• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қыркүйек, 2021

Не тыңдап жүрміз?

«Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар...» Иә, иісі қазаққа мәлім, алаш жұртының біртуар ақыны Абай атамыздың осы бір сөздері бүгінгі қоғамның нағыз бетпердесін ашып тұрғандай, сірә... Бүкіл әлемді әуезді әуенімен жаулаған музыка адамзаттың негізгі тәрбие құралына айналды десек, еш қателеспейтініміз анық. 

Тарихқа сүйенетін болсақ, музыкалық терминдер Ежелгі Грекияда пайда бола бастаған. Біз оны әлемнің ұлы ойшылдары саналатын Платон мен Аристотель еңбектерінен көз жеткізуімізге болады. Музыканың балаларға, сондай-ақ ересек адамдардың психологиясына тигізер пайдасынан бөлек, зияны бар екенін ұмытпаған жөн. Музыка адам баласын ерекше күйге бөлейтін, бойында жаңа әсер қалдыратын, сондай-ақ белгілі бір істі орындауға шабыт сыйлап, алға жетелейтін тылсым күшке ие.

Психологтардың пікірінше, адамның санасының, ой-өрісінің жақсы қалыптасуына классикалық бағыттағы әндердің берер пайдасы мол. Тіпті, Ежелгі Грекияда классикалық сарындағы музыкаларды емдік мақсатта пайдаланған деседі. Өзіңізге рухани демалыс сыйлағыңыз келсе, жаныңыз тыныштықты қаласа, классикалық әндер сіз үшін  таптырмас құрал бола алады. Егер бала жан-жақты болып, айналасын танып, көріп өссін десеңіз психологтар тек бір емес, бірнеше жанрдағы әндерді тыңдауға кеңес береді. Психотерапия саласының маңызды бір бөлігіне айналған музыкалық терапия бүгінде халық арасында кең қолданысқа ие. 

Ал қазіргі қоғамның басты проблемасының біріне айналып отырған музыка саласындағы олқылықтарды да айтпай кетуге болмас. Бұл сөзімізге негіз болып отырған жағдай – әуені мен сөзі бір-бірімен үйлесім таппаған, естір құлақты мезі етіп, сахна төрінде мән-мағынасы жоқ, шырайы кеткен әндердің көбеюі. Психологтар мұндай сарындағы музыканың жастарға, әсіресе жасөспірімдердің ойлау қабілеті мен психикасына, көңіл-күйіне өз ықпалын тигізетінін айтып отыр. Осы орайды пайдалана отырып, біз бүгінгі жастардың қандай бағыттағы әндерді тыңдайтыны, әннің оларға қалай әсер ететіні  туралы сауалнама жүргізген едік. «Бес саусақ бірдей емес», музыкалық талғам әр адамда әрқалай қалыптасады. Бірі ғасырлар бойы халық жүрегінде келе жатқан әндерді ұнатса, екіншісі қазіргі қоғамның нағыз «хитіне» айналған заманауи бағыттағы әндерге көбірек назар аударатынын байқадық.

Ақниет ҚАЖЫМҰРАТ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ІІ курс студенті:

Қазақ әндерінің кең таралып жатқаны  қуантады

Иә, бүгінгі таңда музыканың әсері күн санап артып келеді. Дегенмен мен үшін бастысы, Абай атамыз айтпақшы, әннің есті болуы. Шыны керек, соңғы кезде мән-мағынасыз әндердің қатары көбейді. Дегенмен бұл заманауи әуендердің бәрі дерлік мағынасыз деген сөз емес. Жеке өз басым – меломанмын. Яғни, кейде халық әнін тыңдасам, кейде рок тыңдауым да мүмкін. Байқап қарасам, бұл тікелей көңіл күйіме байланысты екен. Негізінен, бала күнімде менің талғамыма жүрген ортамның әсері қатты болды. Мысалы, 5-7 сынып аралығында қатарластарым шетелдік рок жанрын тыңдағанды ұнататын. Сәйкесінше, мен де сол жанрды сүйіп тыңдадым. 7-сыныбымда кореялық драмаларды көре бастадым да, k-pop жанрына қызықтым. Айтпақшы, сол уақытта өзім үшін жаңа жанрлар ашып жатсам да, бұрыннан тыңдайтын америкалық әндерім мен қазақы әндерімді ұмытқаным жоқ. 8-сыныбымда Абай атындағы РММИ-ға қабылданып, таза қазақы ортаға түскеннен кейін күнделікті таңғы жиын «Жыр шұғылада» халық, дәстүрлі, қазақ композиторларының әндерін жаттап, шырқай бастадым.

Меніңше, қазір жастар екіге бөлінеді. Сәл орыстанғандары қазақ әртістерін әлі де мойындағысы келмейді де, шетелдік рэперлердің өнеріне қызығады. Ал екіншілері қазақ өнеріндегі жаңа толқынды қолдап, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысып келеді. Тіпті кейбірі 2000 жылдардағы хит әндердің ремиксін жасап, әнге жаңа өмір сыйлап та жатыр. Әрине, қанша адам болса, сонша талғам болады. Оған дау жоқ. Алайда қазақ әндерінің жастар арасында кең таралып жатқанына шын қуанамын.

Қазақ орындаушы-ларынан Мархаба Сәби, Ninety one, Yenleak, Irina Kairatovna, Orda, Amre, Jeltoksan, Kosmuse, «МузАрт», Шәмші әндері, халық әндері  және т.б тыңдасам, ТМД әншілерінен Zivert, Алексей Чумаков, Пицца, т.б., шетел әншілерінен One Republic, Twenty one pilots, Dua Lipa, Imagine Dragons, т.б. тыңдаймын.

Айтпақшы, әншілерден бөлек, музыкалық композицияларды тыңдағанды ерекше жақсы көрем. Өзім аспапта ойнайтындықтан, музыкалық композицияларды тыңдасам, көңілім толқи түседі. Мен үшін ең бастысы – ырғақ пен мағына. Әннің әрбір сөзінен мән іздегенді ұнатамын. Оған қоса, әннің сазы жүрегіме жақса, тіпті керемет.

Інжу ЕРКІН, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Абай мектеп- гимназияның 10-сынып оқушысы:

Заманауи бағыттағы әндерді тыңдауыма әлеуметтік желілер мен қоршаған ортам әсер етті

Мен заманауи бағыттағы әндерді жиі тыңдаймын. Бірақ балалық шағымда өтіп кеткен бақытты сәттерді еске алу үшін немесе халық әндерінің ерекше мағынасы мен ырғағын сезіну үшін тарихи маңызы бар әндерді де қалдырмай тыңдауға тырысамын. Оған қоса, патриоттық әндерді тыңдағанда Отаныма, еліме деген махаббатым бойымды баурап алады. 

Заманауи бағыттағы әндерді тыңдауыма әлеуметтік желілер мен қоршаған ортам әсер етті деп ойлаймын. Өйткені, менімен жасты балалар осындай әндерді тыңдап, оны бөлісіп, қызықтырады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде заманауи, тіпті шетел әндерін естіп жатамыз. Оған да етіміз үйренген. Менің ойымша, ХХІ ғасыр заманындағы халықтың ән таңдау талғамы жаман емес. Бірақ көңілім онша толмайды. Себебі, әндердің барлығы болмаса да, кейбіреулерінің мән-мағынасы жоғалған. Өкінішке қарай, сол әндерді халық тыңдайды. Өз басым, әнді тыңдағанда ең бірінші ырғағын ескеремін. Кейіннен сөзіне, мағынасына құлақ түріп, ән мен ырғағының үйлесімін сараптаймын.

Таңырыс ТОҚТАРҚЫЗЫ, Т.Жүргенов атындағы ҚАЗНАИ І курс студенті:

Сенің ойыңдағы желігің ешкімге зиянын тигізбеуге тиіс...

Шынымды айтсам, мен меломанмын. Әр бағыттағы өзіме ұнайтын әндерді тыңдай беремін.  Менің ән жинағымнан терме, рэп, көңілді, мұңды, джаз, рок – барлығын табуға болады. Әрине, барлығына «мына әнді тыңда» деп құлағына құя алмайсың. Бірақ жеке өз пікірім, өнер жолын, ән жолын кірлетер әндер жетерлік. Кілең боғауыз сөзге толы әндер, тек бір сөзді қайталайтын әндер де бар. Менің ойымша, адамның бойындағы эмоцияны түрлі әдістермен шығаруға болады деп ойлаймын. Ең бастысы, сенің ойыңдағы желігің ешкімге зиянын тигізбеуі тиіс. 

ХХІ ғасырда тусам да мен термелерді, күйлерді және өткен ғасыр композиторларының шығармаларын тыңдағанды жақсы көремін. Әрине, жас болғасын, көңілді әндерді де тыңдағым келеді, сол себепті қазіргі өнерлі жастарға да құлақ қойып жүремін. Қазір талантты жастар өте көп. Мағынасыз тірлікпен емес, келер ұрпаққа қалдырар жанрда жұмыс жасап жүргені баршылық. Әнді тыңдағанда міндетті түрде мағынасына, ырғақтылығына мән беремін. Көңіл күйіме байланысты әртүрлі ән жинағым бар.

Ұлбосын КӨРКЕМҚЫЗЫ, «AEN press» баспа үйінің қызметкері, киногер:

Қазір бұл саланы кейбір адамдар бизнеске айналдырып жатыр...

Қазіргі уақытта заман ағымына қарай әр адамның талғамы да әрқалай. Өз басым түрлі жанрдағы әндерді тыңдай беремін. Шетел әндері болсын, ТМД-да жиі айтылып жүрген әндер болсын, бәрін тыңдаймын. Халық әндерін, күйлерді, Мейрамбек Бесбаевтің әндерін сүйіп тыңдаймын. Осындай кезде кейбіреулер «баяғы заманда қалғансың» деп күлетін кездер де болады. Әнді тыңдауым сол сәттегі көңіл күйіме байланысты деп ойлаймын. Көп адам сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімін ән арқылы жеткізіп жатады. Тарих беттеріндегі Естайдың «Қорланын», Біржан салдың «Балқадишасын» мысал етіп алуымызға болады. Мен сол сезімді сезіне білу үшін, бастан өткеру үшін тыңдап отырамын. Кейбір әндерді тыңдау арқылы балалық шағыма сапарлап қайтамын. 

Әрбір адамның өз таңдауы, талғамы болары рас. Алайда бүгінгі қоғамның ән  таңдау талғамына көңілім толмайды. Себебі, қазір бұл саланы кейбір адамдар бизнеске айналдырып жатыр. Жеңіл әндер жылдам хит болып, анайы сөздерді қосып, шырайын қашырады. Жалпы айтпағым, мән-мағынасы жоқ әндерді қазіргі жастар трендке айналдырып тыңдайды. Қоғамдық орындарда осындай әндерді тыңдап қаласың, алайда мұндай әндерді плейлистіме қосқан емеспін. Өзіңіз білетіндей, Q-pop жанры жастар арасында танымал. Шыны керек, мұндай бағыттағы әндер менің жанымды тербемейді...

Өнер әлемінде Жанар Доғалованың барлық қырын жақсы көремін. Сондай-ақ Мейрамбек Бесбаев, «МузАрт» тобы, Ғаділбек Жанай, Қуандық Рахым, Мархаба Сәби, Ғалымжан Молданазар әндерін, «Мақпалшер» атымен таныс Мақпал Жұмабайдың толғаныстарын ұнатамын. Ал шетелдіктерден Бейонсе, Рианна, Билли Айлиш, Шакира, Джонидің әндерін ұнатамын. 

Әнді алғаш тыңдағанда, оны жүрекке саламын. «Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді» дейді ғой. Экранның ар жағынан болса да сезіліп тұрады. Әншінің өнерді шын сүюіне, әнге, тыңдарманға деген құрметіне қараймын. Екінші кезекте сөзіне мән беремін. Сөздің дұрыс, нақты жетуі, мағынасы қандай? Үшінші кезекте – ырғақ. Тыңдаған ән мені қуанта білуі керек, жылата да білуі керек. Бұл жерде әншінің, ақынның, композитордың өзара үйлесімі маңызды. Ал хайп қуатын, той-бизнестің әндерінен бой тартып жүремін. Композиторлардың еңбегіне де мән беремін, себебі өз ортамда әншілер мен композиторлар көп.

Гүлзат КЕНЖЕБАЕВА, ұстаз, психолог:

Ата-ананың балаға жылы қарым-қатынасы көп нәрсеге дәнекер бола алады

Бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесі – музыка. Неліктен? Себебі, музыка ең бірінші кезекте баланың психологиясына әсер етеді. Көңіл күйіне тигізер ықпалы ерекше. Жастардың ән таңдау талғамы әртүрлі екенін ескергеніміз жөн. Алайда күн санап мағынасыз әндердің көбеюі ертеңгі ұрпақтың болашағына әсер етпей ме деп қорқасың. Мән-мағынасын ұғына алмайтын ессіз әндер жастарды елітіп барады. Бұл бүгінгі қоғамның ән таңдаудағы талғамсыздығын, арзан дүниеге еліктеушілігін көрсетеді. 

Біз бұл жерде үлкен бір дүниені ескеруіміз керек. Ол – біздің қолымыздағы кішкентай ғана, бірақ бүкіл әлемнің көрінісі сыйып кететін гаджеттер. Осы орайда телефонның да бала психологиясына тигізетін әсерін айтпай кетуге болмас. Бүгінгі ұрпақ тәрбиені отбасынан емес, телефоннан алып жатыр. Оны мойындауымыз керек. Тіпті шетелдерде телефонға тәуелді балаларға арнап ашылған колониялар бар. Мұнда келген баланың қолындағы гаджетін алып қойып, телефонсыз өмірге үйретеді, мұнда да шынайы өмір бар екенін қайта ұғындырады.

Ал «отбасы әсер ете ме, әлде орта әсер ете ме?» деген сұрағыңызға тоқталайық. Музыка, телефон алғашқы кезекте  баланың ойлау деңгейіне әсер етеді. Тіпті телефонды көп қолдану соңы суицидке, мезгілсіз өлімге апарып та жатады. Осындай жағдайларға бірнеше фактор себеп болады. Оның алғашқысы – отбасында берілетін тәрбие. Ата-ананың балаға жылы қарым-қатынасы көп нәрсеге дәнекер бола алады. Анасы күнделікті баласына жылы сөзін айтып, жиі көңіл бөлсе, әрбір бастаған ісіне қолдау білдіре алатынын айтып, ынталандырып отырса, бала жақсы тәрбие көріп өседі. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра бастайды. Ал егер үйде бір-біріне деген уақыт тапшы болса, демек, бала тәрбиені, отбасындағы жылылықты үйден емес, сырттан, қолындағы телефон-нан алады. Әрі қарай сыртқы ортаның әсер ету деңгейі де жоғарыламақ. Отбасында бала өзіне бар керегін біліп өссе, екі жақ та бір-бірімен жылы қарым-қатынас ұстай білсе, ең бастысы осы деп айтар едім! Әнді алғаш тыңдағанда ең бірінші әннің сөзі мен ырғағының үйлесім табуына мән беру тиіс. Ән баланы қараңғы жолға, бұлыңғыр  сезімге емес, шабыт сыйлап, өмір сүруге бар құлшынысын арттыратындай күйге бөлеуі керек...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

613 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы