• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 26 Қазан, 2021

Қасиетті сандарға зер салғанда

Халық қазынасының қоры болып келген ұшан-теңіз жыр меруерттері ауыз әдебиетінде ғасырдан-ғасырға ұласып, ұрпақтан-ұрпаққа ауыз екі тілде жатталып, кейбір үлгілері біздің заманымызға жетті. Қазақ халқының күнкөріс-тіршілігі, шұғылданған кәсібі, ұлттық дәстүрлі салт-санасы, отырықтанған жер жағдайы, діни сенімі, халықтық танымдары ауыз әдебиетінде ерекше орын алады. 

Қазақтың цифрларына байланысты сөздері бізге ауызекі тілде немесе байырғы жазба әдебиетімізде жиі кездесіп отырады. Мысалы, «үш азу», «үш гүл», «үш қалады», «үш болады», «үш қуат», «үш көрік», «үш жоқ», «үш ұя», «үш жаман», «үш семіз», «үш артық», «үш жалғыз», «үш сыйлы», «төрт құлазу», «төрт қонақ», «төрт арсыз», «төрт тұрақ», «бес жетім», «бес дұшпан», «бес асыл», «бес парыз», « бес олжа», «жеті ата», «жеті жұт», «жеті жоқ», «жеті ғалам», «жеті қат көк», «жеті ғашық», «жеті жақсы», «жеті мұңлық», «жеті кері», «жеті құт», «жеті қазына», «жеті күн», «тоғыз ортақ», «он мұра», «онның ісі», «алты қатын», «алты бақан», «екі көрік» тағы басқа сөздер бар. Қазақтың цифрларына қатысты осындай сөздерге зерттеу жүргізер болсақ, осы қасиетті сандар этнография, дін ғылымы, тарих, шежіремен байланысып жатады.

Үштік цифрларға байланысты сөздер

Халық арасында мынандай тарихи аңыз-әңгіме бар. Әз Жәнібек хан халықты жиып: «Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады. Осыны кім табады?» – депті. Халық көп дағдарып, үш арсыз – ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз; үш ғайып – қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып деп шешіпті. Бірақ үш жетімді ешкім таба алмапты. Сонда Әз Жәнібек:
 – Елден келмеген кім қалды? – деп сұрапты.
 – Келмеген Қарабас шешен қалыпты, – депті халық. Әз Жәнібек Қарабас шешенді шақыртып алып, әлгі сөздің шешуін сұрапты. Сонда Қарабас:
Жетім үш емес, бесеу еді ғой!
Оты жоқ жер жетім,
Басшысы жоқ ел жетім,
Елінен ауған ер жетім,
Тыңдаушысыз сөз жетім,
Жоқтаушысы жоқ қыз жетім, – дейді. Сонда Әз Жәнібек:
Сенің атыңды қойған адам ақылсыз екен, «Қарабас» дегенше, «Алтынбас» десе болмай ма? – деген екен. Дәуірдің өтуіне байланысты Қарабас айтқан «Бес жетім» қазақтың сөздік қорына кіріп, халықтық сөздерге айланып кеткен.
«Үш болады»:
Ел аралаған сыншы болады,
Орман аралаған үйші болады,
Домбыра жағалаған күйші болады, – делінеді.
«Үш болмайды»:
Үлгісіз нұсқа болмайды,
Шәкіртсіз ұста болмайды,
Ұзынсыз қысқа болмайды – делінсе, енді бірінде:
Ұрыссыз ел болмайды,
Бөрісіз жер болмайды,
Балықсыз көл болмайды, – делінеді.
Үштік цифрға қатысты, міне, осындай сөздер – ұзақ уақыт өмір тәжірибесінен өткен халықтық танымдық көзқарастың терең философиялық, өрелі ой қорытындысы. Осы сөздер халықтық танымдық көзқарастан туып, тұрақты сөздер қалыптастырған. «Үш жұрт» сөзі – туыс-қиыстық қатынастан келіп шыққан тұрақты сөз. «Жігіттің үш жұрты болады» дегенді білдіреді. Өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты. Халық мұны:
Өз жұртың – күншіл,
Қайын жұртың – міншіл,
Нағашы жұртың – сыншыл, – деп те мәтелдейді. Мұны халық және бір қырынан өзгертіп былай да айтады:
Өз жұртың – сыншыл,
Қайын жұртың – міншіл,
Нағашы жұртың – сыйшыл.

Төрт, бес цифрларына қатысты сөздер

Әрбір сөздің терең философиялық ой қорытындысы бар екенін жоғарыда айтып өттік. «Төрт құлазу», «бес бақыт» деген сөздерді мысалға алайық, бұл екі сөз туралы халық арасында тараған мынандай аңыз-әңгіме бар.
Ақтайлақ шешен Қанай шешеннен:
Ер басында бақыт нешеу? Кемдік нешеу? Құлазу нешеу? – деп сұрайды. Сонда қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді:
Ер басында бақыт – бесеу, кемдік – үшеу, құлазу – төртеу.
Атың жүрдек болса, жалғанның пырағы,
Алғаның жақсы болса, үй мен қонақтың тұрағы.
Әкең – асқар тау, шешең – қайнар бұлақ,
Балаң жақсы болса екі көздің шырағы.
Міне, бес бақыт деген осы.
Атың жаман болса, жалғанның азабы,
Алғаның жаман болса, дүниенің тозағы.
Балаң жаман болса, көрінгеннің мазағы.
Міне, үш кемдік осы.
Қалың ел көшсе, 
көл құлазиды,
Қаптаған мал кетсе, бел
 құлазиды.
Нарқын танымаған 
сөз құлазиды,
Қатарынан айырылған
 шал құлазиды.
Міне, төрт құлазу – осы.

Халықтық танымдық көзқарастарға жататын «төрт тұрақ»:

Ұл – әкенің тұрағы,
Ит – адамның құлағы,
Қыз – ауылдың санаты,
Ат – ер қанаты, - дейді.

Жеті цифрларына байланысты сөздер

«Жеті ата» деген сөзге байланысты «Жеті атасын білмеген – жетесіздіктің белгісі» деген сөз қазақ халқының өз ұрпағына жеті атасын білуді талап еткенін аңғартады. Жетіге байланысты «Жеті атаға толмай қыз алыспау» Тәуке хан тұсындағы «Жарғы заңында» белгіленген. Жеті атаға толмаған, жақын туыстық қандастығы бар адамдардың бір-бірімен қыз алысуын шектеп, кейінгі ұрпақтарының сапалы болуын үміт етеді. Міне, бұдан қазақ халқының қандастық ғылымын (генетика) ертеректе игергенін байқауға болады. «Жеті ғалам» қазіргі тілімізде «Дүниежүзі», «Бүкіл әлем» дегенді білдіреді. Мұндағы жетіде сандық мән жоқ. Байырғы кезде бұл сөз халықтың әлем туралы ертедегі мифологиялық түсінігін білдірген. Олар: дүниенің төрт бұрышы – күншығыс, күнбатыс, түстік, терістік; аспан – жер ғалам, жер – орта ғалам, жер асты – төменгі ғалам дегенді білдіреді.

«Жеті қат көк» тіркесін қазіргі тілімізде «Шырқау биік, шексіз аспан» деп түсінуге болады. Бұл жерде жеті – сандық мәнінен айырылған сөз. Жеті қат көк – байырғы шығыс астрономдары кеңінен қолданған атау. Мұндағы жеті саны «Жеті жұлдызға» сәйкес келеді. Ай, Меркурий, Шолпан, Күн, Қызыл жұлдыз (Марс), Мұштари (Юпитер), Сатурн – осы жеті жарық шығыс астрономиясында жеті қат көк деп аталған.

«Жеті ғашық». Халық аузында өлең-жырларымен ертедегі эпостарда ежелден айтылып келе жатқан жеті ғашыққа мыналар жатады: «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиқа», «Фархад-Шырын», «Таһир-Зуһра», «Арзу-Қамбар», «Уалик-Ғарра», «Уаки-Күлшах».

Ғалым Мырзатай Жолдасбековтың «Орхон ескерткіштері және Қазақ эпосы» деген ежелгі әдебиет ескерткіштері жайлы жүйелі зерттеу мақаласында «...бұл туралы толып жатқан пікірлер бар. Қазақтың жеті өткізу, жеті атадан бері санауы да қызық... бізді қызықтыратыны VII ғасырдың мұрасы – (өсімтал 7-70-700-7000) жұмбақ жеті санының жиі қайталануы» («Асыл арналар», 197- 198-бет) деген пікір айтады. Бұдан VII ғасырда тасқа ойып жазылған Орхон ескерткіші жетіге қатысты сандық цифрмен байланысып жатқанын көре аламыз. 

Бала кезде қарт атамыз бен ақ самайлы әжелеріміздің аузынан «Е, Құдай, жеті жұттан сақта», «Жұт жеті ағайынды» деген сөзді естуші едік. Бұл «Жеті жұт» - өрт апаты, топан су, жаугершілік, жер сілкіну, оба ауру, ашаршылық, ақ сүйек (ойылған жұт). Міне, бұл – қилы-қилы замандарды басынан кешірген қазақ халқының өмір тәжірибесінен туған тұрақты сөздері.

Екі, алты, тоғыз, он цифрларымен байланысты сөздер

Екі цифрына байланысты «екінің көркі» деген мақалда:
Сөздің көркі – мақал,
Ердің көркі – сақал, – дейді. Қазақтың кейбір мақал-мәтелдері кейде екі цифрды тең қамтып, цифрлық мәннен айырылып, көптік мағына береді. Мысалы, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген мақалда төрт, алты цифрлары сандық мәнінен айырылған. Мұнда ынтымақтықты дәріптеп, алты бақан-алауыздықты жою көзқарасын ортаға қояды. «Жеті өлшеп, бір рет кес», «атадан алтау туса да бір жалғыздық болады», «тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек», «семіз – семіздің аяғы сегіз» деген сөз тіркестерінің өз алдына терең мәні бар. Қазақ – қара өлең арқылы жыр меруертін сапырған халық. Онда халық жүрегінде терең тамыр тартқан мол ауыз екі тілдің сарқылмас қазынасы жатыр.
Қазақтың цифрларына байланысты тұрақты сөздері халық ауыз әдебиетінде саф алтындай жарқырап көзге түсіп, халықтық танымдық көзқарастарын ағарту идеяларымен, тарихи аңыздармен, астрономиялық сауаттармен тереңнен жалғасып, біте қайнасқан өрелі философиялық ой қорытындысын аңғартып жатады.

Қазақтың цифрларына байланысты тұрақты сөздердің басты ерекшелігін мынандай түйіндерге жинақтауға болады:

Бірінші, тұрақты сөзді әуелде шығарушы халық арасындағы от тілді, дуалы ауызды белгілі шешендер ғасырлардың жылжуымен кейін аты аталмай, халық қазынасының қорына қосылып, халықтық әдебиетке айналып кеткен.

Екінші, кейбір сөздер белгілі тарихи аңыздарға байланысты шыққан делініп, тарихи деректің із сорабын ішкерілей зерттеуге септігін тигізеді. Бұл жөнінде VII ғасыр мұрасы «Күлтегін» және «Алпамыс» эпосында жеті цифрының қайталануы осы екі жырдың бір дәуірдің туындысы екенін аңғартатын сияқты.

Үшінші, цифрларға байланысты сөздерде көбінесе 3, 5, 7 цифрлары жиі кездеседі. Ал 1, 8, 6, 9, 10 цифрларына байланысты сөздерді азырақ кезіктіруге болады. Жалпы, 1-ден 10-ға дейінгі цифрларды түгелдей қамтыған.

Төртінші, сөздердің кейбіреуі сандық мәнді білдірсе, кейбіреуі сандық мәнді білдірмейді. Мұндай түрін мақал-мәтелдерден ұшыратуымызға болады. Қазақтың цифрларға байланысты сөздерінің грамматикалық құрылысын, фонетикалық-дыбыстық жүйесіне ішкерілей терең зерттеу жүргізу тағы бірер мақаланың жүгі болса керек деп ойлаймын.

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

1365 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы