды. Отбасылық табысыңыз ай сайынғы төлемнен мейлінше асып тұрса болғаны. Үй бағасының бастапқы 20%-ы (кем дегенде) не болмаса одан да жоғары пайызын төлеген соң, қалған соманы жылына 10,8% мөлшерлемемен 15 жылға дейін рәсімдей аласыз.  Табысыңызды растайтын анықтаманы банкке өткізген соң, әрмен қарай сатып алу келісімшартын жасай беруге болады. Айтпақшы, өзге банктерде несиеңіз болмауы керек. 

Тағы бір артықшылығы – үш жыл бойы есеп ашып, оған тұрақты түрде ақша салып отырғаныңыз сұралмайды. Сұрайтыны – бастапқы 20%. Сатып алу келісімшартынан соң үй сіздің иелік құқыңызға өтеді, алайда сатып алу келісімшартының түпнұсқасы банкте кепілде тұрады. Бағдарлама қатысушы банктер – «Халық банкі» мен «Ресей жинақ банкі».

2-жол: Мемлекет бағдарламасы

Мемлекеттік бағдарламалар көп емес. Олардың басты ерекшелігі – ең төменгі пайызды ұсынады. Әдетте мемлекеттік бағдарламалар белгілі бір сала мамандарына ғана жеңілдік ұсынады. Мысалы, «Елорда жастары», «Алматы жастары» және «Шымкент жастары» бағдарламасы соңғы екі жылда біраз адамды баспанамен қамтыды. Бір жылда 1000 адамға дейін жолдама ұсынады. Солардың бірі журналист – Аңсаған ТӨРЕГЕЛДІ. Ол екі жыл бұрын отбасын құрыпты.

– «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы биыл үйлі болдым. Бұл бағдарламаға былтыр құжат тапсырып, бағымды сынағанмын. Бірақ кезекте тұрып қалдым да, жолдама биыл ғана бұйырды. Былтыр құжатты ертерек тапсырғанымда ғой деген өкініш бар. Себебі достарымның біразы былтыр үйлі болды. Ал ол кезде үйдің бағасы едәуір арзан еді. Мысалы, олар 1 бөлмелі үйді 13 миллион теңгеге алды. Ал биыл оның бағасы 18-19 миллионға бір-ақ жетті. Амал жоқ, осы бағаға алдым. 

Бағдарламаның пайыздық мөлшері – 5%. Бұл – Қазақстанда баспана алудың ең төменгі пайызы. Сол үшін де осыған құжат тапсырдым. Бұлай жүре берсем, үйдің бағасы тұрақты болмайтынын, жыл сайын қымбаттай беретінін түсіндім. Университет бітіргеніме 6 жыл бопты. Яғни 6 жыл бойы пәтерден-пәтерге көшіп жүрдім. Тапқан табысымның көбі пәтерақыға кетеді. Ал осы бағдарлама арқылы үйлі болсам, табысымды өз үйіме жұмсайтынымды, 14 жылдан соң үй өз атымда қалатынын ұқтым. Қарапайым дүние болса да мұның тиімді екенін кеш түсіндім. Бұл бағдарлама Нұр-Сұлтан және Шымкент қаласының жастарына да арналған. Жасыңыз 35-ке толмаған болса, журналистика, білім, спорт, медицина, мәдениет, құқық қорғау саласына қатысыңыз болса, құжат тапсыра аласыз. Тиімді тұсын замандастарыма түсіндіре алдым деп ойлаймын.

3-жол: Өз үйіңді өзің тұрғыз!

Бұл жолдың жас отбасы үшін қиындығы көп. Әдетте қалада тұратын жандар жас кезде көпқабатты үйді қолайлы көріп, орта жасқа жеткенде ғана үй салуды мақсат етеді. Бірақ жас ғалым Бағжан ТӘУКЕБАЙ тәуекел жасапты.

– Үйленген соң келесі жылы балалы болғанда – балам мектепке барғанша баспаналы болуым керек деген мақсат болды. Өйткені бала өз үйінен шығып сабаққа баруы керек. Кейін пәтерден-пәтерге көшсең, мектеп ауыстырып, ортасы ауысып, балаға қиын болады деп ойладым. Содан үш жылдай уақыт өте шықты. Жиған ақшама қарасам, Алматы іргесіндегі ауылдардың бірінен жер алуға жетеқабыл. Алдымда екі таңдау тұрды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ақша салып, ипотекаға үй алу. Басында екіұдай халде жүргендей болдым. Тіпті, бірде депозит ашып, бір айға жетпей ақшамды қайта шешіп алдым. Өйткені ипотекаға үй алсаң, бір, ары кетсе екі бөлмелі үй аласың. Ауылда өскен мен үшін екі бөлме тарлық ететіндей көрінді. Оның үстіне жер үйде тұрғым келді. Ипотекаға үйді он жылдан арыға аласың. Он жылда ол ақшаны қалай төлеймін? Жұмысым болмай қалса ше? Он жыл өте шығады дегенімізбен, мұнша уақыт ақша төлеп тұру психологиялық тұрғыда маған ауыр болатындай сезілді. Оған қоса, пайыздық үстемесі бар. Бес пайыз болса да, пайыз ғой. Жер алып, үй салуға мүмкіндік болды. Ағаларым, әке-шешем бұрын да үй салған. Солардың тәжірибесі әрі көмегі тиетінін білдім.

Ақыры Талғар ауданынан жер алдым. Жерге жетпей тұрған арғы жағындағы кішкене бөлікті әкем төлеп берді. Бірінші жылы солай жер алып қойдым. Екінші жылы жиған-тергенмен үйді бастап кеттік. Оған ағамның көмегі көп тиді. Өзі бастан-аяқ жүгірді. Іргетасын құйып, қабырғасын көтеріп, шатырын жауып қойдық. Шатырының ағашын да ағам алып беріп, көмек жасады. Тағы да азын-аулақ көмектесті. Енді келер жылға ішкі жұмыстарына қаражат жинау керек болды.

Өзім жазумен айналысатындықтан, бір бәйгеге қатыстым. Оның жүлдесі 1,5 миллион теңге еді. Бәйге бұйырды. Одан бөлек бір кітаптың тапсырысын алып, оны да сол шамадағы ақшаға жаздым. Қолыңнан келетін кәсіппен ақша табу керек. Одан кейін әкем де үлкен қаржылық көмек көрсетті. Ақыры ұсталар жалдап, солар үйдің ішкі жұмыстарын істеп берді.

Бұл жерде тәуекел керек. Үй бастаған адамға Алла өзі көмектеседі. Ойламаған жерден табыстар келді. Ойламаған адамдар қол ұшын созды. Он жылда екі бөлменің ипотекасын төлегенше, сол уақыт ішінде үлкен үйімнің ауы мен бауын түгендеп, реттеп қалармын деген ой болды. Ыңғайы келсе, сәті түссе, он жылға жеткізбей де реттеп аласың ғой.

Мен жастарға үй салудан қорықпаңдар дер едім. Алматыға жарты сағатта жетуге болатын маңайдан жер алып, жыл сайын жоспарлы түрде әр жұмысын бітіріп отырса, 3-4 жылда үйлі болып шыға келесің. Қазақтың бауырды тастамайтын, баласын ойлайтын қасиеті үнемі алдыңнан шығады. 
Ішкі жұмыстарды ерте көктемде бастадым. Жаппай құрылыс басталмай тұрып, материал аса қымбаттамайды деп ойладым. Бірақ карантинге байланысты қыста баға түспеген. Көктемде де арзан болған жоқ. Бірақ жазда одан да қымбаттап кетті. Сондықтан ерте бастағаным дұрыс болған сияқты. 

Әркімге несібе әрқалай бұйырады. Менің үй салғаным біреуге үлгі бола алмайды. Бірақ менің ойым біреудің кәдесіне жарауы мүмкін. Барынша несиеге жоламауға тырысу керек. Он жыл, он бес жыл үкіметтің бағдарламасымен алған үйді төлегенше, жер алып, үй салған ыңғайлы деп ойлаймын. Үкіметтік бағдарламалардың пайызы жоғары әрі жылы ұзақ. Маған осы жол ыңғайлы көрінді. Таңдауым осы болды. Менен басқа да жігіттерге баспана алудың жеңілдігін тілеймін.

4-жол. Орайын күту

Әрине, мұны баспаналы болудың бір жолы дей алмаймыз. Дегенмен баспанаға қолы жетпеген жас отбасының да пікірі маңызды. Алматы қаласының тұрғыны, жас мұғалім Мұхит МҰХАМЕТКЕРІМНІҢ пікіріне де құлақ түргеніміз жөн.

– Біздің елімізде жас отбасылардың,  жалпы жастардың баспаналы болуы шешімін таппаған үлкен мәселе болып тұр. Студент кезімізде алған стипендия түкке жетпейтіні бесенеден белгілі,  ақша жинау туралы айтудың өзі ұят.  Оқуды бітіріп,  жұмысқа тұрғанда ең алғашқы жылдары 80-90 мың теңге алдым. Пәтерге 30-40 мың беремін. Киетін киім,  ішер ас пен жол ақысы,  жүріс-тұрыстың шығынын қалған ақшамен толтыру қиын.  Сол себепті үйге ақша жинауға мүмкіндік болмады. «Отбасы» банкіне барып,  түрлі бағдарламалар туралы ақпарат алдым.  «Жас отбасы», «Бақытты отбасы»,  «Әскери баспана», «Баспана хит», «5-10-20»,  «7-20-25» сынды түрлі мемлекеттік бағдарламалармен танысқаныммен,  олардың ешқайсысы оң жамбасқа келмеді.  Пәтер бағасы ай,  жыл сайын артып,  қымбаттай берді.  Пәтер алу үшін кем дегенде 4-5 миллион ақшаң болуы керек екен. Айлық күнделікті күнкөрістің қамынан артылмай тұрғанда,  ай сайын жүз мыңдап ақша салып,  баспаналы болу мүмкін емес. Пәтердің шаршы метрі 500-600 мың теңгеге дейін өскеніне қарасақ,  жас отбасылардың пәтер алып,  өз алдына баспаналы болуына біздің елімізде әзірге жағдай жасалмаған.

Дайындаған 
Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2021

379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы