• Спорт жұлдыздары
  • 18 Қазан, 2021

Нилуфар Райымова: Әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ қызы болғым келеді

Жақында ғана күрес түрлерінен Уфада (Башқұртстан, Ресей) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы орта деңгейлі өнер көрсетті. Грек-рим құрамасы бірде-бір жүлдеге ие бола алмаса, еркін күрес шеберлері бір күміс, екі қола медаль жеңіп алды. Бұрымды балуандарымыз ғана топ жарып, үздіктер қатарынан көрінді. 57 келіде өнер көрсеткен Нилуфар Райымова қарсылас шақ келтірмей, әлемнің ең үздік балуаны атанды. «Су жаңа» әлем чемпионын жарқын жеңісімен құттықтап, аз-кем әңгімеге тарттық.

2002 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген Нилуфар – үйдің ортаншысы. Екі жылдың ішінде спорт шебері атағына қол жеткізген дарынды балуан күреске кездойсоқ келген. Нилуфар Түркістан қаласында туып-өсіп, Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте білім алды. Отбасында бес ағайынды, алдында әпкесі мен ағасы, өзінен кейін інісі мен сіңлісі бар. Жанұясында ешкім спортпен кәсіпқойлықпен айналыспайды. Анасы Маклюба Исраилова мектепте қызмет етеді, әкесі Қаһар Исраилов – кәсіпкер. Ол спортқа 6-сыныптан қызыға бастаған. Туысқандарына қыдырып барып, сол жақта әпкесі қатысып жүрген күрес үйірмесіне жазылады. Нилуфардың бойындағы талантын байқаған бапкер бір аптадан кейін жарысқа апарды. Алғашқы жарысында-ақ талантты қыз топ жарып, күреске қызығушылығы екі есе арта түсті. Бірақ ата-анасы қыздарының балуан болғанын қаламай, күреске қатыстырғысы келмеді. Жаттығуға кейде қашып, кейде тығылып барып жүріп, ақыры Нилуфар ата-анасын көндірді. Азия чемпионатына жолдаманы сарапқа салатын ел чемпионатына қатысуға жасы жетпесе де, республикалық турнирде топ жарып, жолдамаға иелік етті. Якутияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлде иеленіп, небәрі екі жылдың ішінде спорт шебері атағына қол жеткізді. 2018 жылы да жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, Аргентинадағы жасөспірімдер олимпиа-дасына жолдама жеңіп алды. Бірақ Буэнос-Айрестегі дода Нилуфардың ең сәтсіз жарысы болды. Ол барлық белдесуінде жеңіліп, күресіне өзгерту енгізу керектігін түсінді.

 Нилуфар әр жеңілісінен үлкен сабақ алса да, бапкерінің үмітін ақтамағанына іштей күйінеді. Десе де білікті бапкер шәкіртінің сағы сынып, салы суға кетуіне жол бермеуге тырысады. Әр жарысқа психологиялық тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да тыңғылықты дайындайды. Уфадағы әлем чемпионатында сол дайындықтың нәтижесін көрсетті.

Нилуфар әлем чемпионатының алдында ел бірін-шілігін ұтып, артынан Түр-кияда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды. Әлем чемпионатына жеңімпаз атануды көздеп барды. Алғашқы белдесуінде-ақ чемпионға сай мінез көрсетіп, ресейлік мықты балуан Анастасия Козлованың мысын басты. Бұл Нилуфар үшін жарыстағы ең қиын, әрі ауыр белдесу болды. Еуропа чемпионынан 0:5 есебімен ұтылып жатқан отандасымыз 20 секунд қалғанда «жамбас» әдісін жасап, қарсыласын жарақаттайды. Құлау барысында қолын сындырған ресейлік спортшының жағдайы аздап жанын жабырқатты. Екінші белдесуінде Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Мария Гулиданы (), жартылай финалда түрік балуаны ?н жеңгеннен кейін алтын алатынына сенімді болды. Бірақ ақтық сын ертеңіне, кешкі уақытта болғандықтан, аздап кедергісін келтірді. Белдесу барысында өз-өзіне ұқсамай, қателіктерге бой алдырып, қарсыласына алты ұпай беріп қойды. Үзілісте бапкері намысын қайрап, елге тек алтын жүлде керектігін айтқан. Нилуфар да іштей «қалай да болса ұтуым керек, көк туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалу керек» деп өзін-өзі қайрайды. Соңғы секундқа дейін жанын салып, жеңісті жұлып алды. Жеңіс тұғырына көтеріліп, әнұран шырқалғанда масаттанып, көкірегін мақтаныш кернеді. Елге келгеннен кейін тиісті сый-құрметке бөленіп, әкімшілік тарапынан 1 миллион теңге сыйақы алды. Бірақ көптеген жанкүйерлер «Неге үй бермеді? Неге көлік бермеді?», деп спортшыны сұрақтың астына алған. Нилуфар бозкілемде ақша үшін емес, елдің абыройы үшін белдескенін жасырмады.

13 жыл күткен алтын

Жастар арасындағы алтын медальды Қазақстан құрамасы осыдан 13 жыл бұрын иеленген. Ыстамбұл-дағы байрақты бәсекеде Елеонора Әбутәліпова 48 келіде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық балуан қыз болды. Нилуфар – еліміздің спорт тарихындағы әлем чемпионы атанған екінші қыз. Ол қазір ересектер арасындағы әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Енді ересектер арасындағы әлем чемпионатының биігін бағындыруды көздейді.

Әрине, жастар арасын-дағы әлем чемпионы атанудың өзі оңай емес. Әзірше, бұл Нилуфардың мансабындағы ең үлкен жетістік. Отандасымыз мұны Олимп шыңын бағындыруға жасалған алғашқы қадам деп біледі. Бапкерлердің де үлкен үміт артып, үлкен аламанға дайындап жатқанын сезеді. Өйткені жаттықтырушылардың таңдауы ел чемпионы Эмма Тисинаға емес, Нилуфарға түскен. Екеуі Қазақстан чемпионатында белдесіп, Нилуфар 6:7 есебімен есе жіберген. Енді ол артылған сенімді ақтау үшін бозкілемде барын салуға дайын. Қазір ұлттық құрамамен бірге Сочи қаласында дайындығын пысықтап жатыр. Атақ-даңқынан ат үркетін ешбір балуаннан қаймығып жүрген жоқ. Кез келгенімен күресуге дайын, кез келген қарсыласты ұта алатынына сенімді. Басқа балуандар сияқты 57 келіге көп те салмақ қумайды. Бұл жайтты қарсыластарынан басты артықшылығы деп біледі. Физикалық тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да бапкерімен тыңғылықты дайындап жатыр. Ересектер арасындағы әлемдік додада алтыннан алқа таққан алғашқы қазақ қызы болғысы келеді. Норвегиядағы дүрмекте сол тарихи оқиғаны жасау үшін барын салмақ. 

Күрес жарақат алу қаупі жоғары спорт түрі екені мәлім. Жаттығу барысында жарақаттанып, денсаулығына зиян келетін жайттар да жиі кездеседі. Кез келген спортшыда жарақат болады. Нилуфардың белдесу барысында жарақат алған кездері де аз болмаған. Әсіресе, тізе жарақаты мен қол жарақатын алған қиын. Қазақстан чемпионатында қолын шығарып, сол жарақатпен соңына дейін күресіп шыққан. Қанша жарақат болса да, жарыста оны ойламауға тырысады. Нилуфар «шегінерге жол жоқ» деген қағиданы ұстанады. Бірақ үлкен спортта жүргендіктен, жарақаттан толық айықпайынша жаттығуға қайта кірісу қауіпті.

Нилуфарға күрес әліппесін үйретіп, осындай дәрежеге жеткізген бапкері Нұржігіт Ерімбетов те шәкіртінің денсаулығы жақсы, жарақаттан аман болса, Олимп шыңын бағындыратынына сенеді.

Кез келген ұстаз шәкіртінің болашағынан үміт күтетіні анық. Бастысы чемпион болудан бұрын адам болуы маңызды. Нилуфардың бойында жауапкершілік, ұлтына, еліне деген сүйіспеншілік сынды қасиеттер бар. Ол әрқашан өзіне артылған жауапкершілікті сезініп жаттығады. Әр жарыста жанын салып, боз кілемде барын салып белдеседі. Шәкіртім өте қарапайым, жеңісте де, жеңілісте де қасқайып, қайсар мінезімен өзін ұстай біледі. Ұстазының айтқанын екі етпейді деуге болады.  Кез келген жағдайға психологиялық тұрғыда дайын болу әр адамның қолынан келе бермейді. Биік белесті бағындыру жолында көп қиындық болатынын білсе де, спортты таңдады. Енді осы таңдаған саланың шыңына шығу керек. Егер денсаулығы сыр бермей, басқа да кері әсерлер болмаса, талай додаларда ел абыройын үстем етеді деген сенімдемін. Сол жолда еңбек етіп, тер төгеміз, – дейді бапкер Ерімбетов.

P.S: Айтпақшы, Нилуфар көпшіліктің көкейінде жүрген ұлтына қатысты сұраққа да жауап берді. Ол өзінің қазақ екенін және қазақтың атын шығарып, Қазақстанның көк туын желбірететінін тілге тиек етті. Біз төрткүл дүние көз тігетін дүбірді додада сынға түсетін спортшыларымызға сәттілік тілейміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы