• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қыркүйек, 2021

Не айтып жүрміз?

Тәуелсіздік алғалы бері етек-жеңімізді жинай бастағанда алдымен тіл мәселесіне баса мән бердік. Тіл туралы заң да ертерек қабылданды. «Қазақ тілін қолдау жылы» сияқты бағдарламалар қоса жүрді. Солай бола тұра, тіл мәселесі әлі күнге өзекті. Бүгінгі балалардың сөйлегеніне қарап, «қолымды мезгілінен кеш сермедім бе» дейсіз. Осыдан оншақты жыл бұрын қазақшаға орысша сөзді қосып сөйлеу сәнге айналғанын айтып дабыл қақсақ, қазір оған ағылшын тілі қосылды. Үйде құлдыраңдап жүрген балаңыздың үш тілді қатар қолданатынын байқайсыз ба? Шет тілін әзірден-ақ біледі деп қызықтауыңыз мүмкін. Алайда ол өз ана тілінің қайсысы екенін ажырата ала ма? Мәселен, қызыл түсті жейдені көрсетіп, оның қандай түс екенін сұрасаңыз, ол сізге «red» дейді. Ол, демек, өзінің қай тілде сөйлеп тұрғанын түсініп те тұрған жоқ. Ал бұлай жалғасса, болашақта не күйге түсуіміз мүмкін?!

Кесірі қайдан? Келесі майдан...

Әрине, мұның себебінің қайдан бастау алғанын әбден біліп болды. Десе де «Халықаралық Қазақ тілі қоғамының» вице-президенті, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек мырза осы мәселені көптен зерттеп жүр.

– Қазақша сөйлеуде бөтен елдің сөзін араластырып сөйлеу – сөйлеу мәдениетін сақтамау, – дейді Бижомарт мырза. – Мұндай бейберекет кіріктірілген сөздерді «варваризм»  деп атайды. Мұның түбі тереңде және оның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, мектептегі «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиетінің» бағдарламасы дұрыс емес. Екеуіне мектепті аяқтағанша мың сағаттан – екі мың сағат бөлінеді. Екі мың сағатта баланы дұрыс сөйлеуге, сөйлеу мәдениетін сақтауға тәрбиелей алмаса, онда ол бағдарламаның керексіз болғаны. Жалпы мектептегі білім функционалдық болу керек. Бұл дегеніміз – мектепте алған білім баланың өміріне қажет болуы керек. Ахмет Байтұрсыновтан бастап айтып келе жатқан қағида осы. Бұл – бір.

Екіншіден, адамды ортасы тәрбиелейтіні сияқты, баланың тілінің қалыптасуы ортасына да байланысты. Қазір қазақ руханиятына қызмет етіп жүрген барлық тұлға ауылда өскен. Қаладан шыққандары бар, бірақ олар аз. Ауылда айнала түгел қазақша, баланың құлағына қазақша түгелдей сіңеді. Бұрын біз «Балдырған», «Пионер» секілді газет-журналды күтіп жүріп оқысақ, қазір оның орнын гаджет алмастырды. Балалар жан-жағымен арасқаннан гөрі, гаджетті көбірек тұтынады. Яғни оның ортасы – гаджет. Баланы сол тәрбиелеп отыр. Ал оның ішінде қазақша мазмұн, контент өте аз. Бүгінгі баланың тұрпаты – гаджеттің нәтижесі.

Енді не істемек керек? Бірінші, мектептегі «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» бағдарламасын шұғыл арада ата-аналарды, әдіскерлерді, БАҚ өкілдерін, қоғам қайраткерлерін, жастарды тарта отырып дұрыстау керек. Ол бағдарлама Кембриджден ағылшын тілін үйретудің бағдарламасы ретінде көшіріліп әкелген. Ереже жаттауға емес, сауатты жазуға, дұрыс сөйлеуге үйрету керек, сондай-ақ дұрыс сөйлеу мен жазуды қамтамасыз етіп тұру керек. Сондай концепция құрылса ғана балаларымыз барлық мектептен өтеді. 

Екіншіден, гаджеттен құтыла алмаймыз, сондықтан оны қазақша контентпен толтыру керек. Бұл шаруаны құмырсқаша жабылып істеуіміз керек. Ахмет Байтұрсынов: «Ұлт жұмысы машинаның тетігі емес, басып қалсаң басқа жөнге түсетін. Ұлт жұмысы – құмырсқаның илеуіндегідей жұмыс, оған әр құмырсқа ортақ илеуге өзінің көтере алатын шөпшегін апарып салады», – дейді. Яғни әркім өз мүмкіндігінше контентті қызықты, пайдалы ақпаратқа толтыру керек. Ресейде балаларға ғана арналған «гугл» бар, Қытай көп дүниені шектеп қойды. Ал бізде бәрі ашық-шашық. Мұның бәрі – мемлекет істеуге тиіс дүние. «Балалар министрлігін» құрсақ та артық емес. Өйткені, бала – біздің болашағымыз. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын?» деп Ахмет атамыз баяғыда айтып кетті. Тез арада балаларға арналған үлкен бағдарлама құруымыз керек. Балалардың тілін сақтау дегеніміз – ұлтты сақтау. Тіл деген жай қарым-қатынас құралы емес, ол мәдениеттің сақталатын орны. Тіл – ұлттың ішкі мазмұны.

Қандастың қалы қалай?

Тіл мәселесін айтқанда тілге тиек қылатын тағы бір дүние – дүниенің төрт бұрышындағы қандастарды атамекенге оралтуды айттық. Әсіресе, көрші мемлекеттерде отырған бауырларымыз қазақтың құнарлы тілін сақтап отыр дестік. Жасыратыны жоқ, олардың бір шоғыры келген кезде қабымыз қампайып шыға келгендей болды. Әсіресе, Қытайдағы қазақтардың көші қуанышымызды еселей түсті. Олардың бәрі де қазақша білім алып, балаларын да қазақ мектептеріне орналастырды. Ал қазір жағдай өзгерек. Көш сейілді. Ол жақтағы қазақтың қалы қалай? Тілі ше? Бұл турасында атамекенге оралған Жаманқұл Қазыбектің айтары көңіл көншітпейді.

– Қытайдағы қазақтардың кейінгі буынында, әсіресе балаларда қазақ тілі  жоққа тән, – дейді ол. – 95-98 пайызы қытай тілінде сөйлейді. Мектеп бағдарламасы, оқулық қытай тілінде. Ал Қытайдың өз ішінде мұндай мәселе бұрыннан айтылады. Әсіресе ағылшынша қосып сөйлеу – сән. Испан, француз сияқты әуезді тілдер қытайлар арасында «хит» боп тұр. Солардың әнін тыңдау, фильмдерін көру жаппай етек алды. Миллиард халық болған соң бәрі бірдей қытайша сөйлеп жүргендей сезіледі. Ал шындығында басқа тілде сөйлеу, сөзден ауытқып кету оларда да кездеседі. 

Кейінгі кезде Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған қазақтардың да жағдайы мәз емес. Өздері топ болып, ешкімге қосылмай жүреді. Елде жүрсе де қытайша сөйлейді. Дүниетанымы басқа. Әсіресе, қыздардың киім киісі, боянуы кәрістің, қытайдың қыздарына ұқсайды. Жігіттері де солай. Еңселерін тұқыртып жүреді. Қалада қытайдан келген адамдар ашқан бір кафе бар. 20-25 жас аралығындағы қыз-жігіттер жиі барып, туған күн кештерін, әртүрлі басқосулар өткізіп тұрады. Барсаң, шошисың. Қабырға сағаты Пекин уақытын көрсетіп тұрады. Әндерінің бәрі қытайша. Ғимараттың іші түгелдей қытайша бедерленген. Жиналғандар шыңғырып билеп, айғайлап, есіңді шығарады. Екі рет барып, екеуінде де жағамды ұстап шыққам. Ішіне кірсең, Қазақстанда екенмін-ау деп ойламайсың.

Өзгенің күйі

Бұл мәселе посткеңестік елдердің бас ауруына айналғанын білеміз. Тәуелсіздік алғалы бері олар да тіл үшін күресіп келеді. Мәселен, Өзбекстандағы жағдай туралы қандасымыз Нұрғиса Қамалбек былай дейді:

– Мұнда орыс тілінің қолданысы, балалардың сөз арасына кірме сөздерді қолдануы Қазақстандағыдай емес. Бірақ осы жағдайға біртіндеп келе жатқаны байқалады. Себебі, көпшілігі балаларын орыс мектептеріне беріп жатыр. «Орысша білсе, қор болмайды» деген түсінік бар. Жастардың көпшілігі ағылшын тілін тәуір біледі. Ал мемлекеттің іс-қағаздары толықтай өзбек тілінде жүреді.

Ал Еуропа елдері ше? Олардың балалары қалай сөйлейді? Үйренеріміз бар ма? Бұл туралы сол жақта білім алып келген Рауа-Бану Кеулімжайқызы былай дейді:

– Германияда Людвиксбург педагогикалық университетінде жарты жыл оқығаным бар. Онда негізгі тіл – неміс тілі. Ешбір неміс шетелдікті көрсе де, бірден ағылшынша сөйлеп кетпейді. Сізбен немісше сөйлесіп, барлығын немісше түсіндіреді. Қиналып бара жатсаң ғана ағылшын тіліне ауысады. Бұл ұлтшылдықтан гөрі өздерінің ана тіліне құрметі деп ойлаймын. Олар ең алдымен неміс тілін дәріптейді. Америкада да білім алдым. Ол жақта кірме тіл – испан тілі. Бірақ олардың араластырып сөйлегенін көрмеппін. 

Соңғы пікір серпін беретіндей. Яғни әлемге үстем етіп тұрған тіл сенікі емес, бөтен болса да, ана тіліңе құрмет арқылы дәрежеңді түсірмек емессің. Ана тілімізге қанша-лықты құрмет жасай алып жүрміз?

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

70 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы