• Спорт жұлдыздары
  • 19 Қаңтар, 2022

Махмұд Сабырхан, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері: Бойымда қуаныш пен өкініш сезімі қатар жүр

Бокстан Балқан түбегінде өткен әлем чемпионатында ерекше өнерімен көзге түсіп, талайды тамсандырған Махмұд Сабырханды топ жарады деп топшыладық. Ақтық айқасқа дейін қарсыластарын қоғадай жапырған Махмұд финалда жапон спортшысы Томоя Цубоиден жеңіліп, күміс тұғырға көтерілді. Дегенмен білікті бокс мамандары Махмұдтың болашағы зор екенін жарыса айтып, үлкен үміт күтетінін де жасырмады. Расында, небәрі 20 жасында әлемдік доданың алдыңғы шебінен көрінген спортшының алар асуы алда. Ересектер дуына енді ғана қосылған спортшымен арнайы сұқбаттасуды жөн көрдік.

– Махмұд, 20 жаста әлем чемпионатаның күміс жүлдегері атану қалай екен? Қуанышынан өкініші басым емес пе?

– Шыны керек, бұл жарысқа қатты дайындалдық. Әлем чемпионы атанып қана қоймай, «Баркер» кубогын да иеленуді көздеп келдік. Жартылай финалға дейінгі жекпе-жегімді көрген федерация басшылары, шетелдік мамандар және Бақтияр ағамыз да чемпион атансам «Баркер» кубогы бұйыратынын айтты.  Жартылай финалдық кездесулерден кейін ертеңіне бірден финалдық айқастар басталып, қарсыласты зерттеп үлгермедім. Одан бөлек, «Теміртас ағамыздың жеңісінен кейін айқын басымдықпен ұтпасам, екінші қазаққа жеңісті беруі екіталай» деген ой да тұрды. Эмоцияға беріліп, асығыс қимылдадым. Тактикалық тұрғыдан қателік жіберіп, орынсыз төбелесіп кеттім. Оның үстіне аласа бойлы жапон боксшысы ыңғайсыз қарсылас болды. Өкінішке қарай, 20 жасымда алтыннан алқа тағып, әлем чемпионы атану бақыты бұйырмады. Сол себепті, бойымда қуаныш пен өкініш сезімі қатар жүр.

– Туған інің де өзің сияқты жұдырық-тасу мәнері ерекше былғары қолғап шебері. Екеуіңді де тума талант деуге бола ма, әлде?..

– Бәлкім, ата-анамнан дарыған бір қасиет шығар. Өйткені әкем де, шешем де – спортқа жақын адамдар. Әкем Айдархан Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты Маятас ауылында күрестен бапкер болды. Біз де күреспен шұғылданып, қыр-сырын меңгердік. Содан кейін ауылымызда жаңа мектеп салынып, бокс үйірмесі ашылды. Жалпы үйде 5 ағайындымыз. Ағамызға ілесіп, інім екеуміз де боксқа қатыса бастадық. Қазіргі бапкерім Ілияс Оралбековке жолығып, сол кісіден бокс әліппесін үйрендік. Бокстың қыр-сырын меңгерген сон жарыстарға қатыса бастадық. Бір жылдың ішінде аудандық жарыстарда топ жарып, қалалық, республикалық турнирлерде де жеңімпаз атандым. Інім Төрехан да Қазақстан чемпионатында үш рет топ жарып, жақында ғана Дубайда жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Екеуміздің салмағымыз да бір, тәжірибемді бөлісіп, ақыл-кеңесімді айтып жүремін. Әрине, тек талантқа сеніп, үлкен белесті бағындыру мүмкін емес. Талантты шыңдау үшін де тер төгіп, еңбек ету керек. Қазіргі жетістігіміз 10 жылдық еңбектің жемісі деуге де болады.

–  Ғалым Кенжебаев саған мүмкіндік бере алмағаны үшін өкінетінін айтты. Бұл қандай өкініш деп ойлайсың?

– Ғалым ағай жастар арасынан бері өнерімізді бақылап, бас бапкеріміз болды. Ересектер сапына ауыса салып, бірінші нөмірлі боксшы саналатын Сәкен Бибосыновты жеңдім. Сәкеннің әлем, Азия чемпионаттарында жолы болмай, жеңіліп қалып жүрді. Ғалым ағай олимпиада жолдамасын сарапқа салатын турнирлерге апарғысы келді. Тіпті Францияда өтетін лицензиялық турнирге қатысуым керек болған. Бірақ карантинге байланысты өтпей, жарысқа қатыса алмадық. Олимпиадаға дейінгі жарыстарда Сәкеннің боксы жүрмесе, мен қатысқан жарысымда үздік шығып жүрдім. Дегенмен Сәкен олимпиадада алтынға лайықты жұдырықтасып, керемет өнер көрсетті.  

– Бекзат Саттарханов сияқты 20 жасымда олимпиада чемпионы атанғым келеді деп едің...

– Әрине, Бекзат ағамыздай 20 жасында Олимп шыңын бағындыру әр боксшының арманы ғой. Ол тым жас болса да атағынан ат үркетін небір мықты боксшыларды жолынан ысырып, Сиднейде көк туды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. 17 жасымда алғаш рет Азия чемпионы атанғаннан кейін, осылай сұқбат беріп, арманымның асқақ екенін айтқанмын. 19 жасымда Токио олимпиадасында топ жарып, Бекзат ағамыздың жетістігінен асып түсуді армандадым. Қолымнан келгенше әрекет еттім. Бірақ ол – мыңның бірі қайталай алмайтын нағыз ерлік.

–  Сенің ойыңша, Токиодағы қазақ боксының тоқырауының себебі неде?

– Олимпиададағы боксшыларымыздың жеңілісі жанкүйерлерге ауыр соққаны анық. Дегенмен спортшыларымыздың ешбірі жеңілу үшін барған жоқ. Ел намысын қорғаған боксшыларымыздың ешқайсысын сөге алмаймын. Шаршы алаңға шыққанда түрлі жағдай болады. Оймен арпалысып кету, аяқтың бір орында қатып қалуы сынды жайттар көп кездеседі. Рингтегі бір минуттың өзіне үлкен күш, қуат керек. Қазір әлемде бокс қарыштап дамып жатыр. Бұрынғыдай осал қарсылас деген жоқ. Бокстың жілігін шағып, майын ішетін ағаларымыздың айтуынша, спортшыларымыз шаршаңқы барған. Бәлкім, соның да кері әсері болған шығар. Дегенмен кешегі Сербияда өткен әлем чемпионатында сол олқылықтың орнын толтырып, елдің үмітін ақтадық деп ойлаймын. Бұйыртса, 2023 жылы Ташкентте өтетін әлем чемпионаты мен 2024 жылғы Париж олимпиадасында атой саламыз. 

– Жұдырықтасу мәнеріңді атақты Ломаченкомен салыстыратындар көп. Өзің де соған еліктейтін сияқтысың...

– Иә, шаршы алаңдағы өнерімді екі дүркін олимпиада чемпионы, атақты Василий Ломаченкоға ұқсатып жатады. Тіпті «Қазақтың Ломаченкосы» деп атап жатқандар да жоқ емес. Тек Ломаченкоға ғана еліктеймін деп айта алмаймын. Әрбір мықты боксшының мықты тұстарын алып, сол мәнерде жұдырықтасқым келеді. Мысалы, Ломаченконың аяқпен көп қимылдап, көп соққы жасайтыны ұнайды. Сербиядағы әлем чемпионатында Ломаченконың стилін қолдану арқылы біраз қарсыласымды тұқырттым. Одан бөлек, Головкиннің бүйірден ұратын соққысын, Мейуезердің қорғану мәнерін қолданамын. Серік Сәпиевтің, Данияр Елеусіновтің шаршы алаңдағы өнері ерекше. Осы кісілердің де стилін қолданып, жеңіске жеткен кездерім болды. Мысалы, Сәпиев аяқпен көп қимылдап, қарсыластарын қобалжытса, Елеусінов соққы тигізбей әбігерге салады. Әр жекпе-жектің алдына қарсыластарымды зерттеп, қай стилді қолдану керегін қараймын. Мысалы, бразилиялық боксшымен болар жекпе-жек алдында Данияр Елеусіновтің Рио олимпиадасының финалындағы кездесуін көріп шықтым. Өйткені бразилиялық қарсыласым да Ғиясов сияқты алға қарай жүгіре беретін боксшы еді.

– Осы уақытқа дейін 52 келі салмақта жұдырықтасып жүрдің, қазір 54 келіге ауыстың. Бұл уақытша ма, әлде?..

– Халықаралық бокс қауымдастығы (AIBA)  Сербиядағы әлем чемпионатының салмақ дәрежелеріне өзгеріс енгізіп, жаңа бірнеше салмақ қосты. Сол себепті де, үйреншікті 51 келі емес, 54 келіде өнер көрсетуге бел байладық. Байырғы қарсыластарым да 54 келіге ауысыпты. Салмағым 56-57 келі болғандықтан, көп қуғым келген жоқ. Шыны керек, физикалық тұрғыдан да аса қиын болмады. Ары қарай да осы салмақта өнер көрсетемін. Дегенмен 54 келі олимпиялық салмақ емес.  Егер Халықаралық олимпиялық комитет ұйымдастыратын жарыстарда 54 келі болмаса, үйреншікті 52 келіде сынға түсем. 

– Демек, Сәкенмен бәсекелестігің жалғасуы мүмкін ғой...

– Әрине! Жалпы, 52 келіде жұдырықтасатын боксшылардың ешқайсысы осал емес. Соңғы Қазақстан чемпионатында сынға түкен боксшылардың деңгейін көрдіңіздер. Бәрі – сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар. Сондықтан бәсекелестік тек Сәкен екеуміздің арамызда ғана болады деп ойламаймын. Жалпы Сәкенмен екі рет кездесіп, бір рет жеңілсем, бір мәрте жеңіске жеттім. Бірақ «Президент кубогы» турнирінде жеңілдім деп айта алмаймын. Әрине, жеңілісті мойындай білеміз. Дегенмен сол кездесуді бапкерлермен қайталап көріп шықтым, жеңілмеген сияқтымын. Мысалы, әлем чемпионатының финалында жапон Томоя Цубоиден де жеңілмегендей болған едім. Бірақ кездесуді қайта көргеннен кейін, есе жібергенімді түсіндім. 

– Кәсіпқой боксқа ауысу жоспарда бар ма? 

– Қазір әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да өнер көрсетуге мүмкіндік бар.  Бапкерлеріміз де кәсіпқой бокста бағымызды сынап көруге рұқсат берді. Париждегі олимпиадаға дейін кәсіпқой бокстың шаршы алаңына шығып, рейтингтік кездесулер өткізу жоспарда бар. Тек Париж олимпиадасынан кейін  ғана толыққанды кәсіпқой боксқа бет бұруды көздеймін. Жәнібек Әлімханұлының қатарына қосылып, әйгілі «TopRank» промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырғым келеді. Бұйыртса, АҚШ-та да атой салып, әлемге әйгілі әлем чемпионы болуды көздейміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

339 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы