• Спорт жұлдыздары
  • 19 Ақпан, 2022

Балуандардың болашағына балта шабылмаса болғаны

Журналымыздың алдыңғы санында әділетсіздікке ұшыраған ағайынды Фидахметовтер туралы жазған едік. Бірнеше жыл қатарынан ел біріншілігінде ешкімге дес бермеген балуандарды Ұлттық құрама қатарына да қоспады. Ешқандай оқу-жаттығу жиынына апармай, айлық та төлемеді. Дегенмен сағы сынбаған қос балуан 2021 жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында да қарсылас шақ келтірмей, мықтылығын қайта дәлелдеді. 60 келіде Ернар қола жүлдегер атанса, Ернұр алтыннан алқа тақты. Ернар мен Ернұрдай өренімізді тағы да  өгейсітіп, өзегінен теппеді ме екен деген ой маза бермеді. Болашағынан үлкен үміт күттіретін, талантты балуандар туралы көкейдегі мәселелерді тілге тиек етуді жөн көрдік...

– Ернар мен Ернұр ересектер сапына ауыса сала жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Қалың топтың арасынан суырылып шығып, талай дүбірлі дүрмекте өздерін мойындатты. Кіл мықтылар жиналған 60 келідегі үздіктердің қатарына еркін қосылды. 2018 жылы алғашқы Қазақстан чемпионатында-ақ қарсыластарын қоғадай жапырып, екеуі де чемпион атанды. 60 келіде белдескен Ернар жартылай финалда 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұловтың мысын басса, ақтық айқаста тәжірибелі Нұрсұлтан Қалмырзаевтан айласын оңай асырды. Ал 63 келіде сынға түскен Елнұр финалға дейін қиналмай жетіп, алтын жүлде үшін белдесуде Айдын Нұғмановты сан соқтырды. Дегенмен екеуі де Ұлттық құрама қатарына қабылданған жоқ. Азия чемпионаты тұрмақ, бірде-бір әлемдік додаларға шықпады. «Шын мықтыға тұсау жоқ», ағайынды Фидахметовтер 2019 жылғы ел біріншілігінде де финалға дейін жетті. Ернар жартылай финалда байырғы қарсыласы Мейрамбекке есе жіберіп, қоланы қанағат тұтса, Ернұр да ақтық сында сүрініп, күмісті місе тұтты. Ұлттық құраманың тізгінін ұстаған Нұрым Дүйсенов егіз балуанды құрама қатарына қосады. Бірақ бұл жолы да балуандар бозкілемде жарқырай алмады. 2020 жыл олар үшін спортта аса сәтті болған жоқ. Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында Ернар ақтық айқасқа дейін жетіп, финалда Айдос Сұлтанғалидан ұтылса, Ернұр жарысты жарты жолдан аяқтады. Белдесу барысында ауыр жарақат алып, біраз уақытқа қатардан шығып қалған Ернарға тек бапкері ғана қолдау көрсеткен. Отасын жасатуға, дәрі-дәрмегін алуға қол ұшын берген бапкер шәкіртінің сынып кетуіне жол бермеді..

Күрестен ұлттық құрама мүшелері алдағы додаларға дайындығын пысықтау үшін оқужаттығу жиындарын бастап кетті. Талғар қаласы маңындағы AIBA академиясында өтіп жатқан жиынға Ернар мен Ернұр да шақырту алған екен. Маусым басында құрама сапына шақырту алған қос балуанға Ұлттық құраманың бас бапкері Серік Жұмашев сенім артса керек. Енді  ай сайын айлығын төлеп, алдағы додаларда өнер көрсетуге жағдай жасап, мүмкіндік бергені абзал. Қос балуан ақпан айының аяғында Түркиядағы халықаралық турнирде белдеседі. Сол жарыста жақсы өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінсе ғана Моңғолиядағы Азия чемпионатында сынға түсуге мүмкіндік алады. Бір қызығы, ел чемпиондары автоматты түрде Азияда ел намысын қорғауы керек еді. Жалпы ТМД елдерінде ішкі біріншілікте үздік шыққан балуанға бір жыл бойы маңызды турнирлерде бақ сынауға мүмкіндік береді. Бізде қай балуанның қандай жарысқа, қашан баратынын соңғы сәтте айтатыны жасырын емес. Мысалы, Токио Олимпиадасына грек-рим күресінің құрамы бір апта қалғанда ғана анықталды. Әрине, мұндай жайттар спортшыларға теріс әсер етеді. Сондықтан мықтылығын мойындатқан ағайынды Фидахметовтерге әлемдік аренада өнер көрсетуге мүмкіндік беру керек.

Егіздер 1997 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында дүниеге келген. Әу баста достарымен бірге күрес залына қызық қуып барып жүрген. Дегенмен Ернұрдың бар ынтасымен шынығып, балуан болғысы келетінін байқаған Ернар да жаттығуға дұрыстап ден қойды. Сөйтіп екеуі 5-сыныптан бастап білікті бапкер Дүйсен Иманғалиевтен күрестің қыр-сырын үйренді. Кейіннен талай таланттың томағасын сыпырған бапкер Боранбек Қоңыратовтың қол астында жаттығып, шеберлігін шыңдады. Екеуі де жасөспірімдер, жастар арасында Ұлттық құрама сапында болып, толағай табыстарға қол жеткізді. Ернар жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған санаулы балуандардың бірі. Оған дейін де, одан кейін де әлем чемпионатын ұтқан спортшылар саусақпен санарлық. Егіздердің жерлесі Дәурен Баяхметов 1999 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында үздік шықса, 2011 жылы ақтөбелік Мейрамбек Айнағұлов топ жарды. Ал Ернар бір жылдың ішінде Азия және әлем чемпионы атанды. 2014 жылы Тайландта өткен Азия біріншілігінде қарсыластарынан бір бас жоғары екенін көрсетсе, араға екі ай салып Словакиядағы дүбірлі додада да ешкімге дес бермеді. Қарсыластарын қоғадай жапырған Ернар қырғыз, чех, серб балуандарына соқыр ұпай бермей ұтып, Ресейдің үкілеп қосқан балуанына да сан соқтырды. Ал финалда 2014 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, армениялық Эдгар Тамазянды 4:2 есебімен тұқыртты. Осылайша Азияның ғана емес, әлемнің ең үздік балуаны екенін дәлелдеген Ернар құрама қоржынына жалғыз медальді салды. Айтпақшы, Ернардан кейін араға бес жыл салып, Саматбек Ізімғали әлем чемпионы атанды. Шыны керек, Ернар мен Ернұрдың күресін көрген мамандар егіздердің болашағынан үлкен үміт күткенін жасырмады. Десек те, егіздер халықаралық додалардағы ересектер дуына еркін қосыла алмады. Бәлкім, бапкерлер сенімсіздік танытты ма, бәлкім саясаттың құрбаны болды ма бұл жағы бізге беймәлім. Тек ара-тұра халықаралық жарыстарға шығып тұрды. Бірақ басым көпшілігінде сәтсіз өнер көрсетіп, жолы болмады. Әрине, толыққанды дайындығы жоқ, ешбір оқужаттығу жиынына қатыспаған балуанның оң нәтиже көрсетуі екіталай. Одан бөлек, жеке бапкері Боранбек Қоңыратов шәкірттерінің жанында сирек болатыны да бар. Бір қызығы, бапкерлері жанында болған жарыстың бәрінде егіздер үздіктер қатарынан көрініп жүрді. Демек, бапкердің де демеуі, психологиялық тұрғыдан қолдауы әр жарыста маңызды екенін аңғаруға болады.

Осы орайда, егіздердің керемет нәтижеге қол жеткізуіне, спорттық даңқының асқақтауына сүбелі үлес қосқан Боранбек мырзадан шәкірттері туралы пікірін білдік.

– «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, шәкірттерімінің ішіндегі ағайынды Фидахметовтердің орны ерекше. Екеуі де бала күнгі досым, кезінде бір салмақта күрескен Дүйсен Иманғалиевтен ауысып келді. Дүйсен екеуміздің күресу мәнеріміз, методикамыз ұқсас болғандықтан егіздердің күресу стилін бірге қалыптастырдық. Егіздердің екеуі де туа біткен қара күш иесі емес. Ернар да, Ернұр да арық, нәзіктеу. Дегенмен талантты, сезімтал, көреген, ой-өрісі кең. Ал ой-өрісі кең спортшының техникалық, тактикалық және физикалық тұрғыдан дамуы, жетілуі де оңай. Күрестері де басқа балуандарға ұқсамайды. Резеңке сияқты созылып, жабысып күреседі. Қателікке көп жасамайды, тәуекелге бармайды. Жастар арасында мықты турнирлердің барлығында үздіктер қатарында болды. 2013 жылы екеуі де еуразиялық спорттық ойындар додасында топ жарды. Ересектер арасында да, бірнеше рет Қазақстан чемпионатында мықтылығын дәлелдеді. Екеуінің де арман-мақсаты халықаралық додаларда қазақтың абыройын асқақтату.

Әлем чемпионаты, олимпиада ойындарында атой салу. Егіздердің бұл мақсатына жететініне кәміл сенемін. Сол үшін аянбай тер төгіп, еңбек етіп жатыр. Мен де барлық жағынан көмектесуге тырысамын. Әрине, шәкірттерімнің талай жерде тасада қалып, әділетсіздікке ұшырағаны менің де жаныма батты. Ондай  сәттерде сабырлық танытып, шыдай білу керегін айтамыз. Қазір екеуін бір салмақта күрестіруге шешім қабылдадық. Жанында болмасақ та, оқу-жаттығу жиынының қалай өтіп жатқанынан хабар алып, бақылап отырмыз. Қандай аспектіде жұмыс істегенін, қай балуанмен қалай күрескенін сұрап-біліп жүрмін. Өздеріңіз білетіндей, 60 келіде бәсекелестік өте жоғары. Мейрамбек Айнағұлов, Айдос Сұлтанғали, Дастан Зарлыханов сынды сайыпқырандармен санаспауға болмайды. Дегенмен шәкіртерімнің әлем чемпионы атанарына кәміл сенемін. Егер бабы мен бағы қатар шапса Олимпиадада атой салуға әлеуеті жетеді.

Олимпиада ойындарына қатысып, оның шыңына шығу – әрбір спортшының арманы, алға қойған мақсаты екені айқын. Сондықтан кейіпкерлеріміздің спорттық мансабына балта шабылмаса екен деп тілейміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2022

1130 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы