• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 22 Қазан, 2021

QazVac: отандық вакцина туралы негізгі сауалдарға жауап

Отандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасы – қазақ ғылымының үлкен жетістігі. Олай дейтін себебіміз, Қазақстан жаһандық пандемия басталғаннан кейін вакцина жасап шығарған санаулы елдердің қатарына кірді. QazVac (QazCovid-in) – SARS-CoV-2 вирусы тудырған жаңа коронавирустық инфекциядан профилактикалық вакцинация арқылы иммунологиялық қорғауды қамтамасыз ететін COVID-19-ға қарсы инактивтелген вакцина. Оны ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі. Отандық QazVac екпесіне қатысты барлық клиникалық зерттеудің үшінші кезеңі аяқталған болатын. Осыған байланысты «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының» бас директоры Күнсұлу Дальтонқызынан клиникалық зерттеудің үшінші кезеңі қалай өткенін сұрап, сауал жолдадық.

– ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК әзірлеп шығарған отандық QazVac вакцинасы ІІІ кезеңді клиникалық зерттеуден толығымен өтті. Клиникалық тексерудің ІІІ кезеңінің нәтижелері бойынша құрастырылған есеп сараптаудан өткізу және бекіту үшін биылғы қыркүйек айының басында ҚР ДСМ «Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығы» РМК жолданған болатын. Қазір сол есептің бекітілуін күтіп отырмыз, – дейді ғалым.

QazVac қандай вакцина? (дереккөз: БҚПҒЗИ)

Әзірленген жылы – 2020 жылғы сәуір-мамыр
Вакцинаның құрамы – VERO жасуша өсіндісінде алынған (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған), формальдегидпен инактивтелген, 4-дәрежелі тазалаудан өткен, құрамында иммуностимулятор (адъювант) алюминий гидроксиді бар (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы рұқсат еткен) тұтас вирионды SARS-CoV-2 вирусы.
Вакцинаның дозасы – 0,5 мл
Енгізу әдісі – бұлшық ет ішіне (қолдың дельтоидты бұлшық етіне).
Енгізу жиілігі – 21 тәулік аралықпен екі рет.
Вакцинаны үлестіріп құю – 1 доза (0,5 мл), 2 доза (1,0 мл), 3 доза (1,5 мл), 5 доза 
(2,5 мл).
Сақтау температурасы – плюс 2-8°C
Тасымалдау шарттары – плюс 2-8°с температуралық режимін сақтай отырып, көліктің барлық түрлерімен
Клиникалық сынақтар – QazVac отандық вакцинасына клиникалық зерттеулер жүргізілді, I-фаза – Алматы қаласында, 44 еріктінің; II фазасы – Алматы қаласында, 200 еріктінің; III фазасы – Алматы және Тараз қалаларында 3000 еріктінің қатысуымен. Клиникалық зерттеулердің I және II фазаларының нәтижелері бойынша отандық инактивтелген QazVac (QazCovid-in) вакцинасы толық қауіпсіздігін дәлелдеді, вакцина коронавирустық инфекцияға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Қазіргі уақытта отандық QazVac вакцинасын клиникалық зерттеудің III фазасын жүргізу нәтижелері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптама бойынша ресми қорытынды әлі алынған жоқ.
ДДҰ тіркеу – 2020 жылғы 15 мамырда отандық инактивтелген QazVac вакцинасы ДДҰ ресми сайтында кандидаттық вакцина ретінде тіркелді. Қазақстанда тіркеу – 18 ай мерзімге уақытша тіркеу.
Өндіріс – сәуір айынан бастап «СК-Фармация» ЖШС хабтарына QazVac отандық вакцинасының 300 мың дозасы жөнелтілді.
Артықшылықтары – вакцинадағы ақуыздардың толық жиынтығынан тұратын толық вирионды инактивацияланған вирус жоғары антитерациялық жауап пен SARS-CoV-2-ге, сондай-ақ вирустың басқа штамдарына қарсы тұрақты иммунитеттің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, QazVac вакцинасын жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларды қажет етпейді, тоңазытқышта плюс 2-8 градус температурада тасымалданады.

Адамдар неге вакцинаға сенбейді?

Әлбетте, қазіргі күрделі пандемия жағдайна байланысты коронавирус инфекция-сына қарсы күресудің және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың жалғыз жолы – вакцина алу. Мұны әлемдік тәжірибе мен күрделі эпидемиялық ахуал көрсетіп отыр. Вакцина жасаушы ғалымдар да осыны айтады. Десе де ел ішінде вакцинаға мүлде сенбейтіндер де баршылық. Олардың ішінде әртүрлі діни наным-сеніміне байланысты және ғылыми дәлелді жоққа шығаратын адамдар тобы бар. Негізгі сенбеушілік клиникалық сынақтың үшінші кезеңі аяқталмай жатып салуға рұқсат берілуінде болуы мүмкін. Бұл туралы Күнсұлу Закарья былай дейді:

– Пандемия кезінде ДДҰ алғашқы екі кезеңде жақсы нәтиже көрсеткен вакциналарды медицинада қолдануға болады деп шұғыл шешім қабылдады. Сондықтан бізде барлық клиникалық зерттеулер аяқталғанша күтуге уақыт болмады. QazVac жақсы аралық нәтиже көрсеткендіктен, басқа вакциналар сияқты уақытша мемлекеттік тіркеуден өтті және клиникалық сынақтың үшінші кезеңінің 50% өткеннен кейін медициналық қолданысқа енгізілді.

Әркімнің вакцинаға қатысты өз уәжі бар екені түсінікті. БҚПҒЗИ бас хатшысы Хайрулла Біләлұлының айтуынша, вакцинаға сенбеу – біздің елімізде ғана емес, әлемнің көптеген мемлекетінде болып отырған жағдай. Өздерін «антиваксерлерміз» деп атайтын әр қоғамның белгілі топтарының пайымы, сонымен қатар, вакцина және вакцинация туралы тексерілмеген, шындыққа сай келмейтін жалған ақпараттардың әлеуметтік желілерде жиі таралуына байланысты болып отыр. Бұл ел арасында әлі де болса вакцина туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет екенін көрсетеді.

QazVac балаларға салына ма? Қазір республика бойынша қанша адамға салынды?

Әзірше QazVac балаларға салынбайды. Өйткені оны вакцина ретінде салу үшін жас ерекшеліктеріне байланысты балаларға қосымша клиникалық тексерулер жүргізу қажет. Зиянсыздығы мен тиімділігі анықталғаннан кейін ғана балаларға ұсынуға болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, осы күнге дейін (21.09.2021 ж.) коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-компонентін – 7 372 086 адам, 2-компонентін 6 247 031 адам салдырған. Оның ішінде отандық вакцинаның (22.09.2021 ж. дерек бойынша) бірінші компонентін 267,596 адам, екінші компонентін 124,247 адам алған екен.

QazVac коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрлеріне қаншалықты төтеп бере алады?

Отандық вакцина инактивтелген толық вирионды вакцина болғандықтан, вирустың ішінде болатын ақуыздардың барлық спектрін қамтиды. Яғни вакцинадан кейін пайда болатын иммунитет мутацияға ұшыраған кез келген вирусқа қарсы тұра алады. Институт ғалымдарының айтуынша, әлемде тиімділігі 100% болатын вакцина жоқ. Егер жаппай вакцинациялау кезінде 70-80% тиімділік көрсетсе, оның өзі үлкен көрсеткіш. Вакцина адам агрессивті штамммен ауырған кезде ағзаның иммундық реакциясын қамтамасыз етеді, ал ағза неғұрлым күшті болса, адам ауруға оңай төзеді. Күнсұлу Дальтонқызы отандық БАҚ-қа берген сұқбатында зерттеудің үш кезеңі болатынын айтты. Бірінші кезең – вакцинаның қауіпсіздігін, екіншісі – иммуногенділікті, үшінші кезең профилактикалық тиімділікті зерттейді. Вакцина дайындаушылар қазір аралық деректерді ғана айтады. Ал соңғы мәліметтер үшінші кезеңнің қорытынды есебінде болады. Аралық мәлімет бойынша, QazVac-тың тиімділігі – 96%. Қазір Күнсұлу Дальтонқызы бұған дейінгі гриппоздық екпелер тәжірибесіне сүйене отырып, «Ухань» штамының құрамын «Дельтаға» өзгерткенін айтады. Олар дельта штамы Қазақстан аумағына кіре салысымен үкімет тапсырмасымен зерттеуді бастап кеткен. Маманның айтуынша, жануарларға жасалған клиникалық зерттеу сәтті аяқталған.

Қазақстандық вакцина ДДҰ мақұлдаған вакцианалар тізіміне қашан енуі мүмкін?

Көпшіліктің көкейіне күмән ұялатқан себептердің бірі – беделді ғылыми журналдарда отандық вакцина туралы мақалалардың жарияланбауы. Бұл туралы институт директоры рейтингі жоғары журналдарда мақала жариялаудың оңай жұмыс емес екенін алға тартады. Себебі, оны халықаралық дәрежесі жоғары мамандар қарап, әрбір тұсын мұқият қадағалап, тексереді, кем тұсы толықтырылады. Ал мұның бәрі ұзақ уақытты қажет етеді.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына кез келген вакцинаны тіркеудің бекітілген халықаралық талаптары бар, – дейді маман. Ол талаптар бойынша вакцинаны тіркеу үшін оның құжаттамасымен танысу, сапасын бағалау, өндірістік-клиникалық базаларын тексеру және т.с.с. өзіндік процедуралары қабылданған. Қазіргі уақытта ҚР СІМ-мен бірлесіп отандық QazVac вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркеу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

P.S. Вакцина жасау табандылық пен үлкен қажыр-қайратты, уақытты талап ететін жұмыс. Осындай аз уақытта вакцина дайындап шығару отандық ғылымның әлеуетін көрсетсе керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында Қазақстанның коронавирусқа қарсы вакцина жасаған әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі екенін атап өтті. 

– Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде, – деді Президент. Қазірдің өзінде қазақстандық вакцинаға 12 мемлекет өтініш беріп, ресми хат жолдаған.

Ғалымдар адамзаттың енді алдағы бірнеше жыл бойы коронавируспен өмір сүретінін айтады. Жаңа штамдар шығып, тіпті мүлде жаңа індеттер пайда болуы мүмкін. Алдағы уақытта мұндай жағдайға да бейімделетініміз анық. Адамзаттың өткен тарихында қауіпті дертке вакцина ғана тосқауыл болғанын ұмытпауымыз керек.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

276 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы