• Спорт жұлдыздары
  • 20 Желтоқсан, 2021

Қазақ боксы өз биігінде

Токиодағы тоқыраудан кейін боксшыларымыздың болашағына күмәнмен қарағандар аз болмады.  Өйткені Токио шаршы алаңынан алтын түгіл, күміске де қол жеткізе алмай, жалпыкомандалық есепте көш соңына таяу тұста қалғаны жанкүйерлерді жерге қаратқаны жасырын емес. Сондықтан олимпиададағы олқылықтың орнын Сербиядағы әлем чемпионатында толтыру керектігін басшылық та түсінді. Белградтағы байрақты бәсекенің алдында бапкерлік құрам ауысып, ұлттық құрама тізгінін Қайрат Сәтжанов ұстады.

АРТЫЛҒАН СЕНІМ АҚТАЛДЫ

Токиодағы сәтсіздіктен сабақ алған спортшыларымыз Балқан түбегіндегі бәсекеде барын салды. Әлемнің 87 мемлекетінен 500-ден аса боксшы бақ сынаған сында отандастарымыз алдына Кубаны ғана жіберіп, екінші орын иеленді. 2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлде олжалаған құрама өз тарихында бірінші рет жалпыкомандалық есепте екінші орынды еншіледі. Бұған дейін бір рет бірінші орын (2013, Алматы), төрт рет үшінші орынға қол жеткізген еді. Қайрат Сәтжановтың аз уақытта  мықты команда жасақтай алғаны байқалды. Өйткені әлем чемпионатының финалына төрт боксшы шығару оңай шаруа емес. Одан бөлек, қосалқы құрамның жігіттері де мықты екендігін көрдік. Әлем чемпионатында сынға түскен жас жігіттердің көзінде намыс оты жанып тұрды. Барлығы да шаршы алаңда жанын салып жұдырықтасты. Нәтижесінде 11 боксшымыз ширек финалға дейін жетті. Өкініштісі, тек бесеуі ғана жартылай финалға өтіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Әлем чемпионатына аттанғандардың арасында Абылайхан Жүсіповтен алтын күткеніміз жасырын емес. Токиодағы нәтиженің кездейсоқтық болғанын дәлелдеп, жеңістің биік тұғырынан көрінеді деп топшыладық. Одан бөлек, әлем чемпионатының екі қола жүлдесін алтынға алмастыратынына сендік. 67 келіде жұдырықтасқан отандасымыз төрт қарсыласын тұқыртып, жартылай финалға жеткенде алтынның ауылы алыс еместей көрінген. Дегенмен Жүсіпов жартылай финалдық межеден аса алмады. Әрине, қысқа ғана мерзім аралығында спортшылардың қайта бабына келуі өте қиын. Жапон жігіті Оказаваның сәл жылдамырақ қимылдап, Жүсіповтің үнемі алдын орап отырғаны да содан шығар, бәлкім. Айтпақшы, тағы бір қандасымыз Сабырхан Махмұдты жеңген Томоя Цубои мен Севонрет Оказава әлем чемпионы атанған алғашқы жапон боксшылары ретінде ғана емес, қазақ жігіттерін жеңген алғашқы жапон спортшылары ретінде де тарихқа енді.

57 келіде сынға түскен Серік Теміржанов үшін америкалық боксшылар алынбас қамалға айналғандай. Токиода сәтсіздікке ұшыраған былғары қолғап шеберін алтын үшін айқасады деп ешкім ойламады. Жартылай финалда кубалық Освей Кабальеро Гарсияға қарсы шыққанда, отандасымыздың жеңетініне көпшіліктіктің күмәнмен қарағаны рас. Дегенмен қателіктен қорытынды шығарған спортшымыз шаршы алаңда өзін сенімді ұстап, белгілі боксшымен еш қаймықпай жұдырықтасты. Тіпті, бірінші раундтың соңында кубалық қабыланды нокдаунға да жіберді. Моңғол, жапон, үнді, орыс жігіттеріне сан соқтырған Серік отандастарымыздың арасында ең көп кездесу өткізді.  Токио төрінде де америкалық боксшыдан айласын асыра алмаған Серік Сербиядағы ақтық айқаста да, АҚШ елінің спорт-шысынан жеңілді. Десек те ел сенімін ақтау үшін Белградта барын салған спортшының болашағынан үлкен үміт күтеміз. Осы әлем чемпионатында ерекше көзге түсіп, шаршы алаңдағы жұдырықтасу мәнерімен талайды тамсандырған Махмұд Сабырхан күллі бокс жанкүйерлерінің назарын өзіне аударды. Расында, рингтегі қимыл-қозғалысына, батылдығы мен өжеттігіне, ептілігі мен шапшаңдығына және техникалық арсеналының молдығына қарап, бұл жігіттің өнеріне сүйсінбеу мүмкін емес. Отандасымыздың жұдырықтасу мәнерін әлемнің ең үздік боксшыларының бірі саналатын Василий Ломаченкомен салыстырғандар да көп болды. Жастар арасындағы әлем чемпионы үйреншікті (51 келі) салмағында емес, 54 келіде жұдырықтасса да, қарсыластарына мықтылығын мойындатты. Ол құрамадағы ең жас былғары қолғап шебері болғанына қарамастан, әлемдік сында оқ бойы озық шықты. Тек финалда жапон Тамоя Цубоиге қарсы кездесуде асығыстық танытып, қателіктерге бой алдырды. Әйтпесе, 20 жасында әлем чемпионы атанған екінші қазақ боксшысы болар еді. Дегенмен ересектер дуына енді ғана қосылған Махмұдтың финалға шығуының өзі – керемет көрсеткіш. Жеңіс тұғырының ең биік сатысында марқайып тұруды мақсат тұтқан Махмұд Сабырхан күміс медальды мойнына ілгенде көзіне жас алып, өкінішін жасырмады. Әрине, біз оның әлемдік аренада әлі талай атой салатынына кәміл сенеміз.

Токиода өзегі өртеніп қайтқан Сәкен Бибосынов олимпиададағы олқылықтың орнын толтырып, жанкүйерлерге берген уәдесінде тұрды. «Штарк Аренада» еліміздің Әнұранын шырқатқан спортшының жеңіске деген жігері, талпынысы анық көрінді. Әр жекпе-жек сайын қарқынын күшейткен Бибосынов небір сайыпқырандарды сан соқтырды. Алғашқы жекпе-жегінде-ақ олимпиада, әлем чемпионы Хасанбай Досматовтың (Өзбекстан) мысын басып, сенсация жасады. Дегенмен Сәкеннің жеңісін кездейсоқтық дей алмаймыз. Қарсыласының атағынан қаймықпаған қазақ боксшысы арақашықтықта жақсы жұмыс істеп, өзбек боксшысының көсілуіне көп мүмкіндік бермеді. Екінші айналымда кездескен үнді боксшысы Дипак та осал қарсылас емес еді. Сәкен әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегерін де оңай ұтты. Ал ширек финалда Рио олимпиадасының – күміс, әлем чемпионатының қола жүлдегері колумбиялық Юберхен Мартинестен де бір бас жоғары екенін көрсетіп, жартылай финалға шықты. Шаршы алаңның қожайыны екенін дәлелдеген отандасымыздың алдында қарсыластары дәрменсіз күй кешті. Бір жылда олимпиаданың қола жүлдесін, әлем чемпионатының алтынын әкелген Сәкенге жылдың үздік спортшысы атағын ұялмай беруге болады.

Құрамадағы ардагер боксшы Теміртас Жүсіпов спорттық мансабы аяқталар тұста әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Белградта алдына жан салмаған Теміртастың да өнерін ерекше атап өтуге болады. Қарсыластарына шаң қаптырған отандасымыз үшін бұл – биыл әлем чемпионатының екінші алтыны. 33 жастағы спортшы бір жарым ай бұрын Мәскеуде әскерилер арасында өткен әлем чемпионатында да қарсылас шақ келтірмей, топ жарған болатын. Жартылай финалға дейін оңай жеткен отандасымыз осы салмақтың басты фавориті болған, тіпті екі қарсыласын нокаутпен жеңген беларусь боксшысы Кармильчиктің де бетін қайтарып, арынын басты. Ал алтын жүлде үшін айқаста таиландтық боксшы Вуттичай Юрачайға адым аштырған жоқ. Үш раунд бойы дамылсыз қимылдаған жерлесіміз қарсыласын әбден әбігерге салып, жарқын жеңіске қол жеткізді. Өкініштісі, 48 келі салмақ дәрежесі олимпиада бағдарламасына енбеген. Айналдырған екі айдың ішінде бүкіл мансабында жете алмаған табыстарға қол жеткізген отандасымызға тек олимпиада жүлдесі жетіспей тұр.

ЖЕҢІСКЕ ДЕГЕН ЖІГЕР

Жалпы Сербиядағы әлем чемпионатынан кейін, олимпиадаға алаңдамай қарайтын құрам бар екеніне көзіміз жетті. Балқан түбегінде дүрмекте сынға түскен саңлақтарымыздың ешқайсысын сөге алмаймыз. Бәрі намысқа тырысып, шаршы алаңда қайсарлығын, жеңіске деген жігерін көрсетті. Кейбір спортшыларымызға тәжірибе жетіспесе, кейбіреулерін төрешілер жығып бергендей болды. Жиырманы жаңадан еңсерген ағайынды Төлтаевтар жақсы әсер қалдырып, жанкүйерлердің көңілінен шықты. 60 келіде сынға түскен Саматәлі ширек финалда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Софиан Умианың осал тұсын таба алмады. Ал шотландиялық Рис Линчтен басымырақ болған Санатәлінің жеңілісі күмән тудырды. Дегенмен егіздердің екеуі де бұл сәтсіздіктен сабақ алары анық. Сондай-ақ қос спортшыға да физикалық әлеуетін арттыру керек сияқты көрінді. Ересектер арасындағы әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқан Нұрқанат Райыстың да аяқ алысы жаман емес еді. Ширек финалда италиялық боксшы Сальваторе Кавальяромен қолғап түйістірген отандасымыз қарсыласын жеңгендей көрінді. Бірақ төрешілердің шешімі басқа болды. Жалпы орта салмақтарда бір ғана боксшымыздың жүлдеге ілінуі, ауыр салмақтағылардың бос қайтуы ойланатын жайт. Дегенмен бас бапкер Қайрат Сәтжанов боксшылардың жүлдеге ілінбеу себебін тәжірибенің аздығымен түсіндірді. Расында, орта және ауыр салмақтағы боксшылар үшін бұл алғашқы әлем чемпионаты еді. Олардың тәжірибе жинап, қарсыластарының шамасын бағамдап, әлемдік бокстың даму деңгейін түсінгені анық.

КӨРШІЛЕР  ТЕКЕТІРЕСІ

Кез келген жарыста жанкүйерлер үшін де, спортшылардың өздері үшін де өзбек боксшыларымен болатын жекпе-жек аса маңызды. Сербиядағы әлем чемпионатында да қазақ-өзбек текетіресінің куәсі болдық. Финалмен пара-пар мұндай кездесуде қос тараптың спортшылары да аянып қалмайды. Сондай кездесудің бірі өзбектердің беткеұстар боксшысы, олимпиада чемпионы және соңғы Вел Баркер кубогының иегері Хасанбай Досматов пен Сәкен Бибосынов арасында болды. Қазақ боксшыларын 10 рет жеңген Досматов жанкүйерлерге етене таныс еді. Жоғарыда атап өткеніміздей, өзбек боксшысына отандасымыз соқыр мүмкіндік бермей, бір бас жоғары екенін дәлелдеді. Сербиядағы Сәкеннің сенімді жеңісі жанкүйерлердің жадында біразға дейін қалары анық. 

Жанкүйерлердің айызын қандырған жекпе-жектің бірі Теміртас Жүсіпов пен өзбекстандық Нәдіржан Мырзаахмедов арасында болды. Ширек финалда жолы түйіскен қос саңлақ шаршы алаңда барын салып, жеңіске жетуге тырысты. Дегенмен отандасымыздың қарқынына екі дүркін Азия чемпионы атағы бар Мырзаахмедов төтеп бере алмады. Үш раунд қорытындысы бойынша айқын басымдықпен жеңіске жеткен Теміртас қазақ боксы стилінің мықтылығын көрсетті. Екі оғланымыз өзбек қарсыластарын жарыс жолынан ығыстырғанмен, жартылай ауыр салмақтағы (92 келі) Айбек Оралбай Өзбекстан атынан сынға түскен этникалық қазақ Мадияр Саидрахимовтан жеңіліс тапты. Айтпақшы, Рио олимпиадасының финалында Данияр Елеусіновке еш тегеурін көрсете алмаған Шахрам Ғиясов Сербияда Асланбек Шымбергеновтен де айла асыра алмады. Отандасымыз Ғиясовтың тас-талқанын шығарып, екінші рет өзбек боксшысын тұқыртты. Ғиясовқа қарсы өте дегдар, сауатты бокс үлгісін көрсеткен қандасымыз тек бас жүлде үшін таласуға тиіс деп алдын ала топшылаған едік.  Дегенмен ширек финалда Юрий Захареев (Украина) Шымбергеновті шаң қаптырып кетті.  Асланның жүлдесіз қалғаны жанкүйерлердің де жанын жабырқатты. Айтпақшы, бокстан ендігі әлем чемпионаты 2023 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтеді. Міне, сонда нағыз қазақ-өзбек текетіресі болмақ.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2021

338 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы