• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 19 Тамыз, 2021

Ескі әңгіме туралы жаңа болжам

А.Чеховтің атақты сөзін есіңізге түсіріңізші. «Егер сахна ашылғанда сахна төрінде мылтық ілулі тұрса, ол спектакль соңында атылуы керек. Атылмаса – ілме». Ал шығармадағы, прозадағы мылтық қайсы? Әр жазушыда әртүрлі. М.Әуезовтің мылтығы – әйел екендігіне дау жоқ. Ол шығармашылығына әйелдің нәзік жанын арқау етті. Көп ойын әйел аузымен айтты. Мұның астарында қаламгердің Семейдегі кезеңіндегі ізденісі, алғашқы аты аңызға айналып, бүгінгі күні афоризмге айналған «Адамдық негізі – әйел» мақаласы жатыр деп толық сеніммен айта аламыз.

Мақалада автор баланы тәрбиелеп, оң-солын танытатын адам – ана, оның негізі әйел дей келіп, «ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді. Ал бесік басындағы адам – әйел. Бұл мақаланы сыңаржақ талдауға болмайды. Мақала қазақ қыздарының бәрін оқуға шақырмайды немесе оқып жүріп Ғайша секілді күй кешуден аулақ салу үшін оқудан аластатпайды. Бұл мақала Сыздық алып, көңілі қалған Жәмилә секілді, Ғаббас құшқан Ғайша секілді бүкіл қызға арналып жазылған. Олардың бәріне ақылын біліммен бекітуді үндейді. Ата-анадан алған ақылды (ұят, ар) өсе келе біліммен бекіткенде ғана саналы ұрпақ тәрбиелей алатын, ұлт болашағына алаңдайтын әйел, жар дүниеге келеді деп сенеді. Және осы сөзге сендіреді. Осы мақаланың негізінде «Қаралы сұлу» әңгімесі дүниеге келген болса керек. Біз бұл жерде «Қаралы сұлудың» алғашқы нұсқасын айтып отырмыз. Күйеуі қайтқанына алты жыл болып, қайғы жұтып жүрген Қаракөздің тағдыры, жұртқа таныс әңгіме бойынша, Болаттың құшағына кіруімен аяқталады.

– «Аллай, тұншықтым ғой!.. Құдай-ау, мұнша неге сорлы еттің?! – деп, қайнап қызған қанмен, қайда барарын білмесе де, үйден атқып шығып кетті.

Ауыл ұйқыда. Жарық айдың қалғытқан сәулесінде жеңіл күрсініп, тыныс алады. Жанды жеген азаппен қиналып шыққан Қарагөзді білген жан жоқ... Ол жалаң аяқ қалпында үстіндегі жалғыз көйлегімен, тарқатылған қара шашы арқасына жайылған қалпынша, тоғайға қарай жүреді. Бұл уақытта Қарагөз ерекше сұлу. Оны қинаған дерт әлі де басылмай, қайнап келеді. Жүректен шыққан жауыз дұспаннан құтылу үшін жас әйел белгісіз ем іздейді... Қазіргі түн салқыны ыстықтап, күйген денесіне азғантай да сезілмейді. Қарагөз күрсініп, жылап келіп, екі аяғын тізесіне шейін жалаңаштап, суық суға батырып, жиекке жарым денесімен құлай кетті. Ақ денесі ашылып, қара шашы төгіле жайылып жатыр. Жүректе белгісіз құмарлық қарауытып шығып, жүз толқытып барады. Сол мүйнетте бас жағынан: – Қарағым, Қарагөз, немене? – деген үн шықты. Сөзін ұққан жоқ, кімнің үні екенін де аңғарған жоқ. Бетіне де қарамастан, қолын шалқасынан созып, бұлғағандай болып: «Келші бері!» – деді. Келе берген кісіні өзіне қарай жыға құшақтап, құшырлана тістеп сүйе бастады... Дүние құмарлық мастығына батып, көзден өшіп барады... Денедегі жыландар енді қуана ойнақ салады. Бұл күйдің кінәлісі Болат еді...»

Яғни М.Әуезов бұл әңгімеде әйелді нәпсіге жеңілдіреді. Әлемдік жазушылар суреттеген әйел психологиясымен пара-пар тұрған бұл психологиялық әңгімедегі Қаракөзді айыптау қиын. Нәпсіге ерді, алданды деуге құқымыз жоқ. Өйткені әйел орнында өзіміз болғамыз жоқ. Дегенмен бұл әңгіменің бірінші нұсқасында Қаракөз Болаттың құшағына кірмейді. Ол өзінің табанын өзен асты тастарына тілгілеп, жаны мен тәнін қатар қинаған «қара жыланды» тән ауруымен емдеп алатын да, үйіне барып баласын құшақтап жата кететін.

«Әлдеқайдан шығып жатқан ыстық қан бойын сабырсыздықпен дірілдеткен сайын, соның уытын баспақ болып, судағы екі аяғын өзеннің екі ернеуіне қаттықатты соғады... Екі аяғы шаншып, солқылдап ауырғанға шейін өткір тасқа соққанда іштің белгісіз дерті бәсеңдеп басылғандай болады.

Қаракөз талай жылдан таппаған емін жаңа тапты. Іштегі дертті басу үшін сол қара жыланды туғызып тұрған денені қинау, жаншу керек екен, Қаракөз бүгін ғана білді... Таң атқанша аяғын алмай отырғанда, тілімтілім болып қалған дененің ауырғанын сезді... Аяғын суырып алып қарағанда, әлденеше жара түскенін көрді... Бұлардан тоқталмай қан ағып тұр еді...

Ақ етті құмарлық қаны былғап ағып жатты... Қаракөз биттей де өкінген жоқ; кеселді арам қан... кете бер, – деп күліп отырып еді... Осымен таң ағарып атқанда денесі әбден салқындап, барлық асау қан басылды. Бұл заманға шейін қысып келген мастық тілегі біржолата өшті. Бұның арт жағынан тоғай ішінде таң бұлбұлы, қаралы жалғыздық күйін қошаметтеп, дұғадай сезімді тазалық жырын жырлап тұрды... Қаракөз үйге кіріп, Мұқашты сүйіп-сүйіп жатып, қатты ұйықтап қалды».

Әңгіменің екінші нұсқасы неге жазылғаны, автор оны не үшін өзгерткені бізге белгісіз. Бәлкім, бұл тұсқа да кеңестік идеология араласты ма екен? Өйткені Қаракөз құлайтын құшақ Болаттікі болса, Болат қаратабан кедей жылқышы-жалшы болатын. Бұл тұрғыдан келгенде М.Әуезов шығарманың ақырғы шешімін кеңес өкіметінің айтуымен, идеологиясымен емес, концептуалдылық үшін ауыстырғандай көрінеді.

Қаракөз – ақсүйек әулетінің келіні. Кірпияз да ақылды жан. Қанша нәпсіге берілсе де, қаратабан Болаттың құшағына енуі мүмкін емес. Ал М.Әуезов құшағына жатқызды. Бұл жазушының мақалаларында ашып айта алмас шындығындай.

Қаракөз ханынан, билігінен айрылған қазақ халқының образы іспетті. Ол хансыз, биліксіз жесір қалды. Қайда барып күнелтерін, дене ыстығын басарын білмеді. Әңгіме соңында жалшының құшағына жатуы қазақтың жалшылар, жарлылар өкіметі Кеңес өкіметінің құшағына енгендей әсер қалдырады. Яғни қазақтың тектілерін, қаймақтарын, ақсүйектерін аяусыз құртқан Қызыл өкімет туралы бұл шындықты М.Әуезов ешбір шығармасында, мақаласында ашып айта алмас еді. Осы идея үшін мөлдір, таза Қаракөзді М.Әуезов Болаттың қойнына салып берді. Яғни «Қаралы сұлу» әңгімесін жазушының психологиялық-саяси әңгімесі деп атауға толық негіз бар. Сонымен қатар біздің бұл сөзімізге «Көксерек» жарыққа шыққандағы С.Мұқановтың сөзі дәлел бола алады: «Әңгіме өте терең астармен жазылған. Қанша қозғағанмен, ішінен айқын мағынасын ашу өте қиын. Біз бұл арада қасқыр пәленше, Құрмаш түгенше деп орынсыз жорамалдау жасамаймыз. Біздің айтарымыз жалғыз-ақ, Мұхтар мұны жазғанда қасқырды аң қып алып отырған жоқ, адам қып алып отыр. Өйткені Көксеректе мақсат бар. Сол мақсатқа ұмтылушылық, өз мақсатына ұмтылушылық, түптеушілік бар… Көксерек, сөз жоқ, адамның біреуі. Біреуі болғанда, Көксерек бүкіл бір ұлтты елестете ме, тапты елестете ме, яки жеке адамды елестете ме, ол жағы бізге қараңғы…»

С.Мұқанов ойын ары қарай тапшылдық сана ықпалымен өрсе де, бізге керектісі – Әуезовтің идеялық-көркемдік ойлау машығына өзінше барлау жасай отырып, көркемдік сананы зерделеуге жол көрсеткені. М.Әуезов те «Көксеректе» үстем күштің әсерінен елден де, жерден де, ғасырлар бойы бастан кешкен тұрмыстіршіліктен айрылу алдында тұрған қазақ халқының жалпы болмысын суреттеуді мұрат тұтқан. Автор символдық бейне Көксерек арқылы өмірді бейнелеу аясын кеңіткен, отарлаушы ел билеушілер туралы ойын өрістетіп бағамдатқан. Повесть жазылған тұста сөз иесіне қысым жасаушы күштердің өктемдігі біліне бастаған. Шартты бейне Көксеректің көзі арқылы кек кернеген тұстағы қоғам сырын ізерлеуді автор мансұқтаса керек. Бөріге табыну, көк түсті ардақтау түркілердің арғы тегіне ортақ дүние екені де есте. Қасқырлар апанына жасалған қатігездігінің аңғарында зорлықшы жат елдің әрекетін абайлату, меңзеу бар.

ХХ ғасыр басында көркем шығармаға саяси астар беру сол кезеңдегі көптеген жазушыға тән қасиет болатын. Мұндай астарларды М.Жұмабаевтың «Жүсіп хан» поэмасы мен «Шолпанның күнәсі» әңгімесінен де байқауға болатын еді. Бұл санатқа «Көксерек» кірер болса, «Қаралы сұлу» әңгімесінің ІІ нұсқасында саяси астарлы шығарма ретінде талдауға боларлық. Сонымен қатар, жазушы «Қаралы сұлудың» ІІ нұсқасын жазғандағы ойын психологиялық қырын арттыра түскісі келгенімен де түсіндіруге болады. Өйткені трагедиямен аяқталған шығарма өтімді келеді. Оның үстіне, бірінші нұсқаның финалы бәз біреулерге сенімсіздік тудыруы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, діни сенімге байланысты. Әрбір дінде «пайғамбарлары» көрген қорлықты көру үшін өз-өзін жазалайтын топ өкілдері болады. Олар қамшымен сабап немесе қылышпен тәнін тілгілейді. Мұндай адамдар тобы діниэкстремистік ағымдағылар саналады. М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесінің бірініші нұсқасындағы Қаракөздің тастарға өз аяғын өзі тілгілеуі осы діни нанымды еске түсірер еді. Біз «Қаралы сұлу» әңгімесінің қайта өзгертіліп жазылуын осындай екі түрлі болжаммен түсіндіргіміз келеді. Ал сізге қай нұсқасы жақын? Табанын тасқа тілгілеп, ұятын сақтаған Қаракөз бе, әлде Болаттың құшағына құлаған Қаракөз бе?

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2021

589 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы