• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Желтоқсан, 2021

Ақниет АМАНЖОЛҚЫЗЫ: Әр мұңның өз дауасы бар...

Өзімнің туа бітті ерекшелігімді алғаш мектепке дайындалған уақытта сезіндім. Анам ағам екеумізді алғашқы қоңырауға дайындап, су жаңа киім кигізді. Үстімдегі әдемі ақ жейдені көру үшін айнаға асықтым. Сол сәтте айнадан өзімдегі ерекшелікті көріп қатты таңғалдым. Ағама бір қарап, айнадағы өз бейнеме бір қарап, ұзақ ойландым. Мектепке барғанда бірінші сыныптарды кабинетке кіргізіп, мұғаліммен таныстырды. Апайдың не туралы айтқаны есімде жоқ, бірақ сол кездегі сыныптастарымның маған қараған көзқарасы, таңданыспен анасынан мен туралы сұрап жатқандары, аналардың өз баласын нұқып: «Қолыңмен көрсетпе», – дегені, бәрі-бәрі есімде қалып қойған. Ол кезде ата-анам мен мектепке бару үшін дәрігерлермен таласып, біраз жүгіргенін білмеймін ғой. Мектепке қайта барғым келмеген. Алайда мұғалімім мені сыныптың алдында қабілетті деп мақтағаннан кейін және сыныптастарым менің ерекшелігім туралы көп сұрақ қоймағаннан кейін мектепке деген махаббатым қайта оянды. Қазір ойласам, тек менің емес, олардың да ата-аналары өте ақылды адамдар болған ғой. Балаларына мені кемсітпей, қамқор болуды үйреткен екен. Берік деген сыныптасым партамды көтеріп, пальтомды кигізіп, түймелеп, сөмкемді үйге дейін көтеріп келетін. Менің ерекшелігім неде деп ойлайтын шығарсыздар...

Мен 1995 жылдың 20 наурызында Алматы облысы, Панфилов ауданындағы перзентханада дүниеге келдім. Оң қолым білекке дейін өскен, осы қолымда үш саусағым бар, оның біреуі іске жарамсыз. Дәрігерлер анама мені көрсетуге қатты қорыққан екен. Әкеме де «қызың осындай болып туды» деп айтуға ешкімнің дәті бармаған. Жас босанған анам мені көріп жылай бастағанда, перзентханадағы акушер: «Балаңның ақыл-есі дұрыс. Егер бұлай егіліп жылайтын болсаң, баладан бас тарт», – деп қағаз-қалам беріпті. Анам да, әкем де менен бас тартқан жоқ. 

***
Сыныптастарым маған, мен оларға бейімделіп, мектеп ауласында жиі ойнайтынбыз. Мен қолымдағы кемшілікке қарамай, асықты да, кішкентай секіргіш допты да жақсы ойнайтынмын. Бірде асық ойнап, қыздан жеңілгеніне намыстанды ма, қатарлас сыныптағы бір оқушы: «Сенің қолың жоқ болғасын, жеңіле салдым», – деді. Сол кезге дейін өзімнің сыртқы келбетім туралы ешкімнен сөз естіп көрмеппін. Бұл маған ауыр тиді. Ішімде біртүрлі сезім пайда болды. Жеккөрініш те, ашу да емес. Аяушылық сезім. Мен өз-өзімді аядым. Қанша жақсы оқысам да, оған ешқандай жауап қайтара алмайтыным үшін аядым. Жылауға да мұршам болмады. Мен үшін сыныптас қыздар жауап берді. Олар әлгі баланы қоршап алып, нұқып, ауыр сөздер айтып, қысым көрсете бастады. Менен кешірім сұрауын талап етті. Қысымнан ол бала жылап жіберді. Сыныптастарым оның көз жасына да қарамады. Ақыры кешірім сұрады. Сол күннен бастап мен сыныптастарыммен немесе көрші балалармен ойнамайтын болдым. Тұйықтала бастадым. 

Бағыма орай, мектепте мені сүйреп, жарыстарға қатыстыратын мұғалімдер көбейді. Әдебиеттен, математикадан, экология мен шахматтан әртүрлі жарыстарға баратын болдым. Ауданға барғанда мені бәрі танитынына қуанатынмын. Бірақ іштей «олар мені қолымнан таниды» деген ойдан арылған емеспін. Тіпті қазірдің өзінде де бұл ой маған маза бермейді. Жанымдағы адамдар біреу туралы әңгіме айтып, «ол кім?» дегенде, сол адамның ерекшелігімен, «көк көз», «сары шаш» дегендей сипаттаса, «мен туралы әңгіме болғанда не деп айтады екен?» деген ойдан арыла алмай-ақ қойдым.
Бала кезімде өзімді «тәубеге» түсіретін бір мезгіл болатын. Наурыз айында туған күніме бір апта қалғанда, анам екеуміз мүгедектік туралы қағазымды жаңарту үшін Жаркенттегі қалалық емханаға барамыз. Таңғы алтыда тұрып, жетіден кейін таксиге отырып, сегізден өте емханаға жетеміз. Алдымен бірінші қабаттағы дәріханадан маған тәтті дәрумен мен сусын аламыз. Ең көп кезек екінші қабаттағы хирург есігінің алдында, одан кейін окулист, невропатолог, лор және т.б. Мамандардың бәріне кіріп, тексерілу керек. Жылда келетіндіктен, кезекте тұрған адамдарды да тани бастайсың. Менің есімде қалғаны – ата-анасы көтеріп алған, тоқтамай жылайтын кішкене қыз. Шамасы, сөйлей алмайды. Ата-анасы не сұрап жатқанын да білмейді. 4-5 жасымда болу керек, қыздың жанына жүгіріп барып, қолымдағы сусынды ұсындым. Ол демалмастан толық ішіп алды. Қатты шөлдеген ғой. Анасы мені құшақтап, рақмет айтып, егіліп жылай бастады. Сол сәтті есіме алсам, әлі күнге дейін көзіме жас үйіріледі.

Тағы бір жігіт келетін. Не отыра алмайды, не жүре алмайды. Жатуы керек немесе біреу сүйеп тік ұстап тұруы керек. Ылғи әкесі алып келетін. Жиырмаға келген жігітті елуден асқан әкесі тік көтеріп, ұстап тұрады. Одан бөлек, қолы да, аяғы да жоқ, адамдарды көріп, «менің күнім бұлардан жақсы ғой, шүкір» дейсің. Бұл кезең менің әлемде жалғыз емес екенімді көрсететін. Сол адамдардың арасында өзімді толыққанды сезінетінмін. 

Кабинеттен кабинетке сабылып, барлығына мөр бастырып, Ұйғыр ауданының орталығына, кейінгі кездері Жаркент қаласына анықтама алуға барамыз. Мұнда да қаптаған адам. Сол кезде маған «осы адамдардың бәрі қалай өмір сүреді екен? Мен неге бұларды күнде көрмеймін?» деген ойлар келетін. Ойлап қараңызшы, күнделікті сау адамдардың арасында жүріп, бір күнде жан-жағың мүгедектерге толып кетеді. Бір аптадан кейін қайтадан сау адамдардың ортасына ораласың.

Қатарластарым бой түзеп, бір-біріне сөз айта бастағанда, мен тіпті тұйықталдым. Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» Ләйләнің бойжетіп, әп-әдемі қыз болғысы келсе, менің бала болып қала бергім келді. Себебі, Қыз Жібектің бейнесін оқып отырып, Төлегендердің талғамы басқа болатынын түсіндім. Ләйлә балаша ойласа, мен үлкен адамдар сынды ойлана бастадым. Өзімнің кемшілігіме іштей ата-анамды кінәлайтын болдым. Қолымды жасыру үшін протез жасаттым, жаздың аптап ыстығында да көшеге тек жеңі ұзын киімдермен шығатын болдым. Мектепті аяқтап, оқуға тапсырған кезде де мүгедектігімді жасырғым келетін. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне дәл осы мүгедектерге берілген квотамен түстім. Жаңа ортаға бейімделуіме де ұзақ уақыт кетті. Ешкіммен ашық сөйлесіп, бірден достасып кеткенім жоқ. Алғашқы бір айда жалғыз өзім асханадан тамақ ішіп, жалғыз театрға барып үйреніп алдым. Ортаммен араласу үшін өзімді іштей қинап, сөйлесіп, ой бөлісуге тырыстым. Таңдаған мамандығым да адамдармен араласуды талап етеді. Қазір менің мектепте, университетте тапқан достарым болса, достығымыз менен гөрі солардың арқасында басталды деп ойлаймын. Себебі, біреу келіп тілдеспесе, мен ешқашан ешкімнің алдына барып, өзімді таныстырғым келмейтін.

Қазір журналист ретінде жұмыс істей жүріп, әртүрлі жағдайдағы адамдарды көремін. Бейтаныс адамдардың маған ішкі сырын ақтарып жатқанын көріп, қатты таңғаламын. Себебі, өзім ең жақын достарыма да ішкі сырымды айтқан емеспін. Меніңше, адам ең алдымен өзін-өзі түсінуі керек. Өз кемшілігін өзі көріп, сынап, өзіне ақыл таба алатындай болуы керек. Әрине, жақын адамдардың қолдауы маңызды. Егер мені ата-анам дәрігерлермен таласып жүріп мектепке бермегенде, сыныптастарым әртүрлі жағдайда көмекке келмегенде, ұстаздарым қабілетімді байқап бағыт сілтемегенде, бұл ойлардың бірін де қалыптастыра алмас едім. Алайда өзімнің ішкі жан дүниемдегі қиындықтармен күрескен де, оларды ысырып, мақсат қоя білген де, сол мақсаттарының біразына жеткен де – менмін. Бірінші кезекте ол – менің күш-жігерімнің мықтылығы.

Ата-анамды кінәлағаным бекер екен. Себебі ата-ана баласының қандай болып дүниеге келетінін таңдай алмайды. Әйтпесе, жер бетінде жеті миллиард Илон Маск өмір сүретін еді. Алайда олар бізді сырт келбетімізге, мінез-құлқымызға, ақыл-парасатымызға қарамастан, жақсы көреді. Сол сияқты менің басқа адамдарға қарап, өз жағдайыма шүкір дегенім де бекер екен. Себебі өз мұңыңды өзгенікімен салыстыру – ең алдымен, өзіңе жасалған қиянат, өз сезіміңді аяққа таптау. Әр мұңның өз дауасы бар, формуласы әртүрлі. Өмір адамға ізденіс үшін берілген. Біз шаттық, махаббат, мейірім іздейміз. Бірақ ол да уақытша беріледі. Өзіміз алған мейірім мен махаббат, шаттықты адамзатқа кері қайтарамыз.

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2021

266 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы