• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 24 Қараша, 2021

Сақ моншасы – көшпенділердің кереметі

Біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықта өмір сүрді деп саналатын Сақтар тайпасы туралы ең құнды деректерді сақтар өздері қалдырды десек болатындай. Әлбетте, олар туралы көне қолжазбалар жоқ емес. Дегенмен қазақ топырағында жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінің бірқатары сақ заманына тиесілі. Бірнеше өңірден Алтын адамның тұтас киімдері мен қару-жарақтары табылды. Одан бөлек қазбаларда табылған көздің жауын алатын алтын бұйымдар да сақтардың өз қолымен құйылғанын ғылым дәлелдеді. Оның бәрі елордадағы Ұлттық музейдің «Алтын залында» сақтаулы тұр. 

Сақ тайпалары мұнымен ғана таңғалдырып қойған жоқ. Тайпа туралы көне қолжазбалардағы аңыз-әңгімелер, тарихи деректер өз алдына. Бүгінде «Сақ моншасы» деп аталатын монша түрі де осы тайпаға тікелей қатысты. Біз бұл нөмірде осы тақырыпты аз-кем зерттеп көрдік...

Монша туралы алғашқы дерек

Көшпенділер туралы мол мұра қалдырған Геродоттың әйгілі «Тарих» қолжазбасында монша туралы жазбалар бар. Геродот мұнда сақтардың жерлеу рәсімін айта келе, монша жайлы қысқаша баяндап кетеді. Жалпы, сақтар туралы айтқанда ең бірінші тілге тиек болатыны да – «Тарих». Кітапта бұл жөнінде былай дейді:

«Өлген адамды жерлеп болған соң скифтер мынадай тәсілмен жуынып-шайынып тазарады: әуелі беті-қолын шаяды, содан соң басын жуады. Ал денесін моншаның буымен тазартады, ол үшін былай жасайды: жоғары жағы бір-бірімен көлбеулене түйіскен үш сырғауылдың басы жіппен буылады да, оның үстіне киіз жабылып, олардың жапсарлары мен іргелері мықтап қымталады. Содан кейін барып, киіз үйдің ортасында су толтырулы тұрған үлкен ыдыстың ішіне қып-қызыл болып қыздырылған тастарды тастап, ыстық бу шығарады.

Скиф жерінде сора деген шөп өседі. Скифтер сол сораның дәнін үгіп алып, киіз үйдің ішіне кіреді де, әлгі дәнді қып-қызыл болып қыздырылып тұрған тастың үстіне себеді. Күйген дәннен керемет күшті хош иісті көк түтін мен ылғал бу шығады. Ондай моншамен эллиндердің бірде-бір моншасы жай ғана салыстыруға да келмейді. Рахатқа бөленген скифтер көңілдері көтеріліп, қатты айғай-шуға басады».

Геродот осылай дейді. Кейінгі тарихшылар мұны кеңейтіп, әртүрлі деректер қосады. Соның бірі – ол тастың өзеннен, яғни су ішінен алынған тас болу керектігін айтады. Себебі, судағы тас қатты ыстыққа сынып кетпейді.

Сақ моншасының бүгіні

«Сақ моншасы» деп аталатын монша түрлері әсіресе Алматы маңайында көптеп кездеседі. Солардың бәрінің де моншаға түсу әдісі Геродот айтқан деректен алшақ кетпейді. Мысалы, зейнеткер Бақытхан Ақылбай бірнеше жылдан бері мұны зерттеп, өзі де кәсіпке айналдырған. Бақытхан мырза бұл жөнінде былай дейді:

– Сақ моншасын жасап, соған түсіп жүрген үлкен кісілерді бала кезімнен көріп өстім. 2011 жылы «Сақ моншасы» деген мақала жаздым. Оны жазуыма Нарынқол жақтың жігіттерінің Қытай мемлекетінің кітапханасынан тауып әкелген деректері себеп болды. Одан кейін бұл іспен өзім де шұғылдандым. Бала кезіміздегіні еске түсіріп, деректерді қарап, моншаны қаладық. Жеті немесе жиырма бір түрлі шөп жинау керек. Олардың біразы – шырша, арша, жалбыз, киікоты, қараандыз, түймедақ, мыңжапырақ, иманжапырақ, т.б. Өзім тұрып жатқан маңайда үш жүзден аса емдік шөп өседі. Мұның бәрі – өз мәдениетіміздің көрсеткіші. Содан соң бұны ары қарай насихаттай бастадық. Бұл моншаға түскен соң істеуге болмайтын нәрселер бар. Мысалы, ішімдік ішуге болмайды. 

Қазақта «ауру желмен кіреді, термен шығады» деген сөз бар. Сақ моншасының жалғыз ерекшелігі – терлеу. Келесі күні ғана жуыну шарт. Терлеген соң жуынса, тер тоқтап қалуы мүмкін. Ел аузындағы әңгіме бойынша, сақ елі моншаны өзі пайдаланумен қатар оның «халықаралық» та маңызы болған. Мәселен, сақ патшасы шетелден келген елшілер үшін арнайы осындай монша жақтырып, оларды соған түсірген. Бұл, біріншіден, қонақтарға сақ елінің кереметтігін паш етсе, екіншіден, моншаға бусанып, рахаттанған елшіден байқатпай сыр тартып, келген мақсатын біліп алуға мүмкіндік берген. Алматы облысындағы Сарқанд жақтан Қойлық деген қала табылған. Кейде Қайлық деп те аталып жүр. Сол жерде 3000 жыл бұрын таудан су тартылған екен. Сол жерден де моншаның орны табылды. Ол да – сақ моншасы.

Ортағасырлық моншалар

Тарихи деректердің айтуынша, ортағасырлық қалалардың әрқайсысында кемінде 5-6 монша болыпты. Мәселен, археолог А.Н.Бернштам көне Тараз қаласындағы қазба жұмыстары кезінде екі моншаның орнын тапқан. Моншаның екеуі де жақсы сақталған. Археолог соған қарап-ақ ортағасырлық мәдениеттің бір бөлігін көрсетті. «Монша тек жуыну орны ғана емес, әртүрлі лауазымды адамдардың бас қосып, келелі мәселелерді шешетін орны болған» деп жазады археолог. Қазба жұмысының орнынан монша қалдықтарымен бірге орындықтар, құмыралар, көне тиындар мен алтын сақина табылған.

Ал Отырардан табылған монша 10 бөлмеден тұрған. Монша еденінің астындағы мұржалар арқылы жылытылып, үстіне қыш тақталар төселген. Ал оған келетін су жерасты қыш құбырлар арқылы Отырар су қоймасынан тартылды деген деректер бар. Түркістан қаласының маңынан да XI ғасырға тән моншаның орны табылған. Оны монша маңынан табылған көне тиындар айғақтаған. Мұнда да жылыту жүйесі, жуынатын екі бөлме және буға қыздырыну бөлмесі болған. Мұның бәрі де сақ заманынан бастау алғанына дау жоқ. Сол үшін де оның дайындалу әдіс-тәсілі, құрылымы бүгінге дейін жетті.

Режиссер Ақан Сатаев түсірген «Томирис» фильмінде жалт ете қалатын бір эпизод бар. Әсілі, мұны Геродоттың еңбегінде айтқандай жасаған сыңайлы. Кішкентай шатырдан буланып шыққан бір топ адам өзенге бас қояды. Иә, оның сақ моншасы екеніне дау жоқ. Дегенмен моншаның дайындалуы жөнінде фильмде азырақ көрсетіп жіберсе бек жарасып кетер еді. Себебі, сақ моншасы – көшпенділер мәдениетінің бірі екені даусыз.

Дайындаған Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2021

1047 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы