• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 23 Тамыз, 2021

Әке жолы өмірге бағыт бола ма?

«Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деп бекер айтылмаса керек. Әке жолын қуып, ата кәсібін жалғастырушы жастар жетерлік. Дегенмен бала әке жолын қуа ма, әлде өзі таңдаған жолымен жетіс-тікке жете ме, маңызды емес. Бас-тысы, «ақын болу емес, азамат болу» – міндет. Осы орайда «танымал тұлғалардың балалары мамандықты әке-шешесінің айтуымен таңдады ма, әлде жүрек қалауына жүгінді ме?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Танымал журналист, қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлының баласы Олжас Сәттібаев – елімізге белгілі боксшы. Талай дүбірлі додада ел мерейін үстем еткен Олжасты боксқа әкесі өзі жетектеп апарған екен.  Басқа ұл-қыздары да әкесі айтқан мамандықты таңдаған.

Құдай берген екі ұл, үш қызым бар. Үлкенім Индира – заң қызметкері. Тараз қалалық прокуратурасында аға прокурор болып қызмет етеді. Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Одан кейінгі Досханым да осы оқу орнында қаржы мамандығы бойынша білім алып шықты. Ал Азия чемпионы, әскерилер арасында әлем чемпионы атанған боксшы балам Олжас Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз педагогикалық институтын тәмәмдады. Олжастың да заңгер және спорт маманы деген екі дипломы бар. Ал Әйгерім атты қызым С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетіне грантқа түсіп, қазір оны ойдағыдай аяқтап келеді. Болашақ оташы-дәрігер десек те болады. Әйкетайым қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілдерін еркін меңгерген. Бір үйге бір жазушы-журналист жетеді дедім бе, әлде осы мамандықтың «аш та қылмайтын, тоқ та қылмайтын» арзымас еңбекақысынан жерідім бе, мүмкін өзім көрген шығармашылық азапты бастан кешпесе екен деп тіледім бе, әйтеуір, оларды бұл салаға жолатқым келген жоқ. Бірақ қан арқылы бәрібір барады екен. Мысалы, Досханым өзі қызмет ететін жерлерде баспасөз хатшысының да қызметін қоса атқарып жүр. Мединститутта оқып жүрсе де Әйгерімім балаларға арналған «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» деген ертегімді ағылшын тіліне аударды.

Бәрінің мамандық таңдауына ақыл-кеңесімді бердім. Индираға – заңгер, Досханға – қаржыгер, Олжасқа – спортшы бол дедім. Онымен қоймай, өзім ертіп апарып сол оқуға түсірдім. Әйгерімнің дәрігер болуын қаладым. Бәрі де айтқан ақылымды тыңдап, қазір сол мамандықтарының нанын ақ-адалынан жеп жүр.

Олжас Сәттібаев: «Әке жолын қуып, ізін жалғастыру ойымда болған жоқ. Өйткені әкем үлкен спортшы боғанымды қалап, жас кезімнен бокс секциясына берді. Жаттығуымды бапкерлермен бірге өзі де қадағалап жүрді. Мен де әке талабының үдесінен шығуға барымды салдым. Әкем мықты боксшы болғанымды қаласа да, жоғары білім алуым керек екенін де ұмыттырмады. Сөйтіп, Тараз мемлекеттік университетіне заңгер мамандығы бойынша оқуға жетеледі. Одан кейін «болашақта спорт саласында қызмет етесің ғой» деп Тараз педагогикалық институтына спорт мамандығы бойынша оқытты. Міне, әкемнің ақыл-кеңесінің арқасында бүгінде әлемге белгілі спортшы атандым және сол әкем таңдаған мамандықтың нанын жеп жүрмін. Қазір «Жамбыл бокс мектебі» КММ директорының орынбасары қызметіндемін».

Есімі даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың құрметіне қойылған әнші Медеу Арынбаевтың ұлы Дәулет те әке жолын қумапты, өнерге бет бұрмапты. Арынбаевтың өзі де баласының өнер адамы болғанын қаламаса керек.

– Дәулет бала күнінен алғыр, икемді болды. Музыкаға өзіндік көзқарасы, қояр талабы да бар еді. Домбыра мен гитарада ойнайтын. Бірақ іштей өзім музыкаға жақын болғанын қаламадым. Тек «өзіне рухани азық үшін білсе жетеді» деген ойда болдым. Дегенмен бетінен қақпай, қалаған мамандығын таңдауға рұқсат бердік. Ойлағанымдай-ақ, 7-сыныптан кейін музыка өзінікі емес екенін түсініп, «әке, мен музыкант болмаймын, бизнесмен боламын» деп» IT саласына бет бұрды. Негізі өнер үшін, спорт, ғылым үшін туған балалар бірден байқалады. Қай салада болса да, бастысы өз ісінің нағыз маманы атанса болды.

Дәулет Медеуұлы: «Әу баста музыкаға қызығып, өнер саласына барғым келді. Бастауыш сыныпта домбыра, гитара үйірмелеріне қатысып,  қыр-сырын меңгердім. Дегенмен 7-8 сыныптан бастап ойым өзгеріп, ІТ саласына бет бұрдым. Сөйтіп, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне оқуға түсіп, Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алдым. Биыл оқуымды бітіріп, мамандығым бойыншы жұмыс іздеп жүрмін. Есімімді белгілі балуан Дәулет ағамыздың құрметіне қойса да, үлкен спортқа аса қызықпадым. Тек бала күнімде анам үлкен тенниске апарған».

Шығыстанушы Санжар Керімбай ұлының өз жолын қуғанын қаласа, Шыңғыс кинорежиссер болғысы келген. Бірақ ол қазір – парсы тілінің маманы.

– Шыңғыстың барынша рухани білімге жақын болғанын қалап, ақыл- кеңесімізді айттық. Ол құлақ аспай, кинорежиссердің оқуын оқығысы келді. Бірақ қалаған оқу орнындағы жүйесіздіктерден шошыды. «Болашақта өкінбеймін дейтін болсаң, шығыс тілдерінің бірін оқып, меңгеріп ал» деп ақыл айттым. Ақыры шығыс тілдеріне деген қызығушылығы оянып, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша білім алды. «Ұлттық аударма бюросында» қызмет істеді. Ағылшын тіліндегі көркем шығармаларды қазақ тіліне аударып, күн көріп жүр.

Шыңғыс Санжарұлы: «Әкем мамандық таңдауға аса бір ықпал етті деп айта алмаймын. Ол кісінің аузынан ешқашан «менің ізіммен жүр», «жолымды жалғастыр» деген сөз шыққан емес. Бала  тәрбиесінде консерватив болғанымен, өзгенің таңдау еркіне қол сұқпайтынын, бір адамдық либералдығы барын баса жеткізгім келеді. Мінез-құлық пен өмірлік ұстанымға ықпал етті. Сонымен қатар, «Ғұмырыңды қандай іске арнамақсың?», «Арнамақ ісіңде не мән бар яки түбінде өзін ақтай ма?» деген сұрақпен, салыстырмалы түрде, ертерек бетпе-бет келуге түрткі болды. Онша-мұнша мәселені шыбын шаққан құрлы көрмейтіні, ортаймайтын оптимистігі бізге ғана емес, күн сайын сөйлесетін, жүздесетін қаншама адамға жігер сыйлайды».

Сазгер Нұрлан Еспанов ұлының өз жолын жалғастырғанын қаламаса, керісінше, Олжас әке жолын қуып, болашақта өнерде бақ сынап көргісі келеді.

– Шыны керек, ұлымның жолымды қуғанын қаламадым. Өйткені өнер, спорт жолының қаншалықты ауыр, әрі қиын екенін білемін. Сырт көзге оңай көрінуі мүмкін, бірақ кәсіби музыкант болу қиын. Бірақ «қай саланы таңдасаң да бетіңнен қақпаймыз» деп ерік бердік. 

Олжас Нұрланұлы: «Алматы қаласындағы «Тұран» университетінде туризм мамандығы бойынша білім алып, ары қарай магистратурада журналистиканы оқыдым. Басында туризм саласына қатты қызығып, өзімді сол саладан көргім келді. Бірақ кейін көзқарасым өзгеріп, туризм менікі емес екенін түсіндім. Қазір «Ол – жас махаббат» атты кітап жазып жатырмын. Бәлкім, кітабым жарыққа шыққаннан кейін өнер саласына бет бұратын шығармын. Ақындығымыз да бар. Өнер әлемі қатты қызықтырады». 

Дайындаған 
Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2021

479 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы