• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 19 Желтоқсан, 2021

Нұрдәулет АҚЫШ. «Шәкірт Ыбырайым» (әңгіме)

График бойынша шәкірт-тердің сабақтан кейінгі күнделікті дамылдау сағаты еді. Дабыр-дүбірден арылған школ ішінің тыныштық құшағына шым батып, үнсіз тыныстайтын бір рақатты сәті. Кенет есік жақтан: 
– Оқушы Алтынсарин, кезекшінің қасына кел! – деген орысша айқай естілді.
Онсыз да көңілі елегізіп, ұйықтай алмай жатқан Ыбырайым жастықтан басын жұлып алды. Соның өзінде өзіне тән бапты қимылмен сырт киімін иығына асықпай ілді де, жұмсақ басып, жатын бөлмесінің босағасынан сыртқа қарай аттаған. 
Сол-ақ екен, көзді ашып-жұмғанша болмай, мүлгіп тұрған тыныштықтың іргесі іле желпілдеп қоя берсін. 
Ең алдымен естілгені: 
– Ата! – деген нәзіктеу бала даусы. Оған қабаттаса жеткен:
– Құлыным, Ыбыш! Құлыным...
– Қарғам-ау!
– Ойбай-ау, мынау әлгі біздің жаман жиен бе? – деп үлкен кісілердің қауқылдасқан үндері. Онсыз да күндізгі ұйқыға үйрене алмай, елеңдеп жатқан ұлдардың кейбіреулері  бас-тарын көтеріп алысты.

Аяқ киімін қоңылтаяқ сұға салып, сыртқы есікке қарай салып ұрып жүгіре жөнелген – аяғы жеңіл Мерғали. Көздерін жыпық-жыпық етіп, есік аузында үймелескен топқа таңырқай қарайды. Өңшең бір қорбаңдаған үлкен адамдар. Бәрі де орталарындағы әлдекімге айналып-үйіріліп, мейірімдерін төгіп әлек. Енді аңғарса, тек өзі ғана емес, жатын бөлмеден басқа бастар да қылт-қылт етіп,  қараңдай қалысқан екен.

Әдетте сыртқы есіктің көзінде кезекшілікте тұратын – осындағы шәкірт балалар-дың біреуі. Келімді-кетімді кісілер төбе көрсеткен немесе басқа бір жағдайларда кезекші учительге ең алдымен хабар беретін сол. Шұғыл әңгіме болып жатса, кезекші учитель өз кезегінде школдың  надзирателіне, я болмаса оның көмекшісіне мәлімдейді. Сол күні бүкіл мектептің кезекшісі – таза жазудан сабақ беретін Кутергин деген момындау учитель еді. Шәкірттерге сырттан кісілер келіп жатса, оларды қабылдау тәртібі де реттеліп қойылған екен. Кутергиннің рұқсаты да сол белгіленген тәртіптің шеңберінде болды. Келген қонақтар үшеу екен. Мына кісі – менің атам, – деді Ыбырайым ішік киіп алғаннан кейін онсыз да мол тұлғасы дөңгеленіп ірілене түскен дөңгелек сақалды мосқал адамды көрсетіп. 

– Әлгі өзің айта беретін Балқожа ата ма? – деп қалды аузы жеңілдеу Мерғали.
– Иә, сол атам. Ал мына кісі – менің нағашым Пірімжан аға. Мына кісі  – Жұмағұл атамның  баласы. 
– Әрі туысы деп қой, – деді сақал-мұртсыз  елгезектеу жас жігіт. Өзінің томпақтау қызыл шырайлы жүзі кәдімгідей жылтырап, ерте тебіндеген  сақал-мұртты жатсынып тұрғандай. – Інім мен Ыбышжан екеуі – кішкентайынан достар. Сол жаман ғой «Ыбырайымның жағдайын біліп қайтшы» деп болмай қойған.
– Ал, балалар, – деді үстіндегі мол ішікті сыпырып, жеңілдеп алғаннан кейін Балқожа отағасы. – Тамақты осында ішуші ме  едіңдер?  Елден келген дәм бар. Соны қаужаңдайық.

Тәртіп бойынша, сырттан келгендермен кездесу орны  – әдеттегідей асхананың іші. Үлкендермен араласып, балалар да осында топырлай кіріп  жатыр. Ата-аналарын сағынған олар «Не деген бақытты бала!» дегенді көздерімен ұқтырып, Ыбырайымға еріксіз қызыға қарап қалысыпты.  Бейне бір тойға жиналғандай барлығы да мәре-сәре. Елден келген қоржындарын көтеріп, ас-су жағын реттеп жүрген – Жұмағұл атаның Ыдырысы мен Жетібай.
– Біз сол ауылдың баяғы балпаяқтарымыз ғой, істің ығын біле бермейміз. Жетібай, сен өзің шәрдің адамы болып қалдың ғой. Қолыңа ал бәрін, – деді Ыдырыс қуақылана сөйлеп. Онсыз да ұсақ шаруаға қылап Жетібай тіпті қамшы салдырар емес, қолдары епсекті балаларды жұмсап қойып, лезде-ақ дастарқанның шырайын кіргізіп жіберді. Ашқарақтау ұлдардың бірі қолын соза беріп еді, ол:

– Тоқта, алдымен ықылас жасап алайық, – деп екі алақанын жая қойды. Сол-ақ екен, өзгелері де алақандарын бір кісідей жайып, үлкендер жаққа көз тіге қалыпты.
– Әй, сендер орыс болып кетсеңдер де, мұсылманшылықты ұмытпағансыңдар ма, қалай өзі? – деп қойды Пірімжан нағашы. Балалардың жапырлап дәм алуға кіріскендері – Балқожа ақсақал дұға қылып, бет сипағаннан кейін ғана. Аққұбалау томпақ жүзі құбыла түскен немересінің көкейіне келіп тіреліп тұрған көп сұрақтың ең бастысы не екені айтпаса да белгілі.  Ауыл туралы, ел туралы қанша қызықтыра сөйлегенімен, негізгі бір әңгімені аузына да алмастан, әрлі-берлі орағытып кетеді. Шыдамды баланың үнсіз төзе күткен сұрағына жақындай қойса не дерсің тіпті. 
– Әймен ше?... Әйеш, – деді Ыбырайым ақырында шыдай алмай. Балқожа тұрған орнында бір ырғалып қойды. Жаз жайлауы, қыс қыстауы, ел, ауыл, ағайын жайында балпылдай сөйлеп, немересінің күткен әңгімесіне жанаса қоймай, әбден дымын құртқаны. 
Ақыры төзімі таусылып, шыдамай кетті ме, манадан бері көмейіне үйріліп келіп-үйіріліп келіп, шыға алмай, булығып тұрған күлкүлді Ыбырайымның тағы да ағытып жібергені:
– Әймен ше?... Әймен... 
Сұңғыла отағасының әдейі ауызға әдейі алмай тұрған әңгімесінің тура үстінен түсті.  Немересінің манадан бері тықыршулы күйін көз астымен бақылап тұрған Балқожа енді аузын көпіртіп жатпастан:
– Дұрыс, туған-туыстың... сұрағаның. Ал Әймен де аман-есен жүріп жатыр, жағдайы жақсы... –  дегеннен арыға тағы басар емес. 
– Маған... Маған... ше?
– Иә, Ыбыш. Саған жіберген бір сәлемдемесі бар еді. Ана әкелген сәлем-сауқаттың ішінде...
  Әңгіме ауаны кілт өзгеріп, сөз ләмі басқа арнаға қарай аунай берді. Тыңдайтын құлақ болса, қызықты әңгімелер. Сөзінің арасында атасы қақырынып-түкірініп, тыныс ала берген кезде, Ыбырай  тағы да киліге кетті де:
– Маған... маған, – деп алдыңғы сөзін қайталады. 
 – Иә, саған... Не айтпақсың,  Ыбыш?
–  Маған сәлем айтты ма? Әйменді айтам.
«Әй, балам-ай. Анасын біліп тұр ғой. Анасын сағыныпты ғой...» деп Балқожа іштей күліп қойса да, сырттай әлі сыр берер емес. Өзі жымиып тұрып, сол екі арада есіне түсіп кеткен – осы ұлдың кішкене кезіндегі екеуінің әңгімелері:
– Ата, мен кімнен тудым осы?
– Ыбышжан-ау, кімнен туғаның не? Менен тудың емес пе?
– Қалай? – дейтін бала дүдәмалдау жүзбен атасына аңтарыла қарап. – Сонда қалай тудым мен сенен?
– Мен аузымды ашып, «аһ» деп қалғанда, сен жерге «паҺ» деп түсе қалғансың. 
– Қалай? Сонда мен... сенің аузыңнан... тудым ба? 
Үш-төрт жасар кезі ғой, атасының осылайша нандыра айтқан сөзіне Ыбырайым құдайдай сеніп қалатын. Айнала тыңдап отырғандардың барлығы сәби тілін қызық көріп, қарқылдап күлісіп жатушы еді.
Енді, міне, бір кездегі сөйткен аңғал сәби туған анасының жағдайын қайталай сұрап, атасының аузына қадала құлақ түреді.
– Апам қалай? Әйеш қалай? 
Осы кезде әңгімеге Пірімжан нағашы: 
– Ой, құда-ау, – деді Балқожаға бұрылып. – Баланы сонша үздіктіргеніңіз не? Жаңалықтарды айта салмайсыз ба? Жиеннің ішегі үзілердей болды ғой әбден. Мен айтайын, Ыбыш. Тағы да інілі болдың. Қарындасым Әймен енді ғана босанып, қол-аяғын енді бауырына алып жатыр екен. Мынандай қуанышты хабарға елең етпеуге болмайтын еді. Ыбырайымның қадала сұрап жатқандары енді осы төңіректе. Сөйтсе, елдері Тобыл бойынан алыс жатқан, құдасына жолшыбай қосылып отырған Пірімжан әлі ол жиенін көрмепті де. 
– Ата, атын кім қойдыңыздар? – деп баланың қадалғаны енді Балқожа атасы. 
– Ей, Ыбышжан-ау, сенің сұрағыңа бірден жауап бермегенім – сені сынағаным ғой.  Анаңды қаншалықты сағын-ғаныңды білейін дегенім де. Сөйтсем, қатты сағыныпсың. Ал кішкентай бауырыңның бауы берік болсын. Атын «Әлжан» деп азан шақырдық.  Апаң да, анаң да аман-есен. Солар ғой бізді қояр да қоймай, осылай қарай аттандырып жіберген.  Мына сәлем-сауқатты дайындаған да сол екеуі. Қошан көкең де сәлем айтып жатыр, – деп, атасы үй ішінің жаңалығын қысқаша бір түйіндеді. 
– Оспан ше? Оспан не істеп жатыр?
Балқожа отағасының маңдайға біткен екі перзентінің үлкені Алтынсары жастай қазаға ұшырап кетті де, оның келіншегі Әймен бір бала-мен жесір қалды. Сонан қазақтың «Ерден кетсе де, елден кетпейді» дейтін заңын бетке ұстаған үлкендер жесір келіндерін марқұмның тетелес інісі Қошанға қосқан ғой. Ұзамай екеуінің арасынан тағы бір ұл дүниеге келіп, Ыбырайымның соңынан ерді. Әлгінде ғана оның «Оспан ше? Оспан не істеп жатыр?» деп сұрап отырғаны  – сол інісі. 

Осылайша әмеңгерлік жолымен үйленген Қошан – Ыбырайым есін білгелі әке орнына әке. «Алтынсары марқұм шідер үзген тентек болмаса да, өжет, бірбеткей жігіт еді» десіп отыратын үлкендер. Ал оның інісі Қошан болса – ауыл айналасынан арқандаулы аттай алыстап көрмеген кәдімгі жуан қоныш, қыр қазағы. Бұл күнде әулеттің әкесінен кейінгі ересегі де өзі.
Алыстан келген туыстардың енді қадала сұрап жатқандары – оқудағы балалардың жағдайлары.
– Бәрі жақсы, ата, – деді іштеріндегі ересегі Нұрым. – Бірақ бәрімізден де Ыбырайымның жағдайы жақсы.
– Е, неге? Бар балаға теңдей жағдай болады деп еді ғой.  
– Солай солай ғой, бірақ ешқайсымызда Жетібай ағадай ағамыз жоқ. Әкелеріміз қалдырмады.
– А-а! – деп Балқожа ақсақал қарқылдап күліп алды да: – Әлде Жетібайды  елге алып кетейін бе? – дей бергенде, екі-үш бала қосынан:
– Жоқ, алып кетпеңіз! – деп шу ете қалды. – Жетібай аға біздің де ағамыз болып алды.
– А-а, солай ма?
– Иә, ол кісі бәрімізге де қарайды.
– Өткенде менің етігім жыртылып қалғанда тігіп берген, – деді Нұрым.
– Маған әңгіме айтып береді ылғи.
– Мен ауырғанда шөп қайнатып, ыстығымды түсірді...
– Балке аға, – деді Жетібай ауылдағы үлкендердің ләмімен. – Ауылды мен де сағынып жүрмін. Шынын айтқанда, кеткім келіп тұрады. Онда да тіршілік бар ғой.
– Тіршілікті қайтесің, – деді Пірімжан нағашы. – Оның бәрін Балкең өзі тындырып жатқан көрінеді. 
–  Әкең де, шешең де аман-есен. Мынау енді сол Өтеміс бауырымның сәлемдемесі, – деп, Балқожа отағасы тағы бір қоржынның бүріле байланған аузын шешіп жатыр.

Қаншалықты жақсы жағдай жасалса да, алыс қалада сарғайып оқып жатқан баланың қай-қайсысының да көңілі күпті. Бәрібір жетпейтіні – өскен ұяның, ата-ананың жылылығы. Біреуінің артынан адам келсе, барлығы үшін де осылайша мейрам болып жататыны сондықтан. Бүгінгі үлкендердің келісі де сондай әсерге бөлегені көрініп тұр. Танаулары пышылдап, ауыздарына тигенді қаужаңдасып мәз. Тіпті  батылдау біреулері келген үлкендерге өздерінше сұрақ қойып, ел-жұрттың ахуалын білу ниетінде.  

Естерін жиып, сәл дамылдап алғаннан кейін, қонақтар мойындарын бұрып, жан-жақтарына қарағыштай бастады. Ауланың арғы бетіндегі екі қабатты сәнді ғимарат   Шекара комиссиясының кеңсесі болып шықты. Школа дегеніміз – сонымен аулалас жалғыз қабат кірпіш үй. Сырты жадағай болып көрінгенімен, бар қызық сол школдың іш жағында екен. Қонақтарға қатты әсер еткен – кіреберістегі кең бөлменің іші. Ауыздарына басқа сөз түспей:
– Па, шіркін! Мына балалардың оқитын жерлері тіпті хан сарайының өзі ғой,  – десіп, таңдай қағыса  таңырқауда. Олардың көздерінің жауын алып тұрған – бөлменің екі жағында қызыл түсті қалың матамен көмкерілген дивандар, қарсы бетте киім ілетін ширмалар, олар ғана болса бір сәрі ғой,  ширмалар арасындағы өздері өмірі көрмеген үлкен шарайна. 
– Мына сол жаққа қарай шығатын есік қайда апарады? – деді жас жігіт Ыдырыс.
– Класқа шығады. Сабақ оқитын жеріміз. 
– Көргілеріңіз келе ме? Оған тек кезекшінің рұқсаты керек, – деді  Ыбырайым. Кезекші Кутергин қарсылық танытпады да, қонақтар школды емін-еркін аралай бастады.  Алдыңғы бөлмедегідей емес, класс ішінің таңғалатындай ерекше ештеңесі жоқ болатын.  Сегіз стол, оның қарсы алдында мұғалім үшін кафедра, оның екі жағында класс тақтасы ғана. «Көрмегенге көсеу таң» дегендей, қонақтар соның өзін әлдеқандай көріп, бас шайқасып жатыр.
– Ал мына бір есік немене? – деді тағы да Ыдырыс.
– Бұл жуынатын бөлмеге шығарады. Оқушылардың қыста дене шынықтырумен айналысатын жабдықтары да осында сақталған. 
 Жататын бөлмеге  жағалай қойылған темір төсектер. Әрқайсысының қасында жұмсақ отырғыш, жоғары жағында орысша, қазақша жазулар.
– Бұл не қылған жазулар? – деді Пірімжан нағашы шұқия үңіліп.
– Мына төсекте жататын шәкірттің аты-жөні ғой, – деді Жетібай. – Ал мынау – сол төсек иесінің киімілгіші. 
Школаның оң жақ бөлігін-дегі бөлме надзиратель бөлмесі болып шықты. Бұдан біреуі балалар тамақ ішетін асханаға, екіншісі тағы да жатақ бөлмеге қарай екі есік шығады екен. Асханамен жалғас бөлмені буфет деп атайтын көрінеді. Ол сөзге тілі келмеген қонақтар сол буфетіңнің өзі не екенін бәрібір түсініп жарыта алмады. Ал буфеттен ары қарай жеке тұрған лазаретке бара аламыз, – деп әрі қарай түсіндіріп жатыр Жетібай. Оның ар жағында тұрған – жаңағы Шекара комиссиясының үйі екен.  

Ас пісіретін, кір жуатын орындар – ортадағы шағын аулада. Жатақхана бөлмесінің терезесі алдында шәкірттердің жаздыгүні дене шынықтыру сабағында ойнайтын құралдары қойылған екен. Бұлар өстіп әңгімелесіп тұрған кезде школа надзирателі Салықзиян Кукляшев мырзаның да келе қалғаны. Кутергин тәрізді емес, ол енді бәрін татаршалап түсіндіруге кіріскен. Балқожа отағасы басын изеп, арасында өзінше білген татаршасын іске қосып жатыр.  
– Ал бізде, – деді осы кезде жандарына келген школ надзирателі, – оқушылар үшін міндетті ішкі положениеміз қатаң.
– Сонда қатаң болғаны қалай, тақсыр? 
– Сіздерге  түсіндіріп өтейін, мырзалар. Балаларыңыз таңғы сағат жетіде ұйқыдан тұрады, сегізде тамақтанады. Сабақ тоғыздан он бірге дейін. Түскі тамақтан соң екі  мен төрттің арасында класта тағы да оқиды. Одан кейін бір сағат демалыс. Сіздер сол уақытта келіп қалдыңыздар ғой. Кешкі тамақты сағат сегізде ішеді де, тоғызда ұйқыға жатады. 

Пірімжан нағашы да қарап тұрмастан, саңылауына бірдеме баратын адамның кейпімен:
– Тақсыр, ал сонда бұл балаларды сізден басқа да оқытатын адам бар ма? Бұлар не  оқиды өзі? – деп қалды надзирательге қарай бұрылып. 
– Ой, Пірімжан-ай, сен де қайдағыны сұрайды екенсің. Оқуда не шаруасы бар деп шамданып жүрмесін нәшәндік, – деді Балқожа сөздің тігісін барынша жатқызғанды дұрыс санап. 
– Мал иесі болғаннан кейін баламыздың не оқып, не қойып жүргенін білгіміз келгені де.
–  А-а. Түсіндім, – деді Кукляшев. –  Положение бойынша школаға орыс тілі мен татар тілін бірдей білетін, сондай-ақ арифметика, таза жазу сабақтарын жүргізетін учительдер жіберіледі. Олар Оренбург Шекара комиссиясы председателінің рұқсатымен ғана алынады жұмысқа. Бұл учительдер не кадет корпусын, не университетті бітірген болуға тиіс. 
– Ал надзиратель дегеніміз осы школаның начальнигі ғой, – деп Салықзиян абзи енді өзінің қалай тағайындалғанын тәптіштеп кетті.  Оның да положениесі бар екен. Надзиратель отставкаға шыққан офицерлерден немесе сенімді чиновниктерден тағайындалатын көрінеді. Ол әрбір баланың тәрбиесіне, денсаулығына, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етілуіне тікелей жауапты адам екен.

Школада надзиратель мен балалардың тәртібін қадағалайтын фельдфебельден басқа тағы тоғыз учитель бар болып шықты. Пірімжанның: 
– Бұлардың өшител деп жатқаны немене өзі? – деген сұрағына бұл жолы сақ еткізіп жауап берген – Жетібай: 
–  Былайша айтқанда, учитель дегендері бала оқытатын  молда ғой. Орысша солай деп айтады.

Кукляшевтің ары қарай жеткізген мәліметі отчеттан алынғандай қысқа ғана. Балалардың 22 тамызда басталған оқуы 1 мамырға дейін созылады екен. Мамырдың 1-інен 20-сына дейін әрбір пән бойынша жыл бойы оқылған сабақтарды пысықтап, қайталайтын көрінеді.

Әрбір мәліметті  естіген сайын қонақ киргиздер түсінген адамның ләмімен бас шайқауды ғана білді. Шынын айтқанда, өздері Кукляшев абзидің айтқанын ұғып жарытып тұрмаған болуы да мүмкін. Әңгіменің аяғында енді надзиратель мен учитель қонақтардың қайдан келгенін сұрады. 
Балқожа ата  мен нағашы-ның әңгімелерін тыңдай отырып:
– Не деген алыс жер! – деп бастарын шайқасып, енді өз жұмыстарымен кететін ыңғай танытты.
Манағы асханаға қайтадан  келіп, балалар өздерінше мәре-сәре болып отырған уақытта әлдеқайдан созалаңдай шыққан:
– Аллаһу акбар! Аллаһу акбар! – деген таныс әуеннің естіле қалғаны. Келген қонақтар жағы бастарын көтеріп алып:
–  Ойбай-ау, мынау азан ғой. Ой, Алла, кәдімгідей азан шақырып жатыр.
–  Намазға шақырып жатпасын. Бұл қалай сонда? –  десіп, құлақтарын тіге, елең ете түсті.
Сол-ақ екен, ауыз-басын сүртіп, орнынан атып тұрған Жетібай да:
– Ал кеттік. Қалғанын қайта келіп жейміз ғой. Кімнің дәреті жоқ, қане, алып жіберейік, – деді үлкендерге тән өктемдікпен. Пірімжан нағашы болса әлі де түсінбеген адамның қалпында:
– Өй, Жетібай, сендер... шынымен де намаз оқисыңдар ма? – деді көзін жыпылықтата. 
– Иә, уақытында бармасақ, молдамыз ренжиді, – дей берген кезде шәкірттер де орындарынан сатыр-сұтыр көтеріліп,  бір адамдай қимылмен есікке қарай бет алды.
– Түк ұқсам, бұйырмасын, – деді Пірімжан нағашы сол алақ-жұлақ етіп абдыраған қалпы. – Әлгі «Балалардың бәрін орыс қылады екен, шоқындырады екен» деген-
дері қайда? Әкем-ау.... мына-ларың тегі таза мұсылманша ғой.
Әңгіменің анық-қанығына жеткендері – балалар  ақшам намазынан оралғаннан ке-йін ғана. Сөйтсе, бұл орыс шкөлінде кәдімгідей Құранды оқып-үйренеді екен. Соған бола арнайы шақырылып, осында тәлім беріп жатқан молдалары да бар болып шықты.
– Иә, бізді оқытатын Хикмет Ғабдулсаләмов – ноғай молдасы, – деген Ыбырайымның сөзін Жетібай толықтыра түскен:
Осы Орынбордың мұсылмандары өздері пәтуа шығарып, бізге арнайы жіберген имам екен.
– Мейлі кім болса, ол болсын, – деді Пірімжан нағашы төбесіндегі дөңгелек тақиясын әрлі-берлі қозғалақтатып қойып.  
–  Бәрінен бұрын сендердің бәріңді намазға жыққанын айтсаңшы. Біз ғой  сендерді орыс оқуын оқып, орыс боп кетіпті деп жүрсек.
– Намаз ғана емес, – деді Жетібай осындағы бүткіл баланың ақылманы өзі екенін аңғарта сөйлеп. – Бұлар Исламның шарттарын басынан бастап оқып жатыр.
Өзінің де қайран қалып отырғанын жасыра алмай, Балқожа отағасы да: 
– Сонда не, «Иман шартты» оқи ма бұлар? – деп қалды біртүрлі шаттана сөйлеп. 
Шекара комиссиясы председателінің ұсынуымен молданы да военный губернатор бекітетінін қонақтар артынан естіді. Ал істерді тексеру жайын, іс қағаздарын үйретуді Шекара комиссиясының өз қызметкерлері жүргізеді дейді. Тек Балқожа отағасы ғана емес, елден келген қасындағы серіктері де мына күтпеген оңды жаңалыққа таң-тамаша:
 – Ой, мына орысың... біз таза кәпір деп жүрсек... орысың осал болмады онда. «Оқуға әкеткен балаларды түгел шоқындырады екен... Кәпір қылады екен» деп ел жақ ұлардай шулады емес пе? «Біздің Ыбышжан да шоқынып кетті-ау» деп қауіп қылмадық па? Мына Балкен құдаға ренжіп жүргеніміз де сондықтан, – деді Пірімжан нағашы көңілі әбден жайланған сыңаймен.
– Сен оны айтасың,– деді Балқожа дөңгелек сақалын сипалап отырып. – Өзімнің Ханқожа ағамның «Қан қыламын. Екеуіңді де жарып өлтіремін» деп пышақ ала жүгіргені қайда?! Орысша оқығанын қалағаныммен, ар жағы не болып кетер екен деп, өзім де қауіп қылатынмын.  Енді көзім жетті, біздің Ыбышжан орыс оқуымен бірге елге үлкен молда болып келеді екен ғой. Арманым жоқ енді... Сонау жер түбінен ат арытып, суыққа ұрынып, шаршап-шалдығып жеткен Балқожалар Орынборда бір аптадай жатты. Оқуға өзі жіберген сүйікті немересінің жағдайын біліп қайту үшін арнайылап бас тіреп келгеннен кейін несіне асықсын? 

Атқосшы жігіт Ыдырыспен бірге жастау құдасының да ере келуіне себеп болған Ыбырайымның анасы Әймен екен. Бұл Пірімжан нағашы Балқожа ақсақалға құда болғанымен, Әйменнің тетелес ағасы ғой. «Біліп қайтсын ана қарғамның жағдайын» деп қоярда қоймай отырып,  амалсыз атасын төркініне жұмсаған. Сонда да тікелей өзіне айтпай енесі Мейірман бәйбішені ортаға салған ғой. 

Бір тәуірі, Әйменнің төркіні Тобыл мен Орынбордың арасындағы ұзын жолдан онша қашық емес. Әкесі Шеген бидің ежелгі мекені Орынбор жолынан сәл ғана қиғаштау Торғай өзенінің бойындағы бір құнарлы жерде. Бұл күнде бидің өзінің көзі жоқ болса да, сол ата қонысқа  сайдың тасындай ұлдары иелік етуде. 

Сөйтіп, Балқожа мен Ыды-рыс жолшыбай Пірімжанның ауылына соғып, бір-екі күн аунап-қунап еру болған. Сонымен Ыбырайымның апасы Мейірман мен анасы Әйменнің сәлемін бір емес, осы үшеуі бірдей арқалап келіп отыр. Базарға шығып, азды-көпті сауда жасағандары, қала ішін аралап, өздерінше тамаша қылғандары болмаса, екі жігіттің бұл қалада тіпті ешқандай шаруалары да жоқ. Военный старшина шені бар Балқожа ғана осындағы орыс ұлықтарға кіріп шы-ғыпты. Оқудағы баласын табыстағаны болмаса, оның да әкетіп бара жатқан жұмы-сы байқалмайды. Ұлықтарға төбе көрсетіп, лауазымына қатысты аз ғана тапсырма алып шыққанын да өзінше үлкен шаруаға балаған жайы бар. Аттанар алдында қайыра жолыққандары – школдың бастығы Салықзиян Кукляшев.
– Бұл балаларға енді демалыс беріле ме? – деген сұраққа бастық татаршалап жауап қатты. Ноғай татармен аралас-құраластығы бар Балқожа оның сөздерін қиналмай-ақ түсініп еді: 
– Абзи, былтыр жазда балаларыңызды оқуға әкелгенде бәріңізге айттық қой. Ұмытып қалсаңыз, есіңізге салайын.

Жиырма  бесінші мамырдан оныншы маусымға дейін әрбір оқушыдан жеке-жеке экзамен алынады. Ал оқушылардың жазғы демалысы он бесінші маусымнан он бесінші тамызға дейінгі аралық. Соны ұмытпаңыздар. Балаларыңызды алып кету үшін сол уақытқа туралап келесіздер ғой.

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2021

172 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы