• Спорт жұлдыздары
  • 20 Қыркүйек, 2021

Сәкен Бибосынов, Токио олимпиадасының қола жүлдегері: Ел енді бізден алтын күтеді

Токио олимпиадасында жанкүйерлер ықыласына ие болған бір боксшы болса, ол – Сәкен Бибосынов. 52 келі салмақ дәрежесінде Сәкен атой салды, алтын жүлдеге әбден лайық болды. Жұрт пікірінше, Бибосыновты қазылар аяқтан шалды. Токио додасының жартылай финалында ол британдық Галал Яфайды жеңгеніне көптің дауы жоқ. Бірақ төрешілер басқаша шешті. Бірінші раундта біздің боксшы нокдаун алып қалған соң, одан кейін жекпе-жек тізгінін мықты ұстаған сияқты еді. Елге оралғанда, қарапайым халық Сәкенді төбесіне көтерді. Мемлекет марапатымен қатар, жеке азаматтар да талантты боксшыға сый жасап, ақ ниетін аяған жоқ. Алматыда өткен боксшыларды марапаттау рәсімінде Сәкенді сөзге тарттық.

– Сәкен, елге Өзбекстаннан қоныс аударғаныңнан хабардармыз. Боксты Өзбекстанда бастадың ба? Ол жақта қандай табыстарға жете алдың?

– Иә, біздің отбасы Қазақстанға 2012 жылы келді. Қызылорда қаласында бір жыл оқыдым, одан кейін Шымкентке қоныс аудардық. Өзбекстанның Ташкент облысы, Бостандық ауданының тумасымын. Өздеріңіз білесіздер, бұл – қазақтың жері. Ауданда түгелдей дерлік қазақтар тұрады. Боксты сол жерде бастап, екі жылдай әуестендім де, Қазақстанға келдім. Алдымен Бақтияр Тұранбаевтың қол астында екі жыл жаттықтым. 2015 жылы Мырзағали Айтжановқа ауыстым. Содан бері жақсы нәтиже көрсете бастадым.

– Жұрт сенің есіміңді 2019 жылғы әлем чемпионатынан (Екатеринбург, Ресей) кейін біле бастады. Сол жолы жеңіп алған қола жүлдең жолыңды ашқан сияқты ғой.

– Иә, Екатеринбургтегі әлемдік додадан кейін өзімді 52 келі салмақтағы толыққанды бірінші нөмірлі боксшы сезіне бастадым. Мұндай сенім боксшының өзіне жақсы. «Токио олимпиадасында жақсы өнер көрсетемін» деген мақсат сол кезде пайда болды.

– Дегенмен Токио олимпиадасына жолдама алу саған оңайға түскен жоқ. Ел біріншілігінің финалында Сабырхан Махмұдқа есе жібердің. 

– Олимпиада өз кезегімен, 2020 жылы өткен болса, біз әлем чемпионатындағы нәтижемізбен-ақ Токиоға жол тартатын едік. Алайда пандемия килікті, оның үстіне АИБА-ның президентіне қатысты дау туындап, олимпиададағы бокс турнирін Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) өзі өткізетін болды. Мұның бәрі спортшыларды да, мамандарды да састырғаны анық. Бірақ Сабырханнан ел біріншілігінің финалында жеңілгенге дейін-ақ менде олимпиада жолдамасы болды. Ал бокста олимпиада жолдама нақты адамға беріледі. Бірақ С.Махмұдқа есе жіберген соң, әлеуметтік желіде біраз әңгіме көтерілгені рас. Бұл кезде біз олимпиадаға дайындық жүргізіп жатқандықтан, ондай әңгімелерге қарайлаудың, бас ауыртудың қажеті жоқ еді. Дегенмен Токио олимпиадасына екі ай қалғанда ғана көңілдегі алаң кетті. Өйткені азиялық іріктеу турнирінен бұрын әлемдік іріктеу жарысы өткізілетін болса, Сабырханның баруы да мүмкін еді.

– Азия боксшылары үшін іріктеу турнирі 2020 жылдың наурыз айында Амманда (Иордания) өтті. Барлық командаласың жолдаманы бірден уысына түсіргенде, сен қосымша жекпе-жекке шығуға мәжбүр болдың. Ол турнирде бірден жеңімпаз атануға не жетпеді?

– Иә, құрамадағы командаластарымның бәрі жартылай финалға шығып, олимпиада жолдамасын иеленді. Мен болсам, ширек финалда қытай боксшысы Ху Жиангуаннан жеңіліп қалдым. Бірақ 52 келі салмақта олимпиадаға алты жолдама берілетін болды да, ширек финалда жеңілгендер арасында қосымша екі жекпе-жек өткізілетін болып шешілді. «Қалай болса да, олимпиадаға жолдама алуым керек» деп барымды салдым. Қосымша кездесуде қарсыласым Карло Пааламды (Филиппин) жеңдім де, олимпиада жолдамасына қол жеткіздім. Адамның бағы дегенді қойсаңызшы, сол Паалам менен жеңілгеннен кейін соңғы іріктеу турнирінен олимпиада жолдамасын иеленді де, Токиода күміс жүлдегер атанды.

– Жанкүйерлер Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдәулетов, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаевтарды олимпиада фавориті ретінде көрді. Сенің есімің көп атала қойған жоқ. Өзіңнен не күттің?

– Иә, жұртшылық мені жүлдеден үміткерлер қатарына қоса қоймаған сияқты. Аз адам ғана күтті деп ойлаймын. Жеке бапкерім Мырзағали аға сенді, намысымды жаныды, жарауды бәйгеге дайындағандай жанын салды. Мен де өз-өзіме сендім. «Қалай болғанда да Токиода жақсы өнер көрсетем, қайтсем  де медаль алуым керек» деп жолға шықтым.

– Рио мен Токио олимпиадаларының арасы дәстүрлі төрт емес, бес жылға созылды. Дайындық кезеңінің созылып кетуі кері әсерін тигізген жоқ па? 

– Жігіттерге күту қиын болған шығар. Бірақ осы олимпиялық циклдің бес жылға созылуы маған ыңғайлы болды. Өйткені олимпиада биыл емес, 2020 жылы өтсе, мен физикалық тұрғыдан дайын болмауым мүмкін еді. Соңғы жылы дене күшін арттыруға аса мән бердім. Сондықтан «әр нәрсенің қайыры бар» деген нәрсеге мен де сенемін.

– Мырзағали Құланұлы сені әр қарсыласыңа жеке дайындады ма? 

– Мырза аға әрбір ықтимал қарсыласымды зерттеп, артық-кем тұстарын санама құйып жүрді. Өзім де кездесуі мүмкін боксшылардың аяқ алысын бақылап жүрдім. 2019 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында үнді боксшысы Амит Пангалдан жеңілген едім. Азия чемпионатында да дәл осы боксшы жолымды кесті. Соған қатты дайындалдым. «Кездессе, есемді қайтарам» деп ширығып жүрдім. Бірақ ол Токио олимпиадасында маған жетпей жолдан шықты. 

– Жеребе қалай түсті? Кімнен көбірек қауіптендің?

– Мен барлығын да негізгі қарсылас деп санадым. Ешбір боксшы олимпиадаға жеңілем деп келмейді. Жеребеге аса мән бере қойғаным жоқ. «Бұйырғанын көремін, бірақ бәрібір жүлде аламын» дедім өзіме.

– Алғашқы қарсыласың пуэрто-риколық Янкиель Ривера болды. Онымен бұрын жолың түйіспеген ғой, күтпеген нәрсе ұсына алды ма?

– Жоқ, бұрын кездеспесем де, бапкерім екеуміз оның қай соққысы мықты, қорғанысы қандай дегеннің бәрін зерттеп алғанбыз. Алғашқы екі раундта үш төреші менің жеңісімді тіркеді, ал соңғы раундта бәрі жеңісімді бірауыздан мойындады.

– Екінші болып Біләл Беннама (Франция) жолықты. Ол да өзің сияқты – әлем чемпионатының қола жүлдегері.

– Басқа-басқа, бірақ Беннамаға қарсы керемет дайындалып шықтым. Екеуміз сәуір айында Германияның Көлн қаласында өткен халықаралық турнирдің финалында кездесіп, мен 0:5 есебімен жеңілген едім. Сол есемді қайтарғым келді. Енді мен 5:0 есебімен жеңдім, сөйтіп, ширек финалға қадам жасадым.

– Сен ширек финалға шыққанда, қазақ боксшылары бірінен соң бірі жеңіліп жатты. Жарыс жолында Зәкір Сафиуллин, Қамшыбек Қоңқабаев үшеуің ғана қалдың. Бұл да психологиялық жүк болды ғой?

– Өкінішке қарай, бұл кезде қатарымыз сиреп қалды. Қазақ боксының туын түсірмеу үшін барымызды салуымыз керек болды. «Қайтсем де алтын аламын» деп мақсат биігін көтергенім де осы сәт. Бірақ испан боксшысы Габриель Эскобармен жекпе-жек ауыр өтті. Бірінші раундтан басымдық танытқаныммен, екінші раундта қателік жібердім. Бойымның ұзындығына қарамастан, қарсыласымды өзіме жақындатып алдым. Негізі Эскобар лас жұдырықтасады екен. Екінші раундтан соң Мырза аға қатты қамшылады. Келесі раундқа жақсы тактика қойып берді. Бапкерімнің тапсырмасын толық орындадым. Есеп 3:2 болды, бұл жекпе-жектің оңай болмағанын аңғартады. 

– Одан кейін... өкініші мол жартылай финал. Галал Яфайдың сол соққысын алғашқы минутта жіберіп алмағанда, финалдың төрінде тұруың мүмкін еді...

– Яфаймен жекпе-жекті Токиода да, елге келген соң да бірнеше рет қайта қарадым. Өз ойымша, жекпе-жектің бірінші минутында ғана жеңілдім, одан кейін кездесу тағдыры менің қолымда болды.  Нокдаун алдым деп ойламаймын. Есімнен танғаным жоқ, бірден ұрысқа дайын екенімді білдірдім. Бірақ төреші есеп ашты. Нокдаун делінген соң, қапталдағы бес төреші де бірінші раундты Яфайға берді. Екінші раундта таза жеңген сияқты едім, бірақ төрешінің екеуі Галалды жақтапты. Үшінші раундта да білгенімнен жаңылмадым, қарсыласты мейлінше тықсырдым. Сондықтан төреші жеңімпаз ретінде британдық боксшыны нұсқағанда, көз жасыма ерік бердім. «Қазақ елінің көк туын желбірете алмадым, әнұранымызды Токио төрінде шырқата алмадым» деген өкініш болды.

– Шартты нәрсе болса да сұрайын, финалда Пааламды жеңе алар ма едің?

– Менің ойымша, оңай жекпе-жек болатын еді. Қарсылас ретінде оның қыр-сырын білемін, сондықтан аянып қалмас едім. 

– Олимпиада жаңа бітті, дегенмен Париж додасы туралы ойланасың ба? 

– Әрине, ойлаймын. Үш жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Енді тәжірибем бар. 2024 жылғы олимпиадада алтын алуға ұмтыламын. Өйткені қазақ елі енді бізден алтын күтеді. Сол үшін де аянбай еңбектенемін. 

– Сұқбатыңа рақмет!

Сұқбаттасқан 
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы