• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Қазан, 2021

Құдықшыға тисін!..

Атам екеуміз күн шықпай жолға шаққан едік. Аттың бұл жүріске шыдас бермесін біліп, есек міндік. Айдағанымыз – қорадағы 30 қой-ешкі. Бағытымыз – қойшы ауыл. Мені қалаға әке-шешемнің қолына жібермек. Енді бұл қой-ешкіге үйде тұрақты қарайтын адам болмайды. Сондықтан қойшы ағамның малына апарып қоспақпыз. Сарықобыдан өтіп, Қарауылтөбенің биігінен Жалпақсай арқылы құлдилау керек бұл сапар күн шықпай басталса, күн бата аяқталатынын атам ескерткен. Қой-ешкіні қуып айдамай, оттата жү-ріп әңгімелесіп келеміз. Әлден уақытта атам ме-нің қоржыныма салған суды сұрады. Алаңғасар едім. Ұмытыппын. Атам әкемнің құлағын біршама шулатып алып үнсіз қалды. Бағытымыздан сәл айнып, астауы төңкеріліп жатқан ескі жұртқа тоқтадық. Ауызы мықтап жабылған құдығы бар екен. Астаудың астына ықтияттап қойылған қауға шелекті алып, су тартып іштік. Соңыра атам күбірлеп Құран оқыды. Соңындағы жасалатын батасын білемін ғой. Пайғамбарлар мен ата-баба аруақтарына бағышталады. Бірақ осы жолы бұлардың арасына «құдықшылар» қосылған. Елең ете қалдым. «Құдықшыларға тие берсін» деп бет сипадық. Қауға шелекті астау астына қайта ықтияттап қойып, бос ыдыстарымызға су құйып алып жүріп кеттік. 

Әрине, сол құдық болмаса шөлдеп қалар жайымыз жоқ еді. Шыдауға болар. Бірақ құдық қазушының аруағы бізден Құран дәметкен шығар. Кім білсін?!Жалпы кез келген халықта обал-сауап деген түсінік бар. Солардың қай-қайсысын алсақ та құдық қазып, көпір, жол салған адамға сауап көп жолдайды. Ежелгі миф-аңыздарды оқып отырып осы жайларға анық көз жеткізе аламыз. Археологтардың пікірінше, Қазақстан территориясындағы ең ескі құдықтар қола дәуіріне тиесілі. Қола дәуірі шамамен 5-6 мың жыл бұрын болған десек, біздің ата-бабаларымыз құдық қазу өнерін сол кезеңдерде-ақ меңгергеніне қайран қаласыз. Салыстырмалы түрде айта кету керек, бүгінде бізге белгілі ең ескі құдықтың жасы 7,5 мың жыл. 

Құдық қазу өнері деп отырғанымыз күрек пен қайла алып жерді піспелей беріп, су шығару емес. Ол, ең бірінші, халықтың жер қыртысын жақсы білуімен тығыз байланысты. Өйткені кез келген қазған жерден су шыға бермейді. Су шыққан күннің өзінде ол тартылып қалуы ықтимал. Сондықтан жер асты су жолдарын тауып, дәл сол тұстан қазған абзал. Құдық қазу үшін бірінші қара күш емес, білім керек дегеніміз осыдан. 

Халық аңыздарында, мифтерінде құдық туралы деректер көптеп кездеседі. Мифолог Серікбол Қондыбай құдықты бабаларымыздың «тіршілік көзі, бастауы» ретінде қарағанын алға тартады. Ал жалпы құдық сөзін лингвист ғалымдар «құт» сөзімен байланыстырып жүр. Яғни құдық – тірішіліктің құты деп айтуымызға толық негіз бар. Қазақтың мифологиялық ежелгі түсінігі бойынша жер үсті, жер асты және ортаңғы әлем барын білеміз. Құдық осы түсініктегі жер асты әлеміне баспалдақ ретінде көрініс табады. 

Ғалым Досымбек Қатран қазақ фольклорінде кездесетін құдықтарды нақты сипатына қарай үш топқа жіктеген:

Бірінші, әртүрлі ертегілерде «құдық», «тесік», «қуыс», «шұңқыр», «жердің жарығы» деп түрленіп айтыла беретін «жер тесігі». Бұл – нақты, дербес сипаттамасы жоқ, тек екі дүниенің арасын жалғастырушы өтпек жол, дәліз қызметін атқаратын нысан ғана. Ертегілердің басым көпшілігінде, әдетте, бір қаһарман осы құдық арқылы, беліне арқан байлап алып, басқа дүниеге түседі.

Екінші, құдықты дербес сипатты нысан, мәселен, зындан, қапас ретінде түсіну бар. Мысалы, жаңа туған балаларды құдыққа тастау, батырдың орға түсіп кетуі, зұлымдық иесін құдыққа салып, аузын таспен бастырып тастау...

Үшінші, құдықтың әлдебір киелі байлықтың көзі болып есептелуі. Мәселен, ішінде балы бар құдық туралы сюжет көптеп кездеседі. Біреуінде балы бар құдықтың түбінде айдаһарлардың патшасы, сары бас жылан кейпіндегі Шаямардан патша болады. Немесе «бір ханның суы сарқылмайтын құдығы болыпты. Хан баласы құдық ішіне түседі. Құдықтың түбінде бір тас бар екен, оны аударып қараса, арғы жағы жап-жарық, кең дүние екен».

Үшінші топтағы тасты аударғанда арғы жағындағы кең дүние туралы оқығанда, Түркістан облысындағы Үкаша ата құдығы ойға оралады. Оның шырақшысы Байзақ атты азамат құдық табанын тазалау үшін түскеніндегі көріністерді айтады. Үкаша ата құдығының табаны биіктігі 12 метр болатын киіз үй секілді екен. Сол киіз үй орнындай жердің бір бұрышында бұлақ ағып жатады дейді. Су сол жерден алынады екен. Бірақ табанға түскен шелектің бұлаққа жетуінің өзі қиынырақ. Тағы бір тылсым туралы сөз етеді шырақшы. Спираль тәрізді етіп қазылған құдыққа салынған қауға шелек оның әрбір қабырғасына соғылып, мыжылып, кейде тұтқасы үзіліп сол құдық табанында қалып қоятын кездер болады. Шырақшының айтуынша, ол шелектер құдық табанында шашылып жатқан жоқ, бұлақ бастауында қаттап жиналып тұр. Ал ол құдыққа шырақшыдан басқа ешкім түспейді. Тағы бір айта кетерлігі, құдық табанында үш үңгір бар. Оның екеуі арғы жағынан таспен бекітілген. Ал біреуі 4-5 метр жүргеннен кейін адам сыймастай кішірейіп кетеді.

«Құдықтың түбінде бір тас бар екен, оны аударып қараса, арғы жағы жап-жарық, кең дүние екен» деген сөз ойымызға осы Үкаша ата құдығын түсірген. Бірақ ертегілерде көп кездесетін мотив осылай болса, мұндай табаны киіз үй орнындай үңгірі бар құдықтардың аз болмағаны ғой. Біз таппадық немесе олар біздің күнге жетпеді. Осы тұста Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» шығармасы ойға оралады. «Еңсеп қазған» құдығы, һәм шыңырауы әлі бар. Әңгіме соңы Еңсептің жерасты теңізіне құлап кетуімен аяқталатын. Сонда Еңсептің бетіне біреу анық үңілді дейді жазушы. Ол кім болуы мүмкін? Осы арқылы жазушы қазақтың жоғарыда біз айтып кеткен түсінігіне сілтеме жасайтын секілді. Шынында да ол қопарған тастың астынан ертегідегі әлем пайда бола кеткендей елестейді. 

Бұл түсініктер өзі құт санаған нәрсенің образының тереңдеуінен туды десек, екінші жағынан, бұл – табиғаттың тынышын алмауға талпыныс. Қазақ түнде қызды суға жібермеген. Ер адамның өзі су аларда үш рет тас лақтырып, «су иесі Сүлейменнен» рұқсат сұраған. Ертегілердің осындай бейнесін жасау арқылы, оның түбінде тіршілік бар екенін айту арқылы, қазақ судың тыныштығын сақтауды ойлаған болар. 

Осы тұрғыдан құдықшылардың берідегі құрметтілігі, арыдағы қасиеті туралы да сөз етпей кетуге болмас. Белгілі бір есепте құдық жер асты әлеміне түсер жол десек, құдықшы – сол әлеммен ортаңғы әлемді байланыстырушы. Ал құдықшыларға жасалған бергі құрмет, мифтік түсініктен қалған қасиеттің сарқыншақтары еместігіне кім кепіл? Халқымыздың ислам дінін қабылдауы, құдықшылардың мифтік бейнесін сауапты адамның бейнесіне алмастырды. Өйткені ислам дінінде көпір (жол) салу мен құдық қазудың сауабы өлген күннің өзінде артынан жетіп отырады дейді. Сондықтан қай түсінік тұсында да құдықшылар назардан еш тыс қалмаған. 

Құдықтың қазылуын көрмедік. Бірақ қабір қазылуын амалсыз көретін кезіміз көп. Сонда байқалатыны, топырақ сипатына қарай еліміздің әр өңірінде қабір әртүрлі қазылады. Бірінде ақым тіке қазыла салса, кейде ол жанынан жармалап қазылады. Құдық қазудың да еліміздің әр өңіріне тән осындай ерекшеліктері бар. Бұл туралы этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева: «Құдық қабырғасын әртүрлі материалдармен шегендейді. Ол топыраққа байланысты. Осыған байланысты құдықтар тас құдық, тал құдық, дүзген құдық, көкбұта құдық, сексеуіл, жыңғыл құдық және қыш құдық деп бөлінеді. Қабырғасы өріліп қиюластырып, қаланған құдықтар жалпылама шеген немесе шегенді құдық деп аталады. Шеген материалына Қызылқұм жақта – сексеуіл, тораңғыл, Сырдарияның төменгі ағысы бойында – күйдірілген қыш, Арқадан әкелінген емен, Батыс Қазақстанның Нарын құмында – тал, шілік, қарағай, сол аймақтың Жаңақала өңірінде – жыңғыл, Аралдың солтүстігінде – дүзген, көкбұта, солтүстік- шығысында тас қолданылған. Ал осы теңіз бен Каспий аралығында шегендеу материалы ретінде тек тас қолданылған. 

Шегеннің барлық түрінің қызметі бір – құдық қабырғасы топырағын опырылып құлаудан қорғайды. Сонымен бірге жерасты су жолындағы табиғи сүзгінің рөлін атқарады және құдық суын мол деңгейде ұстап тұрады. Шеген материалы ретінде суға шірімейтін өсімдіктер пайдаланылса да, дүзген, көкбұта, тал секілді шегендерді 60-80-100 жылда бір ауыстырылуы керек. Өйткені бұл өсімдіктермен топырағы сусылдақ жердің құдықтары шегенделгендіктен, жылдар бойы топырақ қысып, тал шегені майыстырады. Ал дүзген мен көкбұта отырып, құдық табанына нығыздалып су жолдарын бөгейді, сүзгіге кедергі келтіреді.

Құдық шегенін ауыстыру үшін, суын сарқып, табанындағы бір қабат топырақ алынады. Шеген материалдары алдын ала дайындалып, бірнеше жігіт жылдам қайта өріп шығады. Себебі құдықтағы су тез өніп, шегендеуге кедергі келтіреді. Тас, қыш, қарағай шегендер өте төзімді. Сондықтан оларды жаңартпайды. Тек құдықтың түбін (ұлтанын), суын тазалап отырған». 

Этнограф-ғалым қазақ даласындағы құдықтар түрлерін санамалай келіп, «құдықтар пайдаланатын мерзіміне қарай тұрақты және уақытша құдық» болып бөлінетінін алға тартады. «Тұрақты құдықтар көш, керуен жолдарында қазылса, уақытша құдықтар мерзімдік тұрақтарда қазылады. Уақытша құдықтардың кейбірі көміліп кетіп, кейбірінің қайта пайдаланар алдында суы тазартылып отырған. Тұрақты құдықтар 4-5 метрге дейін – таяз, 4-10 метрге дейін – орташа терең, 10 метрден асатын тереңдері болады. Осы терең құдықтардың – шыңырау, әйел құдық, құрдым құдық, тас құдық деген түрлері бар». 

Ғалымның осы деректерінен халқымыздың жер жағдайына байланысты, тұрағына байланысты әртүрлі құдық қазғанын аңғарамыз және әр құдықтың өзіне тән ерекшелігі бар. Қазіргі таңда уақытша құдықтардың барлығы дерлік істен шыққанын айта кеткеніміз абзал. Су – тіршілік көзі бола тұра, тылсымның көзі екенін де аңғару қиын емес. Жалпы қазақ танымы, қазақ фольклоры осыны бізге анық ұғындырды. «Құдық маңына дәрет сындырма», «құдыққа түкірме», «түнде суға барма» деген секілді ырым-тыйымдардың барлығы дерлік осы тылсымға сенудің негізінде шыққан. Біздің халықта ғана емес, тұтас әлем суды тылсым санайды. Өйткені қазіргі күнге дейін жер бетіндегі су атаулының (мұхит, теңіз, өзен, көл) 95 пайызы зерттелмеген.

Қорыта келгенде, су – әлемнің тіршілігінің бастауы. Ол мифтік түсінікте де, ғылыми түсінікте де солай (жер бетінде құрлық болмаған, тұтас су басып жатқан кездерді ғылым дәлелдеді). Ал құдық сусыз аймақта сол тіршілік бастауының бір тамшысы іспетті һәм сол аймақтың құты болар.

P.S. Өзін ақтамаса да, жапон халқының әлі күнге күріш егетін алқаптары бар. Жері тар, арал мемлекет осылай өз мәдениетіндегі күріш өндірісіне қатысты ғұрыптар мен сөздерді сақтап отыр. Ал біз аттан түстік. Жылқыға қатысты көп деректі ұмыттық. Құдықшылық қалды. Оны да ұмыттық. Жаһандану заманында ескілігімізді өткенге тастап, жаңалыққа ұмтылып барамыз. Бірақ мәдениет ескіретін бе еді? Ескіретін болса, сол ескірген, артымызда қалған мәдениеттің қалыптасуы мен дамуына құдықшылардың пайдасы зор болғанын мойындауымыз керек. Мойындай отырып құран, бәлки, тілек бағышталық. Құдықшыларға тие берсін! Әумин!

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

696 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы