• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 22 Желтоқсан, 2021

Дулыға АҚМОЛДА, актер: Образ көп, актер жалғыз...

Шөлейтті жердің топырағы сұр, өскіні боз келеді. Қарт Қаратаудың теріскейі мен Тараз арасын жалғап жатқан күре жолдың бойы осындай шөлейтті дала. Сол күре жолдың солтүстігінде Мойынқұм, Мойынқұмның жиегін жағалай қонған қалың ел бар. Сол ауылдардың бірінің кіре берісінде шалқасынан түсіп қобыз жатыр. Тас қобыз. Ықылас күйшінің қобызы. Ешкім қол тигізбегеннен кейін тасқа айналғандай. Саудакент деп аталатын ауылға бұра тартар жолдың басы – осы. Бірақ күре жолды ойша жағалап келгенде іздегеніміз Ықылас емес, Дулыға. Күйші емес, актер. Аруақ емес, арамызда, көз алдымызда жүрген актер. Ақмолданың Дулығасы. Бүгінде бұл актерді іздеп жатқан біз ғана емес. Мойынқұмның ыстығына арқасын күйдіріп, сұр жусан мен баялышқа табанын тілдіріп өскен Дулыға Ақмолданы неге көп іздедік? Саудакентке көрші жатқан Жаңатастың фосфор тауларының дүркін-дүркін жарылыстарын естіп өскен бұл азамат өзі қандай жарылыс жасады?

– Орта және аға буынға аса таныс актер едіңіз. Соңғы екі-үш жыл сізді жастар арасына алып келді. Көп жастардың кумиріне айналып бара жатқандайсыз. Осы өзгерістер өзіңізге байқала ма және бұл өзгерістер сізге қалай әсер етіп жатыр?

– Байқалады, әрине. Меніңше актер, артист адамның халқына танымал болғаны өте қажет. Мәселе танымал болуда ғана емес, сол танымалдыққа қалай жетуде жатыр. Арзан ойын-күлкімен, жылт етпе клиптермен, алдын ала жазылыпжөнделген әншілікпен танылу бар да, ұзақ жылдар істелген еңбекпен, ауыз толтырып айтарлық жұмыстармен танылу тағы бар. Біріншісін мен құптай да, қабылдай да алмаймын. Жастар арасына танымалдығымның артқаны да, атымның жиі атала бастағаны да рас. Оған қуанатыным да рас. Бұл құбылыс YouTube желісінде ең көп көрілім жинап, жастар арасында және жалпы халық арасында үлкен резонанс тудырған «Сержан братан» фильмінен басталды. Онымен ғана тоқтап қалған жоқ. Осы сериал арқылы жастар менің басқа да киноларымды көріп, театрдағы жұмыстарыммен танысып жатыр.

– Сұқбаттарыңызда актердің еңбегін жоғары қоясыз. Еңбек кәсібилікке жетелейді. Осы тұрғыда: «Аса кәсібилік болған жерде шығармашылық жоғалады» деген сөз ойымызға оралады. Бұл сөзге қалай қарайсыз?

– «Аса кәсібилік шығармашылықтан алыстатады» деген сөзіңіздің шындығы бар шығар. Бірақ, біз аса кәсібиліктен бұрын, сол кәсібиліктің өзіне жете алмай жатырмыз ғой. Бұл жерде «аса кәсібилік» деген сөзді «таптаурындық» деген сөзбен алмастырғанымыз абзал болар. Барлық рөлін техникаға немесе штампқа түсіріп алатын актерлер бар. Міне, осы актерлердің бойында шығармашылық болмауы мүмкін. Жоғарыда айтқанымдай, біздің актерлерге сол кәсібилік жетіспейтіні рөлдерінен көрініп тұрады. Кәсіби актер әрқашан өз орнынан, өз рөлінен табылуы керек. Тіпті ол өмірде де өзін кәсіби ұстай алады. Кемшін тұсымыз – осы. Сондықтан, кәсібиліктен қашуға болмайды.

– Театр актерлерінің өз рөлінен шаршайтын кезі бола ма?

– Көп демеймін, бірақ айтарлықтай театрлық тәжірибем бар. Сол уақыт ішінде ешбір актердің өз рөлінен шаршағанын естіген де, көрген де емеспін. Керісінше, әр қойылым сайын олар жаңа ізденіс жасап, құбылып, өсіп отыратындай. Әрбір қойылым алдында образыңа жаңа көзқараспен қарайсың. Егер олай болмаса, актердің шаршауы емес, жалқаулығы дер едім.

– Халық сізді көбіне классикалық образдар арқылы танитын. Сол үшін соңғы уақыттағы кейбір образдарыңызды қабылдай алмай жатқандай. Бірақ сол рөлдердің барлығын сәтті алып шықтыңыз. Десек те Қорқыт болып толғанып, Сапарқұл болып күйзелген актердің маньяк рөліне шақырылуы мен оған келісуіңіз қатты қызықтырады.

– Актердің амплуасы кең, көп жақты болуы шарт. Өз бойындағы қабілеті мен талантын барынша және барлық жанрда таныта алғаны абзал. Мен үшін нағыз актер – сол. Сценарий жақсы, рөл қызықтырса неге ойнамасқа? Актер бойына табиғат берген талантын сарқа пайдаланғаны дұрыс. Сондықтан мен өзімді қызықтырған кез келген рөлді ойнауға бармын. «Менің табиғатым осы» деп бірізді рөлдерді сомдау актердің өрісінің тарылуына, штамп қалыпқа түсуіне әкеп соғады. Бірақ менің принципім сол, киноның сценарий, синопсисімен толық таныспай, келісім бермеймін.

– Көтерген идеясы мен салмағына қарай «Қақпан» сериалы таразы басын басым тартса да, «Сержан братан» сериалындай көрілім жинай алмады. Бұл құбылыс біздің қоғамның сол замандардағы жігіттік мінездерге сағынышын аңғарта ала ма? Әлде өзге де себептері бар ма?

– Әр фильмнің өзіне тән идеясы мен көтерген мәселесі болады. Соған қарай оның көрермендері де әртүрлі. Ал «Сержан братан» сериалының танымалдығы – YouTube желісіне арналып түсірілген фильм болуында жатыр. Яғни оның аудиториясы бір ғана еліміз емес, тұтас әлем. Екіншіден «Сержан братан» фильмінде шынайылық, реализм басым. Адамдар осыдан 25- 30 жыл бұрынғы тұрмысы мен өмірін көре алды. Бүгінгі өзімен салыстырды. Ол кездің жастары мен қазіргі жастарды салыстыруға мүмкіндік берді бұл фильм. Бір сөзбен айқанда, алдыңғы буын өз бойындағы өзгерістерді танып, өмірінің бір бөлігін түйіндеуге жол ашқандай. Тағы бір айта кетері, «Сержан братан» фильмінде астарлы ойлар өте көп. Олардың астын сызып, анықтап қарап отырмаса байқалмайды. Яки бүгінгі қоғам шындығын да көтере алған сериал болды.

– «Шығармашылық тоқырау» деген дүние бар ма немесе «бір образды екінші образға ұластырмау үшін» не істеу қажет актерге?

– Шығармашылық тоқырау барлық шығармашылық адамдарында болады. Актерлер де осы топта. Сезіне алған актерге өте ауыр дерт бұл. «Сезіне алған актерге» деп отырғаным, бірізді рөлдерді сомдай беріп, актер кейде штампқа түскенін өзі де байқамай қалатын кездері бар. Оған сыншылар немесе қасындағы әріптестері көмек көрсетпесе байқалмауы да ықтимал.

Актер қаншама образдарды сомдайды. Образ көп, актер жалғыз. Сондықтан актердің бүкіл образына түбегейлі өзгере дайындалуы физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Сондықтан кәсіби актер өзінің ішін, жан дүниесін образына айналдыруы керек. Актер түрі өзгермеуі мүмкін, бірақ жанының сол образға өзгергенін ол көрерменге сездіруі тиіс. Көзіқарақты, сауатты көрермендер оны байқайды. Бағалайды. Техника мен штамптың актері болмау үшін ізденіс, еңбек керек. Жоғарыда айтқандай өзін әртүрлі жанрға, образға салып, арпалысқа түскені жөн. Мұның бәрі еңбек, тер... Ал маңдайдан шыққан тер мен жаннан шыққан шырыл өтеусіз қалмайды.

Ізденіс деген не деп ойлауыңыз мүмкін. Ол көшедегі адамдар. Олардың характерлерін бақылап қана қоймай, түйсіну, сезіну. Сонымен бірге, әдеби кітаптарды көп оқу шарт. Сонда бірі өнер, бірі өмір – екі дүниені байланыстыруға мүмкіндік табылады. Қолында интернет, әлем киносымен күнделікті танысып отырған бүгінгі көрерменді алдау мүмкін емес. Еңбек пен ізденіс деп айта берсем – сол алдауға көнбейтін көрерменге деген құрметім.

– Қазіргі Дулыға «бала Дулығаның» армандарын орындай алды ма?

– Бала кезде мен не армандамадым? Космонавт болғым келді. Айға емес, айдан ары ұшсам дедім. Заң қызметкері болғым келді. Суретшілікке де аңсарым ауғанын айтып жүрмін. Бірақ адамның кәсібі Алладан дейді. Тәңір мені осы актерлікке әкеліп салды. Өкінішім жоқ. Әр адам өз ісінің кәсіби маманы болуы шарт. Сол кәсіптің ыстығына күйіп, суығына тоңып, маңдайдан тер тамғанда ғана ол кәсіп адамға нәсіп болмақ. Актерлік өнердің қызығына тоймайсың. Түбіне жетпейсің. Болдым-толдым деп айта алмайсың. Сонысымен бұл өнер адамды жалықтырмайды. Бала Дулығаның осындай көп арманы болған. Ал актерлік арманға келсем, менің бұл салада, жалпы өмірде армандарым көп. Таусылған емес. Орындалып, іске асып жатқанына «шүкір» деймін. Тек арманның таусылуы адамның таусылуы екенін естен шығармадым.

– Сұқбатыңызға рақмет!

«Ақ желкен» журналы әлеуметтік желіде сауалнама жүргізіп, Дулыға Ақмолдаға студенттер мен оқушылардың сауалдарын жинаған болатын. Соның ішіндегі бірнешеуін Дулыға Ақмолдаға жолдадық.

– Дулыға аға, сіз «Сержан братан» секілді жігіт болдыңыз ба?

– Бұл жиынтық образ болғанымен, 90-жылдардағы барлық жігіт Сержан секілді болғанын сеніммен айта аламын. Ол кездегі жігіттердің барлығы осындай еді. Сөзімізде тұруға, уәдеге берік болуға талпындық. Адал болдық бір-бірімізге. Бұзық та болдық, төбелестің де ішінде жүрдік. Ондай жерден қашу ұят еді ол шақта. Сондықтан Сержан братанды 90-жылдардағы жігіттердің жиынтық образы деп айтуға толық негіз бар. Ол жігіттердің ішінде өзім де бармын.

– Фильмдерде көбіне психологиялық рөлдерді сомдайсыз. Мұндай рөлдерге шетелдік актерлердің дайындығы туралы не түрлі аңыздар бар. Сіз қалай дайындаласыз?

– Меніңше актер қолына сценарий беріліп, образы айқындалғанға дейін де барлық рөлге дайын болуы керек. Психологиялық және физикалық тұрғыдан да актердің қиялында өзі кез келген образдың сұлбасы дайын жүргені абзал. Кәсіби актердің тағы бір белгісі осы. Сомдайтын кейіпкермен танысқаннан кейін оны жанжақты зерттеуге тырысамын. Оның әрбір ісіне, қылығына, мінезіне жауап іздеймін. Ол кім болды? Бұл күйге қалай келді? Не істеп жүрген адам деген секілді көптеген сұрақтарым бар. Соларды өзіме қоя отырып, кейіпкерімнің психологиясы мен характерін жинақтаймын. Сценарийде автор кейіпкердің өткен өмірін баяндамайды. Ол бұлыңғыр. Сол үшін актер кейіпкерінің өткен өмірін ойша жасап алғаны жөн. Яғни образыңның өткенін, бүгінін, болашағын түгендеп, толыққанды адам деңгейіне жеткізу – актер дайындығының басты бөлігінің бірі.

– Актер немесе жалпы өнер адамдарының басынан тылсым оқиғалар көп өтеді деп естиміз. Сіздің басыңыздан өткен сондай оқиға болды ма?

– Тылсым дүниенің бары рас. Мен оған сенем. Актерлердің ырымшылдығы да осы сенімнен шыққан. Бірақ мен ырымшыл емеспін. Ойнаған рөлдеріме байланысты мазасыздық немесе өзге бір күштің мазалауы деген дүниелер менің басымда болған емес. Әрқашан намаз оқып жүремін. Бес уақытын да қаза қылмауға тырысамын. Актер, жалпы кез келген адам Тәңірге сеніп, оны сүюі керек. Тазалық деген осы. Сонда әлгіндей тылсым ойлардан, мазасыздықтан адам ада жүреді.

– Актерге білім (интеллект) қаншалықты қажет?

– Актерге білім қажет емес, міндет. Жоғарыда айтқанымдай кейіпкерді ашу интеллектіні қажет етеді. Бүгінгі кино, театрда да басты проблемалардың бірі ретінде «текстке ғана қызмет ету» деген дүниені айтсақ болады. Яғни актердің ойсыздығы. Жаттап алған сөзді сөз деп айту бар да, оны ойланып айту бар. Иә, жаттап алсаң да ойланып айту бір басқа. Қазіргі сериалдарды, тіпті толықметрлі фильмдерді қарап отырып актерлерден осы ойсыздықты байқаймын. Өкінішке қарай солай болып тұр. Мұның барлығы интеллект пен білімнің төмендігі. Интеллект төмен болған жерде ізденіс те төмен.

– Сіздің «оң жамбасыңызға келген» рөлдер жайлы айтып беріңізші. Бұл рөлдер сізге берілді. Барлығын өз деңгейінде алып шықтыңыз. Енді болашақтағы сіз арман ететін рөл қандай? Қандай образды сомдауды армандайсыз?

– Оң жамбасыма келген немесе сол жамбасыма келген рөл, образ деген менде жоқ. Маған барлық рөлдерім, образдарым, кейіпкерлерім қымбат. Әрине, дайындығы оңайлау рөлдер болады. Өйткені ол рөлге актер іштей дайындалып жүруі мүмкін немесе өзінің жан дүниесіне ұқсауы мүмкін. Бірақ бұл құбылысты оң жамбасқа келу деп айта алмаймын. Рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Эпизодтық рөлдің өзі жауапкершілікті қажет ететінін актер жан дүниесімен сезіне алуы тиіс. Кішкентай рөлдің өзіне адам қызығарлық, назар аударарлық мінез үстеуге, ой үстеуге болады. Сонда кішкентай кейіпкердің өзі көрермен көкейінде сақталады. Ашығын айтсам, мынадай рөлді алсам, ойнасам деп армандаған емеспін. Берілген рөліме барынша дайындығымды жасаймын. Барынша ізденіспен, құлшыныспен кірісе алып шығуға тырысамын. Кейбір актерлер білгілі бір рөлді сомдау үшін ұмтылып, «маған берсе» деп уайымдап жатады. «Бұйырғаны» деймін ішімнен. Өйткені қайбір рөлге де мен дайынмын немесе дайындала аламын. Сенімім – осы.

– Жастарға не айтасыз, аға?

– Білім іздеңіздер! Жанжақтылыққа ұмтылыңыздар! Смартфон, интернет деген дүниелердің екі жақты қыры болып тұр ғой. Соның барынша жақсы жағын алуға ұмтылып, пайдалы жағын алуға тырысыңыздар. Әлемдік өнермен, алпауыт мемлекеттермен білім ғана теңестіреді бізді!

Сөз басында шөлейтті жердің топырағы сұр, өскіні боз болады деп едік. Сұр топыраққа шыққан боз өскіннің тамыры тұтам тартпақ емес, тереңге кетеді. Сол тамырымен тереңнен су ішер. Дулыға Ақмолда туған топырағының тереңіне тамырын жіберіп, жолы ұзақ болса да суы нәрлі тұнықтан сусындағанын анық аңғарғандай болдық.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2021

133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы