• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қыркүйек, 2021

Не көріп жүрміз?

Теледидардан не көріп, радиодан не естіп жүргеніміз де, қандай кітап оқып, әлеуметтік желіге не  жазатынымыз да, тіпті жеп жүрген тамағымызға дейін бәрімізге ортақ көрінеді. Былайша айтқанда, бәріміз бір қазанда қайнап жатқан сияқтымыз. Алайда әр салаға үңіліп қарасақ, кемшілігін де, артықшылығын да анық байқаймыз. Біз осы санда «не істеп жүрміз?» деген сауалға әр сала бойынша жауап іздедік. Ол сауалдарға жалпылама емес, нақты мысалдармен жауап табуға тырыстық. «Ақ желкеннің» оқырмандары бұл ойталқыға сергек қарап, қажетін алар деген сеніміміз бар.

«Телевидение театр, кино, радионы ығыстырып шығады» деген әңгіме өткен ғасырдың соңында айтылды. Алайда телевидение театрды да, киноны да, радионы да ығыстырған жоқ, керісінше, өз алдына басқа бағытпен дами жөнелді. Дамымасқа әддісі де жоқ еді. Өйткені интернет жаулаған заманда қалайда бәсекеге төтеп беруі керек болды. Алдымен «көгілдір экран» деген ескі аттан құтылып, түрлі-түске боялды. Техникалық жағы жетіліп қана қоймай, тақырып кеңістігі де кеңейе түсті. Қысқасы, бұрынғы көгілдір экран мен бүгінгі түрлі-түсті телеарна бір-біріне мүлде ұқсамайды. Кеңес өкіметін сағынғандар сол баяғы көгілдір экранды да аңсайтынын құлағымыз шалып қалып жүр. Бірақ жаңа контент, жаңа мазмұн іздеушілер бет қаратар емес. Ол қандай мазмұн, қандай контент? Көрермендер түрлі-түсті экраннан не көріп жүр? 

Мысалы,  «Qazaqstan» Ұлттық арнасы бір апталық бағдарламалар кестесінде барлық саланы қамтуға тырысады. Күнделікті берілетін жаңалықтар мен «Таңшолпаннан» басқа, «Дарын», «Тәуелсіздік тәуекелдері», «Жарқын жүздесу», «Қызық екен», «Теледәрігер», «Қазақ даласының құпиялары» деп жалғаса береді. Телехикая-лар мен мультхикаялар да жетіп артылады. Демалыс күндері «Күміс көмей», «Әзіл әлемі» сынды ойын-сауық бағдарламалар тағы бар. Одан бөлек арнайы жобалар да беріліп отырады. «Ашық алаң», «Әлем айнасы», «Апта», «Заң және біз», «Парасат майданы», «Білім бәйгесі», «Мәселе», «Жан жылуы», «Қайсар жан» секілді жобалар жаздық демалыстан енді оралып, көрерменмен қауышады деп ойлаймыз. Бұл ретте «Qazaqstan» арнасын мазмұнға бай деп айтуға болады.

«Qazaqstan» мен КТК-ны салыстыра алмайсыз. Екеуінің мазмұны жер мен көктей. КТК арнасының бір апталық бағдарламалар кестесіне қарасақ, көрермендеріне тек жаңалықтар мен телесериалдар ғана ұсынатын сияқты. Таңды әдеттегідей Әнұранмен бастаса да, мемлекетшілдігін байқай бермейміз. Одан кейін кешкі жаңалықтарға дейін алты телехикая қатарынан көрсетіледі. Содан соң «Астарлы ақиқат», кешкі жаңалықтардың орысшасы, сосын қайтадан – телехикаялар. Жұмыс күндері «Астарлы ақиқат» пен «Әйел қырық шырақты» бағдарламалары көрсетілгені болмаса, арнаның эфирі тек сериалдардан ғана тұрады деуге болады. Сенбі, жексенбі күндері «КТК-да Қабатов», «Басты рөлде», «Шаншар», мерекелік концерттер мен әншілердің концерті, яғни ойын-сауық бағдарламалары көрсетіледі, сосын, әрине, телехикаяларды айналдыра береді. Жобалары да санаулы...

«Хабар» арнасы таңғы жаңалықтар мен сазды әуеннен соң «Тарих. Тағдыр. Тұлға» бағдарламасын ұсынады. Одан кейін кешкі жаңалықтарға дейін сериалдар, жаңалықтардан соң арнайы репортаж немесе деректі фильмдер күтіп тұрады. Демалыс күндері «Жұлдызды жекпе-жек», «Ән әлем» ойын-сауықтарымен бірге «Мәжіліс.kz» бағдарламасы, өнер адамдарының қатысуымен «AITYSTAR» көрсетіледі. «Қолда я жолда» уақыт өлтіруге жақсы, «Қаламаймынды» қалайтындар қарасы аса көп демес едік. Бұдан бөлек балаларға арналған танымдық «Өзін-өзі тану», «Бүгін» әлеуметтік ток-шоуы, «Баспанаға бағыт», «Індетпен күрескен Қазақстан» жоба-лары кезекпен өте береді.

«КТК неге бәрін қамтымайды?» десек, «Хабар» неге бәрін қамтуы керек?» деген қарсы сұрақ туады. Біраз телеарналар осы екі сұрақтың ортасында өмір сүріп жатыр. Телевидениеде «өлі маусым» деген бар. Жаз айларында көрерменнің көбі көл жағалап, саяжайдан сая іздеп кетіп, телевизор көрмей қалған кезде, телевидениедегі бағдарламалар да тоқтатылып, шығармашылық ұжым демалысқа шығады. Күз айында қайтадан жұмысқа оралып, тіршілік жандана бастайды. Байқағанымыз, «Хабар» арнасының көп бағдарламасы демалысқа кетті. Алдағы маусымда «хабарлықтар» көрерменін жаңа хабармен қуантуы мүмкін. Өйткені ол жерде шығармашылық потенциал бар. 

«31-арнаның» көрермен жүрегін жаулаған «Информ-бюро» жаңалықтары, «Ащы да болса ақиқат» және «Неге?» бағдарламалары бар. Көпіршік сериалдарды жақсы көретін көрермен үшін «Иффет», «Ананди», «Құзғын», «Саған сендім» сериалдарын көрсетеді. Толықметражды киноларды да беріп тұруды ұмытпайды. Сондай-ақ «Кел, татуласайық», «Такси», «Во весь голос» (музыкалық), «Bala Battle» секілді жоба-лары бар. Бұл – шығарма-шылық ізденістегі арна.  

«ХХ ғасырда да жаңалық-тар мен сериалдардан көз ашпағанбыз, рухани тәрбие беретін, таңнан қара кешке дейін танымдық бағдарлама көрсететін телеарна неге жоқ?» деуіңіз мүмкін. 2020 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен әрі Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай AbaiTV телеарнасы ашылған. Қазірше мәдени-ағарту бағытындағы жаңа телеарна. «Ақыл-ойдың айнасы» деп бағытын әу баста айқындап алған AbaiTV-ның бір тәуліктік бағдарламалар кестесінде «Сөзтаным», «Сана», «Тәуелсіздік тарландары», «Ер қанаты», «Сөз патшасы», «Мәдениет жауһарлары», «Үркер», «Абай мектебі», «Түркі әлемі», «Әдет-ғұрып», тағы да басқа айтары бар, берері мол бағдарламалар сіресіп тұр. Көрерменнің деңгейін өсіретін бірден-бір арна деп ауыз толтырып айтуға болады. 

AbaiTV арнасына мүлдем қарама-қарсы бір арна бар. Ол – НТК арнасы. НТК телеарнасы туралы салмақтырақ ой ойлаған көрерменді көргеміз жоқ. Ой ойлаған емес, той тойлаған бір арна болса, ол – осы НТК. Бұл арнаның көзірі – тек сауық-сайран, ойын-думан. Экономикалық сауатыңыз-ды ашқыңыз келсе Atame-ken Business арнасына ауысыңыз. Бастан-аяқ экономикалық жаңалықтар мен бағдарламалар және халықаралық жаңалықтар үздіксіз беріліп жатады. Balapan телеарнасында не көрсетілетінін кішкентай көрермендер жаттап та алған болар. Бала үшін «Balapan» қосулы тұрғанына да шүкір дейміз әрі өзіміз үшін сапасы да жап-жақсы.

Деректер не дейді?

TNS Central Asia (Kantar) ұйымының есебі бойынша, шілде айында «Еуразия 1-арнасы» аудиторияның – 59,89 %, «КТК» – 54,32 %, «НТК» – 52,61%, «31-арна» – 49,12%, Qazaqstan 45,55% қамтыған екен. Телеарналардың бір айдағы ортатәуліктік үлесі бойынша «Еуразия 1-арнасы» 17,33 пайызбен бірінші орында тұр. Жаңалықтар бойынша топ басына «КТК» арнасының жаңалықтары (3,91 пайыз) шығыпты. Qazaqstan арнасынан көрсетілетін «Жат мекен-2» телехикаясы 3 пайызбен алда тұр. Одан кейін «Еуразия 1-арнасының» жаңалықтары орналасыпты. Бұл көрермен жаңалықтар мен телехикаяларды көп көреді дегенді білдіреді.  

Қазір бағдарламалар туралы айтылатын сынның бәрі орынды деуге болады. Өйткені көп бағдарламаның идеясы бір, бір-бірін қайталайды. Әлемдік телевидениеде бар тәжірибе болған соң, жоқ жерден жаңа нәрсе ойлап тауып, көрерменге ұсына қоймағаны анық. Кезінде «Ұят болмасын» секілді халықтық менталитетке негізделген бағдарламаларды бүгінде шаммен іздеп таппайсың. Тапқан күннің өзінде рейтингі жоғары бола қоюы екіталай. Өйткені көрермендер де әлеуметтік топтарға бөлінеді. Мысалы, жастар YouTube арналарды көреді, әлеуметтік желілерде отырады. Бұл аудиторияны қамту үшін «Қалаулым» секілді ток-шоулар дүниеге келді. Қазір экранның түсі түрлі-түсті деп отырғанымыз да осы. Алайда осыдан екі жыл бұрын Орталық Азиядағы медиаменеджерлер форумында Татьяна Старцева TNS Kantar ұйымының мынандай мәліметтерін ұсыныпты: қазақстандықтардың 72%-ы бүгінде теледидар көреді, орта есеппен бір көрермен күніне 179 минутын телевизор көруге, ал интернетке 153 минут жұмсайды. 

Телевидениені әлі күнге дейін ақпарат тарататын құрал деп есептейтіндер де, үгіт-насихат машинасы санайтындар да аз емес. Кім қалай ойласа да, телевидение-де телесериалдар, фильмдер, көңіл көтеретін бағдарламалар мен жаңалықтар ең тұрақты жанр болып есептеледі. Сондықтан арналар көбіне шетел телесериалдарын аударып беріп, ойын-сауық бағдарламаларға көп уақыт бөліп отыр. Қалай айтсақ та, кәсіби дегеннен гөрі, көшірме деген дұрысырақ.

Бренд тележүргізушілер қалыптаса ма?

ХХІ ғасырдың басында қазақ телевизиясы енді қанат жайып келе жатқанда бірқанша тележурналист көрермен көзайымына айналып үлгерді. Қалың көпшілік солар үшін де экран алдында тапжылмай отыратын еді. Алайда өтпелі кезеңде олардың орны белгісіз болып қалды. Қазақ телевизиясының мэтрі атанған Нұртілеу Иманғалиұлының өзі көзі тірісінде біраз уақыт эфиден көрінбей кетті. Күні кеше өмірден өткен белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхановтың трансляцияларды жүргізуден қалай шеттетілгенін білдік. Бәрі америкалық тележүргізуші Ларри Кинг сияқты президенттен бастап, атақты жұлдыздармен сұқбат жүргізбесе де, қазақ көрерменінің көңілінің төрінен орын алған еді. Кейінгі буын бола ала ма, олардай болуға мүмкіндік беріле ме, уақыт көресетеді. Өйткені олар телевидениенің келбеті әрі бір бөлшегі іспетті рөл атқарады. Көрерменді экранның алдынан тұрғызбаудың тағы бір тәсілі осы – брендке айналған тележүргізушілер қалыптастыру.

Қорытынды мынадай: қазақ телевизиясында көретін ештеңе жоқ деп, ауызды қу шөппен сүртіп отырған жоқпыз. Бағдарлама көру үшін де талғам керек. Егер күнде «НТК» арнасын көріп жүріп, AbaiTV-ді қарамасаңыз, «көретін ештеңе жоқ» деп ренжуге әсте болмайды. Қазақ телеарналарының басты кемшілігі сол, саяси пікірталастар жоқ, интригалар аз. Оның орнын толтыратын қоғами, рухани, мәдени, спорт бағдарламалары күшті. Соңғы кезде көп сөз болған эстрада әншілері ығыстырылып, орнына қайтадан кәсіби мамандар келе бастады. Бұл да жетістік, біздіңше. Әрине, қазір беріліп жатқан әр бағдарлама жеке талдауды қажет етеді. Ол енді басқа тақырып...

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

432 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы