• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Қыркүйек, 2021

Ұшудың да мәдениеті бар

Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болу керегін үнемі айтып, жазып жүреміз. Алайда оларға қатысты өкінішті жағдайлар азаяр емес. Жасөспірімдерді оң-сол танып қалды-ау деп еркіне ерте жіберіп қоятынымыз тағы бар. Балалардың өміріне әр тараптан қарауымыз керек сияқты. Мәселен, Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімі, әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы Лариса Азанбекқызы редакциямызға хабарласып, балалар мен жасөспірімдердің ұшу барысында көп қателікке ұрынатынын, ата-аналардың оларды қадағалай бермейтінін, ережемен ерте бастан танысу керегін айтты. Лариса ханымның кеңестерін қаперлеріңізге ұсынамыз.

Бортта да жасөспірімдердің қылмысы әшкере болатын жағдайлар жиі кездеседі екен. – Адам өзін қорғау үшін электрошокер, басқа да қаруларды пайдаланатыны жасырын емес. Оны балалар да ұстап жүреді, – дейді Лариса ханым. Алайда оны қолдану – заңсыз әрекет. Ондай жағдайда ол адам бортқа жіберілмейді. Ұшу билетін де қайтара алмай әуреге түседі. Осылайша өзіне-өзі артық жұмыс тауып алады. Бір мысал айтайын. Бір жасөспірім борт дәретханасында электронды шылым шеккен. Ал онда арнайы дабыл жұмыс істейді. ны жолсеріктер әкесіне ескерткен. Әкесі баласының шылым шегетінін сонда ғана білген. Демек, әкесі баласының немен айналысатынын бұған дейін білмеген, тәрбиесіна араласпаған деуге болады.

Әдетте, бала үлкендерден көргенін істейді емес пе?! Әкесі қате нәрсе жасап, екіленіп тұрса, кейін оны баласы қайталамай тұрмайды. Полиция қызметкері үлкен адамдардың да өзін тәрбиелеуі кеш емес екенін айтады.

– Заң – бәрімізге ортақ, оған мойынсұнуымыз керек. Бортта шылым шегуге тыйым салынған, – дейді Лариса ханым. – Ұшақта қаншама адам отырады. Егер біреу шылым шегіп жатса, келесі біреуге оның иісі жақпауы мүмкін. Оның аяғы жанжалға ұласуы мүмкін. Осылайша бір тал шылымның кесірінен болған жағдайлар бірнеше бапқа жүк болады. Мысалы, жолсерік шылым шегіп тұрған адамға ескертсе, ол: «Не үшін темекі шегуге болмайды?» деген сұрақ қойып, өзара ұрсысып қалады. Мұндай жағдайлар көп кездеседі. Әлгі адам мінезін көрсете бастайды. Әсіресе электронды шылым тұтынушылар көп кездеседі. Жасыратыны жоқ, ұшақта көбіне кеудемсоқ адамдар болады. Өзін жоғары сезініп, «бізге не істесек те жарасады» дегендей пиғылмен жүреді, – дейді полиция қызметкері өкініш білдіріп.

Егер баламен бірге саяхатқа шығар болсаңыз, алдымен ұшу ережелерімен танысып алғаныңыз жөн. Себебі, кей дүниелерді ескермесеңіз, мойныңызға артық жүк артып алуыңыз мүмкін. Мәселен, кейбір ойыншықтарды бортқа өткізуге болмайды екен. Транспорттық полиция қызметкері төмендегі нәрселерді ескертеді: 

Ұшаққа мінерде және түсерде балаларды қараусыз қалдыруға болмайды;
Ұшу кезінде балаларды апаттық люктің жанында, сондай-ақ дәретханаға жеке жіберуге болмайды. Әуеде аспансеріктер ыстық шай, кофе, тағамдар таратады. Сондай кезде балалар бақылаусыз қалып, олар күйіп қалатын сәттер де болады; 
Белгілі бір затты кесетін немесе тесетін ойыншықтарды, отқа қауіпті ойыншық, атыс қарулары бортқа жіберілмейді;

Құқықтық білім болмаған соң кейбір оқиғалар қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін. Лариса ханым әуежай маңында тұратын балалардың да қауіпсіздігі ескерілуі керек екенін айтады. Еліміздегі кейбір әуежайлардың тұрғын үйлерге өте жақын орналасқанын ескерсек, бұған расында құлақ аса жүруіміз қажет.

– Әуежай маңында орналасқан тұрғын үйдің иелері балаларын қараусыз қалдыруға болмайды, – дейді ол. – Әсіресе, Алматы қаласының әуежайына тұрғын үйлер тиіп тұр. Кәмелетке толмаған баланың 23.00-6.00 аралығында заңды өкілінсіз жалғыз жүруіне заңмен тыйым салынған. Шетелден, басқа жақтан да неше түрлі адамдар келіп жатады. Олардың қараусыз жүрген балаға әлдеқандай бір кесірі тиюі мүмкін.

Міне, әуежайға барар жолда балаларға қатысты ескеретін негізгі дүниелер осы. Ал әуежай маңында қандай да бір қылмыстық істерге куә болсаңыз, қандай да бір көмек керек болған жағдайда транспорттық полицияға жүгініңіз. Ондай полициядан хабарыңыз бар ма?

– Транспорттық полиция қызметіне азаматтар күнделікті ұсақ-түйек мәселелерді шешу мақсатында, сондай-ақ қоғамда әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру үшін жүгінеді, – дейді Лариса ханым қызметі туралы. – Транспорттық полицияның қызметкерлері азаматтардың барлық арыз-шағымына бей-жай қарамайды. Олар қашан да көмек қолын созуға әзір.

Жазып алған 
Асылан БІРЖАНҰЛЫ

 «Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы