• Ізінен аңыз ерген
  • 24 Қазан, 2021

Құймақұлақ

«Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты жинақты білмейтін кім бар?! Әрқайсысы 50-ге жуық CD-дисктен тұратын мол мұра – қазақтың зор байлығы. Ал оның артында қаншама зерттеуші, қаншама еңбек жатқанын бағамдай бермеспіз. Осы қазынаға зор еңбегі сіңген жанның бірі – ғалым, күйші, музыкатанушы Базаралы Мүптекеевті ұмытып бара жатқан жоқпыз ба? «Жетісу әуендері» мен «Жетісу күйлері» атты музыкалық-этнографиялық жинақ  –  ғалымның жиырма жылғы еңбегі. Музыкатанудағы басқа еңбектері де орасан. Ел ішінен бес мыңнан аса музыкалық мұра жинапты. Аз ғұмырында осынша еңбек қалдыру – өнерге өмірін арнаған адамның қолынан келер іс. 

Базаралы Мүптекеевтің еңбектерінің ішінде шоқтығы биік деп «Жетісу күйлері» мен «Жетісу әуендері» айтылады. Себебі, мұнда бұрын зерттелмеген, ел алдында тартылып, айтылмаған әндер мен күйлер жинақталған. Қазір музыкалық сауаты бар кез келген адам бұл кітаптың нотасына қарап-ақ туындыларды орындай береді. Ал оның артында қандай еңбек жатқанын, мұралардың қалай жинақталғанын кітаптардың екінші авторы Сағатбек Медеубекұлы мырза айтып берді.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, мәдениеттанушы, ғалым:

Қазақ күйін ғылыми негізде әлемге танытуға ұмтылған Базаралы...

– Өзге ұлттардың, әсіресе түркі халықтарының күй өнері дәл қазақтың күй өнеріндей дамымаған. Оны Александр Затаевич айрықша зерттеді. Ал кейін бұл бағытта Ахмет Жұбанов ерекше еңбек сіңірді. Бірақ Ахмет Жұбанов пен оның замандас зерттеушілері тұтас Қазақстанды аралап, зерттеп үлгерген жоқ. Заман басқаша болды. Кеңес заманы кезеңінде күй десе батыс өңіріндегі Құрманғазы бастаған дәулескер күйшілер, Арқадағы Тәттімбет секілді, Қаратаудағы Сүгір секілді күйшілер; ал ән десе Арқадағы Біржан сал, Ақан сері, Ыбырай, Мұсалар көбірек айтылатын. Жетісу өңірінде насихаты кем болған соң бірлі-жарымы там-тұмдап қана айтылатын. Ән дегенде Кенен Әзірбаев, Қалқа Жапсарбаев, Дәнеш Рақышевтер ғана айтылатын. Ал күй дегенде ауыз толтырып айтарлық мұра жоққа тән еді. Осы бір олқылықтың орнын толтыруда Базаралы Мүптекеев ерекше еңбек сіңірді. Ол диплом жұмысын Қожеке Назарұлына арнады. Қожеке бір өзі 300 күй шығарып, қазақ күй өнерінің өзіндік мектебін қалыптастырған күйші-домбырашы еді. Патшалық Ресейдің отаршылдығына қарсы күрескен батыр ретінде де тарихта аты қалған.. Қудалануға ұшырап, 25 отбасын ертіп, Қытай жаққа – қазіргі Іле автономиялық аймаққа өтеді. Алайда Ресей патшалығының саясаты, одан кейінгі кеңес өкіметі өзіне қарсы тұлғаларды сыртқа кетсе де қудалауды тоқтатпады. Ресей сондай тұлғалардың атын Қытай мемлекетіне өткізіп қойған, ал Қытай оның тапсырмасын орындауға құлшына кіріскен. Сөйтіп Қожеке ол жақта да қудалауға түсіп, ақыры ұсталады. Арқасына тас көмірдің шоғын қарып, өлтіреді. Бірақ Қожекенің күйі кеңес өкіметі тұсында кеңестік аймақта айтылмағанмен, Қытайдағы қазақтар  оны жадында сақтап, өмірін зерттеп, кітабын шығарған. Ол жақта аты дүркіреп тұрды. Ал бізде айтылмады. 

Кеңестік кезеңде Жетісу өңірінің күй мектебі зерттелмей жатты. Мысалы Жамбыл Жабаев та жыршылығымен қоса күйші де болған. Саябала Егіншиева деген күйші болған. Нұрғиса Тілендиевтің аталары керемет күйші болыпты. Қытайдан келген қандастардың ішінде өзімен бірге күй ала келген қаншама күйші-домбырашылар болды. Солардың  көзін көріп, күйін естіген Базаралы тыныш жата ма?! Оның үстіне өзінің музыкалық сауаты керемет- тұғын. Кез келген шығарманы, ол  мейлі ұлттық болсын, мейлі шетелдік болсын, кәсіби биік талғам және терең таныммен талдап беретін. Менің алғаш таңғалып, сүйсінгенім – оның жадының мықтылығы. Қазір ғана алғаш тыңдаған күйін сол сәтінде қайталап тартып беретін. Базаралының аталары да күйші болған, туған-туысқандары күй өнерінен алшақ емес. Ол алдымен Қожекенің күй өнерінің ғылыми айналымға қосылуына жас та болса тұңғыш еңбек сіңірген адам. Консерваторияны бітірердегі дипломдық жұмысы осы Қожекенің күйшілік-домбырашылық өнері туралы болатын.
Ал екеуміз қалай тоғыстық? Менің де аталарым, әкем күй тартты. Талай күйшілерді көріп, тыңдап өстім. Біз мектепте жүргенде Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Қазанғаптың, Динаның күйлері тартылатын, үйретілетін. Радиодан да солардың күйлері естілетін үнемі. «Менің атамның күйлері неге тартылмайды? Олар жетілген күй де, атамдыкі жетілмеген шығар» деп ойлайтынмын. Сөйтсем әр аймақтың күй мәнерінде өзіндік ерекшеліктері болады екен. Оны бала кезде аңғармадық. 

Әдебиет институтында жүргенімізде мүйізі қарағайдай академиктер ғылыми кеңестер өткізетін, соларды тыңдайтынбыз. Архивтерді ақтарамыз. Рахманқұл Бердібаев ұстазымыз «Шекаралық аймақтардағы тарихты зерттеуге сақтықпен қарау керек» деген кеңес-тік билік, коммунистік басшылықтың ауызша тап-сырмаса болғанын айтып еді. Шекаралық аймақтағы өңірлердің  тарихын да, мәдениетін де, өнерін зерттеуге партия құлықты болмады.. Тарихшылар бергі тарихты ғана зерттеп кетті. Фольклорлық  және  ауызша  әдебиеттік саф мұралар жиналмай жатты. Құланаян Құлмамбет, Шалтабай Алпарұлы, Бөлтірік Атыханұлы, Мейірман Дәркембайұлы, Көдек ақын  Байшығанұлы, Әжек Мырзаұлы, Қапез Байғабылұлы, Майлы Орманов, Әбен Атамқұлов, Албан Асан Бәрмембекұлы, Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы, Сәдіқожа Мошанұлы, Рыскелді Сауданұлы, Мақсұт Додабайұлы, т.б.,  әнші, ақын-жыраулар зерттелмей жатты. Осыншама мұраны көзбен көріп, қолмен ұстап тұрып, қалайша ғылыми айналымға қоспайсың? Сөйтіп 1995 жылы мәтінтанушы, фольклорист-ғалым  Тоқтар Әлібек, музыка зерттеуші-әнші Ғалымжан Серікбаев үшеуміз көлік, оператор жалдап, Хантәңірі аумағындағы күйші ақсақалдардан күй, ән жинадық. Келген соң лекция-концерт өткіздік. Оған сексендегі Ыбырайымхан Мергенбайұлы, 60-тағы Омархан Керімқұлұлы, елуге таяған Сауқынбек Шаханұлы, қырықтағы күйші-композитор Ермұрат Үсенов, отыздағы Керім Елемес, жиырмадан асқан Базаралы Мүптекеев және ең жас орындаушы жеті жасар Элмира Үшкемпіровалар қатысты. Базаралымен сонда таныстым. Қожеке, Шалтабай, Мергенбай, Сыбанқұл, Бөлтірік, Қосдәулет, Кәтіп, Ыбырайымхан  күйлері сол жерде тұңғыш рет республикаға танылды. Сонда Рахманқұл Бердібаев: «Мұны кітап қып шығару керек», – деді. Бұл әңгіме ел алдында айтылған соң, Базаралы екеуміз біздің үйде бес-алты ай отырып «Жетісудың күйлері», «Жетісу әуендері» атты екі кітапты дайындадық. Музыка теориясын оқыған әрі өзі де дәулескер домбырашы Базаралы таспаға жазып алынған барлық күйдің озық үлгілерін нотаға түсірді. Нотаға түсіргенде еуропалық қалыппен емес, ұлттық күй тарту ерекшеліктерін ескере отырып, кейбір иірімдерді көрсететін шартты белгілерді өзі ойлап тауып, әр күйшінің өз домбырасының бұрауы және пернелерінің орналасуындағы айырмашылықтарды сызба үлгісімен көрсете отырып таңбалады. Мен ғылыми қосамжарларын (комментарийлерін) жасадым. Бұл екі академиялық жинақ 1998 жылы жарық көрді. 

Базаралының жанкешті еңбегінің арқасында қазақ халқының Хантәңірі аймағындағы күйшілік мектебінің бірнешеуі өмірге қайта келді, ғылыми айналымға қосылды. Олар – Қожеке Назарұлы мектебі, Сыбанқұл Қалбасұлы мектебі, Мергенбай Ерденеұлы мектебі, Бөлтірік Атыханұлы мектебі. Мұның бәрі қазір Қазақстанның әр өңіріндегі музыкалық білім беретін оқу орындарының бағдарламасына енді. Ал бұлардың ешбірі Александр Затаевичтің жинақтарында да, Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесінде» де  жоқ еді. 

Базаралының ұлт мұрасына үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтық болмысы, ғалымдық тұлғасы өзге де еңбектері арқылы биіктеді.  Бұл екі кітап шыққан соң да ары қарай зерттей берді. Сараптады, дамытты.  Осы бағытта кандидаттық диссертация қорғады. 2000 жылы қыстың қаһарлы аязына қарамастан Базаралының бастамасымен  екеуміз тағы да экспедицияға шықтық. Онда да бұрын бармаған елдімекендерге сапарладық. Кейін де  Базаралы үкімет арнайы тапсырма бермей-ақ, азаматтық-патриоттық бастамамен өз бетінше еліміздің өзге де  өңірлерін аралап, бесік жырынан бастап жоқтауға дейінгі жанрларды да жинай жүрді. Тіпті ол туысқан республикаларға да, шетелдегі қазақ диаспораларына да барып мұра жинады.  

Кейінгі жылдары Базаралы қазақтың күй өнерін ғылыми негізде  әлемге танытуға ұмтылды. Оңтүстік Кореяға барып арнайы конференцияда қазақтың күйі туралы ғылыми баяндама жасап, өзі домбырада тартып, таныстырды. Түркі халықтарының мұраларын салыстыру мәселесін де қолға ала жүрді. Халқымыздың күйлері мен әндерінің Қазақ радиосының таспаларындағы нұсқаларын заманға сай цифрландырып, алтын қорға кіргізген тұңғыш адам – Базаралы Мүптекеев. 

Болмысы салмақты, сабырлы. Артық сөзі жоқ, тек істі ғана білетін. Өз ісіне берілгенде дүниенің бәрін ұмытатын. Адамгершілігі, бауырмалдығы өте керемет еді. Оның бәрі әке-шешесінен алған тәрбиесі болса керек. Классикалық мұраны әлемге танытуды, таза күйінде ұрпаққа жеткізуді ерте түсінген жігіт болатын. Амал не?! Қазірде ұлттық күй мұрасының жоқшысы Базаралының орны ойсырап-ақ  тұр...

Бағдат МҮПТЕКЕЕВА, журналист-этнограф:

Жарыққа шықпаған екі кітабының қолжазбасы бар

– Базаралы кішкентай кезінен өнерге бейім болды. Өйткені оның атасы – менің әкем домбыраға әуес еді. Өзі дін жолындағы кісі болса да, күйшілігі бар еді. 4-5 жасында Базаралы күй тартып отырған атасының алдында ұйықтайтын. Ал атасы тартып отырған күйін тоқтата қалса, ол көзін ашып алатын. Сол үшін атасы немересінің қатты ұйқыға кеткенінше домбыра тартып отыратын. 6 жас шамасында Базаралы түнде атасынан тыңдаған күйдің кейбір тұстарын таңертең ұйқыдан ояна салып тартып отыратын. Домбыраға ерте әуес болған соң 1-сыныптан бастап А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне Күләш әпкем алып барды. Онда сабақты жақсы оқыды. Шынарбек Асқаров деген кісі ең алғашқы ұстазы болды. Кейін консерваторияның екі факультетін қатар оқыды. Ол өте сирек кездесетін жайт. Екеуін де қатар бітірді.

Қазақ радиосының алтын қорында біраз жыл жұмыс істеді. Компьютерді өте жақсы меңгерді. Музыкаға қатысты шетелдік бағдарламаларды, газет-журналдарды жазып алатын. Бір мысал айтайын: «Алтын қорды» су алып кеткен кездер болған. Таспалардың кейбірі майысып, сынып, арасындағы дауыстар жоғалып кеткен. Соны бір құрылғы жасап, компьютердің көмегімен үзіліп қалған жерлерді жалғады. Ескі дыбыстарды қалпына келтірді. Қазір соны өнер университеттері пайдаланып жүр. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында фольклорлық ғылыми зерттеу зертханасы бар. Дәл сондай зертхананы Саида Еламанова әпкесі екеуі «Шабыт» өнер университетінде алғаш рет құрды. 

Ғалымдық жұмысын университетте жүріп-ақ бастады. Демалысқа шыға салысымен ел-елді аралап, музыка іздеп кететін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала кезде алған тәрбие осы жолдан алыстатпады. Қожеке күйшінің өзі Базаралының нағашысы боп келеді. Біреу-міреу ана ауылда мынадай деген күйші бар деп хабарласа қалса, бәрін тастап сонда кетіп қалатын. 

«Жетісу әуендері» мен «Жетісу күйлері» жинағы шыққан соң да музыкалық мұра іздеуді тоқтатпады. Бұдан кейін Моңғолияға, Қытайға екі-үш рет барып келді. Мәскеуге де барып, күйлер алып келді. Күйші Жарқын Шәкәрім екеуі Мәскеуге барып, Әміре Қашаубаевтың даусы жазылған үнтаспаны алып келді. Соңғы сапары Сеул болды. Соған барардың алдында маған: «Екі кітабымның қолжазбасы дайын тұр», – деген болатын. Ол қолжазбалар менде тұр. Онда кітапқа енбей қалған Жетісудің күйлері, Арқаның күйлері бар. Оны қазір шәкірттері зерттеп жүр. Өмір бойы мұра жинаумен өтті, бірақ соның қызығын көре алмады. 

Жансақтау бөлімінде жатқанда ауруханаға бардым. Сонда аузы-мұрны аппаратта, кеудесіне компьютерді қойып, жұмыс істеп жатыр. «Мынауың не?» десем: «Министрлік зертхананың жұмысына байланысты есеп сұрап жатыр», – дейді. Өмірі осылайша жұмыспен өтті. Артында Дәрмен есімді жалғыз ұлы қалды.

Ғалым, өзі де күйші Базаралы Мүптекеевтің күйтану ғылымына қосқан тағы бір еңбегі – домбыра түрлерінің өзіндік ерекшеліктері мен домбыра жасау әдістеріне сараптама жасауы. Ғалымның еңбектері музыка өнерінде оқып жатқан тәлімгерлерге молынан жетпек.

Ардаби МӘУЛІТ, күйші:

Күй өнерін ЮНЕСКО-ға Базекең енгізді

– Базекеңмен 2010 жылдан бастап өмірінің соңына дейін бірге қызметтес болдым. Ол кісі маған аға болды, ұстаз тұттым. Ағайымнан үйренген нәрсем – практикалық ғылым. Бізде көп музыкатанушы практикасыз ғылыммен айналысады? Ол дегеніміз не? Далалық экспедициялар ұйымдастырып, ел аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізбейді. Базекеңнен осы жағын көп үйрендім. Себебі, ол кісі мұндаймен бала жастан айналысқан. Базекеңе дейін де айналысқанмын, алайда ол кісіден дыбыстық жазу жағын, олардың ғылыми есебін, паспортын жинақтау жағын үйрендім. Ғылыми жобалар жазу жағына да қанықтым. Қазақ руханиятына жанын берген азамат еді. 

Қазақтың ұлттық құндылықтарының біразы ЮНЕСКО-ның тізіміне енді. Соның ішінде ең бірінші боп күй өнері енген болса керек. Соның алдында Базекең маған: «Ардаби, ЮНЕСКО-ға күй өнерін ұсынуымыз керек. Ол үшін қат-қабат тіршілігі көрініп жататын ауыл керек. Есік алдында ит үріп, қой сойылып, ата-әжелер бата қайырып тұру керек. Қысқасы, ауылдың тіршілігі көріну керек», – деді. Әрине, қалада ондай тіршілік қайда?! Елордаға жақын Қоянды деген ауыл бар. Шеттен келген қандас ағайындар көп тұрады. Соған барып, туысқанымызбен сөйлесіп, малды дайындап, ата-әжелерді жинадық. Күйшілер келді. Сонда үш-төрт күн жүріп, түсірілім жасадық. Елге белгілі оператор мамандар түсірді. Өзім етін пісіріп, шайын қайнатып, қызметте жүрдім. Сол жасаған ролигіміз бірден-ақ ЮНЕСКО-ға өтіп кетті. Ал қазір біраз қыз-жігіттерден «ЮНЕСКО-ға біз енгізіп едік» дегендей әңгімелерді естіп қалып жүрмін. Бір жағынан соларға тойтарыс есебінде айтып отырмын. Бұл – Базекеңнің еңбегі екені ақиқат.

Қазір күйшілік мектептердің бірі ретінде Жетісу мектебі аталады. Соның зерттелуіне, ғылыми айналымға енуіне Базекең көп еңбек сіңірді. Мұның бәрі ғылыми зерттеу болмаса, еш жерде мойындалмайды. Нарынқолдан бастап Шуға дейінгі өңірлердің күйшілерінің мұрасын жинақтады. Ескі орындаушылықты ұстап қалған көнекөз қариялардың тартысын жазып алып қалды. Өзінің күйшілігі, орындаушылығы да бөлек әңгіме. «Қазақтың 1000 күйі» жинағындағы бірнеше күйді Базекең өзі орындады. «Мұрным барда сіңбіріп қалайын» деген ниетпен емес, өзі жинаған, көнекөздерден өзі үйренген күйлерді орындады. Ал өзінің орындаушылық жағына келсек, Жетісудің, Арқаның, жалпы қазақтың шертпе күй өнерінің ескіше тарту мәнерін сақтап қалған күйшілердің бірі еді. Өзінің сүйіп тартатын күйлерінің бірі – «Әйкеннің шертпесі» еді. Көп концертте осыны тартатын. 

Базекең Жетісу күйлерін ғана емес, Моңғолия қазақтарының, Оңтүстік Қазақстанның, Жамбыл облысы мен Арқаның біраз өңірін жинап, зерттеді. Базекеңнің өз аузынан естіген бір ерлігі, марқұм Балжан жеңгемнен де естідім – Қазақ радиосында жүргенде Динадан бастап біраз күйшінің дыбыс жазбасының лентасы шіри бастап, құрып кетуге айналған кезде, Базекең соның бәрін қолымен жабыстырып, құрап, цифрлық жүйеге көшірді. Сонда өзінің мұрнынан қан кетіп ауырып жүрген кезі екен. 

2010 жылы «Шабыт» өнер университетінің студенті болып жүрдім. Сол жылы қазан айында университетте фольклорлық зертхана ашылып, соған жұмысқа тұрдым. Бір айдан кейін оған бастық боп Алматыдан Базекең келді. Екеуміз бір жылдай бір үйде тұрдық. Аға-бауыр боп, отбасымызбен де араласып едік. Алланың әмірімен Балжан жеңгеміз өмірден өтті. Артынша көп ұзамай Базекең де қазақтың өнерін сонау Кореяға барып насихаттаймын деп, сол жақта жығылып ауырды. Базекеңнің жинаған мұрасы өте көп. Олардың дені жарық көрген жоқ. Егер олар кітап боп жарыққа шықса, жас ұрпаққа қажетті, өте құнды дүние болар еді. Бір институттың қорын жинады деп ойлаймын.

Осынша әңгімені, естеліктерді естіп, Базаралы шерткен күйлерді тыңдаған соң құлағыңа әлдеқандай бір күй келетіндей болады. Ол күйдің аты «Жоқшы» секілді...

Дайындаған 
Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

308 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы