• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қазан, 2021

Жанар Мақашева, актриса: Би әлемі театрға жол ашты

Жанар Мақашеваның «Мұғалім» пре-мьерасында басты рөлдегі Іңкәрдің анасын сомдағаны қатты ұнады. Сұқбат алуға деген қызығушылығым осы кезден басталды. Кездесу күнін белгілеп, театрдың қызметкерлер есігіне келдім. Жанарға қоңырау шалып, келгенімді ескерттім. Қойылым басталып кеткендіктен, кездесе алмайтындығын айтты. Соған қарамастан уақыт бөлуін өтіндім. Дауысым жалынышты шыққан болу керек, Жанар келісті. Дәу темір қара есік сарт етіп ашылып, Жанар жүгіріп шықты...

– Әңгімені балалық шағыңыздан бастасақ. Қай өлкеде дүниеге келдіңіз?

– Қарағанды облысы, Балқаш қаласынан боламын. Балалық шағымда заңгер боламын деп армандайтынмын. Спортқа жақын болдым. Биге, каратэ үйірмелеріне қатыстым. Өнер академиясына хореография факультетіне түсуге ұсыныс жібердім. Жасым кіші болды және училище бітірмегендіктен, мені оқуға алмады. Бірақ маған театр факультеті бар екенін, оның ішінде биді жетінші курстан бірге алып жүруге болатынын айтты. Екінші курстан бастап театр қойылымдарына қатыса бастадым.

– Сахнаға алғаш шыққан кезіңіз есіңізде ме? Ең алғаш сомдаған рөліңіз қандай?

– Бірінші ойнаған қойылым Талаптан Ахметжановтың «Екі жүрек» деп аталатын пьесасы болды. Басты рөлдегі Айнұрды он жеті жасымда, яғни ІІ курс оқыған кезімде сомдадым. Содан кейін рөлдерде ойнай бастадым. Міне, 20 жылдай уақытымды театрға арнадым. 

– Өнер жолындағы ер-азаматтар сұқбат барысында қыз балалардың әртіс болғанын қолдай бермейді және қиын екенін айтады. Сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Егер өзіңізге сенімді болсаңыз, алға қойған мақсатыңыз анық болса, аянбай еңбек ету керек. Боламын десеңіз, міндетті түрде боласыз. Көпшіліктің алдында жүрудің де өз қиындығы бар. Бірақ актриса болу сондай қиын деп айта алмаймын.

– Сіз үшін басты рөлді сомдауға қанша уақыт керек?

– Екінші курстан бері басты рөлдерді сомдаймын. Одан басқа қосалқы және массовкада да ойнай беремін. Басты рөл, жай рөл деп қарамаймын. Егер аша білсең, жай рөлден де керемет нәрсе шығады.

– Киноға түсуге жиі ұсыныс түсе ме? 

– Соңғы кездері киноға түсуге жиі ұсыныс түсіп жүр. Бірақ мені тарихи киноларға шақырмайды. Бет-әлпетім келмейтін шығар. Көбіне орыс тіліндегі киноға, сериалдарға шақырады. Алайда киноға қарағанда, театр жаныма жақын. Себебі, өнерге деген ең алғашқы қадамым театрдан басталды. 

– Сіз «Аңшы бала» фильмінде және «Мұғалім» қойылымында ата-ана рөлін сомдадыңыз. Көрермен болсаңыз, өзіңізге қандай баға берер едіңіз?

– Ата-ананың да түрлісі болады. Кейбір адамдар бұл қойылымнан өзін көруі мүмкін. Көп ата-ана баласын басқа балалармен салыстырып жатады. Бір қызығы, сондай ата-ананың рөлін ойнадым. Мен оларды түсінгендей боламын. Фильм де, қойылым да, рөлім де өзіме ұнады. 

– Рөл таңдайсыз ба? 

– Актриса үшін жағымды және жағымсыз рөл деген болмайды. Жағымсыз рөлді де жағымды етіп, ақтап шығуға болады. Жайдан-жай ол кейіпкер жағымсыз болып кеткен жоқ. Өмірдің тәлкегіне түсіп, қиыншылығын көрген, өзінің арман-мақсатына жете алмаған адам болуы мүмкін. Сондықтан  көрермен алдында жағымсыз кейіпте қалып жатады. 

– Қазір өнер саласынан хабары болмаса да кино түсіріп, танымал болуға болады дейтіндер көп. Бұл үрдіске сіздің пікіріңіз қандай?

– Атақтың артынан қууға болмайды. Менің ойымша, адам ішіндегі бар өнерін көрерменге көрсете білуі керек. Содан кейін атақ келе ме, келмей ме, көре жатар. Сен атақты емес, атақ сені қуу керек сияқты. 

– «Ақ желкен» журналының оқырмандарына не айтасыз?

– Адам алдына мақсат қойса, еңбектенуі қажет. Осы жолда қандай кедергі кездессе де, төзімді болған дұрыс. Шыдамдылық шыңға жеткізеді. Сіздерден үлкен үміт күтеміз!

– Сұқбатыңызға рақмет!

Аяжан САҒИДОЛДА,
«Ақ желкеннің» жас тілшісі, 
Сүлейман Демирел университеті
филология факультетінің 
ІІІ курс студенті.

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

305 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы