• Спорт жұлдыздары
  • 20 Наурыз, 2022

Қазақ футболының намысын жаныған «Намыс»

Еліміз егемендігіне енді ғана қол жеткізген тұста тек қазақ жігіттерінен жасақталған «Намыс» футбол командасы құрылған болатын. Команданың басы-қасында жүріп, қазақтың талантты балаларын Қазақстанның түкпір-түкпірінен жинаған белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы небір дарынды футболшылардың жолын ашты. «Намыстан» шыққан біраз аяқдопшы кейіннен Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғады. Өкініштісі, ұлттық клубтың ғұмыры ұзақ болмады. «Футбол секілді миллиондар ойынында қазақтың несібесі кетті» деген патриоттық оймен құрылған командаға биыл 30 жыл толар еді. Осы орайда «Намыстың» әкесі атанған Несіп Жүнісбайұлымен аз-кем сұқбаттасуды жөн көрдік.

Биыл команданың құрылғанына 30 жыл толар еді

– Несіп аға, «Намыстың» тарихына тоқталып кетсеңіз. Қандай мақсатпен құрдыңыз, тек қазақ жігіттерінен құралған команда құру туралы ой қашан келді?  

– Алматыға доп пен домбыра арқалап келіп, сол екі саланың да оқуына түсе алмай, ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Сөйтіп, V курс оқып жүрген кезінде «Лениншіл жас» газетіне белгілі журналист Сейдахмет Бердіқұловтың шақыруымен жұмысқа орналасып, спорт бөлімінде қызмет ете бастадым. Үлкенді-кішілі мақалаларымызда ұлт мәселесін, қазақтың балаларын спортқа тарту жайын көтердік. Басты мақсатымыз өз ұлтымыздың өрендерін тәрбиелеп, соларды шыңдап шығару еді. Өйткені «спортта қазақ жоқ, футболда қазақ жоқ» деген сөздер жаңбырша жауып жатты. Ғабит Мүсірепов ағамыздың: «Спорт жарыстарын, оның ішінде футболды көріп отырғаныңда, одан ұлттың мағынасы, ұлттың нышандары байқалмаса, онда істеген ісіңнің бәрі зая. Егер ұлттық мағына, ұлттық нышандар көрініп, сезіліп тұрса, онда қазақтың намысы қозып, кемшіліктерін түзеуге ұмтылып отырады», – деген салиқалы сөздерін естіп өстік. Одан бөлек, атақты ақын Әбілдә Тәжібаевтың «Қайратым деп біз жүрміз, қайрат қылмай сен жүрсің» деген аталы сөзі де бар. Осының бәрі түптеп келгенде «Намыстың» құрылуына түрткі болды. Ең бастысы, ұстазым Сейдахмет Бердіқұловтың берген тәрбиесі де бар. Ол кісі кеудесінде ұлттық намысы алаулап жанған жан еді. Одақтық жарыста қазақтың баласы 30-орын алып қалса да «Лениншіл жас» газетіне шығаратын. «100-орын алса да, қазақ баласының осындай дүбірлі додаға қатысып, өз ұлтын паш еткенін неге баяндай бермеске? Бүкіл қазақ оқысын, қызығушылығы оянып, намысы қозсын» деп, санама құятын. Осының бәрі жүрекке жинала берді. 

«Лениншіл жас» газетіндегі 15-16 жылдық қызметтен соң, 1991 жылы «Спорт» газетіне бас редактор болып тағайындалдым. Бас редактор болып жүмысқа кірісе сала, газеттің бірінші бетіне тек қазақ жастарынан тұратын, ұлттық кәсіпқой футбол клубы құрылатыны туралы қазақ халқына үндеу жарияладым. Содан 1992 жылы  тек қазақ балаларынан жасақталған «Намыс» клубын құрдық. Еліміздің түкпір-түкпірінен талантты деген 300 баланы Алматыға әкелдік. Сол 300 баланың ішінен 100-ін ғана іріктеп алдық. Балаларды алты топқа бөліп, Алматыдағы интернаттарға орналастырдық. «Қазақтан команда құрып жатыр» дегенді естігендер балаларымызды интернатқа қабылдамай, көп кедергі жасады. 

– «1993 жылы «Намыстың» ересек командасын (шеберлер клубы)  құрдық. Осы қадамымыз дұрыс па, бұрыс па, осы күнге дейін жауабын тапқан жоқпын» депсіз.....

– Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт-интернаттың 1976 жылғы түлектері футбол бөлімін бітіріп жатты. Құрамында талантты, жақсы жігіттер көп болды. Солармен бірігіп команда құру туралы шешім қабылдадық. Бірақ шеберлер командасын құрудың нәтижесінде үлкен қаржылық қиындыққа тап болдық. Команданың ішетін тамағы, киетін киімі, жаттығатын жері – бәрі ақшаға кеп тірелді. Оның үстіне 1993 жылы ақша ауысып, жинаған қаржымыздың бәрі сабан болып қалды. Дегенмен шеберлер командасы Қазақстан чемпионатында 6 жылдай ойнады. Қаржылық қиындыққа тап болғаннан кейін, команданы таратуға мәжбүр болдық. Соның салдарынан балалар клубын жақсы дамыта алмай қалдық. Бәлкім, балалар клубын жақсылап аяққа тұрғызғаннан кейін ғана шеберлер командасын құру керек пе еді?..

– «Намыс» командасын құру арқылы қазақ футболына үлкен серпіліс әкелдім деп ойлайсыз ба?

– «Намыс» клубының құрылатыны туралы үндеу жарияланған кезде халық қиындыққа қарамай, кереметтей серпіліс танытты. Әрбір қазақ отбасында «Намыстан» үлкен әңгіме болған жоқ. Қазақстан футболына кереметтей үлес қоспаса да, тың серпіліс бергені анық. Кеудесінде ұлттық рухы жалындаған азаматтар «Намыстың» шаруасына жан аямай атсалысты, қолында барын ортаға салды. Сол кезде министр болған Қаратай Тұрысов ағамыз командаға автобус, жігіттерге спорттық костюм беріп, қолынан келгенше қолдау көрсетті. Қазақтың даңқты боксшысы Серік Қонақбаев та екі бірдей автобус сыйға тартты. Газет бетінде де «Намысты қаржылай қолдайық» деген үндеу жарияладық. Халық аузындағысынан жырып, қол ұшын созды. Қазақтың Қажымұқаннан кейінгі бас балуаны  Әбілсейіт Айханов, Мұстафа Өзтүрік те қолдау көрсетті. Бірақ футбол федерациясы «таза қазақ командасын кіргізбейміз» деп қиқаңдады. Әйеуір «зорлап» жүріп, команданы Қазақстан чемпионатына енгіздік. Чемпионаттың алғашқы ойынында бір маусым бұрын жүлдегер болған Екібастұздың «Батыр» командасымен Орталық стадионда кездесіп, 3:2 есебімен жеңдік. «Намыстың» тұңғыш добын Сейітжан Байбосынов соқты. «Намыста» ойнағысы келген қазақ футболшылары көп болды. Балалар командасын әр жаққа жарысқа жібере бастадық. Норвегиядан, Германиядан шақырту келді.  Осы елдерге жібереміз деген шақта қаржылай қиындыққа ұшырадық. Сөйтіп, балалар командасын 10-сыныпқа дейін оқытып, ары қарай туған жерлеріндегі командаларға жібердік. 

– «Намыс» өзіңізге не берді?

– «Намыстың» құрылуы бүкілхалықтық шаруа болды ғой. Жеке басыма не берді дейсің? Қиындықтан басқа ештеңе берген жоқ. Қиналғаннан шашымыз ағарып, бетімізге әжім түсті. Не добымыз болмай, не аяқ киіміміз, не стадионымыз жоқ, жетімнің күйін кештік. Осының бәрі жүрекке аз салмақ салған жоқ. «Намысты» жалау қып, жеке басымның пайдасы үшін шапқылаған жоқпын. Ұлтыма кішкене болса да пайдасы тисе екен деп шырылдадым. Бұл арманым орындалды деп ойлаймын. Бірақ баспасөз беттерінде неше түрлі нәрселер жазылды. Жасыратыны жоқ, «Намысқа топырлатып беріп жатыр екен, Несіп алып жатыр екен» деген әңгімелер көп болды. Тіпті, қатар қызмет істеген адамдар арыз жазып, сол кездегі Жармахан Тұяқбаев басқарған мемлекеттік тергеу комитеті тексерді. Есепшотымызды жауып, газетіміздің шығуына кедергі келтіріп, «Намысқа» да зиянын тигізді. Сарысу ауданынан командамызға бір отар қой алғанымыз рас. Сол кездегі аудан әкімі Әбдіманап Көпбергенов арзандау бағаға берді. Малды бағып, басы-қасында болмағаннан кейін құры таяқ ұстап қалдық. «Малдың бәрін Несіп алып қойыпты» деген сөздер де болды. Бірақ сол малдан бір қой жемегенім анық. Егер ұлттық бір қасиетті шын мәнінде адалдықпен көтеріп, оны халықтың алдына қоя білсең, халықтың жаппай қолдайтынына көзім жетті. Соған марқайдым, соған байыдым. «Намыс» футбол командасын құрғандағы тапқан табысым, жеткен жетістігім, шыққан биігім осы.

– Биыл «Намыстың» құрылғанына 30 жыл толар еді. Қалай ойлайсыз, егер команданың ғұмыры ұзақ болғанда қазір қандай деңгейге жететін еді?

– Расында, биыл «Намыстың» құрылғанына 30 жыл толады. Команданың құрылуын көзге жас алмай еске алу мүмкін емес. Орталық стадионның жасыл алаңына шығып, қолын кеудесіне қойып, еліміздің Әнұранын орындаған балалардың көзінен, жан дүниесінен Отанын қорғауға келген батырларды көргендей болдым. Сол кездегі жас жеткіншектерді бір ғана мамандық иесі болмасын, ұлттың тарихын, тілін білсін деген мақсатпен мықты тұлғалармен жолықтырдым. Небір мықты кісілер өзінің ұлттық саладағы табыстарын балалардың миына құюға тырысты. Шыны керек, сол жылдары Қазақстанның үш бірдей үкімет басшысының орынбасарына барып, осы жағдайды айттым. Бәріне де «жарайсың» деп арқамнан қағып, құшағына қысты. Бірақ ешқайсысы қажет көмекті бере алмады. Ұлтсыздық дертіне шалдыққан қазақ қоғамы жалғыз «Намысын» сақтай алмады. Қырық рудан құралған дәрменсіз, өресіз командаларға миллиондап шашылған қазақтың ақшасы «Намысқа» келгенде тақыр тиынға айналды. Әрине, бүкіл қазақ дейтін ұлттан, біртұтас Қазақстан дейтін мемлекеттен сол команданы ұстап тұра алатын, жүрегі ұлт деп соғатын бір азаматтың табылмағаны жанымызға батты. 

P.S. Расында, Нұрбол Жұмасқалиев, Асхат Қадырқұлов, Әлібек Бөлешев, Мұрат Тілешев, Айдар Күмісбеков, Диас Кәмелов сынды футболшылар біраз жыл республика футболының алғы шебінде атой салды. Бәлкім, команданың ғұмыры үзақ болғанда «Намыстың» қырандары әлемдік ареналарда да таңдай қақтырар ма еді, кім білсін?!

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2022

364 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Dante

25 Наурыз, 2022

PG SLOT เว็บตรง ไม่มีขั้นต่ำ สล็อตเว็บตรง ไม่ผ่านเอเย่นต์ SLOT PG เว็บใหม่ 2021 pg sslot เว็บตรง

Helen

05 Сәуір, 2022

{Bardzo podobają mi się Twoje informacje na {blogu|weblogu}, stworzyłem podobny {content| materiał|temat }, który może ciebie zainteresować i będę wdzięczny jeśli rzucisz swoim fachowym okiem i dasz znać co o nim myślisz: https://www.rafalszrajnert.pl/glowny-system-pamieciowy/ }

Margarito

15 Сәуір, 2022

PG SLOT เว็บตรง ไม่มีขั้นต่ำ สล็อตเว็บตรง ไม่ผ่านเอเย่นต์ SLOT PG เว็บใหม่ 2021 pg slot เว็บใหม่

Karina

21 Сәуір, 2022

aralen aralen

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы