• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Желтоқсан, 2021

Қыста ағзаға қандай дәрумендер қажет?

Сәлем, «ақжелкендік» оқырман! Міне күз өтіп, қытымыр қыс келді. Бұл мезгілде адам ағзасы түрлі дәрумендерді қажет етеді. Себебі қыс айларында жаздағыдай таза өнімдер болмайды. Күн сәулесі адамға жеткілікті мөлшерде түспейді. Сондықтан қыс мезгілінде денсаулық күтіміне көп көңіл бөлгеніміз абзал. Қажетті дәрумендерді қабылдап, ағзамызды тыңайтып отырғанымыз жөн.

Дәрумен сөзі латын тілінен аударғанда «тіршілік» деген мағынаны білдіреді. Дәрумен – адамның, жан-жануарлардың өмір сүруіне, зат алмасуына өте қажетті қоспалар. Мысалы, адам ағзасында Ca (кальций) дәрумені аз болса сүйектері сырқырайды, майысады. Сынғыш келеді. Тіпті аллергияның қозуына апарып соғуы ықтимал. Онсыз да бүгінгі таңда аллергия қоздырушы қоспалар мен тағамдар өте көп. Оған экологиялық проблемаларды қосыңыз. Осы мәселенің барлығын қоса есептегенде, Ca (кальций) дәруменінің жетіспеуі тіпті келеңсіз әсер етуі мүмкін.

Сонымен бірге қыс уақытында адам ағзасының С дәруменіне қажеттігі артады. Оның басты атқарар қызметі сол, түрлі жұқпалы аурулармен күресуіне көмектеседі. Одан бөлек қан құрамын жақсартып, темір қорының сақталуына, күйзеліспен күресуге септігін тигізеді. Жұқпалы аурулардың күшейіп тұрған бүгінгі пандемия кезінде ағзаңыздағы осы маңызды дәруменді қалпында ұстау маңызды. С дәрумені қара қарақат, жасыл бұршақ, қырыққабатта көптеп кездеседі. Одан бөлек «бақыт гормонын» түзетін бұл дәрумен аскорбин қышқылы деген атаумен белгілі.

Сонымен қатар, қыста ағзаға А, Е дәрумендері пайдалы. Адамның түнде жақсы түс көруіне, ауруларға қарсы тұруға, шаш пен тырнақтың өсуіне ретинол, яғни А дәрумені көмектеседі. Сәбіз, қызанақ, асқабақ, балық және ірімшікте кездеседі бұл дәрумен. Ал Е дәрумені қартаю процесін баяулатып, ағзаны жасартуға септігін тигізеді. Теріні ультракүлгін сәулелерден қорғайды және денедегі әлсіздікті жоюға көмектеседі. Бұл дәрумен – адам ағзасындағы маңызды антиоксидант. Антиоксидант дегеніміз – ағзаның қартаюын бәсендететін қышқылдану процестерін баяулататын химиялық заттар. Бұл дәрумен зәйтүн және кілегейлі майларда, жасыл өсімдіктерде, сүт, жұмыртқа, бауыр, ет, сондай-ақ дәнді-дақылдарда мол.

В тобының дәрумендері де адамға қыс уақытында жетіспейді. Осы топқа жататын суда еритін сегіз дәрумен бар. Олар В1 , В2 , В3 , В5 , В6 , В7 , В9 , В12. Бұл топтағы витаминдердің өзіндік атқаратын қызметтері жетерлік. Мәселен, В1 дәрумені жетіспеген жағдайда адамда шаршау пайда болып, ас қорыту процесі бұзылады, жүйке жүйесі үлкен ауруға шалдығуы мүмкін. Ал В12 дәрумені қанның көбеюіне қатысады. В6 дәруменінің жетіспеушілігі жас балалардың бойының өсуін тежеп, қан аздығы мен сезіміне тез қозғыштығын тудырады. Сондықтан да тамақтану рационыңызға қарақұмық, күріш, бұршақ, жұмыртқа, сүтқышқылды өнімдер, бауыр, бүйрек, жаңғақтар және қызылшаны қосыңыз.

Адамның терісінде күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен түзілетін D дәрумені болады. Ал қыс кезінде күн көзінің аз түсетіні бәрімізге мәлім. Сондықтан бұл дәруменді де тамақ арқылы қабылдауымыз шарт. D дәрумені балық майында, бауырында, уылдырығында, жұмыртқаның сарысында, сүт өнімдерінде мол. Дәруменнің қажетті тәуліктік мөлшері – 2,5 мг. Адам ағзасы өзінше бір экожүйе. Егер сол экожүйенің кішкене бөлігі дұрыс жұмыс істемесе, ол өзге жүйелердің жұмысына кедергі келтіру арқылы олардың да жұмысын бәсеңдетеді. Осылай адам ағзасы әлсірей бермек. Сондықтан ағзамызға осындай дәрумендердің қажет екенін біле жүріңіз. Әсіресе ағза әлсірейтін қыс кезінде құрамында пайдалы дәрумендері бар тамақты тұтынудың орны маңызды. Спортпен айналысу да қан айналымын жақсартып, сергітеді. Ағзаңызбен тілдесіп, рухыңыз бен жаныңыз үйлесімді өмір сүріңіз!

Олжас ПАВЛИК,

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің I-курс студенті.

Алматы қаласы

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2021

73 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы