• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Тамыз, 2021

Геологты іздеу

Ол 1967 жылы геологиялық картаны, 1972 жылы тектоникалық картаны, 1989 жылы Қазақстанмен көршілес республикалардағы қазба байлығының картасын жасады. Одан бөлек 1995 жылы Қазақстанның әкімшілік-аумақтық картасын, сәл кейінірек 14 облыстың әкімшілік-аумақтық картасын қазақ тілінде жасап шығарды. Мұндай картаны, осынша еңбекті қандай адам жасауы мүмкін? Әлбетте, осынша жерді бес саусағындай білетін адам ғана жасайды. Ол – Молдияр Серікбаев.

Осы ойын іске асыру үшін ол Қазақстан жерінің жартысынан көбін жаяу аралапты. Жер аумағы жөнінен әлемде 9-орын алатын елді жаяу аралау – әрі қиын, әрі бақыт. Ал оған бұл жұмысы көбірек қуаныш сыйлады. Геологиядағы еңбегі жөнінде әріптесі сыр шертеді.

Ақылбек ЖҮНІСОВ, Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылыми зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, зейнеткер:

Академиктердің өзі Молдиярдан сұрайтын

– Молдиярдың геология саласындағы үлкен еңбегі 1968 жылы шыққан «Қазақ КСР-ның геологиялық картасынан» басталады. Ол 1,5 миллиондық масштабта жасалған карта болатын. Авторы – геологияға үлкен еңбегі сіңген В.Беспалов деген азамат. Молдияр сол Беспаловтың жанында жүріп, Қазақстан жерін түгелдей өз аяғымен аралап, карта жасауға атсалысты. Бірақ картада ол жайында бірауыз сөз жоқ. Себебі ол кездегі жағдай сондай болатын. Екіншіден, Молдекең ешқандай кандидаттық диссертация қорғамады. Бұл бағытта жұмыс істеген жоқ. Міне, сол геологиялық картаның 40-50 пайызы сол кісінің еңбегі десек қателеспейміз. 

Одан кейін «Қазақстанның геоморфологиялық картасы» деген карта болды. Сол картаны жасауда да айрықша еңбек етті. Қазақстанның оңтүстік-шығыс, оңтүстік аймақтарын геологиялық картаға түсіруде Молдекең үлкен еңбек сіңірген. Біз бір кездері Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтында бірге жұмыс істедік. Сол кезде экспедицияларға шығып, карта жасап жүргенін көзіміз көрді. Картаны жасаудың өзі бір машақат, оны басып шығару да қиын болатын. Картографиялық фабрика қазір де жоқ. Молдекең оны Ташкент қаласынан шығарып келетін. 

Молдекеңнің тағы бір еңбегі – картадағы жер атауларын қазақша атау. Яғни әрбір жердің атауында сыр жатқанын білетін. Мысалы, Қаратас деген жер атауы темірмен, кен орындарымен байланысты болуы мүмкін дейтін. Ақтас деген жерде кварц бар, ол бар жерде көбіне алтын болады дейтін. Қайталап айту керек, кемшілігі дейміз бе – ол кісі ғылыми еңбектерді көп жазған жоқ. Көбіне көмекші ретінде қызмет етті. Бірақ Қазақстан аумағы бойынша геологияны маңдайы кереқарыс академиктерден кем білген жоқ. Өйткені олардың көбі Молдекеңнен сұрайтын. Қазба байлықтарды іздеумен емес, соған апаратын карта жасау жұмысымен айналысты. Геологиялық карта – қазба байлықтарды іздеудің ең негізгісі. 

Бар білетінін бұқпай, үнемі айтып жүретін. Ешкімнен ештеңе қызғанып қалмайтын. Ол кісінің бір арманы – геологиялық карталарды қазақ тілінде шығару еді. Ол арманы әлі күнге орындалған жоқ. 1995 жылы шыққан картада «Қазақстанның геологиялық картасы» деген ғана қазақша жазу бар, басқа бір ауыз қазақша жоқ. Мен білетін арманы осы болатын.

Молдияр Серікбаевтың геология, картография саласынан бөлек, қазақ руханиятына да сіңірген еңбегі орасан. Жер атауларының көбіне тарихи атауының берілуін үнемі айтып, басылым беттеріне жиі жариялап отырды. Мысалы, Медеу шатқалы кеңес өкіметі кезінде «Медео» деп жазылып, айтылып жүріпті. Ақсақалдың тынымсыз еңбегінің арқасында дұрысталған. Ал бірнеше рет ескертіп, тиісті орындарға жазып кеткен тағы бір атау – Шымбұлақ емес, Шыңбұлақ екені. Құмбел емес, Күнбел екені де жиі жазған. «Шымбұлақ деп атау өрескел қате. Өйткені бұл «Шыңдағы бұлақ» дегенді білдіреді. Биік тау басында шым да, құм да болмайды. Ау, тау биік ұшты шым болса, олар төмен қарай сырғып кетпей ме?» деп жазған екен.

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

Шерхан Мұртазаға Тұрар Рысқұлов туралы архив деректерін тауып берді

– Молдияр Серікбаев Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Жаңаталап ауылында – бұрынғы Бүйрекбастауда туған. Өте мемлекетшіл, халықшыл, патриот, туған жерін сүйетін жан болатын. Мамандығы геолог болса да, басқа салада да көп еңбек сіңірді. Оның ішінде ономастика мәселесінде, географиялық тарихи атауларды қайтаруда еңбегі зор. Ол кісінің айтқан ұсыныстары біздің облыс көлемінде көп мақұлданды. Аудандық, облыстық әкімшіліктерге үнемі хат жазып, тыным таппайтын. Кейбіреулер Молдекеңді жақтырмады, бірақ сонда да алған бетінен қайтпады.

Молдияр ағаның тағы бір еңбегі – мұрағаттардан Тұрар Рысқұлов, басқа да ардақтылар туралы материалдарды тапты. Оны өзі пайдаланбай, ақын-жазушыларға, тарихшыларға ұсынды. Оның ешқайсысын міндет қылған жоқ. Мысалы, Шерхан Мұртазаның Тұрар Рысқұлов туралы бес кітабына да материалды Молдекең молынан берді. Ускинов деген мәскеулік ғалым болды. Ол Тұрар Рысқұлов туралы 4 кітап шығарған. Сол кісімен де тығыз байланыста болып, материалдар алмасты.  

Өзім облыстық Тіл басқармасында 1993-1998 жылдары, кейін 2005-2008 жылдары басшылықта отырғанымда, маған да тыным бермейтін. «Анау жердің атауы былай болу керек, мына жер олай болу керек» деп хат жазып жататын. Өмірінің соңына дейін осындай мәселелермен айналысты. Бір өзі бір ғылыми институттың жұмысын атқарды. Әлкей Марғұлан, Қайым Мұхамедханов, Мекемтас Мырзахметов, Оразақ Смағұлов сияқты тұлғалардың сортындағы адам еді. Павлодар, Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарында ономастика мәселесінің баяу жүретінін айтып, қынжылып жүретін. Атақ-мансап қуған жоқ, еңбегін тек халыққа жұмсады. Ұсынысы өтсе, соған қуанып жүре беретін.

Ақсақалдың көзі тірісінде журналистер қауымымен жиі байланыста болғаны байқалады. Қай редакцияға болсын бас сұғып, қолдағы бар деректі ұсынып отырған.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, «Қазақ дәуірі» газетінің бас редакторы, журналист:

Асқақ арманы орындалған жоқ

Елі үшін жасаған игі істері таудай, ал өздері жусаннан аласа, бетегеден биік болып жүретін қарапайым адамдар, ұлы жандар қазақта баршылық. Бір ғажабы, олар өз басының жеке жағдайын ешқашан күйттеген емес. Олардың ұлы істері көзі тірісінде еленген емес. Тіпті бір сұмдығы,  олардың көздерін ала беріп, таудай-таудай еңбектерін күшігендей пайдаланып кететіндер де болмай қалған жоқ. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Молдияр Серікбаев ағамызға көзі тірісінде бұл жөнінде ескерткенімізде, ол кісі: «Мейлі, пайдалансын! Егер ол істер ұлтымыздың көсегесін көгертіп жатса құба-құп!» деп жайбарақат жауап беретін. 

«Ұлттық карта жасаймын» деп өле-өлгенше басын тауға да, тасқа да соғып өткен Молдияр ағамыздың арманы орындалмады десе де болады. Ол картаның қалай жасалатыны туралы Молдияр ағамызбен талай-талай сұқбаттар жасадық. Тіпті «Ана тілі» газетінде циклды сұқбаттар жасап, жан-жақты әңгімеледік, мемлекетке талаптар қойдық. Шынында да біздің зор кемшілігіміз – жоғарыда айтқанымыздай, ұлттық мәселелерде батыл әрекеттерге бара бермейміз. Молдияр ағамызды көзі тірісінде негізінен қолдаған – журналистер қауымы. Геолог ағамыздың бармаған жері, баспаған тауы жоқ десе де болады. Көбіне ол кісі ерінбей, әр тастан, әр уыс топырақтан сыр іздеп, жаяу-жалпылап жүргенді жаны сүйетін. Мен Молдияр ағаммен екі мәрте автошеруде болдым. Автобуспен қазақтың ұлан-ғайыр жерін, сондай-ақ қазақтың ізі жатқан шекаралас жатқан мемлекеттерді айлап араладық. Еңбекқор жан еді. Ұлттық жер атауларын өте жақсы әрі жатқа білетін. Олардың бәрін өзі жасаған ұлттық карталарына ерінбей салып, дайындап кетті. Карталардың бірнешеуін «Ана тілі» газетінде, қазір өзім істеп жүрген «Қазақстан дәуірі» газетінде (бұрынғы «Қазақстан-Zaman») жарияладық. Өкінішке қарай, қазір ол карталар жасалынбаған күйі шаң басып жатыр.

Иә, Молдияр ағамыз қазақ баспасөзімен қоян-қолтық жұмыс істеді. Күн сайын ағамыз редакцияларды ерінбей-жалықпай аралап, газет-журнал жинайтын, оқитын. Талай жер атаулары ұлттық мүдде тұрғысындағы мәселелер өкіметке, парламентке қардай боратып жазған хаттарынан кейін жаңғырып, жаңарды. Ал ұлттық карта жөніндегі ағаның асқақ арманы әлі де жүзеге асқан жоқ. Кейінгі ұрпақ біз жасай алмаған осы көкейтесті мәселені іске асырады деп сенеміз. 

Алдымызда Молдияр Серікбаевтың әр жылдары баспасөзде жарияланған мақалалары, сұқбаттары жайылып жатыр. Бәрі де қызықты, бәрі де деректі. Карта туралы сөйлегенде тарихты тірілтеді. Ал осылардың бәрін бір жерге жинақтап, кітап қылып шығарса ше? Сөз жоқ, бұл үлкен мұра болар еді. Бірақ Молдияр Серікбаевтың іздеушісі жоқ...

Дайындаған 
Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2021

913 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы