• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Тамыз, 2021

Мирас ЖАҚЫП, дубляж актері: Көпшілік түрімізді танымаса да, үнімізді таниды

Кейбір киносериал-дардың дыбысталуын қарасаңыз, ана тілімізде сөйлеп тұрған қазақ па деп қаласыз. Иә, кейіпкердің эмоциясын, көңіл күйін дыбыстап, дәл беру де – өнер. Мұны көрермен де жоққа шығармасы анық. Көпшіліктің құлағына даусы жатталып қалған дубляж актерлері бар. Алайда көбі оның атын білмесе де, естігенде даусын бірден танып жатады. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының дубляж актері Мирас Жақып «Ақ желкеннің» оқырмандарына қиын да қызығы мол дубляж саласы туралы аз-кем әңгімелеп берді. Айтпақшы, ол жақында ғана арнадан көрсетілген «Ахмет Ясауи» телехикаясында басты кейіпкерді дыбыстайды.

– Көрерменнің көпшілігі небір сериалдар мен фильмдерді біледі де, оны ана тілімізде дыбыстаған мамандарды біле бермейді. Жалпы, дубляж саласына қалай келдіңіз? Оны арнайы оқу қажет пе?

– Дубляжда жүрген қыз-жігіттердің 99%-ы – актер мамандығын бітіргендер. Мен де Алматыда театр және кино актері мамандығын бітірдім. Оқу бітірген соң бір жыл бойы Ж.Аймауытов атындағы Павлодар музыкалық драма театрында, одан кейін Алматыда Б.Омаров атындағы драма театрында қызмет істедім. 2010 жылдан бері Qazaqstan ұлттық арнасында дубляж актері болып жұмыс істеймін. Өкінішке қарай, бізде арнайы дубляж мамандарын дайындайтын оқу орны жоқ. Дубляж саласында жүргеннің бәрі – актерлер. Бірде «Алматыда, ұлттық арнада кастинг жүріп жатыр» дегенді естідім. Сөйтіп кастингке қатысып, жұмысқа орналастым. Тоқтарбек Қамшыбай, Шәрипа Сақтаған сынды белгілі режиссерлерден дубляжды үйреніп, бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатырмын.
Көпшілік түрімізді танымаса да, үнімізді танып, таңғалып жатады. «Таңшолпан» сынды бағдарламаларға да қонақ ретінде шақырады. Бірнеше бағдарламада дубляж саласының маманы ретінде қонақта болдым. 

– Шетелдік сериалдарды дыбыстап жүрсіз. Көрерменге қызық шығар, дубляж процесі қалай жүреді? Бір сериалдың дыбысталуына қанша уақыт кетеді? Қалай дайындаласыз?

– Дубляж  – өте қызық жұмыс. Бірақ жеңіл, оңай жұмыс деп айтуға болмайды. Себебі, біріншіден – алдыңыздағы мәтінді жаңылмай оқу, екіншіден – видеоға қарап үлгеріп отыру, үшіншіден – құлаққаптан келіп тұрған дыбысты тыңдау, төртіншіден – жай ғана оқымай, дауысты құбылту керек. Оқып жатқан кейіпкеріңіз бір-бірімен сөйлесіп қалғанда, үш дауысты бірінен кейін бірін құбылтып, жаңылмай салу қажет. Бесіншіден – жай құбылтып қана қоймай, әртүрлі образда беруіңіз керек. Кейіпкерлердің мінезі әртүрлі болады. Мысалы, біреуі көңілді сөйлеп тұрады, біреуі ашуланып тұрады. Соның бәрін бір уақытта салып отыру үлкен шеберлікті қажет етеді. Театрда істейтін актерлер дубляжға келеді, бірақ соның бәрі дубляжды сәтті алып кетеді деу қиын. Дубляж саласына келіп, бұл іс қиын екен деп кеткен актер өте көп кездескен. 

Синхрон деген дүние бар. Әртүрлі шетелдік фильмдерді синхронды түрде дыбыстаймыз. Ол жерде бір кейіпкерді бір актер ғана дыбыстайды. Бастан аяқ әр дыбысын, демалғанын, күлгенін, жылағанын салып отырасыз. Ол кезде бір фильмге бір айға дейін уақыт кетуі мүмкін. Ал күнделікті жүріп жатқан түрік сериалдарына келсек, ол жерде екі жігіт, екі қыз бүкіл сериалдағы кейіпкерлерді бөліп алып оқып шығамыз. Жоқ дегенде бір адамға бес-алты кейіпкерден келеді. Оның екі-үшеуі міндетті түрде бір-бірімен сөйлеседі. Сонда дауысты құбылтып, образын ашамыз. Бұл – тәжірибемен келетін машық. Жаңадан дубляжға келген актерге бірден бұлай істеу қиынға соғады. Мұны войсовер деп атайды. Мұнда сіз тек қана кейіпкердің сөйлегенін салып отырасыз. Эмоциясын, басқасын дыбыстамайсыз. Кейіпкер сөйлегенде бастап, сөйлемін аяқтағанда бірге аяқтауыңыз керек. Войсоверде бір серияны дыбыстауға бір сағаттай уақыт кетеді. Сонда біз түске дейін үш-төрт, түстен кейін үш-төрт серия, жалпы бір күнде жеті-сегіз серияны дыбыстаймыз. Синхрон мен войсовердің айырмашылығы осында.

– Дауыс күтіміне қаншалықты мән бересіз? Арнайы техникасы бар ма?

– Дауыс күтіміне соншалықты мән беремін деп айта алмаймын. Алайда өте суық су ішпеуге тырысамын. Өйткені күнде таңертең дыбыс жазуға отыратындықтан, барынша сақтанып жүруге тура келеді. Ал былай арнайы техникасын жасап көрмеппін.

– Бізде түрлі спорттық жарыстарды жүргізетін комментаторларға көрермен тарапынан сын айтылып жатады. Сіздерге сын айтатындар бар ма? Сонымен бірге, өзіңіз дыбыстаған фильм-сериалдардың ішінен көңіліңізден шықпағаны болды ма?

– Әрине, бізге де сын айтылады. Оның бәрін әлеуметтік желілерден көріп отырамыз. Былай да айтатындар бар. Көбіне сын аудармашыларға айтылып жатады. Кей көрермен «неге түрік сериалдарын бере береді?» деп сұрайды. Бұрын үнді-кәріс сериалдарына тиісетін. Қазір оларды ұлттық арна эфирінен алып тастады. Байқасаңыздар, кейінгі уақытта ұлттық арнадан отандық фильмдер, сериалдар көп беріліп жатыр. Сұраныс, рейтинг болғаннан кейін беріліп жатыр деп ойлаймын. Көңілімнен шықпаған рөл болған жоқ. Керісінше, оқыған дүниелерімнің ішінде көрермен тарапынан жақсы пікір айтылғаны – түріктің «Ертұғырыл» сериалы. Жақында ғана «Ахмет Ясауи» сериалында басты кейіпкерді дыбыстадым. Оған да көп жақсы пікір естідім. «Ана», «Қайран күндер», «Шытынаған тағдыр», «Бозторғай» сынды сериалдарға да, шүкір, көрермен тарапынан жақсы пікір айтылды.

– Дубляж саласында бағын сынап көргісі келетіндерге қандай кеңес айтасыз?

– Көп адам дубляжға қалай келсек болады деп сұрап жатады. Әлеуметтік желіде де жастар жазады. Меніңше, ол үшін ең әуелі өнерге жақын болу керек. Қарапайым адамның алып кетуі оңай шаруа емес. Өйткені актерлік өнеріңіз болмаса, образдарды беру қиындау болады. Одан кейін мәтінді жылдам әрі жаңылмай оқуға жаттығу қажет. 

Жазып алған Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2021

946 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы