• Спорт жұлдыздары
  • 19 Қыркүйек, 2021

Токиодағы тинейджерлер

Төрткүл дүние көз тіккен Токио олимпиадасы да аяқталды. Дүбірлі дода талайды тамсандырған жетістіктер мен естен кетпес ерекшелігімен есте қалды. Солардың бірі – Токио  төрінде топ жарған жасөспірімдер, яғни заманауи тілмен айтқанда, тинейджерлер.

Токио олимпиадасындағы ең танымал тинейджерлердің бірі – ұлыбританиялық Скай Браун. Скай Жапонияның Миядзаки қаласында дүниеге келген. 2019 жылға дейін Жапония туының астында өнер көрсетуді көздеген  скейтбордшының анасы жапон болса, әкесі – британдық. Ол Ұлыбритания тарихындағы олимпиадаға қатысқан ең жас спортшы ретінде (13 жас, 11 күн) тарихқа енді. 8 жасынан бастап әлем чемпионаттарында өнер көрсете бастаған Скай бірнеше рекорд жасаған. Ол 540 фронт трюгін орындаған тарихтағы алғашқы әйел адам атанды. Сондай-ақ Скай – Nike әлемдік брендімен келісімшартқа отырған ең жас спортшы. 2020 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Браун әлемнің ең үздік 12 скейтбордшысының қатарына кіріп, олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Ол әлемдік рейтингте үшінші тұрған еді. Бірақ 2020 жылы жаттығу барысында 5 метр биіктіктен құлаған спортшының бас сүйегі мен қолы сынып, ауыр жарақат алды. Ажалдан аман қалған Скайдың төзімділігі мен позитивті көзқарасына дәрігерлер таңғалды. Расында, Скай Браун ауыр жарақат алғанына қарамастан олимпиада ойындарында үздік үштіктен көрініп, әлемге өзінің мықтылығын мойындатты. Айтпақшы, Скайдың жаттықтырушысы жоқ. Ол барлық трюктерді ютубтан қарап, өзі үйренген.

Дәл осы Скайдың алдын орап кеткен скейтбордшы Кокона Хираки – Жапония тарихындағы олимпиадаға қатысқан ең жас спортшы. Тамыздың аяғында 13-ке толатын Хираки 1968 жылғы Мексика олимпиадасында сынға түскен 13 жасар жүзуші қыз Юкари Такемотоның рекордын бұзды. Сондай-ақ Хираки 1936 жылдан бері оимпиада ойындарында жүлде алған ең жас спортшы атанды. Кокона скейтборд спортымен 5 жасынан бастап шұғылданған.  Ол 10 жасында АҚШ-та өткен Дүниежүзілік экстремал ойындарда күміс медаль алып, жарыс тарихында жүлде алған ең жас скейтбордшы болды. Әлемдік рейтингте 6-орында тұрған Хираки күтпеген жерден күміс жүлдегер атанды.

Сириялық теннисші Хенд Заза Токио олимпиадасындағы ең жас спортшы ретінде ғана емес, Сирия тарихындағы Олимпиадаға жолдама жеңіп алған алғашқы теннисші ретінде тарихқа енді. Одан бөлек, олимпиада тарихындағы ең жас қатысушылардың қатарына кірген спортшылардың бірі болды. Үстел теннисімен 5 жасынан бастап айналысқан Зазаға олимпиаданың ашылу салтанатында 12 жас, 203 күн толды. Зазаның үстел теннисіне қызығушылығын ағасы оятқан. Сирия чемпионы атанған ағасы қарындасын жарыстарға өзімен бірге алып жүрсе керек. Сондай бір жарыс кезінде кішкентай қыз өзінен үлкендермен тең дәрежеде ойнап, бапкердің көзіне түскен. Сөйтіп, 7 жасында әлемдік аренадаға алғашқы жарысына қатысты. Заза 7 жылдың ішінде Сирияның ең үздік теннисшісі атанып, барлық жас категориясында чемпион болған. Ол Токиоға жолдаманы 11 жасында жеңіп алды. Иорданияның Амман қаласында өткен олимпиада жолдамасын сарапқа салатын турнирде өзінен 4 есе үлкен ливандық спортшы  Мариана Саакянды ұтты. Сириядағы алапат соғыстың кесірінен Заза спорттық ғұмырында халықаралық екі-үш жарысқа ғана қатысқан. Оның үстіне жаттығу жасау үшін дұрыс жағдай да жоқ. Сондықтан Заза үшін аулаға шығып алаңсыз ойнаудың өзі бір бақыт. Соған қарамастан, Заза әлемнің ең үздік спортшылары бас қосатын байрақты бәсекеде өнер көрсетті. Алғашқы айналымда жеңілсе де, рухы мықты, жігерлі жан екенін дәлелдеді. Айтпақшы, енді ол Қытайда жаттығады. «Сирия халқын бақытты еткім келеді» деген қаршадай қыздың болашақта биік белестерді бағындырғанын көрерміз, бәлкім.

Топжарғандар

Токио олимпиадасында сынға түскен жасөспірімдердің он сегізі топ жарып, Олимп шыңын бағындырған. Олардың оны қыз болса, сегізі – ерлер. Токиода тинейджерлердің көшін қытайлықтар бастап тұр. Жоғарыда атаған он қыздың бесеуі – Қытай елінің өкілі. Олардың арасындағы ең жасы – суға секіру спортынан чемпион атанған 14 жасар Хунчань Зуан. Қытайлық бес қыздың төртеуі су спортынан олимпиада чемпионы болса, 16 жастағы Гуань Ченчен спорттық гимнастикадан алдына жан салмады. Ал Токиода топ жарған ең жас олимпиада чемпионы – 13 жасар Момидзи Нисия. Скейтборд спортынан сынға түскен жапон қызы Жапония тарихындағы ең жас олимпиада чемпионы атанды.

Ол 14 жасында Барселона олимпиадасында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден чемпион болған Ивасаки Кёконың рекордын бұзды. 16 жастағы ресейлік гимнастар Виктория Листунова мен Владислава Оразова командалық сайыста топ жарып, ең жас чемпиондардың қатарына кірді. 17 жастағы австралиялық Молли О’Каллаган мен америкалық Лидия Джейкоби – суға жүзу спортынан чемпион атанған тинейджерлер.

Ерлер арасында Токиодағы ең жас олимпиада чемпионы – кореялық садақшы Ким Дже Док. 17 жастағы садақшы командалық сайыста да, жұптық сында да ешкімге дес бермеді. 18 жастағы австралиялық Киган Палмер скейтборд спортынан жеңімпаз атанса, ұлыбританиялық Мэтт Ричардс пен Тунис елінің өкілі Ахмед Хафнауи су спортынан чемпион болды. Испаниялық құзға өрмелеуші Альберто Хинес Лопес те 18 жасында Токиода топ жарды. Токиода сенсация жасап, таеквандодан қарсылас шақ келтірмеген 19 жастағы Ұлықбек Рашидов та (Өзбекстан) ең жас жеңімпаздардың қатарында. Одан бөлек, қытайлық жүзгіш Ван Зунюан мен жапондық гимнаст Даики Хасимото 19 жасында өз елдерінің туын биікке көтерді. 

Мұндай жетістікке жету сенің де қолыңнан келеді, қазақстандық жас талап. Бастысы, кез келген салада ерінбей еңбектеніп, сол саланың жілігін шағып, майын ішу – басты міндет.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

585 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы