• Бүгінгі проза
  • 22 Маусым, 2021

Жақсылық МҰРАТБЕК. «Тау ішіндегі көлеңке» (әңгіме)

Ақшам уағы. Күннің қызыл шапағы алаулап жанған өрттей айналасын жалмап, жұтынып тұр. Баяғыдан бергі ауыл мектебінің талай қызығы мен шыжығына куә қарт қоңыраудың әбден қажып жұқаруға айналған үні осы жолы үзіліп естілді. Бала атаулы дәріс сыныбынан улап-шулап мектеп қақпасына қарай жарыса жүгіріп, асығып келеміз. Қақпа алдында ерсілі-қарсылы қайшыласқан ересек адамдар. Барлығы балапандарын асыға күтіп, әбігерге түсіп жатыр. Біреуі ұлының маңдайынан иіскеп, аймалап, «құлыным, құлыншағым» деп еркелетсе, енді бірі қызын мойнына мінгізіп беттерінен шүп-шүп еткізіп сүйеді.

Ал мені күтіп алатын ешкім жоқ. Ақ кимешегі желбіреп, үнемі алдымнан шығатын ақ әжемнің де қарасы көрінбейді. Қайда кетті екен? Мені тастап қайда кетуі мүмкін? Жанымды мазалаған дүдәмәл ойдың ішінде тұншығып, жанарға сорғалаған жасымды тия алмай, оңаша өкіріп келемін. Жаяу жүрісті кісі үшін біздің үй мен мектептің арасы бірер сағаттық ұзақ жол. Кенет... әпербақандау әлдебіреу шайтан арбасымен ағызып келіп, бар пәрменімен мені қағып өтті. Жол үсті тым тайғақ және еңіс қой, екеуміз де оңбай құладық. Жаңағы жылаған жылаған ба? Жылағанның әкесі енді басталды. «Әжелеп, апалап» айғайға басқанымда, ащы даусым жер жарды. Көше бойлап келе жатқан бала атаулы қасыма лезде үймелей қалып, бірі сүйеп, бірі үстімді қағып бәйек боп жатыр. Арасында сыныптасым Досбол да бар екен. Маған деген оның ықыласы өзгеден бөлектеу. Сорыма айналған қатты соққыдан соң, ол мені қолтығымнан сүйеп, үйіне әкеліп, асты-үстіме түсіп бәйек болмағанда, не болар еді, кім білсін?! Әйтеуір, бағыма қарай Досболдың әкесі Дәулекей асқан сынықшы, қолында кішігірім ем-домы бар елгезек кісі болатын. Сол көкеміз уағында әкелінген науқасымның алдын алды. Бірер сағат тынығып, жамбас сүйегімнің жаншылған жері қайтып қалпына келгенше, үйге баруға да рұқсат еткен жоқ.

– Айналайын-ау! Оңбай құлапсың ғой өзің, қыстың қақаған мына суығында жолдың үсті тым тайғақ әрі еңіс емес пе, бағыңа қарай уағында келгенің қандай жақсы болған. Әйтпесе жағдайың қиын болғалы тұр еді қарағым. Десе де Тәңірде көз бар екен, бұған да шүкір! Алдымен жақ-сылап деміңді ал, балам. Қалғанын сосын көре жатармыз. Мақұл ма? – деп Дәуке аға жарқабақтанған жадау көңілімді жақсартпақ болып, біраз үгіт-насихатын айтты. Бірақ, алаң көңіл әлі де әптер-тәптер. Ол кісі «деміңді ал, үйде бол» дегенмен, дүние әлемді төңкеріп, түп тұқияныма дейін түгімді қалдырмай, ту талақайымды шығаратын шырғасы мықты Шынар шешеміз шеңгеліне түсірмей, ширықпай тыныш отыра ма? Өзіне келер бәленің алдын алып, азулы байы Асқардың алдында жарамсақтанғаннан басқа барар жер басар тауы қайсы? Жоқ, жоқ қайтсем де үйге баруым керек.

Мен жатқан үйде от маздап жанып тұр. Әжем сатып алып берген тоқымалы бешпеттің сыртынан киетін қалың күртешем мен қыстық кебісімді ептеп киіп, сыртқа шықтым. Қыламықтанып қар аралас жаңбыр жауғаны болмаса, көктен түскен әр түйіршік ақ маржан межелі жерге жетпей еріп жатыр. Дәукеңнің батпандай түйе табан аяғы, қою аппақ сақалы, шашының қарасынан ағы басым, күздің күнгі құлжадай апайтөс жуан денесімен қоса қозғалған сәтте, жылдамдығына көз ілеспеуші еді. Асығыс қимылға көшкенде мен дегендердің өзін шаң қаптыратын бетпе-бет қарсы алдымнан шықты.

– Әй, балам-ау! Қайда арасың жеті қараңғы түнде? Бүгінше осында бол дегенім қайда? Мен өзім Асқарға анығын айтамын дедім ғой. Алаңдамай үйде жатып деміңді ал, тынық. Саған қазір көп қозғалуға болмайды шырағым. Ал қане ішке кір. Көп сөзді қой, – деп үй қақпасынан сыртқа қарай, қарға адым жерге аяғымды аттап бастырмады. Ақылыма сыйғанмен, арыныма сыймаған асау үрей, бойымды билеп төстегелі қашан... Ырқыма көнбеген күдікті ой ұлғайған сайын қуыстана беретін болдым.

– Жоқ Дәуке аға, менің үйге барғаным жөн болар. Онсыз да сіздерді көп әуреледім ғой...

– Айналайын-ау! Бұл не дегенің енді?! Білесің бе балам, марқұм әкеңмен бірге мен ұзақ жыл жолдас болғанымда, талай қуаныш, талай қайғыны бірге бөлістік. Сенікі менікі деген болған емес. Сол өткен күннің естелігі есіме жиі оралса болғаны, жанарыма тығылған жасты іріккім келмейді кейде. Сендер дүниеге келерден бір-екі ай бұрын ғой деймін, мен үлкен жолдың үстінде жол апатына ұшырап, ауыр хәлде емханаға түстім. Толық емделіп сауығып шығуым үшін қомақты қаражат қатты қажет болғандықтан, не істерімді білмей дал болдым. Ауыр халімнен хабардар әкең марқұм мініп жүрген жалғыз қарагер атын сатып, онымен қоймай сауын қылып ішіп жүрген жалғыз бұзаулы сиырын кепілге қойып, менің арқама аяздай батқан ауруымнан құлан-таза айықтырып алып еді. Дүниеден өтер-өткенге дейін осы адалдығынан айнымай кетті ғой, жарықтық. «Дау-ке, дүние табылады жан тірі болса, адалдық табылмайды» деп отыратын. Әкең екеуміз дос боламыз деп серттесіп, бір малдың басын құрбандыққа шалып, асық жілік ұстасып, айнымас адал, қияметтік жолдас болуға бекігенбіз. Достығымызды кейін Құдай қолдап құдалығымызға ұлассын деп тілеу тілегенімізде, көксеген ойымыздың кейін кетерін кім білген? Сол күні емханадан үйге оралып, ағайын-туыспен арқа-жарқа әңгіме айтып отырғанымызда, аяқасты Нұрағаңның ауыр қазасын естіп, төбемізден жай түскендей болды. Не істерімізді білмей дағдарып қалдық, – деп Дәукең жанарына тамған жасты дағардай үлкен қалтасынан алған көк орамалымен сүртіп жатып, ботадай боздауға шақ қалды.
– Жә, айналайын! Уақытта біраз жерге барып қалды-ау деймін, енді жатып деміңді ал, балам. Ертең таңертең мектебіңе барасың. Сабағың бар, дегендей... – деп 
әлсін-әлсін алқымын қысқан жөтеліне буынып, қайта-қайта ауыр күрсінеді.
– Жоқ аға, менің сіздердің үйде қонғанымды үйдегілер білетін болса жонымнан таспа тіледі ғой. Онсыз да барлығы өзіңізге аян. Үйге барғаным дұрыс. Рұқсат етіңіз, аға. Осыдан бармай қалсам әңгіменің үлкені шығады.
Дәукең ұзақ ойға шомып отырып:
 – Жарайды айналайын! Оның да жөн екен. Айтқаның болсын. Онда Досболжан сені үйіңе дейін жеткізіп салсын, мақұл ма?
– Мақұл, аға.
Көпке дейін көз аштырмай түтеп тұрып жауған қар төпелеп тұрып алды. Досбол біздің үйдің қасына жақындай бере менімен қош айтысып, қараңғылыққа сіңіп кете барды. Жүрегі құрғыр бір үркіп, бір шошып жүріп темір қақпаның қоңырауын бастым. Қатты жаншылған жамбас сүйегімнің ұршығы бір сыздап, бір тоқтап, шыбын жанымды шыжғырғанда, жаңағы таяқ тастам жүрістің өзін көтере алмай көпке дейін шегіншектей бергенім... Кенет даңғыр-дүңгір етіп ашылған темір қақпаның жағымсыз даусынан тым-тырыс тыныштықтың шырқы бұзылды. Әр үйден арс-арс еткен қабаған ауыл иттерінің үні тіптен сорақы. Өзі өңді болғанымен, тырнақ астынан ылғи кір іздейтін, кісі киіктей кербез мінезі, қомағай көк көзімен үйлесім тапқан осы бір ұрысқақ, ұйқыдағы жанның ұшқалақ әрекеті талай жылдан бері тау суындай таза көңілге дақ түсіргелі қашан. Астыңдағы тағыңды, басыңдағы тәжіңмен қосып тарпа бас салудан тайынбайтын, азулы байы Асқардың аюдай ақырған адуынды мінезінен ғана ыққаны болмаса, ым-жымын білдірмейтін ықпалы күшті, талай-талай сұмдықтың сұрқиялығы ұялаған орда ғой оның жүрегі.

– Иә, қайда жүрсің қаңғып, жеті қараңғы түнде?.. А?.. – деп бет-аузын тыржитып зекіп кеп қалды.

– До… До... Досболдың үйінде болдым, – дедім кеберсіген тілім ауызыма сыймай.

– Не, атаңның басы бар ма еді оның үйінде, әлде көрде жатқан әкең тіріліп келіп пе, сорлы? – деп келсаптай жуан қолымен оң жақ бетіме салып кеп жіберді. Буыны бекіп, бұғанағы қатпаған баламын ғой, сонадай жерге ұзынымнан түстім. Алақанымды жерге тіреп, орнымнан ептеп түрегелгенімше, аузына түскен боқтықты жаудырып жатыр.

– Қара мұны, өз үйіне қан тышып, ел үйіне май тышатын зәлім, кәзәп, – деп қан қақсатқанда құлағым тұнды.

– Ой, жетесіз! Жер жұтсын сені, қағынғыр қара шешек! – деп барып бірақ тоқтады. Жатын бөлмесінен кебежедей жуан қарынын сүйретіп Асқар көкемнің шыға қалғаны:

– Не болды ей, қанжау-ғырлар? Сонша айғай аттандатып?.. – деп ақырғанда Асқардың добалдай екі көзі шарасынан шығып, шапшаң қимылдаймын деп баспалдақтан түсіп үлгергенше шалқасынан түсе жаздады.

– Мына жетпегір ғой, қаңғып-қаңғып енді келіп отыр үйге.

– Немене? Ей, иттің күшігі! Әкеңді жұтып тынғаның аздай-ақ, енді мені жұтып тынғалы жүрмісің. Нең бар еді елдің босағасында? – деп кекештеніңкіреп әзер тұрған мені құлак шекемнен қойып кеп қалды. Ыңқ етіп қызыл кірпіш төселген қатты жерге шалқамнан түстім. Жуан жұдырықтап қайта сілтей бергенде, амалын тауып әзер сытылып шықтым.

– Тоқта, әкеңнің! – деп артымнан қуып келеді екен. Кең ауланың ішінде тасбақадй балпаңдап ентігіп зорға жүгіреді. Ұзындығы сегіз, тоғыз метрдей жуан ағашпен ұрмақ болады. Әудем жер қала берді-ау дегенде, сүріне-қабына тағы да шалқасынан түсті. Көңілім қаймығып, жүрегім шайлыққан мені қанша жерден ұрмақ боп ұмтылғанымен, қол-аяғы ширақ баламын ғой, көз ілеспес жылдамдығыма қалай ілессін.

– Тоқта, иттің күшігі, тоқта! Тоқал тамнан тоқтамай өтіп, тоңды жерге топ ете түскенімді де аңғармай қалыппын. Жаншылған жамбас сүйегімнің жарақаты да есімнен шығып кеткен. Артымнан қуып келеді-ау деген күдікті күйгелек үрейден арылғанша үйіміздің түстік беткей жағындағы қалың ағаштың арасымен дамыл таппай заулап келемін. «Неге? не үшін жек көреді мені?» деген сұрақтар жанымды қажап, тәнімді мүжіген сайын сүркейлі ағаш арасы тіптен тығырыққа тірей берді. Қай-жайдағы жын-жыбыр көз алдыма елестеп, тұла бойымды суық тер басқанда шығарға есік, кірерге тесік таппадым. Көкейіме оралған аяттарды оқып, бісміллдалап жүгіре беріппін, жүгіре беріппін. Жанарым жасқа малынып, жалғызаяқ жолдан өтіп, қараң-құраң үй жарығының белгісі білінгенде барып берекем кірді. Сәл дамылдап алып, ентігімді басып енді қозғала берермін-ау дегенде, табаным тайып кетіп, таяу тұрған үлкен арықтың қамыс аралас баяғыдан бақа құжынайтын батпақты суы-на бауырыммен былш ете түстім. Ызбарлы даланың суық желі бір жағынан, мұздай арықтың тастай суы бір жағынан қыспаққа ала түсті. Арық жиегіне қарай жер тырмалап шығамын деп шыр-пыр болғанымды айтып сұрамаңыз. Сақылдаған сары аязда жүні жұлынған тауықтай үрпиіп, құр сүлдемді әрең сүйреп тұрдым. Тұрдым да, жаңағы жарығы сығырайған үйге келдім. Үй ағам Құлманбеттікі. Үлкен дарбаза сыртынан құлыптаулы екен. Сөнуге айналған май шамдай, мұңлы күй кешкен жетім көңілім дел-сал.
Әлі есімде. Өгей шешеміз өтірік аралас өсекті қарша боратқанда, туған әжем мен ұлының арасын адам танымас араздыққа дейін жеткізуші еді. Талай рет Асқат көкем әжем екумізді табанға салып тепкілеп, талдырып түсіргені бар. Қайбір жылы шіліңгір жаздың ортасы, шылқа мас қолына ұстаған өткір пышағын жалаңдатып, жатын бөлмесінде жайбарақат жатқан әжемді тілгілеп тастауға сәл қалған болатын. Бағымызға қарай, көршіміз Жеңіс ақсақал үйден ұн сұрай кіріп, әжемді бір ажалдан аман алып қалып еді. 

– Сен өлмедің, қақпас. Мені жұтып тынайын деп жүрсің, жұтқалы жүрсің мені, – деп жоқтан өзге пәлені бастап, үй ішін басына көтерді. Сонда әжем жарықтық ықылық атып ыңырси жылағанда, ішкі зарлы запыраны ащы жасымен араласып, сыртқа ытқитын. Осы жайттар еріксіз еске түскен сайын жан дүнием ебіл-себіл болады да жатады.

– Жасаған-ау! Нұрғисамды жастай алғанша, неге мені алмадың? Нұрғисам-ау! Сен тірі жүрсең біз осы күнге қалар ма едік?.. – деп қайта-қайта қақалып, жатын бөлмесінде қара түн ішінде қан құсып, жөтеліп жатушы еді. Балапан құстың қанатындай нәзік қолымды әжемнің аузына қайта-қайта төсеп, құсық аралас қызыл қанға кіршіксіз жаралы көңілім араласқан сайын қаршадай жүрегім қарс айырылатын.

Түйенің өркешіндей кішігірім жотаның күнгей жақ беткейінде әл-дәрменім құрып, әруақты әкемнің атын атап, шарқ ұрып келемін. Әлдеқандай күмістен құйылған кісі бейнесі менен көзін алмай ұзақ қадала қарайды. Екеуміздің арамыз едәуір алшақ, арамызды белгісіз бір күш біріктіріп тұрғандай, мен – оның туған ұлы Әкбар, ол – менің туған әкем Нұрғиса екенін жазбай таныдым. Қасына жақындаңқырап қалғанымды қайтейін, ол менен алыстай берді. Шоқыдан шоқының басына ентелей шығып, үлкен таудың баурайына іліне бергенімде алдымды кесе-көлденеңдеп аппақ сақалды, әруақты бір абыз қария шыға келді.

– Тоқта балам! – деп маңдайымнан түйіп кеп қалғаны, мылтық даусынан үріккен маралдай селк ете қалыппын. Ащы жас, ашынған тіл ағынан ақтарылғысы келеді. Сөйлесе де сорлы тілдің айтатыны немене еді сондағы?

– Шырағым айналайын сенің шығар биігің бұл емес. Анау аспанмен таласып, баурайын бұлт көміп жатқан Алатауды көрдің бе? Сол – сенің шығар биігің. Жаратқанның өзіңе сыйлаған ризық-несібесін де сол жерден табасың. Ал онда аман бол жарығым, әумин! – деп көзден ғайып болды. Ат құйрығына сүйретілген адамдай мылжа-мылжам шығып ұзақ жатқан болуым керек. Күн қақ төбеге көтерілгенше сыздаған жамбас көтертпей, қақшидым да қалдым. Айқасқан кірпік бір-біріне жабысып қалыпты. Көзімнің айналасын әбден былшық басып, жарық күннің сәулесін көруге жасқанамын. Іштей жанталасқа түстім. Өз-өзіме біртіндеп келе бастағанда кенезем кеуіп, әлсіз де бейшара дауыспен су сұратып іштім. Бас жағыма мамық құс жастықты қат-қабат етіп төсеген қайратты жеңешемнің көзінің сорасы ағып, қасымда жылап отыр. Өзі қара торының сұлуы ғой, ол жылағанда күлгендегісінен көркі кіріп, нұрлы жүзі мейірімдене түсетін. 

– Қарғам-ай! Қаршадай басыңмен мұндай күй кешкеніңді қайтейін? Үстіңнен сау-тамтық қалмапты ғой тіпті, – деп еңкілдеп отыр. Алаулап маздап жанған үй ішіндегі пеш қызуынан тұла бойым қара терге түсіп, өртеніп жатыр. Жеңешем тершіген маңдайымды ұзақ сипап отырып: 

– Ух! – деп зіл аралас күрсініп қояды.

Таң ағарғаннан қас қарайғанға дейінгі ауылдың қара жаяу тірлігі біткен бе? Сыртта әлдекімдердің дабыр-дұбыр дауысын қора-жайдың босағасында байлаулы тұрған қара төбел иттің шәуілдеп үрген дыбысы басып озып, айналаны әп-сәтте билеп әкетті. Құлекеңнің «Жат ей!» – деп ақырған салмақты даусы болмағанда, сорлы ит байқұстың үргені үрген екен. Тірлік қамымен төрт айға жуық уақыт үй бетін көрмеген жігіттің келіп отырған беті де осы. Иығына арқалаған кішкене дорбасында бәйбішесі Құралайға арнап алған азын аулақ тарту-таралғысы, тұла бойы тұңғышы Дәуренге бір киімдік бұлы бар. Қасында ерткен орташа бойлы, құс тұмсық, сыған көз, басына киген бөркі тұла бойына құп жарасқан қылжақпас, бақсы шалыс Кенже деген серігі жүр. Жеңешем көзінің жасын тыйып, сыртқа шығып есендік-саулық сұрасқан соң, қонақ бөлмеге дастарқан әзірледі. Менің шала-жансар түрімді көріп, төбе шашы тік тұрған ағамның жанары жасаурап, үй табалдырығына ілінер ілінбестен еңіреп жіберді:

– Бауырым-ау! Қарашығым-ау! Не күйге түскенсің, бауырым?! – деп үйді басына көтеріп бақырсын келіп. Басымды жастықтан жұлып алып жұбатқым-ақ келгені, бірақ өршіген дерт орнымнан қозғалуға мұрша бермеді. Құлағамның екі қара көзі қанталап, жанарына саулаған жасын тыя алмай:

– Мен өлтірем оны! Інісін тірідей жұтқан жалмауыз, енді баласын жұтайын деп жүр екен ғой, көрсетейін оған, – деп үстел үстінде тұрған ұзын қара пышақты беліне қыстыра салып сыртқа шықты.

– Жоқ, керек емес, жаным-ау! Қой, сабырға кел! – деп ақ жеңешем шыр-пыр болып араға түспегенде, онсыз да өршігелі отырған отты көсегенмен бірдей болар ма еді, қайтер еді? Әйтеуір әзер дегенде барып ашуы басылды. Дастарқан жайы-лып шай құйылған үйде әңгіме ұзаққа созылды. Құлағамның бет аузы тұтығып, ішіне тартқан темекі түтінін будақтатып ұзақ отырды. Пеш ішіндегі темір қысқаштың тұрғанына да едәуір уақыт болған. Кенжекең ақ орамалдың үстіне жорғалаған құмалақтарына шұқшиып, борбайына шоқ түскен кісідей кенет шоршып түсті.

– Әп, бәле... Құлеке сен енді қатты қамықпа. Таста алдағы нәжісіңді! Егер Құдай алжастырмаса, мына інішек ұзақ сапарға жүргелі отыр жуық арада. Тәңірі алдынан жарылқап, ақ боз атына мінейін деп отыр. Сүйіншің қайда?

– Не дейсің, көк соққан-ау?! Рас айтып отырмысың-ей? – деп ағам, қатайған қатқыл қабағы жадырап орнынан түрегелді.

– Енді сені алдайды ғой деймісің? Шынымды айтып отырмын. Құдай куә!

– Әй, онда астыңа тай, аузыңа май бұйырсын. Әумин айтқаның келсін! Сен көк соққанның да көгере қатпай, көңіл көншітерлік жылы сөз айтатын күнің болады екен-ау, ә?!

– Енді не, біздің жүрегіміз тастан жаралды ғой деймісің. Малтаңды езбей баланы орыннан сүйеп тұрғызшы, көке. Қас қарайып барады, ұшықтап үлгерейік.

 – Мақұл-мақұл – деп ағам мен жеңгем екі жағымнан екеуі қолтықтап сүйемелдеуінің арқасында бойыма дарыған ұшық іңір қараңғылығы ауғанда барып әзер есімді жиғызды. Қалың салынған астыңғы көрпеше қой жүнімен астарланған үстімдегі жамылғыдан қарағанда әлдеқайда жұмсақ, әлдеқайда мамық. Жүйрік күрең төбелдің айыл тұрмандары мен жүген, шылбырына дейін жұмсақ көрпемнің үстіне бастырмалатып тастапты. Бұрқ еткен тер әп-сәтте сорпамды шығарғаны болмаса, ауру шіркіннің буын-буынымды қуалап, шаққылай бергені басылған еді. Көп өтпей ұйқы да тынышталып, ой да орнықты. Таңертең таңмен таласа тұрған жұртпен бірге таза ауа жұтайын деп сыртқа шықтым. Теріскей беттегі жалпақ әлемді кіндік тұстан бөліп жатқан Тянь-Шань Алатауы менмұндалайды. Былқ етпейтін тәкаппар бейнесі талайды тамсандырғанымен, ақ орамал тартқан ұшар басын бұлт көлегейлеп бөтенсіп тұр...

*** 
Өне бойын тер басқан Асқар жатқан орыннан жаралы ілбістей жәутеңдеп жайсыз тұрды. Ұйқы киімі умаждалып әбден тершіген. Тұла бойы еркіне бағынбай дір-дір етеді. Ес-ақылы орнына келгенше үзік-үзік дем алып, жан-жағына бажайлап көз тастады да, кеберсіген таңдайының шөлін басу үшін су сұратып ішті. Сыртта бет қаратпайтын үскірік аяз ұлып тұр. Қою қара түннің тіміскісіз тыныш уақытында төлдеп үлгерген саулық төлін дүниеге әкелгеннен кейін сілейіп түсіпті. Оны таңертең төрт түліктің жем-шөп әзірлігімен жүрген жалшысы Жағыпар көрген. Содан бері енесін жоқтап елегізген қошақан күні бойы күркедей үйде маңыраумен болды.

– Әй, қайсысың барсың? Мына қозыны апарып енесінің бауырына салсаңдаршы. Мұнда неге әкелгенсіңдер? – деп Асекең қатты кейіп кабақ шытты.

– Енесі түнде қозысын туа салып өліп қалыпты, әке, – деп кішкене ұлы Әмір үйге кірген бетте болған жайдан хабар берген. Асқар едәуір уақыт ойланып отырып, сары түсті шақпағын жағып темекісін тұтатты да, жанарына еріксіз үйірілген жасты оң қолымен сығып сілкіп тастады. Қоңыр қозы тәлтіректеп, аяғы-аяғына оратылған мас кісідей енесін іздеп шарқ ұрады. Ал Асқар түсінде көрген әке бейнесінің суық өңінен өз-өзіне келе алмай ұзақ отырып, «Ух» – деп демін ішіне тартып, қошақанның жанына таяп, шарасыз жанның кейпін киген кісідей сүйкімді жануарды бауырына басты. Бірақ бір өкініштісі, енді ол бұдан былай жанына жазылмас жара түскен асыранды ұлы Әкбарды бауырына баса ала ма, жоқ па, белгісіз...

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2021

455 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы