• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 23 Қазан, 2021

Көпке үлгі ауылдар

Ауыл өмірі қашанда берекелі. Қазақ даласында қиюын тапсаң, икемге көнбейтін жер жоқ. Сосын да болар, мемлекеттің «Ауыл – ел бесігі», «Дипломмен – ауылға» сияқты бағдарламалары барлық ауылға қатар жүреді. Оны ары қарай дөңгелетіп әкету – ауыл адамдарының бірлігіне, ұйымшылдығына байланысты. Біз бүгін еліміздегі ерекше ауылдар туралы әңгімелегіміз келеді. Бұлардың қай-қайсысы да мақтануға, үлгі етуге тұрарлық.

Ертегідей ауыл

Ақмола облысы, Целино-град ауданына қарасты Родина ауылын білетіндер ол туралы тек таңдай қаға әңгімелейді. – Ауыл деген статусы болғанымен, мұндағы тіршілік дәл қаладағыдай, – дейді осы ауылға сапарлап қайтқан әріптесіміз Саян Есжан. 

– Тұрғындардың 98%-ы мал ұстамайды. Себебі, олардың дені ауылдағы «Родина» агрокешенінде жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы – 265 мың теңге шамасында. Тағы бір ерекшелік – ауылда екі үлкен супермаркет бар. Онда ауыл тұрғындарына азық-түлік 50% жеңілдікпен беріледі. Мысалы, нан бағасы нарықта 100 теңге болса, ауыл адамдары оны 50 теңгеге алады. Ауылдағы саябақ та қаладағыдан бір кем емес. Тағы бір көзге түскен дүние – Кеңес өкіметі кезінде салынған үйлердің бәрі сүріліп, орнына жаңа үйлер тұрғызылған. Олардың көбі – екіқабатты үйлер. «Родина» агрокешені маңайдағы ірі қалаларды сүтпен қамтамасыз етіп отыр. Агрокешен тәулігіне 6000 литр сүт дайындайды. Ол – Қазақстандағы жетекші зауыттардың бірі, – дейді әріптесіміз. 

Расында бұл агрокешеннің жөні бөлек. Себебі мұндағы ірі қара малынан бастап бүкіл техниканың бәрін шетелден алып келген. Ал ауыл тұрғындары оны жатсынбай, жаңа технологияның «тілін тауып», шаруасын дөңгелетіп отыр.

Тұрғыны көп ауыл

Еліміздегі тұрғындар саны ең көп ауыл – Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылы. Қазірше ауыл тұрғындарының саны – 52 105 адам. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ауыл тұрғындарының саны 28-29 мың болса, қазір ол екі есе артқан. Ауылда 15 мектеп, 1 колледж, 11 балабақша бар. Ауылдың басқа да артықшылықтары көп. Мәселен, мұнда көлік логистикасы ерекше дамыған. Ауылда 568 жүк тасымалдайтын көлік бар. Оның 360-ы шетелдік көліктер, олар дүниенің төрт бұрышына әртүрлі жүк тасымалдайды. Ауылдағы мал базары Қазақстандағы ірі мал базарлардың бірі саналады. Көрші облыстарды былай қойғанда, іргелес жатқан елдерден де келіп, мал алып кететіндердің қарасы көп деседі.

«Миллионер» ауыл

Елімізде кенжелеп қалған саланың бірі – туризм. Әйтпесе табиғаттың әр түрлі келбетін көруге болатын далиған қазақ даласының қай бұрышын да туризмнің көзіне айналдыруға болады. Туризмнің де түр-түрі бар десек, оның әрбіріне  даламыздан соған сай орындар – тарихи орындар да, табиғаты көз тартар демалыс орындар да табылады. Ал әзірге туризмнің пайдасын көріп отырған ауылдар көп емес. Соның ішінде айрықша аталатыны – Алматы облысы, Кеген ауданындағы Саты ауылы. Табиғаты таңғалдыратын әйгілі Көлсай мен Қайыңды көлдеріне ағылатын туристердің алдымен аяқ тірері – Саты ауылы. Демалыс аймағында әлі күнге дейін арнаулы қонақ үйлер салынбаған. Алғашында туристер көптеп келе бастаған соң, ауыл тұрындары соған сай икемделген. Яғни үйінен үй жалғап, келушілерге қонақ үй жасап, әйелдері ас-суын әзірлеп, ерлері көлге апаратын ат-көлік дайындап, қосымша табыс таба бастаған. Ал қазір бұл ауылда 100-ге жуық осындай қонақ үй бар. Ауыл тұрғындарының бәрінің де тұрақты жұмысы бар. Тіпті мектеп оқушылары да жазғы демалыста туристерге қызмет етіп, жаңа оқу жылындағы керек-жарақтарын өздері-ақ сайлап алады екен. Ауыл тұрғындарының көпшілігі шетелден келетін туристермен байланыс үшін ағылшын тілін үйреніп алыпты. Сондықтан бұл ауылды маңайдағылар «миллионер ауыл» деп атап кеткен.

Бүркітшілер ауылы

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауылы «Бүркітшілер ауылы» аталып кеткен. Бұл ауылда құсбегілік мектепті бұдан отыз жыл бұрын ұйымдастырған. Содан бері арасы үзілмей, жыл сайын «Сонар» бүркітшілер турнирі өтіп тұрады. Ұлттық спорттың бір түрі ретінде арнайы ережесі бекітіліп, жыл сайын өтетін спорттық жарыстардың күнтізбелік жоспарына енген. Республикалық көлемдегі жарыстар да осы ауылдың маңайында өтеді. Себебі, ауылдың табиғаты ұлттық спорттың осы түріне сай. Бүркітшілер сайысының «Құстың сыны», «Құстың аңға түсу шеберлігі», «Шырға тарту» сияқты шарттары бар. Ауылдың кәрі-жасы бүркіт баптауды күнделікті дағдыға айналдырған.

Шеберлер ауылы

Алматы қаласының маңайындағы Көкшоқы ауылын «Шеберлер ауылы» деп атайды. Қала тұрғындарынан Көкшоқы десеңіз мүдіруі мүмкін, ал «Шеберлер ауылы» десеңіз, демде жол сілтейді. Себебі, ауылда 500-ге жуық тұрғын болса, оның 40-тан астамы шеберлік өнермен тұрақты айналысады. Шеберлер тапсырысқа сай кез келген бұйымның қиюын келтіреді. Тарихи фильмдер мен телехикаяларды түсірушілер осы ауылдың шеберлеріне жиі жүгінеді екен.

Руханият ауылы

Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Сарыбастау ауылында мектеп оқушысы ауыл тұрғындарына арнап журнал шығарыпты. Ол бастаманы ауыл әкімінің өзі қолдап, мектеп оқушысы Әмина Кемелбайға үміт артқан. Бұған дейін журналдың бірнеше нөмірі жарық көрген. 

– Журналдың мақсаты – Сарыбастау ауылының тарихын жаңғырту, бүгінін талқылап, болашағын айқындау, – дейді журналдың редакторы Әмина Кемелбай. Журналдың «Ауыл жаңалықтары», «Спорт жаңалықтары», «Аспан таудың етегі – ақын-дардың мекені», «Сырға толы суреттер», «Тарихи тұлғалар» деген айдарлары бар. Бұл ауылдың тағы бір ерекшелігі – ауыл тұрғындары ішімдіктен бас тартқан. Яғни ауылдың бірде-бір дүкенінде ішімдік сатылмайды. Ауылда өтетін басқа да игілікті шараларды көріп, оған «Руханият ауылы» деген атау берсек бек жарасатындай.

Суретшілер ауылы

Түркістан облысының Төле би ауданындағы Тасарық ауылының екінші аты – Суретшілер ауылы. 1987 жылы осы ауылда туып-өскен суретші Молдағали Қалдыбаевтың картиналары Лондонда өткен әуесқой суретшілер байқауында алтын медальға ие болған. Сол тұста бұл суретші Тасарық ауылында өзінің сурет галереясы – мұражайын ашыпты. Молдағали Қалдыбаевтың осындай жетістіктерінің әсері болса керек, кейін ауылдан қылқаламшылар көптеп шыға бастайды. Ауылдан 20-ға жуық танымал суретші шыққан. Бексейіт Түлкиев, Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбай сынды әлемге атағы шыққан суретшілер – осы ауылдың тумасы.

Дайындаған 
Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы