• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қыркүйек, 2021

Егер де бәрін есте сақтасақ

Режиссер Барри Левинсонның «Жауын адамы» фильмі есіңізде ме? Рэймонд атты негізгі кейіпкер савантизм ауруымен ауыратын. Бұл психологиялық ауытқу кезінде адам эмоциядан айрылып, интеллектісі һәм есте сақтау қабілеті артады. Кейіпкер Рэймонд өмірде болған. Оның шын есімі – Ким Пик. Ол оқыған кітабының 98 пайызын жаттап алатын ерекше қабілетімен тарихта қалды. Ғалымдардың айтуынша, оның миында 12 мың кітаптың мәтіні болған. Сонымен бірге, Ким Пик екі көзімен кітаптың екі бетін қатар оқитын қабілетке ие. Кітаптың екі бетін 8-10 секунд ішінде оқып бітіреді екен. Нағыз «құмыра адам». Ал қарапайым адамдарға мұндай жад берілмеген. Олар миында кез келген ақпаратты жөнді-жөнсіз сақтай береді. Шерлок Холмс айтқандай: «Адам жады үйдің шатыры секілді. Егер оны ретке келтірмей, кез келген артық затты тыға берер болсақ, күндердің күні толып қалады және ондағы ретсіздіктен өзімізге керекті дүниені таба алмай қаламыз». Міне, қарапайым адамдардың жады көбіне осындай сипатта болады. Егер адамның барлығы Ким Пик секілді жадқа ие болса не болар еді? 

Жалпы адамның алғашқы естеліктері 2,5 жасынан басталады. Егер шын ішіңізге, сана түкпіріне бойласаңыз, осы кезіңіздегі үзінді кадрларды тауып алар едіңіз. Неге 2,5 жас? Өйткені сол уақытқа дейін адам миы есте сақтауға емес, айналаны тануға барынша жұмыс істейді. 7 жасқа дейін тек ақпараттарды барынша қабылдауға жұмыс істемек. Сол үшін де біз 7 жасымыздан бастап толық өмірімізді есте сақтауға қабілеттіміз. Ал кез келген ақпаратты есте сақтай алатын қабілетке ие болсақ, туған сәтімізден бастап тісіміздің қалай өскеніне дейін анық білер едік. Бейнебір көзіміз – камера, құлағымыз диктофон секілді. 

Адам жаңа ақпаратты қабылдағаннан кейін бір сағат ішінде – оның 40 пайызын, он сағаттан соң – 65 пайызын, бір айдан кейін 80 пайызын ұмытады. Яки біздің жиған біліміміз оқығанымыздың 20-25 пайызы ғана болмақ. Егер адам барлығын есте сақтай алатын қабілетке ие болса, ұмытудың өзі қуаныш екенін сезінер еді. Өйткені адам психологиясы өзіне ұнамсыз естеліктерді ұмыта алатын қабілетке ие. Олай істей алмасақ, әрбір өкінішіміз біздің жүйкемізді жұқартып жіберер еді. Оның соңы паранойя секілді ауытқуларға әкеп соқтырады. 

Десек те ғылыми теориялар бойынша, адам өмірінің әрбір секундын, оқыған дүниесінің барлығын есінде сақтай алады. Бірақ оны күнделікті пайдаланбағандықтан, төменгі еске ауысады, яки мұрағатқа өткізіле бермек. Сондықтан есте сақтау қабілеті жақсы адам ретінде барлығын жаттап алатын адамды емес, өзінің түпкі санасына, түпкі есіне қалаған уақытында қол жеткізе алатын адамды атағанымыз дұрыс шығар. Десек те ол қабілет баршамызға дарымаған. Сондықтан Шерлок Холмстың кеңесін әрқашан есіңізде сақтаңыз.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

290 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы