• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қазан, 2021

«Қарасаз көшелері»

Продюсер Сержан Молдасанұлы, режиссер Жандос Еспенбетов жақында жұртшылыққа «Қарасаз көшелері» деректі фильмін ұсынды. Бас-аяғы 50 минут. Бәрі біз білетін нәрсе сияқты. Қарапайым. Жинақы. Бірақ бәрін білсек те, осылай екенін пайымдасақ та, бәрібір – Қарасаз да, оның Мұқағали өлеңдерін жатқа білетін тұрғындары да жып-жылы. Қазіргі тілмен айтсақ, фальшь жоқ. Жасандылықтан ада.

Біз білгенде, талантты актер Еркебұлан Дайыров – Қарасаздың төл перзенті. Оның ауылына қонақ болып барған пародист, актер, журналист Олжас Сыдықбеков те бөтен емес. Көрікті Көлсайдың тұнығына шомылып өскен ұл. Екі ауылдың арасы – шамамен 150 шақырым. Олжас көпшілігіміздің көкейімізде жүрген сауалды қойды Қарасаздың ұлына: «Ауылдың кез келген адамы Мұқағали өлеңін біледі дейсің бе?» Еркебұлан сенімді түрде бас изейді. Сөйтеді де, асып-саспай, ештеңе ұйымдастырмай, аса сенімді қадаммен дәлелдей бастайды. 

Фильмнің өзегі мына тұс: Еркебұлан мен Олжас Дариға апайдың үйіне келді. Апай картоп түптеп жатыр. Екі азаматқа дереу кетпен ұстатты. Бұл эпизодтың символикалық мәні ерекше. Ауылда өскен жігіттер жатсынбай, өздері айтпақшы, кетпеннің сабын қысқарта ұстап, екі аяқтың ортасына салып алып іске кірісіп кетеді. Жоқ, қаланың ақсаусақ балалары емес. Ауылға келсе – екеуі де қара күшін ақылына бағындыра алатын шаруа. Қандай жарасымды! Осы жерде Олжас сөз алады:

Балаларды мектепте оқытады, «Мұқағалитану» пәні бар, басқа нәрсе де бар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, кеше шаруалар да, трактор айдаған кісілерден бастап, көшеде өтіп бара жатқан аталар да, апалар да – бәрі өлең оқып жатыр. Дариға апай кілт сөзді бөліп:

Соның себебі неде деп ойлайсың? – деп Олжастың өзіне сұрақ қойды.

Режиссер дәл осы тұсты алдын ала ойластырмағанына аса сенімдіміз. Осы сұрақты Олжас Дариға апайға қойған болса, біздің ойымызша, фильм ұтылар еді. Онсыз да соның себебін Олжас (бәріміздің атымыздан) білуге келді ғой. 

Себебін іздеп келдік осы жерге, шынын айтқанда, – дейді Олжас.

«Қазақта ақын көп қой» деп бастаған Дариға апай көрерменге үш себеп ұсынады: «Халықпен бірге болды, халықтың жүрегіндегіні сөйледі; екінші – Мұқағалидың табиғилығы; сосын – шыншылдығы. Міне, осы үш нәрсе Мұқағалиды аспанға көтерді».

Пай-пай, жасай беріңіз, Дариға апай! Шын сөз! Сірә, Дариға апай – зейнеттегі ұстаз. Қалай пайымдайды, ә! Ақыны туралы туған халқы осындай сөз айтса, ақынның табиғатын үш ауыз сөзбен ашып берсе, артық бақыт керек пе?

«Қарасаз көшелері» бізді жанымыз алыстап кеткен биіктерге жетеледі. Біздің ойымызша, бұл фильмді көрген әрбір қазақ Қарасазды өз ауылы сезінеді. Өйткені әрбір қазақ Мұқағалиды өз ақыны деп есептейді. Мұқағали олармен күнде сырлас. Тіпті жаны қасаңданып, тіршілікке ғана алаңдап кеткен мына дәуірде өлең танымайтын адамның өзі Мұқағалидың жеңіл, 1950 жылдары жазған, өзі ешбір жинағына қоспаған балаң өлеңдерін УотсАп желісімен таратып жүр. Бір қарағанда, ақынды тым жеңілдетіп жібергендей көрінеді. Бірақ оларға «М.Мақатаев» деген ат қымбат. Осы күні қазақтың жарасына дәрі болып тұрған – Мақатаев өлеңдері. 

Тірліктен шаршағанда, олардың «сәби болғысы келеді»; «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» мектебін аңсайды; сезім, сенім, махаббат сияқты ұлы дүниелерден көз жазып қалғанда, «көзіме бір көрінші, бала ғашық» деп шақырады; аспаны анық көрінбейтін ұлы шаһарда теледидардан болса да құс қайтқанын көргенде, «аққулар, қош болыңдар!» деп мұңданады; «ешнәрсенің керегі жоқ, керегі жоқ, шаршадым» деп өз әлеміне тереңдейді; бақта сырласқан қос ғашықтың жанынан «өтіп кетеді, бұрылып қарамайды»; «махаббаттың қарамаудан жаралатынын» түсінеді; біреудің еңсесі түскенін көрсе, «ей бауырым, көтерсеңші, көтерсеңші басыңды» деп жігерлендіреді; тіршіліктің сан жықпылында адам қалпын сақтап қалуға тырысып, «мұздама, жылы жүрегім» деп өтінеді; біреуге бір ауыз артық сөз айтып қойса, «өкпелетіп қалайша көктемекпін?» деп жанұшырады; өзінің дер «ер-тұрманы бүтінделмей» жүрген тұлпар екеніне қиналады; бақытын осы қазір уысынан шығарып алғанына таңырқап, «қарға адым жерде тұр еді менің бақытым» деп дағдарады; өзінен кейінгілердің шала ісін көргенде, «әй балам-ай, шамалы-ау түсінігің» деп түңіледі; «тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың» деп үлкенге құрмет білдіреді; біреу тіпті түсінбесе, түсінуге де тырыспаса, «көбелек деп жүрсің бе отты айналған?» деп назырқанады; өмірдің арғы-бергісіне көз салып, жүрген жолын ойша салмақтап келіп, «қай күні менің тәмәмдалады дастаным?» деп ой тұңғиығына батады; жарына, балаларына, досына «бүгін де, кеше де, өткенде, іздесең, қателік көп менде» деп ақтарылады; «пай-пай өмір, өтесің-ау бір күні» деп толғанады сосын... Содан кейін тіршіліктің қиюы келе қоймағанын, я келе қойса да, басқаша қалыптасқанын түйсініп, «болашаққа арыз жазып кеткісі» келеді. 

Иә, қазіргі қазақтың әр күні – Мұқағали. Оны әр адам сезіне қоймайды, бірақ Мұқағали сөзі күн сайын оған бір ауыз тармақ болып, радиотолқыннан ән болып, парақтаса – кітап болып, тіпті қолындағы телефонынан ашықхат болып келіп жатыр, келіп жатыр... Сондықтан Қарасаз – әр қазақтың өз ауылы. Бұл ауылды Мұқағали өлеңі әр секунд сайын тербеп жатыр. «Қарасаз көшелері» соны және бір ұқтырыпты. Мұқағали ақын биыл тоқсанды толтырар еді. Тіршілігінде қырық бес жыл ғұмыр кешсе, одан кейінгі қырық бес жыл – қазақтікі.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

513 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы