• Ата-ана бұрышы
  • 22 Қаңтар, 2022

Өзіңді сүй, сүймегенге жалынба...

Адамның адамдық негізі бала кезден қалыптасатыны ғылымда дәлелденген. Бала кезде үйден алған тәрбие, көрген дүниенің бәрі үлкейген кезде өмір сүру принциптеріне әсер етпей қоймайды. «Он үште – отау иесі» деген сөзді бір ғана мағынада түсініп жүргендейміз. Ол кезде он үштегілер бір үй үшін шешім қабылдауға, асырап бағуға қабілетті болып саналған. Ал қазір он үштегі балаға бір үйді асырауға кім сенім артады? Тіпті «он үште – отау иесі» деген сөздің өзі лексиконымыздан түсіп қалған сияқты. Қырыққа келсе де ата-анасына алақан жайып отырғандарды көріп, сөгеміз. Ал мәселенің түп-тамыры ата-ананың балаға берген тәрбиесінде екенін білмейміз. Психоаналитик Миргүл Бимағамбетова қазақы менталитет баланың өзіне деген сүйіспеншілігін арттыра алмайтынын айтады. «Шыны керек, бізде психологиялық сауаттылық өте аз, тар шеңберден шыға алмай жүрміз. Символикалық тұрғыдан айтқанда, анасының қанаты қысқа болса, қызының қанаты одан да қысқа болады», – дейді. Бала тәрбиесіне қатысты болжам өте көп. Ол жерде ақиқат қайсы екенін осы саланың мамандары жақсы білсе керек.

Болжам мен ақиқат

Болжам: «Өзіңді жақсы көр, өзіңді сыйла» деген сөз жиі айтылады. Яғни нені қалайсың, соны істеу де өзіңді жақсы көруге жатады. 

Ақиқат: Мұның түп-тамыры нарциссизмде жатыр. Өзін асыра жақсы көру, өзін шектен шыға сүю, шындыққа жанаспаса да өзін сыйлау интернеттің дамуымен қатар жүрді. Нарциссизм Еуропада өте ауыр түрде жаһандық мәселе ретінде белең алып бара жатыр. Нарциссизм – спектор. Адамның өзін сүюі немесе сүймеуі. Ал қазақтарда салауатты нарциссизм өте аз. 

Болжам: Төрт мүлігі сай адамдардың өзіне деген сүйіспеншілігі жоғары болады. 

Ақиқат: Кейбір адамдардың жұмысы, материалдық жағдайы, бәрі керемет болғанымен, ішінде уайым болады, меланхолия немесе күйзеліс жағдайында жүреді. Сырт көзге бұл адамның өзін бағалауы өз деңгейінде немесе мөлшерден жоғары болып көрінеді. Алайда ішкі дүниесінде күйзеліс бар. «Өзін бағалау – ішкі баға ма, сыртқы баға ма?» деген сұрақ пайда болады. Сонда нарциссизмге келіп тірелеміз. Өзін-өзі жақсы сезінуі, өзіне деген сенімнің болуы – салауатты нарциссизм болып есептелсе, ал деструктивті нарциссизмде өзін бағалау не жоғары деңгейде, не төмен деңгейде болады. 

Болжам: Таршылық, жоқшылық адамның өзіне деген сүйіспеншілігін жояды. 

Ақиқат: Көп жағдайда адамның өзін бағалауы материалдық жағдайының болмауынан төмендейді. Бұл – сыртқы жағдай. Ал іштей өзін-өзі бағалауға үйдегі жағдайлар әсер етеді. Өзінің бағасын жоғалтқан адамдар шопоголизммен «ауырады». Әдемі киім, қымбат көлік, соңғы маркалы телефон ұстағысы келеді. Өзі біліп тұрса да шопоголизм тәуелділігінен шыға алмай жатады. Бұл бір тұңғиық секілді. Бүгін жаңа айфон ұстап жүрсе, жарты жылдан кейін шыққан айфонды да алғысы келеді. Жаңа айфонды алған кезде өзіне деген бағасы көтеріліп қалады. Ал айфоны ескірген сайын өзіне деген құрметі төмендей береді. Жалпы бұл проблеманың түп-тамыры отбасында балаға деген көзқарасқа тікелей байланысты. Ал қымбат киім, дүние-мүлік – мәселенің екінші салдары. Бірінші сатыда баланың әке-шешесінен алған бағасы тұрады. Баланың өзіне деген сүйіспеншілігіне ата-анасының көзқарасы, отбасының атмосферасы қатты әсер етеді.

Болжам: Адамның өзін бағалауы жоғары деңгейде, өзіне деген сүйіспеншілігі жоғары болу қажет. 

Ақиқат: Мысалы, мен Илон Маск сияқты бай емеспін, әлем аруына да ұқсамаймын, әнші-биші сияқты асып-тасып жатқам жоқ, бірақ өзіме деген сүйіспеншілігім өз мөлшерінде. Ал өзін өте керемет бағалауды деструктивті түрге жатқызуға болады. Өзімді әлем аруындай сезініп жүріп, біреу «сенен де асқан әдемілер бар» деген кезде өзіме деген сүйіспеншілігім күрт түсіп кетер еді. Жалпы, өзін керемет бағалайтындар да, төмен бағалайтындар да психологиялық тұрғыдан қиналады. Сондықтан өзіне деген сүйіспеншілік шектен аспау керек.

Болжам: Жасөспірімдердің өзін бағалауы жоғары болу үшін қалағанын әперіп, ешкімнен кем жасамау керек. 

Ақиқат: Жасөспірімдік – дағдарыс кезеңі. Ұядан ұшқысы келіп жүрген құс секілді ауыр кезең. Әке-шешесіне қыр көрсетеді, өзін ересек санағысы келеді. Бірден ересек болып кете алмайды. Өйткені әкесі мен шешесіне тәуелді болғандықтан, өзіне деген сүйіспеншілігі ата-анасының көзқарасына тікелей байланысты. Психологиялық тұрғыдан сауатты ата-аналар балаларының өзіне деген сүйспеншілігін көтеру үшін олармен ересек адамдармен сөйлескендей тең сөйлесіп, пікірін тыңдап, ақылдасып отыру қажет. Сонда баланың өзіне деген сүйіспеншілігі арта береді. 

Болжам: Сырт келбеттің әдемі болмауы қыз баланың өзін бағалауына кері әсер етеді. 

Ақиқат: Қыздардың ер адамдар алдында өзіне сенімді болуы, өзінің бағасын білуі көп жағдайда әкенің рөліне байланысты. Әкесімен жандүниелік байланыс аз болса, қыз баланың өзіне деген сүйіспеншілігі кері кетеді. Әкесі физикалық тұрғыдан өмірде бар болғанымен, ішкі дүниесінде ықпалы аз деген сөз. Мейірімді, жақсы әкенің жылуы жетіспегендіктен, қыз оны басқа жақтан іздеуге мәжбүр. Мұның бәрі бейсаналы түрде жүреді. Ал егер қыздарын аялай алса, еркелете білсе, жылы көзқараспен қараса, онда қыздың өзіне деген сүйіспеншілігі автоматты түрде көтеріледі. Және ондай қыздардың айналасына серенада айтатын жігіттер жинала бастайды. Алайда бұған да психологиялық сауаттылық керек.

Ата-аналарға кеңес

Біз, психоаналитиктер, тікелей кеңес беруден аулақпыз. Бірақ балалардың ата-аналарына кеңес айтуға болады. «Бұрын қызыңызбен қуыршақ ойнасаңыз, енді шопингке бірге барыңыз» деген кеңес бергім келмейді. Ата-ананың жасөспірім баласына деген құрметі көзқарасынан, сөйлеу мәнерінен көрініп тұрады. Баласына сәби кезіндегідей қарап, сенім артпаса, балада тәуелділік пайда болады. Оның арты нашақорлыққа, ішімдікке тәуелділікке апаруы ғажап емес. 6-7 жасында ата-анасына қалай тәуелді болса, жасөспірім шағында да, ересек шағында да тәуелділік мәселесі шешілмейді. Мысалы, біздің тәжірибемізде отыздан асқан, қырыққа келген қыз-жігіттер әке-шешесімен бірге тұрып, тіпті бірге жататын да жағдайлар кездесті. Дүкенге барғанда «мына көйлекті алсам мамам не дейді, папам қалай қарайды?» деген ойша тәуелділік жастар арасында өте көп. Сонда қызға анасы дербестік бермеген болып шығады. Дүкенге барған кезде «қандай көйлек кигің келеді, соны ал. Өте қысқа, ашық-шашық болмаса болды, басқасын құптаймын» дегендей еркіндік беру керек. Сонда жасөспірім балада өзіне сенім пайда болады, сүйіспеншілігі артады.

Бір үзік

Менің тәжірибемде ажырасқан ер мен әйелдің балалары қиын жағдайда келеді. Ажырасқан ата-ананың баласы өзін бейсаналы түрде кінәлі санайды. Осы жерде өзіне деген бағасы түседі, сүйіспеншілігін жоғалтады. Сондықтан ересек адамдар үйленбес бұрын, балалы болмас бұрын, ең алдымен баласын ойлау керек. Анасы немесе әкесі қайтыс болған балалардың да өзіне деген бағасы төмен болады. Олардың өтпелі кезеңде көмек сұрай білуі, жан дүниесіндегі сезімдерін түсіндіріп айтуы арқылы көмектескен кездерім болды.

Өзіңді біреумен салыстыру өз бағаңды түсіруге әсер етеді

Қымбат ОҚАС, 11-сынып оқушысы:

Менің ойымша, өзін төмен бағалау өзге адамның сөзіне, ойына еріп кетуден болады. Оның барлығы комплекс пайда болғаннан келіп шығады. Ол барлық адамда бар. Оған бір себеп – өзімен жасты қыз бала немесе ұл баланың әлеуметтік жағдайы, соның түр-әлпетіне қарап, өзімен ойша салыстырып, содан адамда қорғаншақтық туындайды. Ол өзін төмен бағалауға алып келеді. Менде де комплекстер болмады емес, болды. Алайда уақыт өтіп, өзім бойжете келе әр адам жеке тұлға екенін түсіндім. Осылайша, өзіме деген сүйіспеншілігім оянды.

Арман, 10-сынып оқушысы:

Менің ойымша, өзіндік бағаның төмендеуіне бірнеше фактор әсер етеді. Оған адамның қоршаған ортасы, материалдық жағдаяттар ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Ұл балаларда көбіне ортасымен бірден араласып кете алмауына да осы өзіне деген сүйіспеншілік әсер етеді.

Динара, 10-сынып оқушысы:

Иә, ондай жағдай жиі болып тұрады. Өз-өзіңді төмен бағалауға қоршаған ортаның қарым-қатынасы көп әсер етеді. Достарымның, сыныптастарымның арасында жағдайы, отбасының материалдық деңгейі жоғарылар бар. Түрлі заттарымен, киімімен, кейде сырт келбеттерімен мақтанған кезде, «менде неге олай емес?» деген сұрақ туады. Көбіне айналадағылармен өзіңді салыстыру өзіңді бағалауға қатты әсер етеді, меніңше. Біреудің түрі, біреудің киімі әлдеқайда әдемі болуы мүмкін дегендей...

Аяжан ИСЛАМБЕКҚЫЗЫ, 10-сынып оқушысы:

Өзіңе сенімсіз болсаң, өзіңе деген сүйіспеншілік те, өзіңді бағалау да төмен болады. Өзінің түрін немесе дене бітімін ұнатпаудан комплекс пайда болып, адам өз құнын түсіріп алады. Алайда ондай жағдайды өзім басымнан өткергем жоқ.

Қанат, 11-сынып оқушысы:

– Өзін төмен бағалау адамның эмоциялық жағдаяттарының өтелмеуінен пайда болады деген ойдамын. Ұл балалар көбіне тақтаға шығып сабақ айтқанда ұялып, қысылып тұрады. Себебі, сабақты мазмұндауда шатастырып алмауды ойлап, әрі сыныптастарының өзіне қадалып қарап отырғаны әсер етеді. Бұл оларға стресс туғызады, өзіне деген сүйіспеншілігін жоғалтады. Бірақ ешқашан да тақта алдында ондай жағдайға тап болғаным жоқ. Себебі, айна алдында ақпараттарды өз-өзіме мазмұндап беріп, жаттығып аламын.

 

P.S. «Өзіңді сүй, сүймегенге жалынба» жасөспірімдер арасында әлде шарасыздықтан, әлде ашынғандықтан жиі айтылатын ұранға айналған. Достық анкета толтырса да, бір-бірін қолдау білдірген кезде де осы сөзді қолданатынын естіп жүрміз. Олар өз ұстанымдарын әлемге айғайлап айтқысы келеді, егер түсінетін адам болса... 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ
Алмабек ИБРАЙЫМОВ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

1017 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы